Жолдауды іске асыруға 1,9 трлн теңге қаржы жұмсалады
Биыл ҚР Президентінің Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындауға бюджеттен 300 миллиард теңге қажет. Ал, келер жылы 1,6 трлн теңге бөлінеді. Бұл туралы ҚР Премьер министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты.
«Президенттің Жолдауда айтылған бірқатар тапсырмалары қосымша қаржыны талап етеді. Ағымдағы жылдың республикалық бюджетінде белгілі бір қаражат қарастырылған. Мысалы, 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасын құруға 30 млрд теңге қарастырылған. Үкімет резервінен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға компьютерлік техника сатып алуға 70 млрд теңге бөлінді», — деді Ә. Смайылов.
Қазіргі уақытта 2020 жылғы бюджетті нақтылау шеңберінде келер жылы шығыстарды қосымша қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, медицина қызметкерлеріне қосымша үстемеақы, дәрі-дәрмек сатып алу және басқа да шығындар бойынша қамтамасыз ету қарастырылған.
«Алдын ала бағалау бойынша, ағымдағы жылы қосымша қажеттілік шамамен 300 млрд теңгені құрайды. Ал 2021 жылдың бюджетінде Президент тапсырмаларын орындауға Жолдаудан 1,6 трлн теңге қарастырылған. Бірінші кезекте бұл медициналық қызметкерлердің, мұғалімдердің жалақысын арттыруға, ШОБ несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға, республикалық маңызы бар жолдарды салу мен қайта жаңартуға, “Ауыл — ел бесігі” бағдарламасына жұмсалатын шығыстар», — деді Смайылов.
Abai.kz