Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
5341 6 пікір 30 Қазан, 2020 сағат 18:16

Тоқаев: Пандемиядан кейін әлемде қандай өзгеріс болмақ?..

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік экономикалық ынтымақтастық - 2020 халықаралық форумына қатысып, бейне үндеу жасады.

Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында басталған аталмыш шара  «COVID-19-дан кейінгі әлемдік өзгерістер және солтүстік экономикалық ынтымақтастықтың келешегі» тақырыбында өрбіді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин ұйытқы болған сонымен қатар соңғы үш жыл ішінде өзінің өміршеңдігі мен өзектілін дәлелдеген «жаңа солтүстік саясат» деп аталатын стратегиясын жоғары деңгейде бағалап, Оңтүстік Корея басшысының тұрақты һәм өзара байланысы мығым әрі өркендеген Еуразия құру идеясын көрегендікке балап, қызу қолдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, жаһан жұрты қазіргідей COVID-19 пандемиясының құрсауына түсіп, қиындыққа тап болған кезде экономикалық сана мен саяси жігер синергиясы айрықша мәнге ие болды.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың өзара қолдау мен тығыз байланыстарға, ортақ құндылықтарға жұмылдырылғанын айтып өтті. Сондай-ақ, бүгінде Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатқан, достықтың алтын үлгісіндей болған жүз мың корей қауымдастығының Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынасқа қосқан үлесі ерекше екеніне де тоқталды.

- Бүгінде Оңтүстік Кореяның Қазақстан экономикасына құйған инвестициясы 7 миллиард доллардан асады. Екі жақты тауар айналымы жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан едәуір артты. Қазіргі таңда Орталық Азия елдеріндегі барлық бес мемлекеттің ортақ жалпы ішкі өнімінің 70 пайызы Қазақстанға тиесілі.

Ал, Оңтүстік Корея мемлекеті жетекші инвестор мемлекеттер арасында 10-орында. Бұл тұрғыда өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі жалғастырудың әлі де пайдаланылмаған үлкен әлеуеті бар екенін ескеруіміз керек,- деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың сәуір айында Оңтүстік Корея басшысы Мун Чжэ Иннің Қазақстанға жасаған сапарын тарихи сәт деп бағалап, екіжақты өзара әрекеттің жаңа парағын ашты деп санайтынын жеткізді. Сол сапар барысында қол қойылған   «Самал жел» бағдарламасы қазақ-корей сауда-экономикалық және мәдени тұрғыдан жан-жақты байланыстарды жандандыруға негізделген.

Сондай-ақ Мемлекет Басшысы Оңтүстік Корея басшысының «Жаңа Солтүстік саясат» пен «Самал жел» бағдарламасы Қазақстанның «Нұрлы жол», «Цифрлы Қазақстан»  сынды стратегиялық жобаларында нақтыланған міндеттерге сәйкес келетінін алға тартты.

Қазақстан Президенті жаһандағы ұзақ мерзімге созылған мұнай дәуірінің аяталып келе жатқанына тоқталып, Қазақстан үшін тұрақты әрі әртараптандырылған экономика құру аса маңызды екенін айтып өтті.

- Мен бұл мәселеге байланысты жаңа экономикалық бағыттың бастамащысы болдым. Аталған бағыт тек қана құрылымдық реформалармен емес, сонымен қатар мүмкіндігінше мықты әрі қарқынды мемлекет құрумен байланыстырылады. Қазақстан корей инвесторлары ұшін арнайы әзірленген құралдарды ұсынуға дайын. Бұл тұрғыда кеден және салық артықшылықтары, экспортты қолаудың ішінара кепілдіктері мен тетіктерін және жобаларды қоса қаржыландыруды атап өтуге болады,- деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті ағылшын құқығы бойынша қызмет көрсететін «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін де сөз қылды. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған орталықтың шетелдік бизнеске арналған экожүйесінің бірегейлігіне ерекше тоқталып өтті.

Шара соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына жұмыстың табысты болуын ал, Оңтүстік Корея Президенті мен Үкіметінің игі бастамалары сәтті болуына ниеттес екенін жеткізді.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963