Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3149 0 пікір 20 Қаңтар, 2012 сағат 05:47

Аялдар Күнтуған. Сайлаумен өткен бір күн...

Сонымен сайлау өтті. Сайлау дегеніңіз өзі бір қызық дүние екен. Әсіресе, бұрын сайлау десе тыжырына қалатын, ол маңға басқысы да келмейтін біз үшін шынымен де «тосын жайттер» көп болды. Ойда-жоқта Алматының әлдебір ауданынан қалалық мәслихатқа кандидат болған ағамыздың сенімді өкілі болып шыға келдік. Біріншіден, ағамыздың көңілін қимадық, екіншіден, «іздегенге сұраған», неде болса көзбен көрелік дедік. Бір тәулігіміз сайлаумен өтті. Енді соны қысқаша сіздерге баяндап берейін.

«Кешігуге болмайды!»

Сонымен сайлау өтті. Сайлау дегеніңіз өзі бір қызық дүние екен. Әсіресе, бұрын сайлау десе тыжырына қалатын, ол маңға басқысы да келмейтін біз үшін шынымен де «тосын жайттер» көп болды. Ойда-жоқта Алматының әлдебір ауданынан қалалық мәслихатқа кандидат болған ағамыздың сенімді өкілі болып шыға келдік. Біріншіден, ағамыздың көңілін қимадық, екіншіден, «іздегенге сұраған», неде болса көзбен көрелік дедік. Бір тәулігіміз сайлаумен өтті. Енді соны қысқаша сіздерге баяндап берейін.

«Кешігуге болмайды!»

Қаңтардың 15-і. Таңғы сағат дәл бесте қалтафонымыз безілдеді. Түндегі теңшеген межелі сәттен бір минут кешіксеші. Көзді тырнап тұрдық. Бір күн бұрын сайлау штабында бас қосып, «кешігуге, артық сөйлеуге, әлдебір арандатуларға кіріп кетпеуге» қатаң ескерту жасалған. Әсіресе, «Кешігуге болмайды!» деген сөз санамызда қалықтап жүрді түні бойы. Түу қаланың шетінен Алматыға қарай жөңкілдік. Айнала тым-тырыс. Кешікпеу үшін жеңіл көлікті жылдамдыққа итермелеп келеміз. Дәл сағат 6.30-да өзіміздің еншімізге бұйырған сайлау учаскесіне келіп кірдік. Есік алдына қалың әскери қызметкерлер жайғасыпты. Бастабында біртүрлі сезік пайда болды, бұлар амандықты қорғау үшін жүр ме деген. Кейіндеп олардың ертерек дауыс беруге келгендер екенін білдік. Комиссия мүшелері қаз-қатар тізіліп отыр екен. Көбісі мұғалім, ортасында бір медбикесі бар көрінеді. Мектеп директорынан тартып, ықшам ауданның әкіміне шейін келіп үлгеріпті, мені әдеттегідей тіркеуден өткізді де, тиісті орныма жайғастырды.  

«Назарбаев үшін...»

Сағат дәл 7.00-де сайлау учаскесінің төрайымы, мектеп директоры болып қызмет істейтін апайымыз сайлаудың тыныш әрі әділ өтуін тілеп, дауыс берудің басталғанын хабарлады. Елұран шырқалды. Есік ашылысымен әскерилер кіре бастағаны сол еді, ауылда тұратын қарт кавказдық ақсақал елден бұрын кимелеп, бірінші болып дауыс беруге ұмтылды. Солай болды да. Өзінің Нұрсұлтан үшін дауыс беретінін көтеріңкі үнмен хабарлап, бюллетенін екі бүктеп, урнаға сүңгітті. Бұдан соң адам аяғы толастамады. Көбінесе бұл ықшам ауданда қазақтардан гөрі, басқа ұлттар көп дейді комиссия мүшелері. Қазақтар соңғы кездері ғана көшіп келе бастаған. Онда да жер алып, үй салып жатқан көрінеді. Оның көбі әлі заңдаспағандықтан, дауыс беруге құқылары жоқ. Ал бұрыннан осы ауылға жайғасқандар өте белсенді дейді. Әр реткі сайлауға тоқсан пайыздан жоғары дауыс береді екен. Көбі кеңестік кезеңнің бар қызығын көрген, әлі де болса сол инерциядан арыла қоймаған кемпір-шалдар. Арасында өзіміздің қазақтар да ұшырасады, орысша шүлдірлесіп, дауыстарын беріп жатты.

«Тоңдыңдар ғой»

Басқа учаскелерді қайдам, біздікі тым суық екен. Ауылдағы ескі клуб. Комиссия мүшелері болған мұғалім қыздар жаурап, дір-дір ете бастады көп өтпей. Алдына тұмау тие бастағаны байқалды.  Алаңқай бөлмені әкім мырза  жылытқышпен үрлетіп әлек. Онысы учаскені толық жылытуға дәрменсіз болып шықты. Біздің де арқамыз құрыса бастады. Айтпақшы, бастабында комиссия мүшелері бес адам сияқты көрінген. Сөйтсек, бірі біз секілді «сенімді өкіл» екен. Қай партиядан дейсіз ғой, «ЖСДП»-дан. Отты көз, қаймақ ерін, қайқы бел қара қыз қақшаңдап отырғанына қарап-ақ тегін жерден келмегенін біліп ем, аздан соң ол да жаурай бастады білем, жылытқыштың қасына келіп, бізбен бірге жайғасты. Бұл кезде сайлау тым мамыражай өтіп жатқан. Сыртта сайлауға келгендерге арнайы палау басып мұғалімдердің біразы  зыр жүгіріп жүрді. Сағат әлі он бірлер шамасы. Сайлау учаскесінің бастығы бар-жоғы үш бақылаушы болып тіркелген, біреуі «нұр» партиядан, бізге жақындап, «тоңдыңдар ғой, шай ішіп келейік» деді. Іш пыса бастаған еді, мен бірден келісе кеттім. Тек ЖСДП-ның қызы сәл «қырсықты» да, бәрінің ойдағыдай өтуі керектігін қайталап ескерткесін, бізбен ере жөнелді. Шайды ұзақ сімірдік. Ұстаздар қауымымен әңгімеміз жараса түскендей, босаған кесені сәл аялдатса, қоңылтақси қалатындай күй кештік. Ортасында ептеп екі жақтың бақылаушысын да сөзге тартып қоямыз. Бәрі әділ болуы керек десеміз. Мұғалімдер болса, «ия, солай болуы керек қой» деседі. «Нұр» партияның өкілі сыртқа шыққан кезде жабылып билік партиясын тұқыртып қоямыз. Қайтадан учаскеге келдік, көп өтпей түскі тамақтың да уақыты болды. Бұл кездері сайлау комиссиясының мүшелері ғана қалды.

«Есть, коммунистическая партия?»

Асықпай тамақтанып алған соң, сайлау сайын дауыс беруді өздерінің бұлжымас қағидасы санайтын, ауру-сырқау меңдетсе де, осы бір «мерекелі» мезеттен тыс қалмауды көздейтін қариялардың үйін аралайтын болдық. Бақылаушыдан мен, және барлық үйдің жағдайымен таныс, қай үйде кімнің тұратынын, олардың халі нешік, жағдайы қандай екеніне шейін бес саусағындай білетін комиссия мүшесі, осы ауылдың медбикесі бар, үй-үйдің есігін қақтық. Жоғарыда айтқанымыздай ауыл тұрғындарының басым бөлігі орыстар екен. Ал алжып жатса да дауыс беруден бас тартпайтын да солар болып шықты. Қай үйге барсаң да үш-төрттен ит, төрт-бестен мысық алдыңнан шығады. Олардың қақпасын қақылап, үйіне әзер кіресіз. Сөйтесіз де «голосоуйт» еткізу үшін келгеніңізді тәптіштеп түсіндіресіз. Бір ғажабы, медбике бәрін таниды, «дедушкасы» мен «бабушкасының» жағдайын асықпай сұрап, біртүрлі жағымсыз иіс мүңкіген үйде әжептауір аялдайды. Сосын өзінің сайлау парақшасын ұсынады, көзі көрмейтініне, қолының дірілдеп жазудан әлдеқашан қалғанына қарамастан, орыстың шал-кемпірлері әрнені тәптіштеп сұрауға құмар. Ішінара «бізге дауыс бергеніміз үшін ақша бермейсіңдер ме?» деуді де ұмытпады. Айтпақшы, сайлауға келген кейбір «бабушкалар» «праздник» кезінде неліктен 100 грам құймағанымызға налығанын айтпай кетсек болмас. Сол күні үш-төрт сағат көлемінде отызшақты үйдің есігін қақтық. Бәрі бірыңғай аурадағы үйлер. Міндетті түрде байлаулы иті бар, есікті ашып қалсаң мысықтарының бірі кіріп, бірі шығып жатады, сондай-ақ аяқ киім шешетін жерде сол мысықтардың тамағы шашылып жатқаны қай үйге барсаңызда. Үйдің есігін ашқан заматта-ақ қолқаңды қабатын қаңсырық иісті айтудың өзі қиын... Кең сарайдағы үйлеріне кірсеңіз де сол, ыбырсыған ыдыс-аяқ, өз орнын таппаған киім, жайылып кеткен көр-жер. Сайлауға дауыс берушілер партия дегеннің не екенін білмейтін болып шықты, білетіндері «Нұр Отан». Назарбаевтың партиясы бар ма деп сұрайды әуелі. Ал енді бір бөлімі «Есть коммуническая партия?» дейді жастығынан басын көтере алмай жатып. Қолдары қалт-құлт етіп, жанарларының нұры өшкіндеп тұрғанына қарамастан коммунистік партияға аса бір ықтияттықпен белгі соғып, оны бізге сенбейтіндігін де жасырмай, екі бүктеп, жәшікке тоғытады. Сөйтеді де, орайы келсе Кеңес өкіметінің ерен еңбектерін екшей жөнеледі. Ол жүйенің әлдеқашан құлағанын, оның қалпына келуі енді еш мүмкін емес екендігін де естен шығарған. Көз алдарында өздерінің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болған жылдардың елесі менмұндалайтындай. Жиырма жыл өтсе де, коммунистік пиғылдары еш өзгермеген, сенімдеріне селкеу түспеген сияқты... Өзге ұлттардың көбі «Нұр Отанға» дауыс берген себебі, олар билікке ұлтшыл партияның келуінен қорқады. Ал енді бір тобы, әсіресе кәрі-құртаңдары Коммунистік партияға дауыс берді. Мұны үй аралап жүріп анық байқадық.

«Шахановқа неге қиянат жасадыңдар?!»

Сол күні сайлаушылардың көбі «Руханияттың» сайлаудан шеттетілгеніне наразы екендіктерін білдіріп жатты. Кейбірі дауыс беру парақшасына «біз Шахановты қолдаймыз!» деп жазып кете берген. Оңаша әңгіме барысында Шаханов Парламентке келсе, қазақ тілі үстемдік алады деп билік өкілдерінің қорыққандығын, ал, қалған партияның ешбірі ұлт үшін қызмет етпейтінін айтып жатты. Тіпті, «Руханиятты» сайлаудан біз ығыстырғандай, «Шахановқа неге қиянат жасайсыңдар? Сендер де ұят жоқ» деп жекігендер де табылды.

«Жүз пайыздан асып кетпесін»

Учаскеге қайтып келсек, бақылаушылар жоқ екен. Мұғалімдер шай ішуге кеткенін, менің де сол жаққа баруымды өтінді. Клубтың артына орналасқан мектепке аяңдадым. Мектеп дейтін мектеп сиқы жоқ. Алматының іргесінде осындай жағдайда балалар білім алады дегенге ешкім сене қоймас. Аядай үш-төрт бөлмелі үй. Қабырғасы 1950 жылдары қаланған екен. Оған сол жылдары бой көтерген балабақшаны қосып, мұғалімдердің өздері жамап-жасқап күн кешіп отырған көрінеді. «Жаздыгүндері аядай бөлмеге симаған соң  балаларды далада оқытамыз, қазірше білім сапасы жаман емес» дейді ұстаздар қауымы. Үш ауысыммен төрт жүзге тарта бала білім аалтын мектептің сыртын көріп-ақ, ішінен түңілесің. Аралас мектептің 90 пайызы қазақтың балалары. Сонау Храпуновтың кезінде жаңа мектеп салынады деген уәде беріліпті. Одан бері де уәдеден құр алақан емес көрінеді. Бірақ әлі шығар нәтиже жоқ. Бақылаушыларымыз бен мұғалімдер буы бұрқыраған мантыны ортаға қойып, қызылкүрең шайды асықпай сораптап отырған тар бөлмеге бас сұқтым. Әңгіменің қызған тұсы-ау деймін, түске шейін томсырайып жүрген ЖСДП-ның өкілі де қызу әңгімеге елтіп кетіпті. Дін, тіл, рух туралы нешетүрлі хикая кетті. Саясаттың жеті атасын жездей қақтадық. Сөйтіп отырып, кештің қалай келегнін де байқамай қалыппыз. Бақылаушылар қанша адам дауыс бергенін біліп келуімді өтінді. Ойымда түк жоқ, кіріп барсам, мұғалім біткен абыр-сабыр. Сайлау қорапшасына бюллетендерді бірінен соң бірін тоғытып жатыр. Сізге өтірік, маған шын. Мені көріп сәл қысылғандай болды. Дауыс беруге тиіс мың адамның тоқсан бес пайызы «өз таңдауын» жасапты сол күні. «Байқаңыздар, 100 пайыздан асып кетпесін» дедім мысқылдап.

Сайлау «нәтижесі»

Кешкі сағат 20.00-де есікті бекітіп, төрт қара көз түгел жиналып, дауыс санауға кірістік. Әдеттегідей 1030 адамның 980-ге жуығы өз «құқыларын» дұрыс пайдалана білген.
«Нұр Отан» - 870, «Ақ жол» - 40, Коммунистік партия 20, ЖСДП -18, қалғандары одан да төмен нәтижеге ие болды.
Біздің ағай мәслихатқа іркілмей өтті.

P.S.
Бұл Алматы 0аласы Алатау ауданына қарасты  бір ауылда өткен жағадй екенін шамалап біліп отырған шығарсыздар. Аталған ауылдағы әлеуметтік мәселелер жайлы алда  арнайы  тағы бір тоқталармыз анық. Ең бастысы бір сайлау бөлімшесіндегі жағдай барлығына ортақ қой деп ойлаймыз. Қаз-қалпында, орынсыз әсірелемей түсіргенімізді естен шығармаңыздар.
«Абай-ақпарат»

Сайлау кезінде түрлі заң бұзушылықтар болғаны жөнінде ел ішіндегі әңгіме әлі де басылған жоқ. Төмендегі бейнетаспадан Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданындағы сайлау учаскелерін аралаған бақылаушының саяси науқан барысында көрген-білген, байқаған дүниелерін көре аласыздар.


;hl=ru_RU&rel=0" />;hl=ru_RU&rel=0" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="315" width="560">
;hl=ru_RU&rel=0" />;hl=ru_RU&rel=0" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="315" width="560">
;hl=ru_RU&rel=0" />;hl=ru_RU&rel=0" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="315" width="560">
;hl=ru_RU&rel=0" />;hl=ru_RU&rel=0" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="315" width="560">

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364