Дүйсенбі, 14 Қазан 2024
3525 5 пікір 9 Қазан, 2020 сағат 18:15

Жээнбеков үкіметті отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды

9 қазанда Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков үкімет мүшелері мен премьер-министрді отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды. Құжат президенттің ресми сайтында жарияланды. Онда Жээнбековтің премьер-министр Кубатбек Бороновтың отставкаға кету туралы арызын қабылдағаны жазылған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, үкімет құрамы толық отставкаға кеткен. Жарлық бойынша, үкімет басшысы, вице-премьер, үкімет мүшелері жаңа үкімет жасақталғанға дейін міндеттерін атқара береді.

Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін саяси дағдарыс туындаған. Парламент сайлауының нәтижесін жоюды талап еткен наразылық акцияларының соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 6 қазанға қараған түні демонстранттар парламент пен президент аппараты орналасқан "Ақ үйді" басып алды.

9 қазанда "Ата Мекен", "Бир Бол", "Республика" және "Реформа" партиялары бірігіп, "Акыркы үмүт" саяси бірлестігін құратынын мәлімдеп, премьерлікке Өмірбек Бабановты ұсынды.

Бұған дейін 6 қазанда Жогорку Кеңештің бірнеше депутаты премьерлікке наразылықтан кейін қамаудан шыққан Садыр Жапаровты ұсынған еді.

Abai.kz

5 пікір