ҚМДБ көпбалалы отбасыларға баспана кілтін табыстады
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Маңғыстау облысына жасаған сапарында «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында мұқтаж отбасына пәтер сыйлау рәсіміне қатысты.
Қаланың жаңа шағынауданындағы екі бөлмелі қос пәтер көпбалалы отбасыларға бұйырды. Ақтаулық Снежана Базарқұлова үй кезегінде 2001 жылдан бері тұрса, алты баланың анасы Ақсұлу Алмасбаева осы кезге дейін пәтер жалдап жүрген екен.
Қайырымдылық акциясының 280 және 281-баспана кілтін қос отбасыға Бас мүфтидің өзі тапсырып, жаңа қонысқа тұрмыстық техникалар тарту етті.
«Жаңа қоныстарыңызға бір Алладан құт-береке тілеймін! Шаңырақтарыңыздан елін, жерін құрметтейтін, ата-анасы, ағайын-тумасына қамқор болатын ақылды, иманды перзенттер өсіп-өне берсін! Қуаныштарыңыз ұзағынан болғай!» деп Бас мүфти батасын берді.
Abai.kz