Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4683 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 08:52

Қазақстан НАТО-мен ынтымақтастықтан бас тартпайды

 

 

Елордада Еуроатлантикалық Әріптестік Кеңесінің ІІІ Қауіпсіздік форумы өтті. Жиынды Қазақстанда өткізуге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған екен. Ол идеяны Солтүстікатлантикалық Кеңес қызу қолдапты. Осылайша, ЕАӘК пен НАТО-ның елу елі қатысқан Қауіпсіздік форумы посткеңестік кеңістікте және тұтастай алғанда, Азия құрлығында тұңғыш рет өткізіліп отыр. Айтқандай, Қауіпсіздік форумы мемлекет басшылары және үкіметбасылар деңгейіндегі Саммиттен кейінгі аймақтық және жаһандық қауіпсіздік мәселелерін ашық әрі еркін талқылау мүмкіндігін ұсынатын ең ірі іс-шара болып табылады. Сондықтан Қазақ жерінде ұйымдастырылған, ЕАӘК пен НАТО-ның елу елі қатысқан бұл жиынға сырттан қызығушылық зор болды. Әсіресе Орталық Азияны өз «ауласындай» меншіктеп алған Ресей өз өкілдері арқылы мұқият құлақ түрген.

Қазақ елі - «еуразиялық елші»
Жиын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың форум қатысушыларына арналған сөзімен ашылды. «Астанадағы кездесу НАТО-ның құрылғанына 60 жыл толған мерейтойлық жылда ұйымдастырып отырылуы өзіндік бір символдық мәнге ие, - делінген Қазақстан Президентінің құттықтау сөзінде. - Артта қалған осы онжылдықтарда Альянс жабық әскери блоктан 50 әріптес елдің көпсалалы ынтымақтастығына дейінгі таңғаларлық жолды жүріп өтті».
Қазақстан көшбасшысы әр тараппен арақатынасын бірдей ұстап, тізгінді тең тартып отырған қазақ елін көпбағдарлылыққа құрылған ұстанымынан бас тартқызып, бір жақтың пайдасына таңдау жасауға итермелеушілердің бетін қайтарып тастаған. Қазақ елін Еуропа мен Азияның түйіскен тұсына қоныстандырғанда, Тәңірім бізге құрлықаралық тепе-теңдікті сақтау миссиясын жүктесе керек. Мемлекет басшысының сөзінен осындай ой туады. - ХХІ ғасырдағы қауіпсіздік қатерлері мен тәуекелдерінің жаһандық сипатқа ие болуы әлемдік қоғамдастықтан жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қорғау мәселесінде күш біріктіруін талап етеді, - дейді Елбасы. - Еуразияның дәл жүрегінде орналасқан Қазақстан осындай сұхбаттастықтың өзектілігі артқандығын аса өткір сезінуде. Біз нағыз қауіпсіздік тек кең ауқымды өзара ықпалдасу, қауіпсіздіктің аймақтық архитектурасын құру, халықаралық құқық нормалары негізінде сындарлы ынтымақтасу арқылы ғана қамтамасыз етілетіндігіне сенімдіміз. Осы себепті тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күнінен бастап Қазақстан аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту бағытындағы күш-жігерді жүйелі түрде арттырып келеді.
Біздің ел Жапония, Бразилия сынды әріптестерімен бірге жаһанды жаппай қырып-жою қаруларынан арылту бастамасын ілгерілетіп келеді. Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағы тараған тұста дүниежүзіндегі төртінші ядролық держава мәртебесінен өз еркімен бас тартқан Қазақстанның «өз үлгісімен қауіпсіз болашаққа апарар жолды» көрсеткендігін атап өтті. «Біз Орталық Азияда ядролық қарудан ада аймақ құруға бастамашы болдық» деді Елбасы. Қазақстан бұл тәжірибені бүкіл жер шарына жаймақ ниетте. «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысының көшбасшысы жақында дүниежүзінің барлық мемлекеттерін осынау жойқын қарудан тегіс бас тартқызу, ядролық оқтұмсықтарды Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырына тапсыру идеясын жария еткен. Қазіргі уақыт тұрғысынан ол «утопия» көрінуі мүмкін, бірақ болашақ биігінен қарағанда, бұл - адамзат түбі құп алуға тиіс ұсыныс. Осы тұста ел Президенті Қазақстанның үлгісі мен идеялары «әлемге жаппай қырып-жою қаруларының ары қарай таралу қаупі төніп тұрған қазіргі кезде айрықша көкейкесті әрі сұранысқа ие» бола бастағандығын жеткізді.
Қазақстан ядролық жарылыстардың «үнін» өшіріп, ажал сепкен тажалдың өңешіне құм құйған ел. Ал таяуда Елбасы 29 тамызды - осыдан 18 жыл бұрын Семей полигоны жабылған күнді Жаппай қырып-жою қаруларынан бас тартудың бүкіләлемдік күні деп жариялауды ұсынғаны мәлім. Нұрсұлтан Назарбаев бұл ұсынысын БҰҰ-ның қарауына енгізетіндігін мәлім етті.
Елбасының құттықтау-сөзінің соңында «Қазақстанның «НАТО - Орталық Азия - Ауғанстан» қалыбындағы сұхбаттастықты оң бағалайтындығы» атап өтіледі. «ЕҚЫҰ-ның 2010 жылғы сайланған төрағасы ретінде Қазақстан ұйымның бүкіл кеңістігі ауқымында бейбітшілікті сақтауға және Шығыс пен Батыс арасындағы сұхбаттастықты жолға қоюға өзіндік үлес қосуға ниетті» деп мәлімдейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жалпы, НАТО «адресіне» айтылған әрбір жылы сөзді Ресей тарапы ауырсына қабылдайтындығы аңғарылды. Кейін журналистермен өз ойымен бөліскен Ресейдің НАТО-дағы тұрақты өкілі Д.Рогозин егер бұл ұйымға мүше болса, Қазақстанның тек ұтылатындығына сендіріп бақты. «Қазақстанға «икемді коалиция» саясатын, саяси маневрға кең өріс ашатын қазіргі саясатты «партиялық-колхоздық» тәртіпке, еуро-атлантикалық бірауыздылыққа құрылған саясатқа айырбастау қаншалықты қажет?! - деді Дмитрий Рогозин. - Әрине, формалды түрде сіздерде оған мүше болуға мүмкіндіктеріңіз бар. Бұл ұйым талапшылдық тұрғысынан Кеңес Одағынан да өткен қатал. Сосын шектен тыс идеологизацияландырылған. Мұны Қазақстан басшылығы жақсы түсініп отыр». Рогозин мырзаның айтуынша, бұған дейін солтүстік атлантикалық альянсқа кіргісі келгендердің бәрі ендігі кіріп болған. «Қазір НАТО-ны кеңейту процесі «қақалып» қалды. Сондықтан жақын арада басқа елдер түгіл, Грузия мен Украинаға «құп!» деп бас изеуге жағдайы жоқ олардың. «Натолықтар» бүгінде үлкен проблеманың астында қалды: олар осы форум сынды тетіктерді әрі қарай қалай пайдаланарын білмей, дағдаруда. Қалай болғанда, Қазақстанға жақын болғысы келеді, өйткені энергия көздері де осында, Ауғанстанға апарар жол да осында». Батыс туралы естісе, қаны басына тебетін ресейлік саясаткер осы арада қызыл тілге ерік берді. Оның көптеген теңеулері құлаққа ерсі көрінеді, бірақ олар ресейлік биліктің ұстанымын нақты білдіретіндей. Мәселен, НАТО-мен қанша әріптестік құрғанымен біздің елдің солтүстік көршісінен кете алмайтынын білдірген Ресейдің НАТО-дағы тұрақты өкілі Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын ерлі-зайыпты әйел мен еркектің жақындығына, ал әлгі ұйымды «тортпен келіп», «сіздерге ұнауға тырысатын» ашынаға теңеді... Ресми тұлғаның аузынан мұндай оғаш теңеу естиміз деп ойламаған журналистер кейін бұл турасындағы ойын білмек болып, НАТО Бас хатшысы Яап де Хооп Схефферге сауал қойған. Ұстамдылық танытқан НАТО жетекшісі өз ұйымының отбасылық қатынастармен айналыспайтын, салмақты саяси ұйым екендігін айтып, шорт кесті.
Қалай болғанда, Қазақстан НАТО-мен ынтымақтастықтан бас тартпақ емес. Бұл жиында қазақстандық тарап таратқан материалда соқырға таяқ ұстатқандай жазылған: «Қазақстанның мүдделі көпқырлы, онда қандай да бір құрлыққа, елге не ұйымға қатысты теріс көзқарас, жеккөрініш жоқ», «Қазақстан қандай да бір ұйымдар бір-біріне қарсы қойылмауы керек немесе өзара бәсекелес, бақталас ретінде қарастырылмауға тиіс деп санайды», «Қалыптасып келе жатқан көпкіндікті әлемдегі халықаралық және аймақтық көпжақты институттардың тармақталған жүйесі халықаралық қоғамдастыққа бірнеше өзара тайталасқан лагерлерге ыдырауына жол бермейді», «НАТО-мен «Бейбітшілік үшін әріптестік» бағдарламасы шеңберінде өзара ықпалдасу Орталық Азияда түзіліп жатқан қауіпсіздік архитектурасының жүйесінің маңызды элементі болып табылады. Бұған қоса, НАТО-ны және оның жекелеген мүше мемлекеттерін заманауи әлемнің және соның ішінде Орталық Азияның ең көкейтесті проблемаларының бірін Ауғанстанды экономикалық тұрғыдан сауықтыру және бейбіт өмірді қалпына келтіру мәселесін шешуге қатыстыру аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік бергендігін атап өту қажет», «Қазақстанның НАТО-ның бірде-бір елімен қарым-қатынасында ешқандай қағидаттық қайшылық болмаса шешілмейтін проблема жоқ. Олардың бәрімен бізді достық, тіпті кей жерде стратегиялық әріптестік қатынастары байланыстырады. Біз ары қарай да осындай әріптестік байланыстарды Қазақстанның игілігі үшін дамытуға ниеттіміз» делінген.
Ол ол ма, қырғи-қабақ болмағанымен, бір-біріне қырын қарап жүрген екі тарап арасында «елдестіруші елші» міндетін атқаруға кіріскен қазақ елі НАТО және ШЫҰ, ҰҚШҰ арасында диалог және тікелей байланыс орнату бастамасын ілгерілетуде. Қазақстанның бұл қадамы өз жемісін бере бастағандай: Шанхай ынтымақтастық ұйымы алғаш рет биылғы наурыз айында Мәскеуде өткен Ауғанстан жөніндегі арнайы жиынына НАТО-ның ресми өкілдеріне қатысуға рұқсат еткен. Ал кеше астаналық Қауіпсіздік форумына Қазақстанның және НАТО-ның шақыруымен ШЫҰ делегациясы келді.

Сарбаздарымыз алдағы жылы қай «қақтығыс ошағына» аттанады?
Бұл күні негізгі баяндамашылар тыңдалған соң, жиын жұмысы әр алуан тақырыптарды қаузаған секцияларда жалғасты. Соның бірінде еліміздің Қорғаныс министрінің орынбасары Б.Сембинов жаһандық дағдарысқа қарамастан, Қазақстанның биыл ауған еліне жәрдемдесудің жаңа бағдарламасын қабылдайтынын жария етті. Болат Сембиновтің айтуынша, 2009-2011 жылдарға арналатын бағдарламаға Ауғанстанның соғыстан қираған инфрақұрылымын қалпына келтіру және дамыту, сондай-ақ энергетика, студенттерін оқыту, мамандарын қайта даярлықтан өткізу сияқты жобалар кірген. «Жалпы жиынтығы - 30 бөлімнен астам» деді ол. Б.Сембинов қазақ елінің бұған дейінгі бағдарламаны орындағанын еске салды. «Бағдарлама аясында автожолдар, мектеп, аурухана салу, астық жеткізу үшін 3 миллион доллар бөлінді». Ол Қорғаныс министрлігінің «Кабулдағы қауіпсіздікті қолдаушы халықаралық күштер штабына офицерлер бағыттауға қатысты ішкімемлекеттік процедураларды өткізу жөніндегі жұмысты бастағандығын» хабарлады. Біздің анықтағанымыздай, былтырғы қыркүйек айында «Дала қыраны» халықаралық жаттығуларында НАТО эксперттері НАТО стандарттары бойынша жарақтандырылған және даярланған «ҚазБригтің» («Қазбаттың») «операциялық үйлесімдігін тәжірибе жүзінде бағалауды» жүзеге асырған. «Келесі кезең - «ҚазБригті» алдағы 2010 жылы бітімгершілік миссияны орындауға толық даяр ету» көрінеді. Сайдың тасында іріктелген сарбаздарымыздың қай қақтығыс ошағына аттандырылатындығы әзірге ашып айтылмайды.
- Қазақстанның Ауғанстандағы Қауіпсіздікке жәрдемдесуші халықаралық күштердің операцияларын өмірлік маңызы бар қолдауы біздің әріптестеріміз ұсына алатын стратегиялық үлестің басты мысалы болып табылады,-деді НАТО Бас хатшысы Яап де Хооп Схеффер.

 

Айхан ШӘРІП

«Айқын» газеті, 26 маусым 2009 жыл

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394