Ильинге дейін Төтенше жағдайлар министрлігін кімдер басқарды?
9 қыркүйек күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп оның құрамына Төтенше жағдайлар комитеті мен өзге министрліктердің құрамындағы бірқатар құрылымдар берілетін болды.
Атап айтқанда: ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, ҚР ҰЭМ Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті, сондай-ақ, осыған дейін ҚР ІІМ-ге берілген бірқатар функциялар жаңа минитрліктің құрамына кіреді. Президент Жарығында солай деп жазылған.
Жаңа министр – Юрий Ильин
Ал бүгін президент Тоқаев Юрий Ильинді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатып, жаңа жасақталған Төтенше жағдайлар министрлігіне тағайындау туралы Жарлық шығарды. Сөйтіп Юрий Ильин министр атанды.
Юрий Ильин – 1968 жылдың 9 сәуірінде туған. 1989 жылы Алматы И.С.Конев атындағы Жоғарғы әскери командалық учелищені тәмамдаған.
1998-2015 жылдары Алматы қалалық ТЖ басқармасының азаматтық қорғау бөлімін басқарды. Кейін Алматы қаласы жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы болды. Онан соң, Алматы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.
2015 жылы Президент Әкімшілігіне мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы лауазымына тағайындалды. Ал 2016 жылдың сәуірінде ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары болды.
Әскері шені – Генерал-майор.
Марапаттары:
«Құрмет» ордені (2013 жыл),
Және 8 мерекелік медаль.
Министрлікті қайта құру үшін қанша қаражат керек?
Сонымен айналасы екі-үш күнде бұрын таратылған министрлік қайта құрылды. Жаңа министр тағайындалды. Ал сол жаңа министрлікті қайта жасақтау үшін бюджеттен қанша қаражат қажет? Бұл туралы кешегі Ішкі істер вице-министрі, бүгінгі Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің өзі айтыпты.
«Әрине, еңбекақыны көтеру, лауазымдардың жаңа санаттарын енгізуге қатысты мәселелер бар. Бірқатар лауазымды тұлғаның жалақысы өседі. Сонымен қатар, мемлекеттік органды қайта тіркеу, бланк өнімдерін шығаруға қатысты ұйымдастыру жұмысын жүргізу керек. Еңбекақы қорын шамамен 233 миллион теңгеге арттыру көзделіп отыр», - депті Ильин.
Жоғарыда аталмыш министрліктің бұрын дербес министрлік болып, кейін таатылғанын айттық. Ол 2014 жылы болған.
2014 жылы Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі таралытып, оның қызметі ҚР Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті деген шағын құрылымға берілген. Ал биылғы 1 қыркүейтегі Президент Жолдауында аталған министрлікті қайта құру туралы тапсырма берілді.
Осыған дейін аталған министрлікті кімдер басқарды?
ҚР Төтенше жағайлар министрлігі алғаш құрылған күннен бастап өз атауын бірнеше мәрте өзгерткен. Ал бүгін тағайындалған Юрий Ильин саны бойынша 9-шы министр екен.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлері:
1990-1997 жылдар – Макиевский Николай Михайлович. Лауазым аты – ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі Мемкомиссия және Мемкомитет төрағасы.
1997-2001 жылдар – Шалбай Құлмаханов. Лауазым аты – ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі Мемкомитет төрағасы. ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттік төрағасы.
2001-2004 жылдар – Заманбек Нұрқаділов. Лауазым аты – ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттік төрағасы.
2004 наурыз – 2004 қыркүйек аралығы – Нұрахмет Бижанов. Лауазым аты – ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттік төрағасы.
2004-2005 жылдар – Мұхамбет Көпеев. Лауазым аты – ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министр.
2005-2007 жылдар – Шалбай Құлмаханов. Лауазым аты – ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министр.
2007 қаңтар-2007 қараша аралығы – Виктор Храпунов. Лауазым аты – ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министр.
2007-2014 жылдар – Владимир Божко. Лауазым аты – ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министр.
2020 жылдың қыркүйегінен бастап – Юрий Ильин. Лауазым аты – ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министр.
Abai.kz