Сенбі, 23 Қараша 2024
Дидар-ғайып 8431 6 пікір 18 Маусым, 2020 сағат 12:46

Қош бол, қазақтың Ахикосы!

Суреттегі адам – Ахико Тецуро. Қарағандының Ақтас ауылында тұратын. Ұлты – жапон. Ахико ақсақалдың қандай тағдыр иесі екенін жалпақ жұрт біле бермейтін. Қайсыбір жылы ол туралы «Ақтастағы Ахико» атты спекталь қойылғанда барып, дүйім көпшілік Ахико ақсақалдың трегедияға толы тағдырын тани бастаған.

Ахико Тецуро 15 жасында тағдырдың айдауымен ГУЛАГ-тың Қазақстандағы ең ірі лагері – КАРЛАГ түрмесіне түседі. Он бес жастағы бала тергеушілердің қинауына көне алмай ақыры өзіне тағылған «жапон тыңшысы» деген жалған айыпты мойындайды. Сөйтіп, КАРЛАГ-тың қара тозағына түседі. КАРЛАГ-та сол кезеңдегі зиялылар, ғалымдар, оқымыстылар отырғаны, олардың адам төзгісіз қинау, зорлық көргені тарихтағы сталиндік кезеңнің қанды беттерінен белгілі.

10 жылдан соң, 25 жасында бірақ босап шығады. Босап шықты деген аты болмаса, қу сүйегін сүйретіп шығады. КАРЛАГ-тан шыққан 25 жастағы жігіттің салмағы 24 кг болған екен. Осыдан-ақ, Ахиконың қандай азап көргенін аңғара беріңіз. Өлім аузынан шыққан Ахиконы ес-түссіз жатқан жерінен қазақ әйелі тауып алып, аузына су тамызып, қарғыс атқыр соғыс жұтқан ұлдарының орнына баласындай бауырына басып, асырап бағады. Адам қатарына қосады.

Заман оңалғанда Ахико атажұрты – Жапонияға оралады. Әкесі, бауыр-туысын табады. Жапония Ахиконы қаһарман ретінде қарсы алып, тұрмысына қажетті жағдайды жасап береді. Бірақ, Ахико Жапонияда тұрақтай алмай, Ақтасқа қайта оралады.

«Өз отанымды сүймегендіктен емес, сенің алдыңда борыштар болғандықтан қайтып оралдым», - депті бір сұхбатында.

Оны екінші рет дүниеге әкелген қазақ анасы, адам қатарына қосқан қазақ ортасы, қазақ жері...

«Қарлагтан шыққанда жасым 25-те, ал салмағым 24 келі болды. Тірімін деп те, өлімін деп те айта алмайтын бір өліара әлемде едім. Арғы дүние мен бергі дүние тұтасып, шекара сызығынан ажырайтын бір күй бар. Қалтамда – «Ахико Тецуро — Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінде 58-бап бойынша «халық жауы» деген айыппен 10 жыл отырып шықты» деген қағаз ғана бар. Қай халыққа жау болдым, қалай жау болдым — беймәлім күйінде қалды. Ұсталғанда өзім мойындаған «жапон тыңшысы» деген жала ше? Он жылға созылған қапастың қай тұсында сусып түсіп, қалай «халық жауы» деген мүлде басқа бапқа өзгеріп шықты? Білмеймін», - депті Әуезов театрына берген сұхбатында.

Ахико Тецуро 1930 жылы Хонто портында дүниеге келген екен. Әкесі жергілікті балық зауытының директоры болған. Он төрт жасында Императорлық әскери училищеге оқуға түседі. Бірақ білім алып үлгермейді. Императорлық әскери училише жабылып, таратылады да, Сахалин аралдары КСРО меншігі болып жарияланды. Жергілікті тұрғындар жедел Жапонияға көшіріледі. Осы бір аласапыран уақытта Ахико Тецуро туыс-туғандарынан көз жазып қалады. Соңғы кемеден қалып қойып, кеңес әскерінің қолына түседі.

Сол Ахико кеше қайтыс болыпты. Бұл қаралы хабарды белгілі тарих зерттеушісі, саясаткер Нұрлан Дулатбеков әлеуметтік желіде жазды.

Редакция ұжымы атынан марқұмның отбасы мен туыстарына көңіл айтамыз... Қош бол, Қазақтың Ахикосы!

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5498