Тарихи нысандарды жаңғырту - отандық туризмді дамытады
Қазіргі таңда бүкіл әлемде туризм саласы қарыштап дамып келеді. Тіпті тек қана туризмге, туристерге сүйеніп ел экономикасын ұстап отырған мемлекеттер бар. Зетерттеулерге сүйенсек, соңғы кездері туристер тарапынан көне тарихи орындарға, мәдени мұраларға деген сұраныс арта түскен.
2017 жылғы 12 сәуірде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жариялап, барша қазақстандықтарды жаңа дәуірдің қақпасынан бастап кіргізген болатын. Содан бері бүкіл елде көне тарихи нысандар жаңартылып, мәдени мұралар заманға сай дамып, рухани кеңістігіміз кеңейіп келеді.
Аталған мақалада Қазақстанның кең-байтақ даласындағы көнеден келе жатқан тарихи нысандар, киелі жерлерді арнайы тізімге алып, нәсихатту керектілі айтылған. Сол арқылы жалпыхалықтың маңызға ие мәдени мұралар арқылы өскелең ұрпақтың тарихи санасын оятып, отаншылдық-патриоттық иедеяларды сіңіру көзделген. Тарихи маңызға ие осы жұмысты жүзеге асыру үшін дәл сол 2017 жылы ҚР Ұлттық музейі жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Аталған орталық содан бері көптеген жұмыстар атқарды.
Жоғарыда айтқанымыздай тарихи нысандары мен киелі жерлеріне сүйеніп бүкіл ел халқын асырап отырған мемлекеттер бар. Біздің байтақ даламыз да мәдени мұралар мен тарихи нысандарға толы. Нақты статистика бойынша айтсақ, елімізде жалпы ұлттық маңызға ие 205, ал аймақтық маңызға ие 575 тарихи нысан бар екен. Бұл өткен жылғы есеп. Жай есеп емес, еліміздің әр аймағында жүргізілген зеттеу жұмыстарының нәтижесі.
Тарихи нысандарды қайта жаңғырту елдің туристік мүмкіндігін арттырады. Бұл әлдеқашан дәлелденген мәселен. Осы қағиданы басты назарда ұстаған жауапты басшылар «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін дайындап жатыр. Бұл нысанның құрлысы 2020 жылдың соңына қарай аяқталады деп жоспарланған. «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы төрағасы Ержан Еркінбаевтың ойынша, бұл нысан ел іші-сыртына танымал туристік орынға айналады.
Жошы хан кесенесі – атақты Шыңғысхан мен оның әулетінен жер бетінде қалған жалғыз белгі. Сол үшін де кесененің жанынан еңселі ескерткіш тұрғызу жоспарланып отыр. Сол арқылы аталған мазардың әлемге әйгілі Шыңғысханға тиесілі екенін таныту керек. Сонда ғана бұл нысан алыстан көз тартып, тарихи мұраға әуес туристерді тартатын болады. Айта кетерлігі кесене Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойына орай Қарағанды облысының Ұлытау ауданында салынып жатыр. Кешенде Шыңғыстың үлкен ұлы Жошыға, Қазақ хандығына, Алтын Ордаға арналған арнайы экспозициялық зал салынады. Сонымен қатар мұнда шағын асхана мен қонақ үй де болады.
Ержан Еркінбаев, «Kazakh Tourism» ҰК» акционерлік қоғамы төрағасы:
«Этнотуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ұлытау» ауқымды жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба еліміздің ТОП туристік орталықтарының біріне айналады деп күтілуде. Жыл соңына қарай «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталуы тиіс».
Сондай-ақ кешен аумағында этноауыл орналасады деп жоспарланып отыр. Мұнда келетін туристерге жайлы болу үшін жолдар жақсартылып, жөнделетін болады.
Мамандардың пікірінше қайта жаңғыртылған Жошы хан кесенесі алдағы уақытта зерттеушілер мен саяхатшылардың үлкен қызығушылығын тударатын болады. Сөйтіп тарихи кешен елге белгілі туристік орынға айналады.
Шетелдік және отандық туристерді көптеп тарту үшін «Ұлытау» брендін қалыптастыру көзделген. Осы мақсатта «Хан Жолы», «Қасиетті Ұлытау», «Қорғасын құпиясы» және «Теректі Әулие» қатарлы туристік бағыттар әзірленіп жатыр.
Жақын болашақта біз сөз етіп отырған Жошы хан кесенесін ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне» енгізу басты жоспарда тұр. Өйткені, туристер және беделді туристік операторлар, тарихи орындарға сапарын жоспарлағанда жан-жақты зерттейді. Барғалы отырған нысан ЮНЕСКО-ның халықаралық тізімінде тұрса, олардың қызығушылығын бұрынғыдан да оятады. Сол үшін де Жошы хан кесенесін ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне» енгізудің маңызды зор. Бұл отандық туризмнің дамуына өз үлесін қосатын болады.
Abai.kz