Польша президенті Анджей Дуда коронавирус пандемиясы басталғалы Ақ үй бірінші рет қабылдаған шетелдік қонақ болды.
Журналистер алдында сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Дональд Трамп Варшавамен қорғаныс саласында ынтымақтастық жөніндегі келіссөзге қол қою сәтін асыға күтетінін жеткізді. Былтыр екі ел арасында қауіпсіздікті күшейту жөніндегі бірлескен декларация қабылданған. Трамп Германиядағы әскерінің жартысын Варшаваға жіберуі мүмкін екенін айтты.
"Бұл Ресейге жіберілген айқын белгі емес пе" деген сауалға Дональд Трамп "Мәскеуге жіберілген нақты белгі" деп жауап берген. Бұл жөнінде Reuters агенттігі хабарлады.
Осының алдында Құрама Штаттар Германиядағы әскерін 9,5 мыңға қысқартатынын мәлімдеген. Ақ үй сонымен бірге Еуропаның Ресеймен бірлескен "Солтүстік ағын -2" жобасын да қош көрмейтінін жеткізген. Бұл жобаға сәйкес, Ресей газы Балтық теңізі арқылы Еуропаға барады. Трамп Берлин Ресеймен энергетика саласында ынтымақтастықта миллиардтаған доллар қаржысын жұмсап жатыр деп мәлімдеді.
Abai.kz