«Бүгін президент Сооронбай Жээнбеков Садыр Жапаровпен кездесіп, сөйлесті. Кездесуде премьер-министр "президент бүгін кешке қызметін тапсыруы керек" деген талабын қойды. Президент Сооронбай Жээнбеков қазіргі жағдайда мемлекет басшылығын тастап кете алмайтынын, мұның салдары ауыр болуы мүмкін екенін баса айтты», - деді Стамалиева.
Оның айтуынша, Жээнбеков Жапаровқа 9 қазандағы сөзінде тұратынын, президенттік қызметтен Қырғызстанда жағдай тұрақтылып, жаңа парламент сайлауын өткізіп барып кететінін жеткізген.
Жээнбеков 9 қазан күні мәлімдеме жасап, "елі заң жолына түскенде" қызметінен кетуге дайын екенін жеткізген.
"Мен үшін мемлекет тұтастығынан, халық бірлігінен және қоғам тыныштығынан артық лауазым жоқ. Бізге барынша тездетіп заң жолына түсуіміз керек. Атқарушы биліктің заңды жетекшілері бекітілгеннен кейін, мен Қырғызстан президенті қызметімнен кетуге дайынмын", - деген еді Сооронбай Жээнбеков.
Алайда, бір күннен кейін Сооронбай Жээнбеков президент қызметінен кетуге мәжбүр болып отыр.
Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін елде саяси дағдарыс қалыптасқан еді. Сайлау нәтижесін жоюды талап еткен наразылық акциясының соңы тәртіпсіздікке ұласып, 6 қазанға қараған түні демонстранттар парламент пен президент кеңсесі орналасқан "Ақ үйді" басып алған. Елде саяси күштер арасында билікке талас қызған.
Парламенттің бұрынғы депутаты Садыр Жапаровты 6 қазанға қараған түні жақтастары күшейтілген тәртіптегі түрмеден шығарып алған. Қырғызстан билігі Жапаровты 2013 жылы Құмтөр алтын кенішін мемлекет иелігіне алу талабымен Қарақол ауылында митинг ұйымдастырып, сол кездегі Ыстықкөл облыс әкімін кепілге алған деген айыппен 2017 жылы тамызда соттап, 11,5 жылға түрмеге қамаған еді.
14 қазанда парламент премьер-министр етіп сайлаған Садыр Жапаровтың үкімет құрамын, құрылымын бекітіп, оған президент Сооронбай Жээнбеков қол қойған. Бірақ Жапаровтың жақтастары Жээнбеков қызметінен кетпей, алаңнан тарамайтынын білдірді.
Abai.kz