Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 5150 12 пікір 29 Тамыз, 2020 сағат 12:06

Президенттің Үндеуі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей ядролық полигонының жабылған күніне байланысты Үндеуі

Құрметті отандастар!

Осыдан тура 29 жыл бұрын, 29 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ядролық қару-жарақтан бас тарту туралы теңдессіз тарихи шешім қабылдап, антиядролық қозғалыстың көшбасшыларының бірі болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының қаулысымен 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жарияланды.

Осылайша, 450-ден астам жарылыс жасалған әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңының бірі – Семей полигоны, бұрынғы Кеңес Одағы басшылығының қарсылығына қарамастан, біржола жабылды. Бұл өскелең ұрпақтың жарқын келешегі мен мемлекетіміздің баянды болашағы жолында жасалған шешуші қадам болды. Сонымен қатар әлемнің әр түкпіріндегі сынақ алаңдарының жабылуына жол ашқан батыл бастамаға айналды.

Тәуелсіздікті ядролық қарусыздану және жойқын қаруды таратпау жөніндегі бейбіт ұстаныммен қарсы алуымыз Елбасының саяси ерік-жігері мен салиқалы саясатының арқасында жүзеге асқаны анық.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихта тұңғыш рет ядролық полигонды өз еркімен жабу жөнінде парасатты шешім қабылдауы арқылы әлемдегі қауіпсіздікті және бейбітшілікті қамтамасыз етуге зор үлес қосты.

Осы батыл әрекет әлем тарихында жарқын бет ретінде мәңгі қалатынына күмәнім жоқ.

Қадірлі қауым!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы және жаһандық қауіпсіздік жөніндегі басқа да бастамалары бейбітшілікке деген берік ұстанымымызды айқындап берді.

Елбасының көреген басшылығымен мемлекетті жойқын қарусыз дамытудың әлемдік бірегей үлгісі қалыптасты. Еліміз ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық қозғалыстың белсенді мүшесіне айналды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы халықаралық қауіпсіздікті нығайту, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, жаһандық қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу ісіне белсене атсалыса береді деп сеніммен айта аламын.

Қасым-Жомарт Тоқаев,

Қазақстан президенті.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322