«Әл-Фараби» және «Абай» телеарналары ашылады
Орталық коммуникациялар қызметінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның онлайн режимде халыққа есеп беру кездесуі өтті.
Баяндама барысында айтылған маңызды жаңалықтардың бірі - «Абай ТВ» және «Әл-Фараби» телеарналарының ашылатыны айтылды.
Министрдің айтуынша, отандық мәдени мұраларды насихаттайтын «Абай ТВ» 30 маусымнан бастап іске қосылады. Ал оқу-ағарту бағытындағы «Әл-Фараби» жаңа оқу маусымынан бастап көрермен назарына ұсынылады.
- Қазір жаңа екі телеарна ашу мәселесі қарастырылып жатыр. «Абай ТВ», «Әл-Фараби» телеарнасы. «Абай ТВ» телеарнасы ертең - 30 маусымда көрерменге жол тартады. Ол «Қазақстан ТРК» құрамына кіреді және отандық мәдени мұраларды насихаттайтын арна болады. Екінші тележоба «Әл-Фараби» телеарнасы, «Хабар» телеарнасының базасында жаңа оқу жылының қарсаңында көрсетіле бастайды. «Әл-Фараби» телеарнасы оқу-ағарту телевизиялық платформа болады. 6-18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге арналған телеарна болады. Пандемия кезінде мұндай телеарнаның өзектілігі білінді, - деді Балаева.
Біздің елде мәдениет және ғылым-білім саласында хабар тарататын телеарнаның орны өгейсіп тұрғаны сөзсіз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін аталған арналардың ашылғаны құптарлық, қуанарлық іс екені сөзсіз.
Бірақ ең маңыздысы дұрыс басталған іс дұрыс жолға қойылып, оң бағытта жұмысын жалғастырса дейміз. Әйтпесе, бұған дейін ұранмен басталып, ұсақталып аяқталған шаралар аз болған жоқ. Біз бұл жерде ғұмыры қысқа болған «Мәдениет» арнасы жайлы да айтып отырмыз.
Ғылым-білім, мәдениет бағытындағы арналарды жеңіл-желпі ойын-сауық арналарымен қатар рейтинг додасына қоспаған жөн. Біріншіден ол рейтингті кімдердің, неге сүйеніп жасайтыны белгісіз. Екіншіден ғылым-білімді ойын-сауықпен бір қатарға қойып бағалау еш жөнге сыймайды. «Мәдениет» секілді арналардың жабылып қалуына да осы «әділетсіз» рейтинг мәселесі себеп болғаны белгілі. Сол үшін ғылым мен білімді, мәдениетті нәсихаттайтын арналарды ашыла салып, жағасынан алып, жауып тастауға тырыспағанымыз жөн.
;feature=emb_titleAbai.kz