Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7278 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 09:02

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ: «Абайша сүйіп, Абайша күйіп жүрміз бе?»

Туысқаның, достарың - бәрі екіұшты,

Сол себепті досыңнан дұшпан күшті.

Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,

Бұл не деген заманға ісім түсті, -  деп мұңаяды Абай.

Сөйткен Абай тағы да:

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма, - деп кейінгіге басу айтады. Біз Абай жүрегінің тереңіне қанша үңілсек те, оның жұмбақ жанының құпия сырына әлі бойлай алмай келеміз. Абайдың "алысып өткен мыңы" кім еді? Абайдың алысып өткені - өз заманындағы надандар мен тоғышарлар ғана емес еді, сонымен қоса адам бойындағы мың сан кесел мен кемшілік еді.

 

Абай жөнінде көп жазылды, көп айтылды. Кемеңгер Мұхтар Әуезовтен бастап Тәкен Әлімқұловқа дейін талай ойшылдар Абай турасында қалам тербеді, тербей береді де. Абайдың ұлы тағдыры, әсіресе, кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясында ғажайып суреттелген.

Туысқаның, достарың - бәрі екіұшты,

Сол себепті досыңнан дұшпан күшті.

Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,

Бұл не деген заманға ісім түсті, -  деп мұңаяды Абай.

Сөйткен Абай тағы да:

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма, - деп кейінгіге басу айтады. Біз Абай жүрегінің тереңіне қанша үңілсек те, оның жұмбақ жанының құпия сырына әлі бойлай алмай келеміз. Абайдың "алысып өткен мыңы" кім еді? Абайдың алысып өткені - өз заманындағы надандар мен тоғышарлар ғана емес еді, сонымен қоса адам бойындағы мың сан кесел мен кемшілік еді.

 

Абай жөнінде көп жазылды, көп айтылды. Кемеңгер Мұхтар Әуезовтен бастап Тәкен Әлімқұловқа дейін талай ойшылдар Абай турасында қалам тербеді, тербей береді де. Абайдың ұлы тағдыры, әсіресе, кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясында ғажайып суреттелген.

Абайды қазақтың тануы бар да, әлемнің тануы бар. Абай өлеңдері өзге тілдерге ойдағыдай аударылған жоқ. Аударылуы да мүмкін емес сияқты көрінеді маған. Абайды әлем Мұхтар Әуезовтің романы арқылы таныды. Әлемге таныту арқылы қазақты дүниеге танытып кеткен Мұхтар Әуезовтің аруағы алдында басымызды иеміз. Қазақ даласына ХІХ ғасырда аспаннан түскендей әсер еткен Абайдай алып тұлғаны Тәңірі халқымыздың бағына тудырған. Абайы бар елде арман жоқ. Біз енді сол қолда бар алтынды бағалай білсек болғаны.

Абай - қазақ поэзиясындағы ғашықтық жырлардың да ең озық үлгісін жасап кеткен ақын.

Жарқ етпес қара көңілім

не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да.

Дүниеде сенен артық

маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да.

Міне, Абай өзінің қолы жете алмай қалған ғашығына осылай ынтығады. Дүниеде өзіне Тоғжаннан артық жар табылмайтынына мойынсұнады. Абайдай ұлы жүректің қасіреті де, ғашықтық дер­ті де ұлы. Аспанда ай мен күн шағылса да жарқ етпестей қара көңілі Абайды ой тұңғиығына тарта түседі. Өмірінің өріне шыққанда "көңілім қалды достан да, дұшпаннан да" деп күңіренетін ақынның жан күйзелісінің басы осы Тоғжаннан айырылған махаббат мұңында жатыр. Абай түңілуі мезеттік түңілу емес, жақсы мен жаман, арамдық пен адалдық, көлеңке мен күншуақ алмасып, арбасып, айқасып жататын, опасынан гөрі опасыздығы басым мынау фәни дүниенің жалғандығын терең сезінуі еді.

Сүйген жүрек үшін махаббат азабынан ауыр азап жоқ. Абай алғашқы махаббаты Тоғжанды қимайды. Бірақ айырылмасқа амалы болмайды. Сонда да:

Айттым сәлем, қалам қас,

Саған құрбан мал мен бас.

Сағынғаннан сені ойлап,

Келер көзге ыстық жас, - деп Абайдың ғашық жүрегі жай таппайды, сыздайды.

Абай сияқты жігіттің төресіне, азаматтың асылына Тоғжанның да өлердей ғашық болғаны аян. Еріксіз ұзатылар алдында шарасы таусыл­ған Тоғжан ел ағаларынан көмек сұрай отырып, Абаймен қоштасу зарын шығарады. Ел ішінде Тоғ­жанның зары елуінші жылдарға дейін айты­лып келген. Алайда келе-келе ұмытыла бас­тай­ды. Бұл зар "Тоғжанның сыңсуы" деп те айты­лыпты. Кезінде Тоғжанның осы әнінің жұрна­ғын өмірден ерте кеткен әншіміз Жәнібек Кәр­менов халық арасынан тауып алады. Алайда ұмытыл­ған сөзінің алғашқы "Кертаудың ат байладым аршасына, сәлем де Тобықтының баршасына" деген екі жолынан басқасы табыл­маған. Сөйтіп, Жәнібек Тоғжанның сөзінің жалғасын қазақтың белгілі ақыны Несіпбек Айтұлына қайта жаздырады. Міне, осы Не­сіпбек жазған сөздің негізінде Тоғжанның сың­суын композитор Ермұрат Үсенов оркестрге түсіреді.

Кертаудың ат байладым аршасына,

Сәлем де Тобықтының баршасына.

Екеуміз екі таудың киігі едік,

Қалмасын біз бейбақтың көз жасына, -  деп басталады әннің сөзі.

Абайдың махаббат лирикасы өзінің терең жан тебіренісінен шыққан шынайылығымен, тұ­нықтығымен, пәктігімен баурайды. Бүгін табы­сып, ертең ажырасып жататын жастар Абай өлең­деріне тереңірек зер салса, Абай жырлаған махаб­баттан үлгі алса, нұр үстіне нұр болар еді.

Табиғатынан ерекше туған Абай ерте есейеді. Ел ішіндегі қым-қуыт қайшы­лық­қа толы оқиғалар жас Абайды алаң­датады. Елдің ертеңі үшін ойға түсіп, ақындық азабын шегеді. Отаршылар еркін бойлап, азып-тоза бастаған дала тіршілігі Абайдың жан дүниесінің астаң-кестеңін шы­ғарады. Асқақ рух, алаңсыз еркіндігінен айы­рылып, мойнына құрық түскен қазақ тағдыры өзегін өртейді. Ел басқарып жүрген атқамі­нерлердің тірлігіне ашынады. Ашынғандықтан ашулы өлеңдер мен әндер шығарады.

Абай әндері асқақтығымен, намы­сың­ды жанитын өткірлігімен, тереңдігімен, сөздерінің салмақтылығымен ерекше. "Бойы бұлғаң" әнінде:

Бойы бұлғаң,

Сөзі жылмаң,

Кімді көрсем мен сонан,

Тұра қаштым,

Қатты састым,

Бетті бастым жалма-жан -

десе, "Сегіз аяқ" өлеңінде:

Қайнайды қаның,

Ашиды жаның,

Мінездерін көргенде, - деп торығады.

Абай ел болудан қалып бара жатқан, етек басты, ошақ қасы тірліктің, хас надандықтың шырмауына түскен айналасынан түңіледі. Түңіледі де:

Атадан алтау,

Анадан төртеу,

Жалғыздық көрер жерім жоқ.

Ағайын бек көп,

Айтамын ептеп,

Сөзімді ұғар елім жоқ.

Моласындай бақсының,

Жалғыз қалдым тап шыным! -  дейді. "Мен ішпеген у бар ма?" - дейді Абай тағы да. Абайдың ішкен уы, тартқан азабы, шеккен қасіреті - бәрі де, өкініші, қазақ арасынан табылды. Оның бәрі де қазақтың денін жайлаған дерт, жегі құрт еді. Алды-артын тіреп тұрған, байлығы асып-тасқан аға сұлтан Құнанбай шонжардың баласы Абайды осыншама қайғыға салған, ойын ойран қылған, дүниеден түңілдірген қандай қасірет деушілер де болған өз заманында. Абайдың қайғысы - азаматтық қайғы, ел қайғысы еді.

Абайдың бойындағы ел дертіне - жанындай жақсы көрген, текті боп туған балаларының бірінен соң бірі өлген қайғысы қосылды. Ақын жүрек мұның бәрін көтере алмады. Жан азабын кешті. Сөйтіп, қайран арыс өмірден ерте кетті.

Қалың елім, қазағым,

қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды

айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Бет бергенде шырайың

сондай жақсы,

Қайдан ғана бұзылды

сартша сыртың?

Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,

Аузымен орақ орған өңкей қыртың.

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде -

ұйқың.

Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,

Бір күн тыртың етеді, бір күн -

бұртың.

Бас-басына би болған

өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, - деп толғанады Абай. Абай айт­қан қазақтың қолынан кеткен "ырық" ол береке-бірлік еді. Береке-бірлігі жоқ елдің бостандығы да жоқ. Бірін-бірі сатқан атқамінерлер ел іргесін қашанда қиратып тынатыны белгілі. Тәуелсіздікті тайраңдау деп түсінетін таяздар да жоқ емес. Бүгінде де ел қамын ойлаудан гөрі, оңай келген байлықтың буына мас болып, тә­уелсіздіктің қадірін білмей, бас-басына би болғысы кеп, ел байлығын сыртқа тасып жүргендерді көргенде көңілің су сепкендей басылады. Мұңаясың да: "Қайран бабам-ай, осының бәрін қалай болжағансың?" - деп аруағына тағы да бас иесің.

Осы күні материалдық байлықты мұрат көріп, рухани қазынадан мақұрым қалғандар саны көбейіп бара жатқан секілді көрінеді маған. Әрине, байлық керек, бірақ сол байлық рухани дүниеге, парасатқа, кісілікке қызмет етсе, халыққа пайдасын тигізсе, отбасыңнан бастап Отаныңа сүйеу болса қайтер еді! Шетел казиноларында, қызойнақтарда шашыл­ған ақшаларды естігенде төбе құйқаң шымырлайды. Бұған тыйым ең әуелі - өзіңнің ар-ұятың.

Қулық, сұмдық, ұрлықпен

мал жиылмас,

Сұм нәпсің үйір болса,

тез тыйылмас.

Зиян шекпей қалмайсың

ондай істен,

Мал кетер, мазаң кетер,

ар бұйырмас.

Асаған, ұрттағанға ез жұбанар,

Секілді дәулет емес сен қуанар.

Еңбек қылмай тапқан мал

дәулет болмас,

Қардың суы секілді тез суалар.

Абай осы сөзін дәл бүгінгілерге айтып отырғандай. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктен соңғы өтпелі аласапыран тұста ел ырзығын еншілеген, байлықтың буына масайып, біл­ге­нін, ойына келгенін істеп жүргендер де аз бол­ған жоқ. Мұны да көргенбіз. Олар әлі де бар.

Абай қашанда тазаруға, адамдық атын жой­мауға, бауырмалдыққа, әділеттілікке шақырады:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй, ол Алланы

жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй,

бауырым деп,

Және сүй, хақ жолы деп әділетті.

Хақ жолындағы Абай осылай адамзат биігіне көтеріледі.

Абай молда-ишандарды да сынайды: "Молдалар тұра тұрсын, хусусан бұл заманның ишандарына бек сақ болыңдар. Олар - фитнә ғалым, бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды. Өздері хүкім, шариғатты таза білмейді, көбі надан болады. Онан асып өзін, өзі әһіл тариқат біліп және біреуді жеткізбек дағ­уасын қылады. Бұл іс олардың сыбағасы емес, бұлардың жеткізбегі мұхал, бұлар адам алдаушылар, хаттә дінге де залалды. Бұлардың сүйгені - надандар, сөйлегені - жалған, дәлелдері - тәсбиғы менен шалмалары, онан басқа ешнәрсе жоқ". Осы сөздерді біз Абайдың 38-қарасөзінен оқимыз.

Қасиетті ислам дінін жамылып, өз пайдасын күйттеген дінбасылары қай заманда да болған. Дінді қор қылма, халықты таза жолдан тайдырма дейді ұлы ұстазымыз. Абайдың осы бір терең сөздері бүгін де күн тәртібінен түскен жоқ. Қазір де кейбір дін айналасындағылардың қажылықты парыздан гөрі атақ-дәреже көріп жүргендері аз емес. Тіпті қажылықты қаржы табудың көзіне айналдырып алғандары да бар. Бүгінде неше түрлі ағымдағы діндерді насихаттап, ел ішін ала тайдай бүлдіріп жүргендер де жетеді. Дін мен дәстүрді шатастыра бастадық. Мұсылмандықтың атамыз қазақ қабылдаған ақ жолын бұрмалап, дәстүрді жоққа шығарып, ата-бабаңды, аруақты ауызға алма деушілер көбейді. Қазақ бір Аллаға сыйына отырып, аруағын да қасиет тұтқан халық. "Иман екеу емес, біреу" дейді 38-қарасөзінде Абай. Менің ойымша, Абай айтып отырған "Иман" - ол бүкіл адамзатқа ортақ ар-ұждан. Сондықтан да ол - біреу. Абайды хакім, адамзаттың ойшылы дейтініміз де, міне, осыдан.

Кейінгі кездері Алланы Аллах деп айту әдетке айналды. Абайдың асыл мұрасын қанша ақтарып оқысаңыз да Аллаһ деген сөзді кездестіре алмайсыз, үнемі Алла деп жазады: "Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Құран рас, Алланың сөзі дүр", "Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ", "Алланың, пайғамбардың жолындамыз", "Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер". Міне, Абай осылай жазады. Осы күндері Ұлы Жаратушының атын Аллаһ деушілер көбейді. Қазақ ешқашан "Иншаллаһ", "Жасаған Аллаһ", "Жаратушы Аллаһ", "Аллаһтан тіле" деп айтқан емес. Мұны былай қойғанда қазақ бағзы заманнан бері Иисусты - Иса, Моисеейді - Мұса, Саломонды - Сүлеймен, Давидты - Дәуіт атап келді емес пе? Сондықтан да ғасырлар бойы елдің санасында қалыптасқан халықтық ұғымды бұзудың жөні жоқ. Жасаған Иемнің тоқсан тоғыз атының бірі Алланың сан ғасырлар бойы қазақ санасындағы осы атын сақтағанды жөн деп білемін. Мұның жақсы үлгісін Қазақстан мұсылмандарының басшысы, көрнекті ғалым Әбсаттар Дербісәлі­нің соңғы жылдары жазған мақалалары мен сұх­баттарынан анық көріп жүрміз. Қоғамда Абайды жат дінге телушілер де табылып жүр. Бұл адамның ақылына сыймайтын нәрсе. Бұған үзілді-кесілді тойтарыс беруіміз керек. Кри­ш­наит қайда, Абай қайда. Бұл Абайға ғана емес, тұтас бір ұлтқа жағылған күйе. Біз қашанда Абай-Ислам делінетін егіз ұғымды ажыратпай, бірлікте, тұтастықта қарастыруымыз керек.

Абай - өткен мен өз заманын салыстыра отырып, артына ұлы өсиет қалдырған хакім. "Әрбір ғалым - хакім емес, әрбір хакім - ғалым" дейді Абай. Абайдың хакімдігі оның әр сөзінен, әр өлеңінен білінеді.

Осыдан жүз жыл бұрын Абай қазақ на­мыстан, ар-ұяттан, береке-бірліктен айырылды деп күңіреніп еді. Біз сол Абай айт­қан намыс, ар-ождан, береке-бірлікпен қоса, тілімізден, дінімізден, қайырымдылықтан, мейірімділіктен айырылып қала жаздадық. Бүгінде халық қамын ойлайтындардан қарын қамын ойлайтындар көбейді. Елдің елдігін сақтап тұратын - намыс. Намыссыз жұрт елін де, жерін де қорғай алмайды. Көрінгеннің шылауында кетеді. Міне, Абай өле-өлгенше осыны айтып кетті.

Абай қазақтың өзара қырқысқа келгенде алдына жан салмайтындығына, сырттан жау келсе, басы қосылмай бара жатқанына ыза­лана­ды. "Сенісерге жан таба алмай, сенделеді ет жүрек" деп түңіледі өз ортасынан.

Қазақтың қасіретін бір кісідей тартқан Абай "Тоғызыншы қарасөзінде" бұл ойын тереңдете түседі:

"Осы мен өзім - қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уа, әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, я көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді. Ондайым жоқ. Егер жек көрсем - сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, "не қылды, не болды?" демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ.

Мен өзім тірі болсам да анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, яки бөтен себептен бе - білмеймін. Сыртым сау болса да ішім өлім қалыпты". Абай қанша түңіл­се де өз елін тастап, көшіп қайда барады дейсің, көшкен жоқ, жаман істерін жек көре тұрып жанындай жақсы көретін, жамандыққа қимайтын өз жұртының ішінде ғұмыр кешті. Абайдың ел үшін күйіне отырып, өз елін қан­шалықты құлай сүйетіндігін, соншалықты жаны ашитындығын осы сөзінен де анық көреміз.

Ал біз осы елді Абайша сүйіп, ел үшін Абайша күйіп жүрміз бе? Ел үшін шырылдаған боп жүргендердің де көкейіндегісін жұрт жақсы біледі. Біз елді сүюді, ел үшін күйінуді Абайдан үйренуіміз керек. Ұрпақты да Абай үлгісіне үйретуіміз керек. Сонда біздің ынтымақ-бірлігіміз де күшейеді, берекеміз де кіреді, дәулетіміз де молаяды.

Абай ең алдымен ел болуды, қазақтың қатардан қалмауын аңсады. Иә, Абай арманы орындалды. Тәуелсіздік алдық. Ел қатарына қосылдық. Іргелі мемлекет құрудамыз. Әлем қауымдастығына мүше болдық. Дамыған елу елдің қатарына қосыламыз деген мақсатымыз да Абай арманымен ұштасып жатыр. Бірақ Абай айт­қан келеңсіз қылықтардан қазақ арылып болған жоқ. Абай айтқан "баяғы жартас бір жартастың кебін" әлі де киіп отырған сияқтымыз. Жалқаулық, алауыздық, өсекшілдік, билікшілдік күні бүгін де бар. "Заман ақыр жастары, қосылмайды бастары", "Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып", - деп Абай айтқан сүйекке біткен кесел әлі бойымызда жүр. Абай айтқандардың үстіне, бүгінде тіл азабы, ұлтсыздық азабы, миссионерлер мәселесі қосылды. Жақсының етегіне жармасу әлі де жалғасып келеді. Тіпті осы айдың-күннің аманында әлем мойындаған, қазақ халқының рухани алтын тірегі Абайдың өзіне жармасып, Абайды ақын емес, ойшыл емес деген арсыз сөздерді айтушылар басқа емес, өз арамыздан шығып отырғанына не айтасың. Жүкешев, Нұрғалиев дегендердің сандырақтарын оқып қайран қаласың. Байбота Қошым-Ноғай деген ініміз өткен жылы "Алтын орда" газетінде классик жазушымыз Ғабит Мүсі­реповке жармасып еді, таяуда "Қазақ әде­биеті" газетінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен тер" романы туралы көңілге қонымсыз сөздер айтыпты. Жарайды, Абайды өз заманы түсінбеді делік. Олар Абайға қол да тигізді. Жұдырық сілтеді. Намысын таптады. Сол қазақ кеше Алаш арыстарын көгенге тізіп, көзін жойғанда да шыдап отырды. Уақыт солай еді деп ақталатын шығармыз. Ал бүгін ше? Абай­дың аруағымен алысатындай басымызға не күн туды? Абай қайсымыздың жолымызға кесе-көлденең тұрды? Әр нәрсенің жөні болады. "Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады" дейтінді де, "Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін" дейтінді де ұмыт­пауымыз керек. Аруақтан қорықсақ керек етті. Өз намысымызды өзіміз таптамасақ етті. Өз дәрежемді көтерем деп аруақ аттап, ауызға келгенді айту барып тұрған әдепсіздік.

Абай әлемі тұңғиық. Біз Абайдың мұхиттай терең ойларына қаныға түсуіміз керек. Заман, қоғам жайында, адам жайында толғанғанда да біз бұрынғы даналарымыздың пікірлерімен санасып отыруымыз керек.

Абайдың өзі өлгенмен сөзі өлген жоқ. "Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған", - деп кемеңгердің өзі айт­қандай, Абай - артына өлмейтұғын сөз, өнеге, өсиет қалдырған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ғасырдан-ғасырға асып, туған халқымен бірге жасаса беретін кемеңгер.

Сырт қарағанда Абайды білмейтін қазақ жоқ секілді. Көзімізді ашқаннан Абай есімі жады­мызда, бейнесі көз алдымызда. Мектепте Абай­ды оқып өстік. Қала сайын Абай атында көше бар. Абай атында қала, аудан, ғылыми институт, университет, көптеген театрлар, мектептер бар. М.Әуезовтен бастап Абай жөнінде қалам тартпаған ақын-жазушы жоқ. Абай жөнінде кино және басқа өнер шығармалары да жеткілікті. Ақын әндері күн сайын шырқалып, кітаптары қайта басылып шығып жатыр.

Иә, Абайды білетін сияқтымыз. Ал шынына келсек, Абайды білдік, таныдық, тереңіне бой­ладық деп айта алмаймыз. Біз Абайды терең та­нып-білуге талпынбадық демейміз. Талпындық, талаптандық. Өкініші, бойымызға сіңіріп, зердемізге қондыра алмай келеміз. Абайдың мұңы, Абайдың зары - халықтың, ұлттың зар-мұңы. Ел болудың, ұлт болудың қағидасы, қам-қаракеті екенін терең ұғына алмай келеміз.

Біріңді, қазақ, бірің дос,

Көрмесең істің бәрі бос! -  дегенді де айтқан Абай.

Абай заманындағы қазақтан қазіргі қазақ көп өзгере қойды деп айту да қиын. Алауыздық, пасықтық, көре алмау­шылық, топшылдық, қия­натшылдық, дүниеқорлық, өзгеге жалпақтап, өзіңді менсінбеу, жайдақтық, жалтақтық, би­лікке, мансапқа құмарлық, сатқындық, надан­дық әлі де ұлтымыздың бойынан арылмай ке­леді, ұлтымыздың айықпайтын дертіне айналғандай.

Абайдан сөз қалмаған. Қазақтың табиғаты, болмысы, қайтсе адам болатыны жөнінде айтқан ұлағатты сөздерін бойға, санаға сіңіру, ұлы ақынның бай мұрасынан ғибрат алу бұрынғыдан да бүгін керегірек болып тұр. Сондықтан да күн сайын Абай рухымен сыр­ласып, кейде, тіпті ол кісімен мұңдасып, елді­гіміздің, ендігіміздің жайын кеңірек ойласып отырғанымыз дұрыс болады.

"Абай - қазақ халқының рухани көсемі" деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев. Абай - расында халқымыздың рухани көсемі. Абай қашанда қазақ халқының рухани ұлы көшінің басында. Абай сөзі, Абай әндері мәңгі жаңғыра, жаңара бермек. Сүйегі Жидебайда жатқанымен, оның жырлары әсем Астана төрінде күн са­йын айты­лып, әндері күн сайын шырқала беретініне кү­мән жоқ. Абайды құрметтеу - өзіңді құрметтеу, Абайды қастерлеу - ұлтыңды қастерлеу деген сөз. Мұның бәрі де Абайға емес, бүгінгі өзі­мізге, жалпы қазаққа, келешекке керек әңгіме.

Тарихты тұлғалар жасайды. Біз Абай, Ма­хамбет, Жамбыл секілді асылдарымызды бүкіл ұлт қазынасы, абыройы деп ұғынуымыз керек, Мәселен, қазір осындай асылдарымыздың мерейтойын өткізгенде бар салмақты сол ұлылардың туған облысына салып жүрміз. Бөлу, бөліну деген осыдан басталады. Біз мұндай ұлыларымыздың тойын мемлекетіміздің мерейінің тойы деп ойлауымыз керек. Мұндай іс-шаралар ұлтымызды бөлуге емес, біріктіруге, мемлекеттік, ұлттық мүдде төңірегіне топтастыруға қызмет етуі керек. Алда Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, Абылай ханның 300 жылдығы келе жатыр. Ел ірге­сін бекітіп, өткені мен болашағын тара­зы­лайтын мұндай іс-шараларға жақындағанда емес, дайындық жұмыстарын күні бұрын жасаған жөн.

"Қазақтың бас ақыны Ұлы Абайдың өлген күнінен қаншама алыстасақ, рухына соншама жақындаймыз. Халқымыз үнемі бұл күйде тұра бермес, ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артар. Халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар..." деген екен Алаштың ардагері Мір­жақып Дулатов. Қандай дәл, әдемі айтқан арысым!

Бүгінде Абай туралы тың ой, жаңа сөз айту да қиын. Әңгіме Абай туралы жазуда, Абай жайында сөз айтуда да ғана емес, Абайды оқып, ұғына білуде, Абай сөзіне құлақ аса білуде, Абайды жан-тәніңмен бойға сіңіре білуде. Абайды ғана емес, бағзы замандардан бері үзілмей келе жатқан даналығымызды, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді бабалар сөзін, Асанқайғы, Қазтуған, Ақтамберді, Махамбет, Мұрат, Дулат, Жамбыл, Мұқағали мұраларын жаттатып, жас ұрпақтың санасына ұғындыруды парызымыз деп есептеуіміз керек. Мұның өзі түптеп келгенде қазақты қазақ ұғыну, қазақты қазақ түсіну деген сөз! Қазақты сырттан келіп ешкім жарылқамайды. Қазақты жарылқаса, тек қазақ қана жарыл­қайды.

"Ей, Түріктің бектері, халқы! Сендер алауыз­сыңдар, таққа кіріптарсыңдар. Ағалы-інілінің дауласқандығынан, бекті-халқының жауласқандығынан, дұшпаныңның сөзіне алданғандығыңнан қағандығыңнан, елдігіңнен, төріңнен, билігіңнен айырылдың. Жер-жерге босып сандалдың. Біресе ілгері шаптың, біресе кері шаптың, барған жерде не пайда таптың? Бек ұлдарың құл болды, пәк қыздарың күң болды. Түрік халқы, өкін!"

Сай-сүйегіңді сырқырататын осы сөздерді Күлтегін ескерткішінен оқимыз. Басынан кешкендерін мәңгі өшпестей етіп жүрегінің қанымен, көзінің жасымен бабалар тасқа осылай, қашап жазып кеткен. Абайдың да айтып, Алладан тілегені - сол халықтың мызғымас бірлігі, жарасқан ынтымағы еді. Алла, қазаққа ынтымақ, береке берсін.

 

 


Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ

«Орал өңірі» облыстық газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394