Діннің саяси күшке айналуы - қауіпті процес
(Аятолла Хомейни)
Ирандағы 1979-жылғы Ислам революциясынан кейін өкімет басына Аятолла Хомейни келеді. Ол биліктің барлық тетігін өз қолында ұстайды, барлық жауапты қызметке өзі тағайындайды. «Құдайдың өкіметі» деген түсінік қалыптастырады. «Өкіметке қарсы шыққаның, құдайға қарсы шыққаның» - дейді. Ислам діні, ислам мәдениеті барынша насихатталады. Ислам діні барлық салаға енгізіледі. Дін адамдардың сенімінен үлкен саяси күшке айналды.
Аятолла Хомейни ел билігіне келісімен мынандай өзгерістер жасалады:
- білім берудің барлық деңгейі мұсылмандандырылады;
- музыка тыңдауға тыйым салынады;
- ерлер мен әйелдерге өзен-көлдердің жағасында бірге шомылуға, күнге қыздырынуға болмайды;
- әйел адамдарға ашық, қысқа киінуге, шаштарын көрсетуге, ер адамдарға шорты киюге болмайды;
- әйелдерге ажырасуға болмайды, бірақ ер адамдарға бірнеше әйел алуға болады.
- 13 жасқа толған қыз баланы әйелдікке алуға болады.
Аятолла Хомейни тұсында Иран-Ирак соғысы болады. «Соғыстағы өлім ақ өлім, соғыста өлгендер тікелей жұмаққа кетеді» деген насихаттың күшті жүргізілгені сондай, соғысқа бала-солдаттар да аттанды. Аятолла «Соғыста баласы өлген отбасы шахид ұлдың қазасын қуанышты мереке ретінде атап өтуі тиіс» деген бұйрық шығарады.
Аятолла Хомейни тұсында елді жұмыссыздық жайлайды, мемлекеттің сыртқы қарызы көбейеді, кедейшілік 45 %-ға өседі. Жағдайының нашарлығын, ішіп-жем табудың қиындығын айтып шағымданғандарға: «Бұл дүниедегі тәттіні қайтесіңдер, ана дүнеидегі жұмақты ойласаңдаршы. Бұл дүниеде азапты өмір сүргендер ана дүниеде жұмаққа барады» - деген сарындағы жауап беріледі. Саяси т.б. көзқарастары үшін қамалып, сұраққа алынғандардың барлығы дерлік өлтіріледі (30 мың адам). Эмиграция шарықтау шегіне жетеді. Кәсіпкер, инженер-техник, дәрігер, шебер т.б. барлығы 4 млн адам шет елдерге кетуге мәжбүр болады.
Дін 10 жылда халық санасына терең құйылады. Ел Аятолланың өзін қасиетті деп есептеп, құдайдай көріп, Аятоллаға табына бастайды.
Аятолла Хомейни 1989 жылы 3-маусымда қайтыс болады. 4-маусымдағы жерлеу рәсіміне 10 млн адам жиналады. Жиналғандардың кейбірі оның жүзін соңғы рет көріп қалғысы келіп, кейбірі ең болмаса табытына қол тигізіп қоштасып қалғысы келіп жан-жақтан ұмтылады. Жанталасып, ию-қию болып жатқанда 10 адам аяқ астында тапталып қалып өледі, 400 адам ауыр жарақат алады, жарақаттанғандардың жалпы саны неше мың адамға жетеді. Бәрі осылай жанталасып, жан-жақтан жабылғанда жерлеуге көтеріп апара жатқан табыт жерге құлайды. Ел оның үстіндегі кебінді қасиетті зат көріп, жан-жақтан таласып, жыртып-жыртып алғанда дене жалаңаш қалып, қауіпсіздік күштері қызметі елге су шашып, аспанға оқ атып Аятолланың өлі денесін халықтың қолынан зорға тартып алып, тікұшақпен алып кетеді. Қайтадан кебіндеп, енді темір табытқа салып, жермен емес аспанмен, тікұшақпен әкеліп 5 сағаттан кейін жерлейді.
Бүгін Оңтүстік Қазақстанда болған жерлеу процесінің видеосын көргенде Иранды 10 жыл басқарып 87 жасында дүниеден өткен Аятолла Хомейнидің жерлеу рәсімі есіме түсіп кетті. Сондай деңгейге жетуге көп емес, аз қалған сияқты. Қауіпті процесс. Ойлану керек.
Ләззат Дүйсембекованың әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz