Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Көкмұнар 4263 17 пікір 17 Қазан, 2020 сағат 13:12

Түркия: Түркі елдері Әзербайжанға қолдау көрсетуі керек!

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде жаңа оқу жылының (2020-2021 жылдар) басталуына орай онлайн режимде жиын өткен екен. Оған Түркияның Сыртқы істер министрі Мәуліт Шавушоглы қатысқан. Құттықтау сөз сөйлеген. 

Мәуліт Шавушоглы аталған жиын барысында Таулы Қарабақтағы соғысқа қатысты да пікір білдіріп, Түркі халықтарын бірігуге, Әзербайжанды қолдауға шақырған.

«Түркітілді мемлекеттер Әзербайжанға қолдау білдіруі керек. Анкара тарихи жерлерді деоккупациялау күресінде әрдайым Бакумен бірге болып келді», - депті Шавушоглы.

«Біз тағы да Армения билігі тарапынан Әзербайжанға қарсы арандатушылықтарды көріп отырмыз. Армения Әзербайжан жерлерін шабуылдап жатыр. Өкінішке орай кейбір мемлекеттер Әзербайжан мен оккупант Арменияны таразыға тең қойғысы келеді. Бұл мемлекеттер БҰҰ мен ЕҚЫҰ шешімдерін елемей отыр. Сондықтан Әзербайжанға қолдау қазір ауадай қажет», - дейді Түркия Сыртқы істер министрі.

Осыған дейін Мәуліт Шавушоглы және Режеп Тайып Ердоған басқаратын Түркия билігі Таулы Қарабақтағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу туралы ұсынысты қолдайтынын, алайда Армения басып алған территориядан кетуі керектігін мәлімдеген.

«Әлемдік қауымдастықтың ұсынысы ақылға қонымды деп есептейміз. Ешкім соғысты қаламайды. Алайда Қарабақ дауын ешкім БҰҰ резолюциясы шеңберінде шешкісі келмейді. Ешкім Арменияға Қарабақтан кету туралы талап қоймай отыр. Әлемдік қауымдастық алдымен осыны талап етуі керек еді ғой», - деген Мәуліт Шавушоглы.

Айта кетейік, Таулы Қарабақтағы соғыс 27 қыркүйекте басталған. Ал 10 қазан күні Мәскеуде жолыққа Әзербайжан және Армения Сыртқы істер министрлері оқ атуды тоқтату туралы келісімге келген. Бұл келісім қабылданғаннан бір тәулік өтер-өтпестен қайтадан оқ даусы естіле бастаған. Ал 15 қазанда Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Армения билігі келісімді бұзғанын айтып, Қарабақтағы арнайы операциялар қайта жалғасатынын мәлімдеген.

Abai.kz

17 пікір