Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6918 4 пікір 2 Шілде, 2020 сағат 13:27

Алтай Көлгінов екі оттың ортасында қалды ма?

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Астана күнін» дабыралы түрд өткізгісі келетіні жайлы ақпарат тарады. Көпшілік бұл ақпараттарды ойдан құрастырған жоқ, әкімдіктің той тойлау жоспары болғаны шындық.

Мәселен қалалық әкімдіктің ресми сайтында күні кеше Нұр-Сұлтанда ашық аспан астында кино көрсетілімі өтетіні хабарланған. Бұдан бөлек әлеуметтік желіге Астана күніне орай ұйымдастырылатын мәдени іс шаралардың тізімі де жарияланды. Бұл тізім іс-шаралар өтеді деп жоспарланған Nomad city hall-дың инстаграм парақшасында жарияланған. Бірақ бұл хабарлама кейін ресми парақшадан жойылған көрінеді.

Қазір еліміз аумағында коронавирустың өршіп тұрғаны белгілі. Аталған індетпен ауырғандардың саны 41 мыңнан асып кетті. 188 адам қайтыс болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел үкіметі тағы да карантиндік шаралар енгізді. Осындай қиын кезеңде қала күнін тойлау не үшін керек болды?

Бұл жалпы халықтың сұрағы және қарсылығы болатын. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтың атына айтылған наразылық пікір аз болған жоқ. Бәрінің айтары: індет өршіп тұрған сәтте көп халықты бір жерге жинаудың жөні жоқ, қаржыны қала күнін тойлауға емес, дәрі-дәрмекке жұмсау керек.

Халықтың наразылы жауапсыз қалған жоқ. 1 шілде кешқұрым елорда әкімдігінің ресми сайты іс-шаралардың онлайн режимде өтетінін мәлімдеді.

- Эпидемиологиялық ахуалға байланысты бұған дейін Елорда күніне жоспарланған барлық іс-шаралар тоқтатылды. Шаралар тек онлайн режимде өтеді. Бұл туралы қалалық мәдениет басқармасы хабарлады. Мысалы «Домбыра күні» шарасын тұрғындар Қазақстан телеарнасынан онлайн режимде тамашалай алады. Іс-шаралардың көпшілігі әлеуметтік сипатта болады – ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған реабилитациялық орталық, жұмыссыз әйелдерге ШОБ негіздерін үйрететін «Кәсіпкер ана» әлеуметтік орталығы, Жағалау ауданында жедел жәрдем стансасы мен «Доктор у дома» медицина орталығы және басқа да әлеуметтік нысандардың ашылуы болады. Шараларға қатысатын адамдар саны шектелген. Сонымен қатар үй кезегіндегілер мен үлескерлерге пәтер кілттері тапсырылады – қатысушылар саны шектеулі және санитарлық нормалар қатаң сақталады: маска тағып, әлеуметтік қашықтық сақтау керек, - деп жазды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Енді қала күнін тойлау үшін халық бір алаңға жиналмайды. Бірақ «аттан түссе де, үзеңгіден түскісі келмеген» қала билігі той тойлау ойынан қайтпаған секілді. Белгіленген іс-шараларды халқты жинап дабыралы өткізе алмасақ та, онлайн режимде мерекелейміз деп белсеніп отыр.

Астана күні 2006 жылдың 6 шілдесінен бері тойланып келеді. «Мемлекеттік мейрам» статусы берілген. Дәстүрлі түрде 14 жыл бойы өтіп жүр (Оған дейін қала күні 1998 жылы жаңа елорданың тұсаукесері өткен 6 маусымда тойланатын). Демек қазақ билігі үшін «елорда күні» атап өтпесе болмайтын аса маңызды мерекелер қатарында деген сөз.

Осыған қарап Алтай Көлгінов мырза екі оттың ортасында қалды ма деген ой туындайды. Бір жағынан он неше жыл бойы қалыптасқан дәстүрді жалғастырғысы келеді, екінші жағынан індет өршіп тұрғанда той тойлау да оңай емес. Халықтың қарсылығы да Көлгінов мырзаның арқасына аяздай батары сөзсіз.

Қала билігі «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» екі оттың ортасынан аман шығудың жалғыз жолы онлайн тойлау деп шешкен секілді. Биылғы «елорда күні» онлайн өтеді. Бастысы атаусыз қалмайды. Бірақ бұрынғыдай шетелден әртіс-әнші шақырып дабыралы тойлай алмайды...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369