Қазақ неге қатыгез болып барады?
Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабынынң 3-тармағында «қатыгездік пен зорлық зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Алайда бүгінгі әлеуметтік желілерде желдей ескен ақпарат ағынынының арасынан, телеарналардан бастауыш мектепке барып жүрген баладан бастап тізесі бүгілген қартқа дейінгілердің күн сайын көретіні де, еститіні де, миына құйылатыны да осы қатыгездік.
Әлеуметтік желілердегі бейнекөріністерді айтпағаннның өзінде, күн сайын көріп жүрген телеарналардан бүге-шігесіне дейін көрсетілетін қатыгез иесінің итті буындырып өлтіргені, жасөспірімдердің иттерді асып өлтіргені, жауыз қасапшының жылқыны ауыр балғамен басынан ұрып құлатқаны, жастардың қасқырдың бөлтіріктерін ұрып өттіргені сияқты көріністерді «тамашалауға» ең бір қаныпезер адам болмаса екінің бірінің жүйкесі шыдай бермейді. Ал қазір уақытының көбін теледидарға, ұялы телефонға үңіліп өткізетін балалар осы жауыздықтарды бойына сіңіріп өсетінін билік басындағылар түсінбегені ме, немесе Қазақстан Республикасы Қылмыстық істер Кодексінің 313-бабындағы қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын ақпаратты тарату заңға қайшы екенін білмегені ме?
Бүгінгі әлеуметтік-экономикалық қиындықтардан адамдардың жүйкесі онсыз да жұқарған кезде жстардың ой-санасын бұзатын қатыгездікті көрсету нендей қажеттіліктен туды? Әрине, адамның жан дүниесін тебірентетін, ой салатын, жастарды қазақы кеңпейілділік, бауырмалдық, жетімді көрсе жебеп жүретін мейірімділікке, имандылыққа тәрбиелейтін ақпарат әзірлеу үшін кешегі дүниеден өткен марқұм Бейсен Құрамбек сияқты жомарт жүректі дарындар қажет. Ізденіс, еңбек қажет. Ал әлеуметтік желідегі біреулер ұялы телефонға түсірген бейнекөріністі қоя салып көрерменді сіріңкенің лап етен бір тал шырпысындай дір еткізу үшін ешқандай ізденістің, ойдың қажеті жоқ.
Демократия мен сөз бостандығына еркіндік беріліп тұрған қазіргі кезеңде ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер Атазаңның 12-бабындағы «адам құқықтары мен бостандығына кепілдік беріледі» деген сөздерді молынан пайдаланып отыр. Ал осы баптың 5-тармағындағы «адамның құқықтары мен бостандығын жүзеге асыру қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуі тиіс» деген талапты ескермейді де. Бірақ заң талаптарын ақпарат министрлігі ескеруі тиіс емес пе?
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта сәбилерінен безген қайырымсыз жас аналар, ата-анасын қарттар үйіне тапсырған тасбауыр жастар, қарияларға пышақ сілтеуден қолы қалтырамайтын қарақшы жігіттер жайлы хабарларға үйрене бастағандаймыз. Кеше ғана жап-жас заң қызметкерінің жетпістегі анасын ұрып өлтіргені туралы хабардан бойым тітіркенді. Қазақы имандылығымыз қайда кеткен? Не болып барамыз?
Жастарымыз қайырымсыз, өзімшіл болып бара жатқаны заман ағымының әсерінен болар. Бұдан мүлдем қорғану, өзге кеңістіктен оқшауланып, тұмшаланып алу қиын екені де түсінікті. Бірақ ақпарат құралы ел мүддесіне, ұлттық идеологияға қызмет етіп, шет жұрттың қазаққа жат насихат ықпалынан ұрпақты қорғау үшін пайдаланылуы керек емес пе?
Марат Ермұқанов
Abai.kz