Еңбек министрлігі 2,2 млн адамға 21 250 теңгеден берілгенін айтты
Қазақстанда карантин кезінде табыссыз қалғандарға берілетін әлеуметтік көмекті тамыз айында 2,2 млн адам алған. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Бұл жолы қазақстандықтарға тамыз айының екі аптасы үшін 21 250 теңгеден берілген.
«10 тамыз сағат 10.00-дегі жағдай бойынша, шілде айында мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы төлем тағайындауға азаматтардан 2 млн 508 мың адамнан өтініш қабылданған. Төлем мөлшері ең төменгі жалақы – 42 500 теңгеге тең. Төлемді 2 млн 257,3 мың қазақстандық алды, оның ішінде 2 млн 241,6 мың адам тамыз айында карантиннің ұзартылуына байланысты 21 250 мың теңге мөлшерінде қосымша ақы алды»,- делінген министрлік хабарламасында.
Азаматтар категориясы бойынша жіктесек, 835,1 мың өтінішті бірыңғай төлем жиынтығын төлеушілер түсірген, 231,1 мың жұмыс беруші жалдамалы жұмысшылары үшін өтініш берген, 1 млн 441 мың өтініш өзге категорияға жататын азаматтардан (жеке кәсіпкерлер, өзін жұмыспен қамтығандар да бар) келіп түскен. Атаулы әлеуметтік көмек немесе жәрдемақы, зейнетақы алатындарға 42 500 теңге төленбейді. Өтініш қабылдау 1 қыркүйекке дейін жалғасады.
Елде карантин 16 тамызда аяқталуы тиіс. Осыған дейін мемлекеттік комиссия өкілдері коронавирус ахуалы тұрақталғанын, 17 тамыздан бастап біртіндеп шектеу шараларын алып тастайтынын хабарлаған еді. Дегенмен кейбір облыстарда шектеу шаралары күшейіп, кейбір сауда орындары жабылған. Карантин ұзартыла ма, жоқ па, әзірге белгісіз.
Қазақстанда коронавирус індеті қайта өршігеннен кейін елде 5 маусымнан бастап карантин шаралары күшейген еді. Содан бері екі апта сайын созылып келеді.
Наурыз бен мамыр айларында жарияланған карантин кезінде де тұрғындарға 42 500 теңге берілген. Үкіметтің айтуынша, алғашқы айда - 4,5 млн адам, екінші айда 2 млн-нан астам адам 42,5 мың теңге алған. Шілде айында 1,8 млн адам әлеуметтік көмек алған.
Бұған дейін кейбір кәсіпкерлер әлеуметтік көмектің мардымсыз екенін айтып, биліктен сауда орындарын ашуды талап еткен еді. Несиелерін төлей алмай отырғанын айтқан саудагерлер банкроттық алдында тұрмыз деп шағымданған. Ал билік өкілдері эпидемиологиялық ахуалға байланысты шешім қабылданады деп мәлімдеген.
Abai.kz