Тоқаев: Жемқорлықпен күреске қоғамдық бақылау тетігін енгізу керек
Қазақстанның экономикалық-саяси өміріндегі һәм Мемлекеттік реформаларды іске асырудағы басты тежеуіштердің бірі – жең ішінен жалғасқан жемқорлық екені айтпаса да түсінікті. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған байланысты арнайы жиын өткізіп, жемқорлық бабымен сотталғандарды мерзімінен бұрын босатпауды заң жүзінде бекітуді тапсырды. Бүгін сол туралы жазамыз...
Сөйтіп, президент Тоқаев сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күрес жайын талқылап, кеңес өткізді. Аталмыш шараға мемлекеттік орган басшылары, облыс әкімдері мен Үкімет мүшелері қатысқан. Атап айтқанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР Ішкі істер министрлігінің, ҚР Цифрлық даму министрлігінің, ҚР Ауылшаруашылық министрлігінің және ҚР Қаржы министрлігінің басшылары қатысқан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнінде кеңес өтті. Сыбайлас жемқорлық бабымен сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатпау, заң жүзінде тиым салу туралы тапсырма бердім», - деп жазды.
Өзсөзінде президент Тоқаев жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттің стратегиялық даму бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі екенін айтқан.
Иә, әлемнің өркениетті елдері қатарлы Қазақстан да ел дамуына тұсау, кемелденуіне кедергі болған сыбайлас жемқорлықпен табанды түрде күрес жүргізіп келеді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы Заң сонау 1998 жылы шілдеде қабылданған екен. Кейін бұл Заңның күші жойылып, 2015 жылы қарашада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа Заң қабылданған. Қазіргі таңда экономикалық һәм қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алуда 27 бап, 5 тараудан тұратын осы Заң басшылыққа алынады.
Бұдан бөлек, жемқорлықпен күрес бағытында бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асырылған. Солардың бірсыпырасы туралы кешегі жиында Мемлекет басшысының өзі айтты.
Атап айтқанда, Қазақстан Халықаралық «ГРЕКО» ұйымына мүше болған. Одан бөлек, қарамағындағы қызметкер жемқорлық фактісі бойынша тұтқындалған жағдайда оның басшысын да лауазымынан айыру Заң жүзінде бекітілген.
Десе де, қазіргі көрсеткіш көңіл көншітерлік дей алмаймыз. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі де айтты. Оның айтуынша, елімізде сыбайлас жемқорлық бабы бойынша ұсталған азаматтар саны былтырғы жылға қарағанда 11 пайызға көбейген. Былтыр аталған бап бойынша сотталғандар саны 820 адамды құраса, биыл бұл көрсеткіш 912-ге дейін жеткен.
Ал Халықаралық «Transparency International» ұйымы ұсынған 2019 жылғы деректер бойынша, Қазақстан азаматтарының 28,7 пайызы жемқорлық жайлаған мекемелер ретінде мемлекеттік ауруханалар мен емханаларды атаған.
«Бұл өзге де мемлекеттік һәм мемлекеттік емес мекемелермен салыстырғанда едәуір көп көрсеткіш. Мысалы, құқық қорғау органдары (полиция) 11,3 пайызды көрсетсе, жер қатынастары басқарламалары 7 пайызды көрсеткен. Мемлекеттік балабақшаларда бұл көрсеткіш 6,9 пайызды құрап отыр. Сондықтан, денсаулығы сы беріп, айықты медициналық көмек алуға барған адамның кімге қанша ьберем деп әуреге түсуіне жол бермеу керек», - деген еді Президент.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы қазіргідей ел ішін індет жайлап, пандемия жарияланған тар кезеңде ел қазынасынан едіуір қомақты қаражаттардың бөлінгенін, сол қаражаттарды жымқыру тәуекелі артқанын айтып, жемқорлыққа қарсы күрес шараларын күшейуді тапсырған.
«Шенеуніктер бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал проблемалар сол күйі шешілмей қалып отыр. Сыбайлас жемқорлықтың әуелі себебін жоймай жатып, оныңмен күресу жел диірменмен күресу секілді іс», - дейді президент Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, әрісесе медицина саласындағы жемқорлық елге індет келіп, Төтенше жағдай мен пандемия жарияланған кезде ғана, ал цифрландыру саласындағы жемқорлық оған миллиардтаған ақша шығындалғаннан кейін ғана әшекере болған.
«Енді бүгін Білім саласына және басқа салаларға қыруар қаржы бөлініп отыр. Бір жылдан соң ол қаражаттар да қолды болып кетпесіне кепіл кәне? Бюджеттің миллиардтаған қаржысы қолды болып кеткеннен соң, ел-жұртқа бір шенеуніктің ұсталғаны туралы әдемі рапорттың керегі не? Сондықтан, бұл бағытағы жұмыстарды түбегейлі өзгерту керек», - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы сөз түйінінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті ұйымдастырудың тағы бір маңызды бағыты – қоғамдық бақылауды күшейту екенін атап өтті.
«Халық әлі күнге түрлі салалардағы, мектеп, колледждер, ЖОО, жер комитеті, өрт сөндіру, салық, кеден т.б. салалардағы жемқорлық туралы шағымданып отыр. Бұлай жалғаса берсе, жемқорлық күнделікті қалыпты құбылысқа айналып кетуі мүмкін. Сондықтан, қоғамдық бақылау тетігін іске қосу керек. Үкіметтік емес ұйымдарды тарту арқылы оларды нормативті-құқықтық актілерді сараптау ісіне де араластыру керек», - деді Президент.
Abai.kz