Джон Льюис
Бүгін АҚШ-та 80 жастан асқан шағында конгрессмен Джон Льюис қайтыс болды. Нағыз аңыз адам. Бүкіл ғұмырын азаттық, теңдік және әділдік идеясына арнаған шынайы күрескер.
Джон Льюис Роза Луиза Паркc пен Мартин Лютер Кингті үлгі тұтып, әділдік үшін күрескен азаматтық қозғалыстың қызметіне белсене араласты. 1963 жылы 23 жасында “Вашингтонға маршта” ең жас спикер ретінде сөз сөйлеп, “Wake up, America” деп Американы оянуға шақырды. Талай рет ақ нәсілді бандиттер сабап кетсе де, талай рет полицейлерден таяқ жесе де, талай рет өлім аузынан қалса да әділдік үшін бейбіт күресін тоқтатпады. 1960-1966 жж. аралығында 40 рет сотталды.
1987-2020 жж. 33 жыл бойы Конгрессте Атланта халқының өкілі болды. Барлық ашық әрі әділ сайлауда таза жеңіске жетті. 16 рет айқын басымдықпен (сайлаушылардың 70%-тен жоғары дауысын алып, тек 1994 жылы 69% дауыс алған) Өкілдер палатасына қайта сайланды. Конгрессте расизм мен әділетсіздікпен заң арқылы күрессе, өмірде өнегелі өмір жолы арқылы адамдардың санасын өзгерту үшін күресті.
Қазақта “әдемі қартая білу де — өнер” деген өте керемет сөз бар. Ол сөздің салмағы ұзақ уақыт саясатта жүрген адамдарға қатысты қолданғанда екі есе артады. Атлант мұхитының арғы жағындағы Джон Льюис саясатқа әдемі келіп, әдемі кете білді. Саясатта таза ойнап, таза күресті. Джон Льюистей титан саясаткердің өмір жолын мұхиттың бергі жағында коммунизмнің қызыл жолымен карьера жасаған карлик саясаткер құрдастарымен салыстыруға мүлдем келмейді.
RIP, the Legend!
Шалқар Нұрсейітовтың жазбасы
Abai.kz