Ресей Беларуське 1,5 миллиард доллар несие береді
Күні кеше ғана Ресейдің Сочи қаласында, Бочаров Ручей резиденциясында орыс президенті Владимир Путин мен беларусь президенті Александр Лукашенко екіжақты кездесу өткізген еді.
Аталмыш кездесу барысында Ресей билігі Беларуське 1,5 миллиард доллар көлемінде мемлекеттік несие беретін болып келісілген. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин айтты.
«Жақында Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин Беларуське іс-сапармен барды. Ол ауқымды келіссөздер жүргізді. Кездесу біздің өзара іс-қимылымыздың барлық бағыты бойынша және қаржы саласында табысты болды.
Ресей осы қиын сәтте Беларуське 1,5 миллиард доллар мөлшерінде мемлекеттік несие береді деп келісті. Қазір қаржы министрлері кәсіби деңгейде келіссөздер жүргізіп жатыр», - деді Путин.
Беларусь үшін Ресей негізгі қарыз берууші мемлекеттің бірі. 2020 жылдың бірінші тоқсанындағы есеп-қисап бойынша, Беларусьтің Ресейлік несиелері мемлекет қарызының 48 пайызын немесе 7,92 миллиард долларды құрапты. 2008 жылдан бері Ресей Үкімет мен ВЭБ Беларуське кем дегенде 8 несие берген екен.
Елінде сайлаудан кейінгі халық наразылығы әлі күнге тоқтамаған Беларусь президентінің бұл сапары мен, Ресей беретін 1,5 миллиард доллар қаражатқа қатысты Халықаралық сарапшылар пікірі әралуан. Көбі мұны 2013 жылғы Украинадағы жағдаймен салыстырады. «Путин Беларусьті 1,5 миллиардқа сатып алды», - деушілер де жоқ емес.
Abai.kz