Азиялық Қауымдастық Бас хатшыларының отырысы өтті
2020 жылғы 26 тамызда онлайн режимде Азиялық Конституциялық соттар және балама институттар Қауымдастығы Бас хатшыларының отырысы өтті.
Ол Конституциялық Кеңестің осы ұйымға төрағалық етуі аясында Қауымдастық мүшелері Кеңесі мен IV Конгресінің отырысы қарсаңында өтті.
Іс-шараға қатысушыларды Қауымдастықтың қазіргі төрағасы Қ. Мәми қарсы алды. Қазақстан Конституциялық Кеңесінің Төрағасы қонақтарды Қауымдастықтың 10 жылдығымен құттықтай отырып, Бас хатшылардың оның жарғылық мақсаттарын ілгерілетудегі жемісті ынтымақтастығын атап өтті.
Қауымдастыққа мүше органдардың аппараттары өзара қарым-қатынастарды тұрақты негізде қолдайды және мүшелер Кеңесі мен Конгресс қызметін қамтамасыз етеді. Делегациялар Жарғыға түзетулер жобаларын және мүшелер Кеңесінің отырысында қабылдауға жоспарланған өзге де құжаттарды, Қауымдастыққа жаңа мүшелердің кіру мәселелерін, сондай-ақ Индонезияда, Кореяда және Түркияда орналасқан ұйымның тұрақты хатшылықтарының қызметін талқылады.
Бұдан басқа, Тараптар IV Конгрестің нәтижелері бойынша мақұлданатын Қауымдастықтың қорытынды құжатының мазмұнына қатысты пікір алмасты.
Abai.kz