Сенбі, 23 Қараша 2024
Талқы 5823 1 пікір 25 Қыркүйек, 2020 сағат 16:02

Қожахметов қайтіп қоғаммен байланыс орнатпақ?

Бағдат Қожахметов. Бұл кісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі. Әр жылдары «31 арнаны» басқарған, Алматы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы болған, ҚР ІІМ Ақпарат және қоғаммен байланыс орталығын басқарған. Биылғы жылдың шілдесі аяқталар уақта ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне орналасқан.

Сол кезде «Қазақпарат» тілшілері едел-жедел сұхбат алыпты. Оны «inbusiness.kz» сайты көшіріп жариялапты. Бағдат мырза сол сұхбатында: «Мен кешегі күннен бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі болғанымды растаймын. Шамамен, 10 күндей бұрын Facebook-та министр Алексей Цойға осынау қиын кезде көмектесуге әзір екенімді жазғанмын.

Өкінішке орай, мен адам емдей алмаймын, әйтпесе емдер едім. Бірақ, мен медиа, коммуникация саласында қоғаммен жұмыс істей аламын.

Шамамен, 1-2 күннің ішінде министр хабарласып, осы қызметті ұсынды. Мен қуана қабыл алдым. Бір жағынан бұл менің азаматтық парызым, екінші жағынан кәсіби сынағым (проф. вызов-орысшасы)», - деген екен.

Рас, елге індет тарап, Ақорда мен Үкімет карантиндік шектеулер енгізген алағай да бұлағай кезеңде бүкіл халық елеңдеп көз тігіп, құлақ түрген министрлікке (Денсаулық сақтау министрлігі) БАҚ-ты басқарған, сол саланың негізгі проблемаларын жақсы білетін Бағдат Қожахметов мырза барғанда көп жұрт қуанды. «Журналист, ақпаратқа қол жеткізу мәселесін, журналистердің ақпарат ала алмай қиналатынын біледі» деді. Өзі де бұл қызметке тағайындалғанда: «Дәрігер болып, жұртты емдемесем де, медианы жақсы меңгергем. Қоғаммен байланыс орната аламын», - деп сөйлеген еді.

Бірақ, сол сенім, сол үміт ақтала қойған жоқ. Ақпарат алу Бәкеңе дейін қандай хәлде болса, қазір де өзгеріп кете салмады. Бұрын аталмыш министрліктің өкілдері жиі тікелей эфирге шығып, елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы айтып беріп тұрушы еді. Қазір, ол да сиреді. Ал министр Цой болса, өткенде өңкей блогерлерді жиып алып, әңгіме-дүкен құрыпты. БАҚ өкілдері бұған да наразы. Министр лауазымына кірісер-кіріспестен челленджге қатысып, Абай өлеңін оқып, «ұпай жинаған» Алексей Цой содан кейін қазақша сөйледі ме екен деңізші... Әйтеуір бұл министрлікке айтылар сын көп.

Ал Бәкең, Бағдат Қожахметов, кеше өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында бітүрлі жазба жариялапты. «Атың шықпаса Минздравты өрте», деп күйініпті. «Атын шығарғысы келетіндер Минздравқа тиседі», депті. Атасының айтқанын есіне түсіріп, ондайлар «білген боғын жесін», депті.

Бағдат Қожахметовтың өз жазбасы. Үтір-нүктесі, тыныс белгілеріне дейін қаз-қалпында жариялап отырмыз:

“Атың шықпаса Минздравты өрте”

Екі ай болды медицина саласына келгеніме. Дәрігерлермен бірге жүріп көргенін бірге көріп, соның нәтижесін көпшілікке жеткізіп, дегендей.

Қоғаммен көпір орнатып жүріп түсінгенім: өз-өзін қандай жолмен болсада көрсететін адамдар көбейіп кетіпті елімізде. Солардың кейбіреулері жақсы бір әдіс тапқан секілді.

Бордюрге, әкімге, қойнында жатқан әйеліне ренжіседе өшін ақ халатты абзал жандардан алады. Олар аса мейірімді жандар емес па, бәріне шыдайды. Медсестраны қазақ бекерден МЕЙІРбике демейді ғой. Күндіз әлеуметтік желіде оның “бетіне түкіріп, табан сүртіп”, кешке жан қиналып ауырғанда түк болмағандай ыңқылдап сол дәрігерге барып емделетіндер бар. АРАМызда. Менің әріптестерім жоқ емес олардың ішінде.

Жалпы біреуді жамандап атақ шығаратындар көбейіп кетті. Бүгінгі күннің әлеуметтік сәніне (модасына) айналғаны - дәрігерлерді, ауыруханаларды, Денминді “тепкілеу”, жамандау. Өзін өзі батыр көрсетіп, атын шығарғысы келетіндер, сол баяғы Минздравқа тиседі. Челлендж сияқты. Жұрттан қаламыз ба, деп.

Атам айтушы еді: - “білген боғын жесін”, деп. Бірақ ойымда жүргенін жеткізгім келді. Әрине, бір демде қоғам өзгеріп мәдениетіміз өрбіп кетпейді. Бірақ әр адам істегеніне, ойымен айтқан сөздеріне бір күні жаратушының алдында жауап береді. Оған күмәнім жоқ.

Сонымен қоса айтайын дегенім, емшілердің намысын қорғайтындар арамызда аз емес. Соныда біліп жүрейік, дегенім ғой.


Бағдат Қожахметовтің бұлайша «бұлдануына» не түркі болғанын біз білмейміз. Десе де, қоғаммен байланыс орнатып, кез келген ақпаратқа дер кезінде жауап беріп отыруды, айтылған сынға шеке тамыры шытынап, шамданудың орнына, егжей-егжейлі жауап беруді міндеттеп алған адамның бұлайша «білген боғын жесін», деп сөйлеуі желі қолданушыларының наразылығын тудырған секілді. Біз әлеуметтік желіні бір шолып шықтық...

Дина Елгезек: «Несіне ренжисіз? Қанша адам болса сонша пікір. Дәл осы саланың кенжелеу дамығаны да көпке аян. Пікірлер плюрализмін есте сақтай жүріңіз».

Жұмабике Ізбайқызы: «Қоғаммен коммуникацияда «білген боғын жеп», деген тіркесті қолдану дұрыс па? Бұл қандай деңгейдегі байланыс сонда?».

Молдияр Ергебеков: «Денсаулық сақтау министірлігінің баспасөз хатшысы ма, түсінбедім, алайда халықпен боқ арқылы көпір орнатып жүр екен. Ол жағы түсінікті болды. Сөзінде дәлел де, дәйек те жоқ. Таңертең ұйқысынан тұрғанда, туалетке барып, көпір орнатып отырған кезінде жаза салған сияқты. Мемқызметкерге «жарасатын» пост».

Гүлмира Әбіқай: «Менің сауалым жауапсыз қалды? Қазақша бір түсінер деп сізді белгілеп ем! Праймериз басқа шаруа, алдымен функционалдық міндетіңізді атқарсаңызшы, прес-сек».

Ғалымжан Оразымбет: «Денсауминнің «косяктары» үшін мың рет соттап жіберетін уақыты болды. Ол туралы бірдеңе айта алмайтын болсаңыз, олай біржақты соттаудың мәні жоқ. Өзіне ұнамағанды хайпқа жазатын таза қазақ шенеунігінің типажы бопсыз...

Денсаулық сақтау министрлігіне екі ай бұрын бұрын ресми сауал жолдағам. «Ковидтің» шын статистикасын сұраған жоқпын. Оны бермейтінін онсыз да білемін ғой. Басқа, құпия емес ақпарат еді.  Енді сол туралы жазсам, менің кінәм бола ма, заңды бұзып отырған министрлік кінәлі бола ма? Ең құрығанда осы сұраққа жауап берерсіз».

Бэлла Орынбетова: «Мына постыңыз дәйексіз, жұртқа күйе жағу. Кәдімгі салпетек қатындардың өсегі сияқты. Біреуге өкпеңіз болса атын атап жазыңыз. Сәл билікке қолы жетсе, халыққа мұрнын шүйіре қараған адам жақсы көпір сала алмайды».

Қуаныш Кенжебекұлы: «Өз маңыздылығыңызды әсіре бағалап жүр екенсіз».

Назым Дүтбаева: «Тек шынайы фактімен жазайыншы. Дәрігерлер мен медбикелерге еш өкпем жоқ. Мәселе оларға артылған жүктеменің көптігінде. Мен тіркелген емхана участігі 1700 адамды қарайды екен. Ол тек қағаз жүзінде ғана, ал іс жүзінде одан көп адам қарайды. Қуықтай бөлмеде төрт адам отырады. Осы жолы көп дәрігер ауырып қалып, біздің дәрігер үш участокты қарады. Күніне қанша адам келіп Қанша мәселе айтатыны өздеріне ғана аян. Мемлекеттік емханалар неге штатты көбейтіп, бір участок қарайтын адам санын қысқартпайды? Соған миым жетпейді? Адам қай кезде шатасады қай кезде жұмысты шала істейді. Жүктеме өте көп болғанда. Сол үшін мемлекет емханалардағы штатты көбейту керек. Сосын бұрынғыдай балалар емханасы мен үлкендер емханасын бөлсе дұрыс еді...»

Динар Керім: «Бағдат Қожахметов сіз өзі ДСМ-ге не үшін келдіңіз? Бір постпен мынанша халықтың ызасын келтіріп, не профессионал екеніңізді көрсетіп, ұятқа қалғанша қызметтен кете саласыз ба?.. Ол көпір сіз келмей де болған. «Причем», сол кездері жақсы болған».

Махат Садық: «Зеленскийдің жолын берсін, Бауке. Ол комик болып бәрін сынайтын. Қазір өзін сынаса ұйықтай алмайды дейді. Сен де журналист кезінде талайды мықтап сынадың. Депутат болсын (болсаң), қайтарып аласың».

Жәнібек Нұрыш: «Сәлеметсіз бе, Бағдат! Бұл постыңызды неліктен орыс тілінде де жазбадыңыз? Тек қазақ тілінде жазыпсыз. Сонда қазақ тілінде сөйлеп-жазатындар ғана министріңізді, дәрігеріңізді жамандап жатыр ма? Әлде сіздің ойыңызша тек қазақ тілінде сөйлеп-жазатындар ғана хайп ұстап отыр ма? Әлде қазақша сөйлеп-жазатындар жамандайды дағы, орысша жазатындар сынай ма? Мұндай дәлел-дәйексіз постыңызды тек қазақша жазғаныңызға қарағанда, уақыты жоқ министріңіз журналистермен емес, блогерлермен, оның ішінде тек орысша жазатын-сөйлейтін блогерлермен кездескеніне қарағанда, қазақша жазатын-сөйлейтіндер - хайповщик, жер өртеуші, жамандаушы екен де, ал орысша сөйлеп-жазатындар сіздерге ұнайды екен ғой, солай ма?».

Жұлдыз Әбілда: «Біздің биліктің халыққа көзқарасы деп ұқтым».

Ақназа Абдуғаппарұлы: «Өзіңіз де дәл осы ДенМин-ді сынап-сынап осы қызметке келіп алған едіңіз ғой? Жұмысты дұрыс атқара алмағандарыңызды жуып-шаю үшін сынды «жамандау» сөзімен әдейі ауыстырып жатырсыздар ма? ДенМин-ді сынамайын десең істеп жүрген тірлігі анау, қарапайым ғана бүкіл әлем істеп жатқан коронавирус статистикасын былықтырды, одан басқа тағы бірнеше проблеманы өзі тудырып берді. Тіпті, балалар омбудсменіне берген уәдесін орындамай бірнеше айдан бері жүр екен. Соларды көре тұра бүкіл халық жатып алып мақтау керек пе?

Дәрігерлерді сынамау керек дейсіңдер, ауруханада жатқан шешесіне өздері сатып алып берген аппаратты рұқсатсыз басқа бір науқасқа қолданды, соның кесірінен бірінші науқас қайтыс болды. Сол әрекеті үшін дәрігерлерді мақтау керек пе?

ДенМин-ін мақтайтын елдерде дәл осындай жағдайда ДенМин сол отбасына барып кешірім сұрап, қайғыларына ортақтасар еді. Жұмысты дұрыс атқармайсыңдар, есесіне мақтау мен мадақтау күтесіңдер».

Бұл Бағдат Қожахметовтың жазбасына қатысты айтылып, жазылған сыни пікірлер. Қожахметовтың жазғандарын қолдағандар да жоқ емес. Рас, сынаушылардар гөрі саны едәуір аз. Бірақ бар.

Мысалы, жазушы Сәуле Досжанова: «Өте дұрыс айтып отырсың Бағдат. Дәрігер болу оңай ма?! Адамның өміріне жауап береді. Басқа мамандықта жаңылысса түзетуге болар, ал ақ халаттылардың жаңылысуы өте қауіпті. Солардың жауапкершілігін сыйлағанымыз жөн. Адам дүниеге келген күннен бастап дәрігермен байланыста, біреулер зәру. Ал, заң жасағанда дәрігердің еңбекақысын, жағдайын еске алмайтын депутаттар да түшкірсе соларға жүгіреді. Ағайындар, ақ халатты жандарға біз де құрметпен қарайық», - деп жазыпты.

Түйін. Сонымен, Денминнің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтың жалпылама жазған бұл жазбасы кімге немесе кімдерге арналған? Не десек те, «қоғаммен байланыс орнатамын» деп келген Қожахметовтың, білдей бір министрліктің ресми өкілінің сынаушыларға қарата сөйлеп, «білген боғын жесін» дегенін қай этиканың шеңберіне де сыйғыза алмадық. Содан туатын жалқы сұрақ: Қожахметов қайтіп қоғаммен байланыс орнатпақ?

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371