Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 5128 2 пікір 15 Қыркүйек, 2020 сағат 13:01

Ономастика ғылымын дамыту өзекті мәселе!

Автордың ұсынған тақырыбы: Жолдауды талқылаудан туған бірер ой

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитетінің жаңадан тағайындалған төрағасы Әділбек Күнесханұлы Қабамен бірге Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұжымы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйегі күнгі «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» деп аталатын Қазақстан халқына жолдауын талқылады. Талқылаудан туған бір-екі ойды бөліссек дейміз.

Сөз басында айта кетуміз керек, тіл мәселесінің ыстық суығын, әсіресе соңғы кездері, осы салада жүрген ғалымдармен қатар жүріп, бірге көріп келе жатқан Әділбек Күнесханұлы сынды шынайы тіл жанашырының жауапты орынға жайғасқаны құптарлық болды.

Төрағаның ең құнды жәдігер, бағажетпес байлық болып саналатын кітапханалар қорындағы кітаптарды сақтауға аса көңіл бөлгені ұнады. Жолдауда «Цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі» деп аталатын бөлім бар. Бұл біздің қоғамда қарқынды қолға алынып жатқан игі істердің бірі. Жолдауды талдау барысында сөз алған кітапханашы маманымыздың сөзіне қарағанда кітаптарды сандық форматқа көшіру жүріп жатқан үдеріс екен. Алты-жеті жыл уақыт бұрын «BBC World News» спутникті телеарнасынан көріп «Мынау не деген ғажап дүние!» деп сүйсіне көргеніміз бар еді, осы тұста ойға орала кетті. «British Library» Британ кітапханасы құнды кітаптарды қолмен ұстаудан келетін зақымнан және табиғи жолмен көнеруден аман сақтау үшін әйнектен жасалған үстелдің астына салып қояды екен. Үстелдің беті мөп-мөлдір, кәдімгі сенсорлы ұялы телефонды қолданған секілді қажетті тетіктерді басып, парақтайсыз, керекті бетіңізді ашасыз, қажетті мағлұматыңызды аласыз. Еріксіз, қымбат та болса, осындай технология бізге де керек екен деген ой келеді. Оны жасау механизмдерінен көріністер ғаламтор желісінде жетерлік екен. Ал әйнектің астына оның қандай нұсқасы салынғанын анықтау керек. Электронды нұсқасы деп айтайын десек, кітапты кәдімгідей қабырғасынан сөгіп, әрбір бетпен жасалып жатқан жұмыстарды көрсетеді.

Жәдігерді аялау арқылы кітапқа, ұлттық құндылыққа деген жас өскіннің қызығушылығын оятып қана қоймаймыз, одан әрі келер ғасырларға қарай аялап алып жүруді де үйретеміз.

Осыдан 100 жылдан астам уақыт бұрын америкалық алғашқы қала кітапханашысы Джон Коттон Дана «Кітапхана – бірінші кезекте адамдар үшін бақыт іздеу орны, білім іздеу – екінші» деген екен. Қазіргі күні сол ұстаныммен үлкен де, жас та, бала да жанына керегін таба алатындай, кірген кісі шыққысы келмейтіндей етіп жасалған кітапханалар үлгісі қанашама! Сондай-ақ ішінде бір кітабы жоқ толық сандық форматта жұмыс істеп жатқан кітапханалар да бар. (АҚШ-тың CBS телеарнасы).

Дегенмен де, ондай кітапханаға келген адамдардың бірі болмаса бірі әлі де қолға ұстайтын кітапты сұрайды екен. Осы 2020 жылғы АҚШ-та алынған сауалнама нәтижесінің көрсетуінше, қатысушылардың 65 пайызы қағаз кітап, 28 пайызы электронды кітап оқиды екен де, 14 пайызы аудио кітап тыңдайды екен. 2019 жылы олардың 73 пайызы кем дегенде 1 кітапты оқып шыққан екен.

https://www.youtube.com/watch?v=sG7zYoUq_bs

Демек, кітап оқу бар, тұтынушылар кітаптың әлі де қағаз нұсқасын қолайлы көреді.  Кітап, құжат, карта сияқты құнды жәдігерлерді қағаз нұсқасында әлі де ғасырларға бара алатындай етіп сақтау жолында өз мамандарымыздың да көп ізденіс үстінде екенін білеміз, солай бола тұрса да, 1400 жылдары жазылған кітаптарды сақтап келе жатқан, тәжірибені тереңнен алған батыстың сан алуан кеңестері, тіпті үлкен зерттеу нысандарына айналып, одан шыққан нәтижелерді ұсынып отырған дереккөздерді де ұдайы қадағалап отыруға кеңес берген болар едік.

Келесі ой «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Ердембекұлының ономастика ғылымын дамыту бойынша еліміздегі топонимдердің этимологиясына тарихи-диахронды тәсілмен зер салу мәселесін көтергенінен туды. Аса қажетті, өзекті  мәселе! Уақыт оздырмай, ғылыми жобаларды қолға алатын мамандар табыла кетсе игі еді.

Украин ғалымдары (кей ғалымдары дейікші, профессор Т.Крупа, т.б.) «Харьков «қар көп» деген қазақтың сөзінен шыққан, егер шындыққа тіке қарай білсек, біздің шығу тегіміз дешті-қыпшақ, қазақтар» деп жатқанда, біздің өзіміздің әлі күнге дейін өз жеріміздегі қаншалаған жер-су атауларының мағынасын ұға алмай жүрген жайымыз мынау. Тарихтың небір қатпарын артқа салып, енді жалпақ далаға көз тастасақ, «рухани жаңғырмайынша» болмайтынын көреміз.

Бір мысалға оралайық. 2004 жыл болатын. Қостанай облысының Қарасу ауданында «Станция Челгашы» – орысшасында, қазақшасында – «Челғашы стансасы» болып жазылып тұр екен. Ерболат Мақсұтұлы есімді кәсіпкер азамат сол мекенге өз шаруаларымен жолы түскенде «қазақша мен орысшаның айырмасы г мен ғ-да екен, қай-қайсысынан да мұның не сөз екенін ұқпадым» деп, сол стансада уақытын босқа өткізбей, мәселенің мән-жайын іздей бастайды. Көп адамнан сұрайды, адамдар мүлдем бейхабар. Күткен пойызы келіп, орнына жайғасқанда бір қарт кейуананы көзі шалады.  Орайын келтіріп, бұл азамат не де болса осы кісіден жауабын табармын деп сұраса, әлгі қарт ана, «осыны білгің келгеніне, ақиқатын іздегеніңе мың рақмет, балам, өркенің өссін» деп, батасын жаудыра отырып, мынаны айтыпты:

«Бұрын ертеректе бұл ауылда бір төбешік болатын, сол төбешіктің үстінде жапырағы қурап, бұтағы да қалмаған кәрі ағаш болатын, ол ағашқа қарап адамдар алыстан өз жолдарының бағыт-бағдарын бағамдайтын. Әлгі ағаштың пормасы аша іспетті болғасын, оны жергілікті халық «Шолақ аша» деп атайтын еді» депті. Бүгінгі күні «Челғашы» қазақшасында «Шалғышы» болып өзгертілген екен, бұл атау қандай деректерге негізделіп берілді екен? Тағы сұрақ. Зерттеу керек. Тарихи құжаттарды ақтарсақ та, саусақпен санарлық қана қалған көнекөздердің аузынан жазып алсақ та, барлық мүмкіндікті сарқа пайдаланып, есім-атауларымызды орнынан тұрғызуымыз керек болып тұр.

Президент жолдауында қамтылған «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру» міндеті қазақтың осындай есім-атауларын тіктеуден басталса, жер-жерде елді мекендеріміз өзінің «тегін» тауып жатса, бұл ұлттық болмыстың іргесін қымтап, іргетасын бекіту іспетті қайырлы қадам болар еді. Себебі аты түсініксіз немесе орысша елді-мекенде туып өскен баладан қазақтың ұлттық құндылығын аялауды талап етудің өзі де әділетті бола қоймайтын сияқты.

Нұрсәуле Мақсұтқызы Рсалиева,

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5257