ДДСҰ «созылмалы» пандемияға дайын болуға шақырды
Коронавирус пандемиясы «созылмалы» сипатқа ие болуы мүмкін, ал оның әсері ондаған жылдар бойы білінуі ықтимал. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус мәлімдеді.
1 тамыз күні ДДСҰ-ның Төтенше комитеті Қытайдан бастау алған коронавирус індетінің алты айдан кейінгі ахуалына баға беру үшін жиналыс өткізді. Індеттің тарауына байланысты халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай қаңтар айында жарияланған болатын.
Бірқатар эксперт пен саясаткер – олардың қатарында АҚШ президенті Дональд Трамп та бар – ДДСҰ-ны эпидемияға қарсы тым баяу қимылдады деп сынға алды. Сенбі, 1 тамыз күні өткен жиында ДДСҰ басшысы төтенше жағдайдың Қытайдан тыс жерде коронавирустан бір де бір адам әлі қайтыс болмаған кезде жарияланғанын айтты.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің есебі бойынша, әлем бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 18 миллионға жақындап, 685 мыңнан астам Covid өлімі тіркелді. Наурыздың басында індет пандемия болып жарияланды. Бұл кезде вирус Еуропада үлкен қарқынмен тарай бастаған.
Abai.kz