Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
46 - сөз 4427 5 пікір 30 Маусым, 2020 сағат 18:10

Covid-19 - ережесі бар һəм ережесі жоқ соғыс

Біз соғысты көрген жоқпыз! Бірақ соғыстың өз ережесі бар. Дұшпандарың қай қаланы басып алғанын, қаланы қалай азат етуге болатынын білесің.
Covid-19 - ережесі бар һəм ережесі жоқ соғыс. Covid-19 - бүкіл əлем еріктен тыс қатысып жатқан соғыс.

Кеше-бүгін əлеуметтік желіде "Тоқаев телеарнада нешеде сөйлейді? Президент не айтады екен?" деп жазып жатқан адамдарды көріп, көңілім толқып, жылағым кеп кетті. Олар Президенттен үміт аз екенін біледі, көбісі тіпті сенбейді, халық ауырып, əлем күңіреніп кеткесін "Президент қой, бір шешімін табар" деп бір үміт күтеді. Ал биліктегі шенеуніктер жауапкершілікті сезіне ме?

"Король говорит" фильмінде Англияның сол кездегі королі Георг VI радиодан сөйлейтін болады. Бүкіл Англия халқы осы сəтті тағатсыздана күтеді. Король бастапқыда кекештеніп, логопедтің көмегімен əйтеуір сөйлеп шығады. Сонда қуанған, корольдің сөзінен рухтанған, шабыттанған, соғыста жеңетініне сенген халық балаша қуанады.

Георг VI кекеш болса, біздің шенеуніктердің рухы кекеш ғой. Бұл бəрінен қауіпті.

Саналы ана ауырып жатқан баласын тастап, қыдырып, той тойламайды. Мынандай аласапыран уақытта мың жерден саясат болса да, Президентке шетелде өтетін жиынға баруға болмайды.

Басқа қарапайым жұрт "Тоқаев шетелде жүр" деп қыдыруын, тойлауын қоймайды.

Жыл сайын Астананың тойын тойлап, пайдасы жоқ форумдар өткіздіңдер. Шетелдіктер қазы-қартаңды жеп, қымызыңды ішіп, кекіріп, бетіңе мақтап, ішінен "сонша шашылған дарақы қазақ" деп кетті.

Əлемге танылған бір жазушың жоқ. Нобельді айтпағанда, Букерді алған жазушың жоқ. Қайта-қайта əдебиет саласында форум өткізіп, қанша миллионды желге шаштыңдар?

Ақшаны пайдасыз форумдарға емес, ғылымға, медицинаға, физика, математика, химияға, нақты ғылымдарға бөлу керек.

"Болашақпен" оқып жатқан, мемлекет жылына пəлен миллилон төлеп жатқан гуманитарлар не жаңалық ашып жатыр?

2013 жылы РУДН-ге өз күшіммен түстім. 1200 рубль стипендия алдым. Сол жылы "Болашақпен" оқығандар 40 000 рубль алды. Яғни, мен рубльдің сол кездегі курсымен 6000 теңге, "Болашақпен" оқығандар 200000 теңге алды. Факт үшін жазып отырмын. ("Болашақпен" Ресейде оқитындар қазір қанша мың стипендия алатынын білмеймін. Егер қателеспесем "Болашақтың" ең төменгі стипендиясын Ресейде оқитындар алса керек).

"Болашақ" туралы жазғым келмейді. Интеллектісі төмен адамдар "қызғанып жатыр" деп ойлайды. Мен ешқашан "Болашақпен" оқығым келмейді. Себебі, мен тəуелділікті жек көрем.

Қазір əлемнің мықты университеттері грант бөледі. Шын білімді адам сол грантты жеңіп алады.

Өткенде осында бір жігіт жазды. Сол жігіттің жазуынша, "Болашақпен" Америкада оқып жатқан бір адамға жылына 25 миллион, ал Англияда оқып жатқан бір адамға 19 миллион кетеді екен.

Гуманитар мамандықты "Болашақпен" шетелде оқытуға өз басым қарсымын. Абсурд. Гуманитар саласының мамандарын үш ай іс-тəжірибеге жіберуге болады.

Одан да сол ақшаға үй салып, арзандатылған ипотекамен берсеңдер бірнеше жас үйлі болар еді.

Биліктегілердің ішіп-жегенін айтпағанда, мемлекеттік жобаларға жоспарсыз, мақсатсыз ақша шашып жатқанында есеп жоқ. Мен бір ғана "Болашақ" жобасын мысал еттім.

Халық ауырып, қиналып жатқанда біраз жобаны тоқтатып, карантин жариялап, сол ақшаны халыққа беріп, үйде отыруын талап ету керек.

"Бюджетте ақша жоқ" деген сылтау айтуға біздің биліктің қақы жоқ. Қазірдің өзінде карантин жариялап, жобаларға бөлініп жатқан не бөлінетін ақшаны тоқтатып, халықты құтқаруды ойлау керек. Қазір адамнан, адамның денсаулығынан асқан құндылық жоқ.

Коронавирусқа бөлінген ақша қайда? Ертең мына індет жойылып, жақынын жоғалтып ашынған адамдар көшеге шықса, тоқтата аласыңдар ма?

Жоқ, тоқтата алмайсыңдар!

Қоқыстарыңды тазалауға уақыт бар.

Аягүл Мантайдың әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963