Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 6540 2 пікір 2 Қыркүйек, 2020 сағат 11:39

Мұсылман қозғалысы бастауында...

Ресей империясы түрк-мұсылман халықтарының азаттық аңсаған қозғалысы бірінші орыс революциясы жылдары ұйымдасқан түрге енді. Оның нақты көрінісі – шартараптан бас қосқан өкілдердің патшалық әкімшіліктің тыйым салғанына қарамастан, мұсылман құрылтайын үкіметтен жасырын түрде өткізгені болды. Нижний Новгород жәрмеңкесіне жиналған делегаттар губернатордан ресми рұқсат ала алмағандықтан, жалға откеме (пароход) алып, сейіл құрушылар кейпінде Ока өзені айдынына шығып кетті. Кеме үстінде 1905 жылғы 15 тамызда өткен сол Бүкілресей мұсылмандарының Бірінші съезіне биыл – 115 жыл. Съезге ұйтқы болған қадірменді тұлғалардың бірі, әйгілі  қырымлы Исмайыл Гаспралының дүниеге келгеніне 170 жылға аяқ басты, ал съезге қатысқан түркістандық қайраткер Серәлі Лапиннің туғанына 150 жылдан асып барады. Олар қадірлеп еске алған атақты ғалым Шоқан Уәлихановтың туғанына биыл 185 жыл. Төмендегі әңгіме сол съездің ашылар қарсаңындағы қайраткерлердің көңіл-күйінен сыр шертеді...

Съезге келгендердің бәрі кешкісін жиынға демеуші болып жүрген төменгіқалалық татар көпестерінің бірі жайған дастарханға шақырылды. Дастархан басында  әзірбайжан қайраткері Әлимардан Топчибашев Серәліні Исмайыл Гаспралы отырған үстел басына ертіп әкеліп: «Исмаил бей, сіз бен біздің тақауда ғана үміт арта әңгіме еткен түркістандығымыз – міне, мына жігіт болады, – деді. – Адвокат Серәлі Лапин».  Исмаил бей басын көтерді. Оның жүдеулеу де шаршаңқы жүзіне тіке қарап, Серәлі: «Ассалаумағалейкум, ақсақал, – деді де, қос қолын ұсынып амандасты. – Біз сізді «Тәржіманыңыз» арқылы сырттай танып-біліп, жақсы көріп, құрметтеп жүрген жандар қатарынанбыз». Ол шынын айтып тұрған. Түркістандағы тек орыс намысын жыртатын саясатшылдар өлкеге мұсылмандардың Қазаннан, Бақшасарайдан шыққан мерзімдік баспасөзін де, кітаптарын да кіргізбейміз деп қанша жанталасқанмен, олар қилы жол тауып келіп жататын. Және,  зиялылар арасында астыртын қолдан қолға өтіп, әбден тозығы жеткенше оқылатын. Әр сөзі мұқият қаралатын.  Серәлі де газеттің қолға түскен нөмірін  әрдайым ризашылықпен сүзіп оқитын еді. Көзі жеткен: «Тәржіман» үнпарағы – отарлық езгіге түскен, пышырап, жойылу алдына келіп қалған түрк халықтарының мұңын жиырма шақты жылдан бері күйттеп келе жатқан орны ерекше басылым. Көз ашқыш, сананы оятушы, танытқыш, ең белсенді күрескер. Газеттің күллі түркілерге ортақ тіл жасау жайындағы бастамасын Серәлі дұрыс деп біледі. Ескі оқуды жаңа заман талаптарына сай реформалап, жаңа оқуды – жәдидті енгізуде дәйекті насихат жүргізуін құптайды. Ол осынау ғажап газет басында тұрған азаматтың отарланған түрк елдеріндегі азаттық қозғалысының қандай бағдар ұстауға тиістігін қорытып алға тартып отырған қайраткер екенін анық ұғатын. Тек өзге өмір деректерінен бейхабарлау еді. Оны манағы бір оңаша сырласу сағаттарында Әлимардан таратып айтып берген. «Исмаил бей Гаспринский орыс армиясының прапорщигі отбасында, шамамен өткен ғасырдың ортасында  дүниеге келген, – деген-ді ол. – Таңырқаймысың? Иә-иә, оның әкесі Мұстафа шынымен орыс әскерінде қызмет еткен. Орыс үкіметіне еңбегі сіңген кісі. Дворян тектілер кітабына бекерден бекер енгізілді деймісің». Ол әйгілі қайраткерді Гаспра ауылынан шыққан деген ұғымды білдіретін орысша аты-жөнімен атаған, қазақша ныспысы – Гаспралық Ысмайыл (Исмайыл, Исмаил), қырым түркішесінде, яғни қырымлыша – Ысмайыл Гаспралы. Серәлі Ысмайыл ақсақалдың әкесінің орыс қызметінде болғанына таңданған жоқ. Ондайға мысал өз өлкесінде де жетіп-артылатын. Қолдан таңылған бодандықты мойындау немесе соған құлшына мойынсұну секілді кезеңдердегі оқиғалар астары оған әбден таныс. Небір есіл ердің құрсау ішінде, сол құрсау берген мүмкіндік шеңберінде ғана өзін еркін сезініп, шектен аспай шаттануына мәжбүр еткен жағдайды осы күндері бүге-шігесіне дейін айқын түсінген. Сондықтан да ол Әлимарданның  әңгімесін ұзын арқауы таныс жыр секілді қабыл алды. Әйтсе де қызық еді...

Бала Исмаил әуелде туған жерінде – әсем Қырымның Гаспра ауылындағы мұсылман  мектебінде сауат ашқан екен. Сосын оны әкесі орысша оқытыпты. Тура Түркістандағы ахуал – орыс оқуынсыз күн көру қиын болғандықтан. Мәжбүрлік. Орыс оқуына деген ұмтылыс  – соған деген мұқтаждық, қажеттілік жасалғандықтан... Әлимардан Серәлінің пайымына қарсылық білдірмейді. Тіпті қостайды оны, аз десең. Себебі заман сондай болды. Қару сөйледі. Күш сөйледі. Әлсіз күштінің ыңғайына бейімделді... Исмаил бейді жеткіншек шағында әкесі алдымен Воронеж қаласындағы орыс мектебіне берді. Сонда тіл сындыртып, біраз сауаттандырды. Одан Мәскеуге апарып, кадет корпусында оқытты. Міне, оған әкесі осындай жағдай жасады. Өстіп Исмаил өнер-білім негіздерін, соғыс ғылымын үйренді,  еуропаша зайырлы білім алды. Бірақ Исмаил әкесінің үмітін ақтамады-ау деймін, ол әскери адам болған жоқ. Және орыс үкіметіне басқаша қызмет етуді де қош көрмеді. Ол әкесінің бұл ретте сіңірген еңбегін жеткілікті санады. Құдай оған осындай тоқтамға келуді нәсіп етті. Оған не себеп болды екен дей ме? Кім біледі. Бәлкім, ана сүтімен бойға сіңірген түркі ділінен шығар. Қаршадайынан көз алдында өрбіген сурет: туған халқының ата қонысы болған жер-суынан ығысып, мекенін кірмелерге беру мәжбүрлігіне ұшыраған бейшара тіршілігі санасында жаңғырған болар... Ғажап емес. Топырақ алдындағы парыз, перзенттік парыз – түптің түбінде, саналы адамды түйсінтпей қоймаса керек... Оған дау бар ма. Содан ол, Москва кадет корпусының түлегі, көркем де қасіретті Қырымына қайтты. Табиғаты жұмсақ, билігі қатыгез түбекте жас жігіт бірнеше жыл   медресе мұғалімі болып істеді.  Қырымдық туғандарының сауатын ана тілінде ашуға үлес қосты. Бұл, әрине, абыройлы да игілікті қызмет болатын, бірақ ол осынау зерделі де қажырлы жастың бойындағы шығармашылық мүмкіндігін ел мүддесіне бағыттап, толығымен ашуына тарлық ететін еді. Иә-ә...

Соны ұғынғаннан шығар, Ысмайыл ұзамай орыс патшалығы шекарасынан асып, француз елінің астанасы Парижге кетті. Оқыды, қызмет істеді. Одан Стамбулға ауысты. Түркияда  жас түріктер ұйымына кірді. Мұның бәрі оның өмірдегі негізгі бағдарын айқындап, азаматтық көзқарасының тұғырын шегендей түсуіне жәрдемдесті ғой деп ойлайды Серәлінің әзірбайжан досы. «Әрине-әрине, – Серәлі әзірбайжан досын қызына қолдады, – біздің елде көре-көре көсем боласың деген сөз бар...» Әлимардан бек осынау күллі түркі халықтарының рухани көсемі ретінде танылған жақсы ағаның кемелдену жолын өмірбаяны мысалында тамаша түсіндіріп келеді. Жалғастыра берсін... Әлимардан бек басын қанағаттана изеп, әңгімесін сабақтай берді. Исмайыл әпенді содан соң, бұдан шамамен жиырма бес-отыз жылдай ілгеріде, еліне оралған екен. Біржола келіпті. Сонда оның кең дүниетанымға ие кемел қайраткер әм ойшыл деңгейіне көтеріліп, қылшылдаған жігіт қалпында  еліне қайтқанына халқы разы болыпты. Жұрты басына көтерсе керек. Еуропа білімімен тағаланып келген саналы азаматтың патшалық қорғаны боларына шәк келтірмегендіктен, оны өз тайпаластарын басқару ісіне тартуды орыс үкіметі де қолайлы көріпті. Содан ол Бақшасарай қаласының әкімі болып тағайындалады. О, Ысмайыл ақсақал бір кезде өзінің туып өскен Қырымлы елінің астанасын басқарды десеңізші! Иә, Қырым астанасын биледі. Бірақ бұл сырт көзге ғана. Ол кез – баяғы хандықтың бас шаһары орыс қаласына айналдырылып үлгерген уақыт қой. Қырымлы елі тұтастығынан айрылып, елдігін жоғалтқан заман. Жаңа қожайынның «кеңшілігімен» өзінің қырымлы түркілері, қырымдық халық атауынан айрылған кез. Бір кезде орыс мемлекетінің билеушілері өз иелігіндегі жерлерден әріректе тұратын баршаға таңған  татар сынды жалпылама атты еншілеп, қырым татары делінген шақ. Жалпы, жаулап алынғаннан кейінгі аз жылда-ақ Қырым түбегін бөтен тектілер жайлап кеткен. Бұл жаулап алушының еркімен жүзеге асып жатқан-ды. Қырымды жаулап алған елдің үкіметі оның төл түлектерін жан-жаққа шашырата ысырып, жер аууға мәжбүр еткен. Сөйтіп, өкімет тірегі болмақ өз азаматтарын әсем түбекке көптеп қоныстырған. Мұның бастамашысы  өлке үшін басқыншы болып, Таврия князі атанған, ІІ Екатерина патшайымның фавориті, яғни сүйіктісі князь Потемкин екені баршаға мәлім. Серәлі мұны әбден түсінеді. Бұл жәйт Түркістанды   отарлаудан кемі бір ғасыр ілгеріде орын алған. Ал озбыр басқыншы басып алған жақсы жер-су атаулыны өзінің ата-бабасынан қалған мұрадай иемденеді. Үкіметтің бұл реттегі әрекеті қырық қатпарлы болып келетіні хақ. Кейінгі отыз-қырық жылда империя өкіметінің тарихи түркі елін Орыс Түркістанына қалай айналдырғандарына өзі де куә болып келеді. Демек, Қырымның басына түскендей  екі жүз жыл бойы отар қамытын кию Түркістанның да маңдайына жазылған болса, сөз жоқ, онда да талай сорақы тәжірибе жасалуы ықтимал. Бұл оны түк таңғалдырмайды... Дұрыс, озбыр басқыншылығын отаншылдыққа балаған патша үкіметінің отарлау әрекеттері бар өңірде бірдей, егіз қозыдай ұқсас жүрді. Сондықтан да, әлем астанасы іспетті Парижден келген, яғни, еуропаланған Исмаил бек мұнда қалыптасқан нақты шындықпен санасады деп орыс әкімшілігі үміт арта жобалаған-ау деу көңілге қонымды. Олардың ұғымынша, Исмаил Гаспринский озық мәдениетпен тәрбиеленді, демек, өкімет сенімін ақтайды, өз мүдделестерінің біріне айналады... Рас-рас, қисынға келеді... Ендеше Серәлі мырза мына пайымға да қарсы болмас: билеушілердің оны әкімшілік жұмысқа тарту сыры, шынымен де, қырымлы жұртының қамын күйттегендікте жатқан жоқ.  Отарлаушылардың Исмаил бек секілді қырымлы ұлына Бақшасарайда саусақпен санарлық қана қожалығы қалған тайпаластарын басқартуды көздегендіктерінен емес. Дұрыс па?.. Серәлі бұған толық келіседі. Дегенмен, досының пікірін білгісі келеді... Неменесі бар, естісін, білсін: Әлимарданның ойынша, сол қызметін үкімет бұған мұның тақ мүддесіне адалдығын сынағысы келгендіктерінен берсе керек... Бұл ойды Серәлі де қолдайды. Ықтимал. Бірақ, шүбәсі де бар. Сонау дәрежесі едәуір биік қызметте екі-үш-ақ жыл істеді дейсіз,  сонда Ысмайыл ақсақал олардың үмітін ақтамады ма, қалай?

Әлимардан басын жігерлене шайқады. Неге ақтамасын, ақтағанда қандай! Патша әкімшілігі Исмаил Гаспринский тұрпатындағы адал да әділ қала басшысын жиі таба бермейді. Мәселе – Исмаил бейдің ой-арманына  мэр лауазымы тарлық еткенінде! Тағдыр оның маңдайына бір қалаға емес, сан атыраптағы қалың түркіге қызмет қылуды жазған емес пе! Соны ұғынғандықтан да, ол әкімдік қызметпен қош айтысты...  А-а, мэр лауазымынан кетуі, сөйтіп, бергі өмірінің мәніне айналған «Тәржіман» басылымын шығаруды қолға алуына орай болған десеңізші?!. Солайы-солай, бірақ ол өзінің  осынау ғұмыр бойғы ісінің тұғырын  сол қалабасылық қызметті атқару кезінде соққан. ...Яғни? ...Яғни шартарапқа ең жүйрік сәйгүліктің жылдамдығымен тараған ойларын ол сонау әкім шағында қорытқан. Онысы қысқа мерзімде сан мыңдаған тілеулестерінің санасын жаулағаны белгілі.  Не керек, Исмаил бей тұғырнамасын қалабасы лауазымынан кетер-кетпесте тұжырымдаған десе де болады. Қалай дейсіз бе? Бақшасарайдың тыныс-тіршілігін басқара жүріп, ол түркі халықтарының мүддесі хақында қалам тербей бастады.

Әлимардан Ысмайыл Гаспралының шығармашылығы жайында әңгімеледі. Мерзімді басылымдарда жария болған ой-пікірлерін айтты. Осыдан ширек ғасырдай бұрын Симферопольде жеке басылым болып жарық көрген орысша еңбегі бар.  «Орыс ішіндегі мұсылмандық. Мұсылманның ойлары, жазбалары және байқағандары» деп аталады. Атының өзі көп нәрсені аңғартып тұрған жоқ па? Сол кітабында ол зәрулігі мен өзектілігі күннен күнге артып келе жатқан біздің мұқтаждықтарымызды сөз етті. Содан бергі, әсіресе газет шығаруды жолға қойғаннан кейінгі барша рухани тіршілігі көз алдыларыңда ғой... Алыс Түркістанды мекен ететіндер дәл мұны қостай алмайды. Жер шалғайлығын, жалпы хабар-ошардың жетуі қиындығын былай қойғанда, «Тәржіманның» өзі қолдарына бірде түсіп, бірде түспейді, қалай қостасын. Жоқ, қостай алмайды. Ысмайыл ақсақал мұсылмандардың, әсіресе түркілердің мүддесін күйттеуде атқарған күллі іс көз алдымызда ғой деп бұлар айта алмайды. Дегенмен, мүлдем бейхабармыз демейтіндері де анық. Оның қырағы жандармерия құқайларын елемей асқан асулары, елді оятатын батыл сөз таратқан үнпарақ шығаруда өткен барша белестері  жанпидалықпен өріліп жатқанын іштей бұлар да сезеді...

Кенет Серәлі ойына бірдеңе түскендей, саусағымен шекесін нұқып қалды да: «Әлеке, – деді, – бұрнағы жылы бұл кісі қазақ жеріне де келді емес пе?» «Иә, барып қайтты, – деп анау қанағаттана бас изеді. – Әбдірәшит әпенді сол жылы Түркиядан елге қысқа мерзімге соғып кеткен-тін, сонда оны өзімен ерте шығып, аралатты білем. Ол кісі өзі Сібір өлкесінің тумасы ғой. Әрі, жаңылыспасам, қазақ арасында діни қызмет атқарған. Кеше ғана сол жақтан келген Шаһмардан Қосшығұлов деген қазақ молласының оның есімін құрметпен атап, Рәшит қазы деп отырғанын естідім...» «А-а-а, әйтсе де, жәй ғана меймандыққа бармаған болар?» «Әлбетте, сөз бар ма оған. Екеуінің де мақсаты бір, баяғы түркі мүддесі ғой жыртып жүргендері. Қажетті ұйыстыру жұмыстарын жүргізуді көздеп саяхаттаған. Бірақ тек қазақ елінің терістігінде ғана болды. Орынборда, Теке мен Қызылжарда. Омбыға да соқты-ау деймін. Ал оңтүстікті көрмеген. Сондықтан да көңілі саған ауды білем...» Онысы рас болып шықты. Әлимардан ертіп апарып таныстырған бетте Гаспралық Ысмайыл мырза бұған айрықша ықылас аударды. Қонақтар жиналып жатқан демалыс бөлмесіндегі төрде, кең диванда жалғыз отыр екен. Бурыл жұқа мұртын сипап, Серәліге тіке, зерттей қарады. Ашаң, шаршаңқы жүзіне мейір жүгіріп өткендей болды. Қасына отырғызды. Серәлінің Ысмайыл ақсақалмен аз-кем пікірлесуінің өзі оған үлкен әсер етті. Міне, қандай кісі бұл жалпытүркі көсемі, деп сүйсіне ойлады ол. Неткен салиқалы жан... Өзіне баурай түсетін жылы пейілін көрген, биязы дауысын естіген адам оған қалай құлай сенбесін... Ол әуелі Түркістан өлкесінен съезге кімдердің келгенін біліп алды. Одан жалпы Түркістан өлкесі туралы, ондағы халықтардың рухани жағдайы, тұрмысының жай-күйі жайында сұрастырды. Әңгіме барысында екеуі Серәлінің отаны мысалында отар ел халін едәуір қаузады. Сосын Ысмайыл Гаспралы өзінің кейінгі кезде өзі үшін бір жаңалық ашқанын әңгімеледі. Ол орыс ғұламаларының таңдайын қақтырған Шоқан Уәлиханов деген бір тамаша қазақ білімпазы болғанын, өкінішіне қарай, оны өткен қыста ғана  білгенін айтты. Фәни дүниеде қысқа ғұмыр кешкен сол оғылан хақындағы естеліктерді, онымен Сібірдегі кадет корпусында бірге оқыған орыс досының баспасөзде берген мәліметтерін қайта-қайта оқығанын мойындады. Суалыңқы жағы мен буырыл мұртын ақырын сипай отырып: «Содан соң мен оның  жазған шығармаларымен құмарта таныстым, – деді ол  Шоқан туындыларының былтыр ғана профессор Веселовскийдің редакциясымен Санкт-Петербургте шыққан тұңғыш жинағын меңзеп. – Қыс бойы оқыдым. Неткен нәзік аңғарымпаздық. Неткен жаужүрек саяхаткер. Ойы қандай. Тілі қалай еркін көсіледі десеңізші.  Қаншама тың мағлұмат. Боз оғылан, мен сіздің сол ағайыныңыздың туындыларынан қандай әсер алды дейсіз бе? Ұлы сары даладан бастап, Орыс Түркістанынан асып, Қытай Түркістанына дейін өзім саяхат жасап қайтқандай болдым.  Түбі бір түркі бауырлардың өмірін көрдім. Сіз ол кітапты білетін боларсыз?» Серәлі басын изеді. Кеудесіне сол кітапты оқыдым деп отырған осынау ғұламаны құрметтегендік және оның авторы үшін мақтанғандық сезім толды. Ол Шоқан дүниеден өткенде әлі ес білмейтін сәби еді ғой, бірақ оған Жасаған Жалғыз Шоқанның көзін көрген әрі досы санатындағы кісінің шапағатын көруді нәсіп етті. Ал ол кісі – Ысмайыл ақсақал сүйсініп отырған кітаптағы естеліктердің бірінің авторы. Бір мезет сол жайында айтқысы кеп кетті де, тілін тістей алды. Қазіргі сәт мұның көсіле сыр шертуін көтермейді, қазір оған тек тыңдау керек. Дұрыс істеді. Сәлем бере келіп жатқан меймандардың сәлемін ала отырып, Ысмайыл ақсақал негізгі әңгіме-дүкен желісін жоғалтқан жоқ. Оның қолын алып, айналасына алқа-қотан тұра-тұра қалғандардың ортасында, өзінің көңілі қалаған түркістандық жаңа танысы Серәліге жүзін бұрып,  ойын сабырмен сабақтай берді.

Кезінде өмір жолын орыс білімімен қаруланудан бастаған Исмаил Гаспринскийге орыс кітаптары маңызды білім көзі болып қала берген-ді. Орыстың жағырапиялық қоғамының этнография бөлімінің арай-аясында шығарылған әлгі кітап бұл жолы оған тек жаңа ғылыми таным, ілім-білім нұрын шашқандығымен ғана емес, исі түркі жазушы қолынан туғандығымен де аса ұнаған екен. Қазақтың өмірін, нанымын, салтын Ысмайыл ақсақал Шоқан арқылы шындап таныған тәрізді. Ол биязы үнімен Шоқан орысшасының шұрайлылығы жөнінде біраз сөз айтты. Жиһанкездің  байқампаз қаламы бедерлеген Азияның алыс түкпірлері оған жақындай түсіпті. Ол қазақтың күллі түркіге ортақ тұсы көп әдет-ғұрыптары жөніндегі әсерлерін сүйсіне әңгімеледі. Сосын терең тыныстап алып: «Дегенмен сол кітапта бір әттеген-ай орын алған, – деді. – Сонау ғаламат ғалым жазушы бір арнайы зерттеуінде қазақ түркілерінің мұсылмандығына шәк келтіре, өте сыншыл көзбен қарапты. Тіпті мұсылман болудың өзін кертартпалық жетегінде қалумен бірдей бағалапты». Оны тыңдап тұрғандардың бәрі тым-тырыс боп қалды, әліптің артын тосты. Аз-кем үнсіздіктен соң Серәлі сыпайы тіл қатты: «Қазақ елінде қараңғылық өрістеп тұрған заман... Ашынғаннан, сауатсыздықтың көзі көрген салдарын сынауы керек болғандықтан солай жазған ғой...» Исмайыл бей алақанын ақырын апарып оның білегінің үстіне салды. Жымиды. «Дұрыс айтасыз, – деді. – Білемісіз, боз жігіт, мен сонысының жаны бар екен деп ойладым». Бойына бір жылы қуат құйылғандай сезінген Серәлі үнсіз бас шұлғыды. Сосын айнала қоршап тұрғандарды көзімен шолып өтіп: «Ол кез түгіл, Ысмайыл аға, дүмшеліктің қазақ ішінде әлі күнгі көп екені рас», – деді. «Бұл шындық, – деп қалды тұрғандардың бірі. – Дүмше молда ел бұзар деген қанатты сөзді халық бекерге шығармаса керек». Серәлі басын көтеріп, қарсы алдынан бітік көз, тақиялы қазақты көрді. Қасында тұрған Серәлінің  жерлесі Махмуд Қожа сәлдесін түзеп: «Шаһмардан мырза біліп айтып тұр, – деді. – Бұл кісі үкімет таяғын жеген күресушілер қатарынан...» Үкімет таяғын жеген күресушілер қатарындағы Шаһмардан мырза Қосшығұлов қоңырқай жүзі күреңіте, қысыла күлімсіреді. Исмайыл бей оларға сынай көз тікті. Сосын екеуінен жүзін айырмай: «Ендеше мұндай ахуал – бүгінгі ағартушылар алдында қыруар міндет тұрғанын көрсетеді», – деп түйді. Жиналып қалғандарға айнала қарап шықты. «Мәселе – соған баршаны жұмылдыра білуде. Құрылтайымызда бұл жайындағы ойларыңызды ортаға жүйелеп салуды ескеріңіздер». Бәрі үшін Серәлі жауап бергендей болды. «Иә, аға, – деді ол, – осы ретте жәдидшілдік қозғалыс өлшеусіз көп пайда келтіретін болар деген үміттеміз. Жиында айтарымыз бар, өйткені бізде де едәуір тәжірибе жинақталып қалды. Мәселен, міне, Махмуд деген еңбекқор жәдидші оқымыстымыз келді жиынға...» Иегімен  Махмұтқожа Бехбудиді нұсқады. Сөйтті де салмақпен, әңгімесін сабақтай берді. «Ол былтырдан бері Самарқанда өзінің ашқан мектебінде өзі жазған оқулықтармен сабақ беріп жүр. Онда, жаңылыспасам, көбіне өзбек балалары оқиды. Алла қаласа, сол жұмысының қызық-шыжығын құрылтайда өзі аян етер. Мен де Сырдария алқабындағы бірнеше ауылға қазақ балалары үшін мектептер ашуға рұқсат әпердім. Оларда өткізілетін сабақтар да жәдидтік бағдарламаға ұқсас...» «Егер оқу бағдарламасы қазіргі заман алға шығарып отырған талаптарға үйлесімді болса, одан артық не керек. – Ысмайыл ақсақал алақанын жайды. – Балдырғандарға тамырын танытуға септессе – жәдидшілдік деген сол ғой...» Тұрғандар өзара сыбырласып, қауқылдасып қалды. «Әрине, қазіргі заманда тек қасиетті құранды жаттатумен шектелуге болмайды ғой, әпендім дұрыс айтады...» «Рас, біз бүгінде жаратылыс білімдерінен дәріс беретін мұғалімдерді зайырлы мектептерден шақыртып жүрміз...» «Біз, керек десеңіз, орыс тілін де пән ретінде оқыта бастадық...» Ысмайыл Гаспралы оларды мұқият тыңдады. Әлсін-әлсін бас изеп қояды. Серәлі де естіліп жатқан пікірлерді қостап: «Мемлекеттік тілді үйретуіміз керек, ол мұқтаждық, – деді. – Өз отаныңда тұрғаныңа қарамастан, билеушілердің тілінде сөйлемесең, әкімшіліктің есігін де аша алмайсың. Сол себепті біздің мектептеріміз оған айрықша көңіл бөледі. Бірақ тұғырлық білім ана тілінде берілуі қажет деген ойдамыз. Ысмайыл аға, бізге Бақшасарайдан жетіп жататын ой-пікірлер де соған саятын сияқты еді?» Ысмайыл аға оны мақұлдады: «Оныңыз рас». Сосын былай деп қосты: «Дей тұрғанмен, мұнда құптарлық та, ақылдасарлық та нәрселер бар. Сондықтан оған қатысты кеңесті құрылтайға қалдырған жөн шығар». Келіскендері болар, ешқайсысы тіс жарған жоқ.   Гаспралық Ысмайыл Серәліге бұрылып, Шоқан жөніндегі әңгімесіне оралды. Сонау қилы мағлұматы мол ғылыми шығармалар жинағын оқи келе, оның орысшыл екендігіне көзі жеткенін, оның себебін де түсінгенін әңгімеледі. Әйтсе де, егер ұзағырақ өмір сүргенінде – сөзсіз өз қатарларынан табылатынына сенімі зорлығын айтты. Сосын былай толғанды: «Алла Тағала оны бізбен қатарлас өмір сүруге жазғанда, немесе тым ерте әкетпей, ұзағырақ өмір сүруге нәсіп еткенінде – ол, сөз жоқ, біздің пікірлесіміз, дұрысында – ұстазымыз болар еді. Бәлкім, отар түнегінде адасып жүргендерге жол сілтеуші шамшырақ іспетті қызмет етер ме еді...» Үндемей қалды. Бір сәт тыныштық жайлады. Қоршап тұрғандар да жақ ашпады. Көпшілігі әңгіменің кім туралы екенін білмейтін-ді, соны тез зерделеген Серәлі көпшілікке қарады. Тамағын сәл кенеп алып: «Мырзалар, – деді. – Ысмайыл бей орыс ғылымының аспанына жарқырай шыққан қазақ оғыланы жайында тебірене сыр шертіп отыр. Ол орда бұзар отызына жетер-жетпесте, бұдан отыз бес жылдай ілгеріде опат болған еді. Жазғандарының бірсыпырасы бір мұқаба астына топтастырылып, орыс достарының қамқорлығы арқасында былтыр ғана жарық көрді. Тілге тиек боп отырған – сол кітап...» Мырзалар қозғалақтап, бір-біріне қарасты. Ақыры қаба сақалды мосқал кісі тыныштықты бұзды. Қазан университетінің оқытушысы Шора Меңдігереев екен. «Жағырапия қоғамының этнографиялық жазбалары, – деп, басын изеді. – Жиырма тоғызыншы том. Сырласуға тұратын кітап, – деді ол қолын кеудесіне айқастырып тұрған қалпы. – Оны аз десеңіз, автордың жеке басының өзі талай танымды әңгімеге азық бола алады. Әрі арамызда ол жайында толығырақ айтып бере алатын қазақ достар бар». «О, Шора әбзи, байқаймын, сіз де аз білмейтін секілдісіз...» «Көп емес, Исмаил бей. Баспасөзде жария болған мәліметтерге қарағанда, Шоқан Уәлиханов ес білгелі орыс зиялылары ықпалын сезініп өскен. Киргиздің соңғы царевичі (қазақтың соңғы ханзадасы) ошағына еуропалық білім алған оқымыстылар жиі соғып жүрсе керек, содан балаң сана озық мәдениетпен суғарылып, құнарлы нәрін ізденімпаз бала бойына сіңірген де. Ірі жетістікке жету негізі сонда емес пе...»  «Иә, дәл аңғарыпсыз. – Исмаил бейдің көзі жасаурады.  Күрсінді. – Алайда ол сондай ірі жетістікке жеткенімен де, егер құдай ғұмырын қысқа етпегенде, одан әрі үлкен мәдениет тұтқынында қала бермес еді...» Мойнын баяу бұрып, жан-жағына қарады. Жым-жырт. Жұрт одан көзін алмай, тағы не айтар екен дегендей, үнсіз аузын бағып тұр. «Орыстың тәрбиесімен баулынып, білімімен шегеленген бүгінгі көптеген жастар түркі дүниесіне үмітті қозғалыс әкелді емес пе. – Гаспринский бойын тіктеп, кеудесін керді. Назарын Серәліге тастады. – Түсінемісіз, боз жігіт, менің бұл сеніміме сол дәлел». Боз жігіт аузын ашып үлгермеді, тұрғандар бір сәт Гаспринскийді қызу қоштап, пікір білдірісіп қалды. «Жақсы айттыңыз...» «Рас сөз, сеніміңіз орынды, қадірменді Исмаил бей...» Біреу күрсінді: «Бірақ, қайтерсіз,  алла оның орындалуын қош көрмеді...» Екінші біреудің сенімді, оптимистік даусы шықты: «Шоқанның кешкен ғұмыры мен артына қалдырған еңбектері осы қалпында-ақ жәдидшілер үшін ғибратты...» Оны қолдайтын пікірлер де естіліп жатты. «Оқудың, ілім-білімнің соңына түскен сайын азаматтық сезіміңнің де көзі ашыла түседі...» «Қандай қарапайым да дәл сөз», – деді Исмайыл бей баяу үнмен. Оны әркім басын шұлғи,  қызу қостады. Серәлі шын көңілімен: «Ысмайыл аға, біз сізді өзіңіз айтып отырған үмітті қозғалыстың көшбасы деп білеміз», – деді. Сол-ақ екен, Ысмайыл ағаны пір тұтқандар әр тұстан үн қатып, жүрекжарды сөздер ағытылып қоя берді: «Өзіңіз белгілеп берген мұратқа адалдық көрсету бізге парыз...» «Сізге лайықты қосшы бола білсек қой шіркін...» Мүлдем табиғи, ақ көңілден айтылып жатты. Осынау ашаң, ат жақты, шаршаңқы жүзді қарт кісіге баршасы терең құрметпен қарап тұрды.

«Оғыландар», – деді ол баяу үнмен. Оғыландар тына қалды. «Сіздер дұрыс бағаламай тұрсыздар. Түркі дүниесінің бүгінгі үкілі үміті – өздеріңіз боласыздар...» Түркі дүниесінің үкілі үміттерінің ешқайсысы тіс жарып үлгермеді. Араларына тез де жеңіл басып, атлас қамзолды толық адам келген, сол келген бетте  жарқылдай      сөйлеп, киіп кетті: «Мырзалар, ас дайын!.. Исмаил бей, мархабат! Жүріңіздер!...»  Исмаил бейдің қасына тақалып, қолтығынан демеді. Орнынан шапшаң көтерілген Серәлі оны екінші қолтығынан алды. Сөйтіп екеуі ақсақалдың орнынан тұруына жәрдемдесті. Ақсақал алла разы болсын айтты да, қожайынмен бірге, топты залға бастады.

Әлимардан бек Серәлімен қатарласа жүрді. Екеуі бір мезет бір-біріне сәл жымия көз тастасты.  Серәлі досының бұл сыйына шын риза еді. Ол осы досының арқасында атақты ұстаз Ысмайыл Гаспралымен жүзбе-жүз танысты. Сөзін естіді. Екеуінің ортасында отырғанда, бұлар жайғасқан  диван алдына кішіктік ілтипатпен  топталып келіп,  лебізіне құлақ түрген  меймандар көзінше, одан, бәрі жапырылып меймандос дастарқан жайылған залға ауысқанда, дәм үстінде, көпшілікке арнап айтқан ой-пікірлерін ерекше сезіммен тыңдады. Әрбір пікір білдірушіні тыңдай отырып, осы қарапайым да ұлы адамға деген өзінің ішкі құрметі арта түскенін сезді. Ретін тауып тілдесе түсуге тырысты. Осынау қадірменді кісінің аузынан естігендері өзінің өмір жолына сын көзбен қайырыла үңілуіне түрткі болды. Өйткені бұл түркі жұрттары көсемінің пайымдары тәлімді еді. Әсіресе туысқан тайпаларды, түбі бір түркілерді жақындастыру жолдарын пайымдау хақындағы сыр шертісулер оған қатты әсер етті. Жалпы, ақсақалмен әрбір сөйлесу құрылтай қуып келгендегі мақсат-мұратын айқындай түсті, ой қозғарлық әрі шын мәнінде есте қаларлық  сұхбатқа айналды.

«Тәржіман» туған топыраққа еккен дән орыс революциясы жауынымен ерекше құнарланып, жапа-тармағай өне бастаған-ды. Тез бүршік атты: Ресей орталығындағы оқиғалар түркістандықтарды да маужыраған салғырт қалпынан оқыс сергітіп, тың серпінмен бас көтертті. Жаңашыл түркістандықтарды. Сөйтіп олардың жаңа тұрпатты күреске шығуын жеделдетті. Қарумен емес, сөзбен.. Солардың бел ортасында Серәлі де жүрді. Бұл жаңашыл күрескерлер орталықтағы мұсылмандармен байланыс орнатуға оң иықтарын беріп тұрды. Жаңаша, жәдидтік оқуға көшуді көздеді. Мешіттер салуды көбейту мәселесін көтерді. Сосын соларда өткізілмек жаңаша уағыздар арқылы бұқараның көзін ашуды мақсат етіп қойды. Әдетте Сыр бойынан көктем белгі бере көтеріліп, терістіктегі Жайыққа дейін созылатын көші-қон жолымен жайлауға қарай қоныс аудара бастайтын, күздеуін де жолда жеп, дария қата бергенде ғана қыстауына оралатын көшпенді жұрт бағзы өмір салтынан бастартуға мәжбүр болғалы қай заман. Елу жылда ел жаңа дегенді халық неге айтқан дейсің. Жат жұрт билеушісінің табанына түскелі одан да көп уақыт болды емес пе. Тиісінше, тұрмысқа жаңаша бейімделу қажеттігі туды.  Көші-қон жолы кесілген соң, амал бар ма, қысы-жазы Сыр бойында тұру, бір Қоғалыкөл айналасында жатақ сынды күн кешу қажет болды. Біртіндеп ел-жұрт діни-рухани нәр көзі қажеттігін сезіне бастады. Сонда Серәлі туған сонау көл жағасына тақау бір дөңге оның әкесінің Бәлтік деген аталас ағайыны әйдік мешіт салуды қолға алды. Ата-баба қалпындағы көшпелі тұрмысы жойыла бастаған жұрт мұсылмандыққа көбірек мойын бұрып, көп жерде осылай ете бастаған...

Бірақ, дін қайраткерлерінің халықты мұсылмандық рухта тәрбиелейміз деген ниеттері ұқсағанмен, тәсілдері екі айырылған. Айналып келгенде,  молдалар арасында ескі оқу жүйесін жақтайтын қадымшылар мен оқытудың жаңа тәсілін қолдайтын жаңашыл жәдидшілер пайда болған. Міне, солар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмады. Осы орайда рухани тіршіліктегі екі ағым арасында күрес туды. Бұл, әсіресе, еуропалық бөліктегі мұсылмандар арасында айқын көрінді. Жәдидшілер тек құранды жаттатумен шектелетін қадымшыларға қарсы тұрып, мектептерде жаратылыс негіздерін оқытуды қолға алды.  Ал қадымшылар оларға қарсы болды және бұл қарсылық күресінде патша үкіметінің әкімшілігіне сүйенді.  Қадыми молдалардің көзімен қарағанда,  жәдидшілер – өздерінің іштерінен шыққан дінбұзар революционерлер сияқты еді. Сол себепті олар ғайыптан, билік намысын жыртып шыға келді. Сөйтіп, жәдиди тәсілге берілген молдаларды билікке «хұкімет тұғырын шайқауға кіріскен қаскүнемдер» деп танытты. Сондай жаламен құпия полицияны соңдарына салып қойды. Ал жәдидшілер бар болғаны ағартушылық жолда еңбек етуші мұғалімдер еді, қадымшылар соларды ел аман, жұрт тынышта қуғынға түсірді.  Осы мәселенің Түркістан іс-дағдысындағы хал-жайы хақында Гаспринскийдің білгісі келетіні көп еді. Тиісінше, түркістандықтар да осынау үлкен ғұламамен тікелей сырласқанға құмар-ды. Серәлі де, Махмуд та сол кеште мүмкін болған сұхбат ауқымында онымен қызық пікір алмасты. Ақыл-кеңесін тыңдады. Дастархан айналасында отырған алқалы жиын алдында Гаспралық Ысмайыл ақсақал былай деді: «Қара мырза тұқымынан шыққан орыс тарихшысы айтпай ма: орыс тарихы – жаулап алулар тарихы деп. Менің елімнің жаулап алынғанына жүз жиырма жылдан асып барады. Көркем Қырымның басқыншы табанына басылғанына, әсем Бақшасарайдың қаусатылғанына – бір ғасыр әм жиырма жыл.  Өз дәуірінде қырымлы оғыландары да қаһарлы болған, кеудесін ешкімге бастырмай, еңсесін биік ұстаған. «Дүние – кезек» деген осы... Енді заман бөлек. Ендігі заман күрес тәсілін өзгертуді талап етеді. Енді біздің халыққа қару күшімен жеңіске жету жолы келмеске кеткен. Енді тек оқу-тоқу, озық білімге арқа сүйеу керек.  Зорлықпен таңылса да, Русия бұл күнде отанымызға айналды. Ендеше, ақыры ортақ отан тапқан екенбіз, ендігі мәселе – сонда өзге жұртпен құқық теңестіріп, түбі бір күллі түркінің қысымсыз өмір сүруіне қол жеткізуде».

Орай келген реттерде қонақтар түрлі ойды ортаға салып отырды.  «Тәржіман» біздің де сүйсіне оқитын үнпарағымыз дегенді баса айтты. Исмайыл бейдің көзқарастарын қалай түсініп қолдайтындықтарын әңгімеледі. Әбдірәшид қазының автономия хақындағы тамаша еңбегін ауызға алды: ол отырғандарға келешектегі міндетті түсіндіреді, түркі жұрты үшін – орыс демократиясы ауқымында өз мемлекеттігін құрып, өзін өзі басқаруға қол жеткізудің жарқын болашағымыз болмағын жақсы ұғындырады. Қазіргі таңда құдайдың бізге, түркі жұртына, осы екі ақсақалды бергеніне шүкір... осы екі ақылман нұсқаған жолмен жүру жөн... патша кеңшіліктер жасаған мүмкіндікті пайдалана отырып, жәдидтік жұмыстарды өрістету ләзім... Орыстың зайырлы оқу орындарымен үндесетін мектептер ашуды, жаңа мазмұндағы оқулықтар жазуды өрістете беру жөн... Бұл орайда түркістандықтар қарап отырған жоқ, отыздан астам жаңа мектебі жұмыс істеп тұр. Мына Махмұт қожа былтыр Самарқанда жәдидтік мектеп ашқан, биыл   газет ашуға кірісті, бәріміз соған тілектес  әрі жәрдемші болып отырмыз...

Сырласу сағаттары бұл кешпен шектелген жоқ. Шартараптан баршасы аңсап келген съездің басталар уақыты созылған сайын, оның ашылуын тағатсыздана күтіп жүргендердің шыдамы ширатылып, түгесілуге тақалған. Бірқатары түрлі кішігірім басқосуларында ағымдағы саяси жағдай жайындағы ойларын қызына төгетін. Енді біреулері пікірлерін салмақпен бөлісіп жүрген. Талайы қаралмақ мәселені өзара әлденеше мәрте әр қырынан талқыға салып үлгерген-ді. Одан біразы, уақыт өткізу үшін, түрлі қыдырысқа салынған. Көпшілігі сауда-саттық істерін жүргізетіндіктен, базар аралаған. Әйгілі жәрмеңкедегі сенімді іс жүргізушілерінің шаруаларына бағыт-бағдар беріп, тиісті адамдармен, немесе олардың делдалдарымен қажет келіссөздер жасап жүрген.  Ақыры, басқосуды ұйымдастырушылардан кеше, түрлі өзара сырласулар өткен күннің кешінде жаңа хабар келген-ді. Біршама нақтыланған жоспар жайындағы хабар. Серәлі жұбайы мен кішкене қызбаласы үшеуі біраз қыдырыстаған да, бұл кезде бір топ серіктерімен бірге қала алаңында көрсетіліп жатқан көше өнерпаздарының ойынын  қызықтап тұрған. Ойын-сауық көрушілердің арт жақ шетіне жеңіл ат-арба келіп тоқтады. Делбе ұстаған көшір жанындағы жас жігіт жерге ырғып түсті де, шеткерірек тұрған түркі зиялыларын тез тауып алды. Оның әкелген хабарын қырбық сақал-мұртты жігіт қанағаттана тыңдаған. Сәлден  кейін ол ойын тамашалаушылар арасына енді. «Мырзалар, – деді сыбырмен. – Исмайыл бей бастаған өкілдеріміз әкімшілік кеңсесінен оралған екен. Маңызды әңгіме бар сияқты. Жолығып қайтайық». Ерлер жоспарларымен зайыптарын қысқа хабардар етті де, ақырын ығысып, шабарман соңына ілесті. Әйелдер жағы ойынды тамашалауларын жалғастыра берді. Зайыбы Зура мен қызы Рәбияны ертуі Серәлінің Төменгіқала жәрмеңкесіне жеткенше – отарба мен откеме үстінде де, жолда басып өткен қалаларда да  – ерлер қауымына алаңсыз үйіріліп, саясатқа қатысты қилы әңгіме-дүкен құрылған жерде көбірек болуына кедергі келтірмеген-ді. Қайта, саяхатқа  отбасымен шыққанының орынды болғаны анық-тын. Сол жолы да олар түсіністікпен бас изесіп, әйелдер қауымы арасында қала берді.

Исмайыл бей мейманхана бағының саясына қойылған тоқыма креслода отыр екен. Жан-жағында қаумалап, ұйымдастыру алқасының мүшелері тұр. Әлденені талқыласуда сияқты. Түркістандықтар келгенде, тұрғандардың бәрі бір сәт Ысмайыл Гаспралының аузына қарап, үндемей қалды. Ол көңілсіз кескінмен келгендерге көз тастады. Ақырын үнмен: «Мырзалар, губернатормен тіл табысу мүлдем мүмкін болмады», – деді. Шамалы үнсіздіктен соң: «Бірақ мына Жүсіп пен оның серіктері бұған мойып отырған жоқ, – деп, оң қол жағында түрегеп тұрған ат жақты, жирен шашты бойшаң жігітті шекесімен нұсқады. – Мұнда жұрт жер-жерден еріккеннен ат сабылтып келген жоқ қой дейді...» Жүзі жылып, көңілденгендей көрінді. Біреу миығынан күлді: «Жүрек жұтқан...» Түркістандықтардың назары Гаспралы ақсақал асау батылдығын атап айтып отырған Жүсіп есімді жігітке ауды. Осынау өткір көк көзді Жүсіп Ақшора – орыс жандармериясының деректерінде Юсуф Акчурин деп таңбаланып жүрген отызға жете қоймаған жас жігіт еді. Ол осы Ресейде, Симбирск қаласында дүниеге келгені болмаса, түрік арасында өскен болатын. Есі кірмей тұрғанда оның отбасы Түркияға қоныс аударған. Қаршадайынан сонда, Стамбулда сауат ашты, оқыды. Жас түріктер ұйымына мүше болды. Сонысы үшін оны түрік әкімдері көп ұзамай әскери училищеден шығарып жібереді. Жәй ғана оқудан аластап қоя салмай, Стамбулдан қуады. Теңіз жағалауының алыс бір қиырындағы Триполиге жер аударады. Одан Жүсіп қашып шығып, мүлдем Түркиядан асып кетеді. Францияға өтіп, Парижге барады. Сонда саяси ғылымдар мектебіне оқуға түседі. Оны оқып бітіреді де, Сорбонна университетінде оқуға орналасады, сонда саяси ұйымдар тарихынан диссертация қорғайды. Өмірлік тұғырнамасы айқын, күресінің пәлсапалық негізі қаланған, ғылыми атағы бар оқымысты Юсуф Акчура былтырлары бірқатар маңызды еңбек жасады. Османшылдық пен исламшылдық көзқарастардың түп-тамырын, мән-маңызын талдауға алды. Олардың қазіргі дәуірдегі азаттық қозғалысында атқарар міндетіне тоқталды. Пайдалы әм залалды жақтарын қарастырды. Сондай тірнектеп келтірген дәйек-дәлелдерінің негізінде бүгінгі күні ұстануға тұратын көзқарас нобайын жобалады. Оны жалпытүркішілдік деп атауға болар еді. Түбі түркілердің бір болуын көздеу – азаттық қозғалысының қазіргі таңдағы бірден-бір тиімді жолы. Ал орыс империясының алпауыттары тап осы түркі бірлігін көздейтін қозғалыстан қорқады. Жүсіп Мысырда шығатын «Түрк» газеті беттерінде әлденеше мақала жазып, қазіргі таңда османшылдықтан, исламшылдықтан гөрі жалпытүркішілдік идеологиясы дұрыс болмағын негіздеді. Содан көп ұзамай Қазанға қоныс аударды. Сондағы «Қазан мұхбирі» («Қазан тілшісі») газетінде бүгінге дейін істеп келеді.  Қаламы қарымды көсемсөзші. Әрі тамаша ұйымдастырушы да. Осы съезді шақырушылар қатарында, ең белсенділердің бірі ретінде танылып еңбек етуде. Серәлінің байқауынша, қылшылдаған жастық жігерімен, ортаға шетін ұсыныстар шығарып отырған секілді. Қазір Гаспринскийдің сөз ұшығын өзіне артқанын байқасымен, басын изеп: «Рас, – деді. – Губернатор тыйым салды екен деп, бұға беруге болмайды. Патша ағзамның өз кеңшілігімен берген еркіндігі баршаға мәлім. Қысқасы, біз әдейілеп жинала тұрып, съезімізді өткізбей кете алмаймыз». Ысмайыл Гаспралы қолын жайды: «Естідіңіздер ғой? Не айтасыздар?» Тұрғандар арасынан: «Сонда қалай? – деген күдікті дауыс естілді. – Жиынымызды рұқсатсыз аша береміз бе?» «Тап солай». – Жүсіп жігерлене басын шұлғыды. «Әбдірәшит  әпенді, сіз не дейсіз?» – Исмайыл бей сондадайдағы орындықта үнсіз отырған ірі жақ сүйекті кісіге бұрылып қарады. Әбдірәшит  әпенді кеудесін кере тыныстап: «Реті келсе, рұқсатпен жұмыс істегенге не жетсін», – деді. «Ұрпақтар арасындағы айырмашылықтың көрінісі, – деп ойлады Серәлі. – Ересектердің сақтыққа бейім болатыны түсінікті-ау, бірақ биылға өзгерістердің өзі  батылырақ  қимыл жасауға итермелеп тұр емес пе. Әрі бұл кісі жасқанатындар қатарынан емес қой...» Ол Әбдірәшит Ибраһимов туралы тәп-тәуір білетін. Дұрысында, оның он шақты жылдан бері қолдан қолға өтіп оқылып жүрген «Чулпан иолдызы» («Шолпан жұлдызы») атты кітабымен таныс-тын. Отарлық бұғау түнегінде қиналған бауырластарға жарық жұлдызша жол нұсқайтын бұл шығарма түрк халықтары арасында кең тараған еді.   Әбдірәшит әпендінің, немесе, көбіне жерлестері Рәшит қазы дейтін бұл кісінің өмір тарихы осында жиналып тұрғандардың көбіне мәлім-ді. Ол Тобыл губерниясындағы  Тара қаласында туып-өскен, сонда сауат ашқан. Одан  Бұхарада оқыды. Оқуын бітіргеннен кейін Тарада алты-жеті жыл имам, сосын Орынбордағы діни басқармада қази қызметтерін атқарған да, Түркияға қоныс аударған. Атақты кітабын сонда шығарды. Тапа-тал түсте қолына шырақ алып соңына түсіп жүрген патша тыңшылары, ақыры, оны өткен жылы тұтқындатып тынған-ды. Дұрысында, оны Түркия үкіметі қамауға алды. Орыс үкіметінің өтінішіне сәйкес. Артынша қол-аяғын бұғаулап, откемемен Ресейге жіберді.  Сөйтіп, былтырғы тамыздың ортасына қарай, кісендеулі саяси тұтқын Одесса портына жеткізілген. Содан Рәшит қазы тоғыз-он күн бойына Одесса абақтысының дәмін татты. Осы Ысмайыл ақсақалдардың дем беруімен ұйымдастырылған қоғамдық пікірдің дүмпуіне, ақыры, абақты құлпы шыдас бермейді. Нәтижесінде, түркішіл азамат азаттыққа шығады...

Міне, бұл осындай кісі. Түрмеден құтылғаннан кейін де тыным таппай, өз ой-пікірін жариялаумен жүр. Осы съезді өткізу қажеттігін батыл айтып жүрген кісілердің бірі де сол. Ендігі солқылдақтығы түсініксіздеу... Түсініксіздеу емес, түсініксіз. Өзінің айналасына үйіріліп жүрген жастарға мүлдем түсініксіз.  Әсіресе оны қадір тұтатын Жүсіп Ақшораны серкесі ретінде танитын жастарға. Сонымен бірге құрылтайды әзірлеудің барша қара жұмысын тиянақтап жүргізіп жүрген жастарға. Міне, олар жетекшісіне қарады. Ал ол: «Алайда рұқсат жоқ қой!» – деп, таусыла үн қатты. Рәшит Ибраһимов мол денесімен Жүсіпке қарай бұрылды да: «Барлық мүмкіншілік қарастырылды ма, Жүсіп мырза?» – деген сауал қойды. Жүсіп мырза басын изей тұрып, ахуалды түсіндірді: «Рәшит бей, қанша күн болды біздің сабылғанымызға. Өзіңізді де, тіпті Исмаил бейді де губернатордың қабылдауына алып бардық емес пе. Сырғыта жауап бергенін білесіз. Ал жандайшаптары артынан мүлдем жоқ қылды. Біз оларға осындағы орыстың небір жайсаңын салдық. Макарийден бері жәрмеңке айналымына бір өздері мол үлес қосып келе жатқан, әкім елемеуі мүмкін емес алпауыттарды да араға жүргіздік. Не шықты...» Иығын қиқаң еткізіп, алақанын жайды. «Өкімет өкілін қатыстыратындай етсе ше?» «О не дегеніңіз! Қайдағы қатысқан?! Олар мұсылмандардың жалпы бас қосуына мүлдем қарсы болып отыр емес пе?!» «Неге солай?» – деп, тұрғандардың біреуі шытынай үн қосты. «Хұсайын көптің көкейіндегіні қозғап жіберді ғой. Шынында, неліктен біз, россиялық адамдар, қалауымызша жиын өткізе алмаймыз?» Оларға ащы кекесінді дауыспен үшіншісі қосылды. «Аяз мырза, россиялықтың бәрі бірдей емес, үлкен отбасында өз ұлы мен өгей ұлы деген болады, сіз сол өгейіне жатасыз. Өйткені сіз, менің қымбаттым, татарсыз, әне – башқұрт, мына кісі – қырымлы, ана тұрған – қазақ. Тағы бір масқарасы сол – бәріңіз де мұсылмансыз...» «Жә, сабыр етіңіздер. – Рәшит қазы қолын көтерді. – Бізге өзімізді үкіметке қарсы қоймау жөн...» «Біз емес, үкіметтің өзі ғой!..» «Дегенмен! – Рәшит қазы көзге ауыр көрінетін тұлғасын жеңіл көтеріп орнынан тұрды да, қолын шалт сілтеді. – Естеріңізде болсын, өрендер, бүгінгі империя аясында біз өзіміздің мүддемізді тек бейбіт жолмен ғана қорғай аламыз!» Отырды. Шамалы үнсіздіктен соң біреу таңырқаған дауыспен: «Бірақ біз тек сол бейбіт жолды ғана ұстанып келеміз емес пе?» – деп сұрақ қойды. Іле-шала екінші дауыс: «Иә, – деді, – біз тек бейбіт жолмен келеміз. Бірақ ол еш оң нәтиже берген емес». «Ендеше нендей айла бар енді?» «Амал нешік, енді съезді өткіземіз деп иек қышытпау ләзім деңіз...»

Естіле бастаған жүні жығылыңқы сөздерді кенет Жүсіп Ақшора шорт кесті: «Жоқ, амал бар! – деді ол кесімді үнмен. – Енді бізге губернатордың тыйымына қарамау ғана қалды». «Естимісіз, Исмаил әпенді?» –  Рәшит қазы көзін сығырайтып, әуелі Гаспринскийге, одан Ақшораға қарады. Сынай қарады. Сосын Жүсіпке тесіліп қарап тұрып, былай деді: «Біз, әр жақтан төменгіқалалық жәрмеңкеге жиналған келімсектер, осындағы губернатордың тыйымына қарамайды екенбіз, жарайды. Алайда мұндағы біз жиналысымызды өткізбек болып отырған көпестер жиыны үйінің қожайындары да, қайдағы бір мұсылман келімсектерінің өтінішіне бола, өздерінің әкімінің әмірін тыңдамайды дегіңіз келе ме?» «Мәселе  көпестер үйіне қарап қалған жоқ, Әбдірәшит әпенді. –  Жүсіп мағыналы кескінмен басын шайқап, саусағын шошайтты. – Мәселенің көкесі жиын өткізетін басқа орын табуда жатыр. Ал тапқан орынымыздың қожайынына біз съез өткіземіз деп жар салудың қажеті шамалы ғой деймін...» Әбдірәшит әпенді сәл ойланды. Жан-жақтан естіле бастаған құптау сөздерге құлақ түрді. Сосын: «Мұнда қисын бар, – деді ақыры. – Мамырда жастардың үйлену тойы үстінде де маңызды қаулы шығара алған едік қой!»

Жұрт жеңілдене сөз қозғап кетті. Жазғытұрым ағымдағы мәселе бойынша  ақылдасу мақсатымен, Чистопольде өткен Камаловтар тойында бас қосқандарын еске түсірісті. Сонда той дастарханы мұсылман қозғалысының толғағы жеткен келелі мәселесін талқылау жиналысымен жымдасып кеткен еді... «Абдурахман әбзи, есіңізде ме, той үстінде саяси ахуалды бірінші болып ауызға алған сіз едіңіз ғой?» «О не дегеніңіз, Хусейн мырза, саясат мәселесін қозғауға мұрындық болғандар, менімше, ерлі-зайыпты Ямашевтер болатын. Жо-жоқ, Камаловтардың өздері екен ғой!..» «Қалай болғанда да, сол той мейлінше қызық және мазмұнды өтті: барша жұрт разы көңілмен тарқаған...» «Рас-ау, осы өтпек құрылтай жобасына сол жолы келіскен едік қой...» Біреу әзіл айтты: «Онда жас жігіттердің бірін шұғыл үйлендіріп жібереміз бе, қайтеміз?» «Қалжың өз алдына, әйтсе де, сауық кеші ретімен бас қосуымызға әбден болады емес пе?!» «Енді қалай! Міне ақырында ортақ ой қорыттық! – Даусы жарқын-жарқын шыққан Юсуф Акчура қолын жігерлене сілкіп қалды. – Қазір мен өтініш айтқан жігіттер сол шаруамен шұғылданып жатыр. Бәлкім, ертеңгі кешкі ас кезі сиезімізге ұласып қалар...»  Исмаил бей баяу үнмен: «Алайда, өрендерім, ашылмай қалмайтын құпия болмайтынын ұмытпаңыздар, – деп, сақтандыра сөйледі. – Рұқсатсыз жиын өткізгеніміз үшін бізді билік бастан сипай қоймас... Сақтық шарасын мұқият ойластырыңыздар. Солай емес пе, Абдурашид әпенді?» «Дұрыс айтып отырсыз, Исмаил бей. Аптықпаңыздар, жастар, жеті рет өлшеп, бір-ақ кесу жөн...» «О, қадірменді ағалар, қобалжымаңыздар! Біз өкіметке қарсы сөз айтпаймыз, ешқандай да шетін ой жоқ бізде. Ал ел игілігіне бағытталатын тілектерді жүйелеп, үкіметке жолдай беруге патша ағзамның өзі пұрсат еткен...» Жұрт көңілі жайлана бастады...

...Ертеңіне съезді ұйымдастырушылар арнайы көліктермен меймандарды айлақта тосып тұрған «Густав Струве» откемесіне жеткізді. Кеме Ока өзені айдынына шыққаннан кейін, түс әлетінде,  тұңғыш мұсылман съезі жұмысын бастады...

Cуреттерде: И. Гаспралы; С. Лапин; Ш. Уәлиханов; А. Ибрагимов; Ж. Ақшора; Ә. Топчибашев

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371