Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 10409 5 пікір 4 Қараша, 2020 сағат 11:52

Қостанайда мәйіт саудасы қызып тұр

Қазір мына капитализм деген құдірет төрімізге шыққан соң, ақша деген пәленің «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұр. Шешпейтін мәселесі жоқ. Араласпайтын жері қалмаған. Осыдан болар, бүгіндері неше түрлі пысықайлар сол ақша табудың неше түрлі құйтырқы жолдарын ойлап табуда. Олар үшін обал, сауап пен имандылық дегендердің ешбір құны  қалмаған. Мұндай «жұмыртқадан жүн қырыққан» қулар тіпті енді мәйіттерді жерлеуді де табыс көзіне айналдырған.

Мәселен, Қостанайда «Стикс» атты салттық агенттігінің бар екендігіне қарамастан, «өзіміз-ақ жерлеп береміз» деп мәйітхананың алдын күзетіп жүрген қулар қаптап кетті. Мәселен, облыс орталығының дәл іргесіндегі Тобыл қаласындағы дәл осындай агенттіктің басшысының айтқанына қарағанда мәйітхананың алдында тұрып алып, өмірден қайтқан адамдардың туған-туыстарына өздерінің қызметтерін тықпалап, ешкімге жол бермейтін көрінеді.

- Менің ойымша, біздің қызмет міндетті түрде лицензиялануы қажет. Қазір болса, кез-келген не штаттағы қызметкерлері, не материалдық базасы болмаса да салттық агенттік аша береді. Бұл—мүлдем дұрыс емес. Мәселен, біздің Қостанай қаласында бір ғана адамнан тұратын жауапкершілігі шектеулі серіктестігі пайда болып, жерлеу салтымен айналыса береді. Ал енді бұл жұмыспен айналысу үшін кемінде 4 адам керек,--дейді «Стикс» агентігінің директоры Қасымхан Жұматов.

Мұндай пысықайлар,әрине, еш уақытта мемлекетке салық төлемейді. Қара жамылған жұрттан пәленбай ақшаны қағып алып, қалтаға басып, тойған қозыдай жүре береді. Қиналмай-ақ табыс табудың көзіне айналдырған, мұндай жандар ештеңеден де тайсалмайды. Мәселен, біздің Қостанай облысының қазір короновирус деген індеттен қайтыс болғандардың тізімінде алдыңғы қатарларда тұр. Күні кеше ғана бірден 17 адам о дүниелік болып кетті. Ал осыларды қалай-болса солай жерлей беруге мүлдем болмайтындығы белгілі. Бұл екінің бірінің қолынан келмейді. Мәселен, сол індеттен опат болған жанды «Стикс» агенттігінің қызметкерлері арнайы костюмдер киіп, іс біткен соң оларды өртеп жібереді. Ал мұндай бір костюмнің өзі бақандай 20 мың теңге тұрады. Бір адамдар үшін мұндай төрт костюм қажет көрінеді. Ал жаңағыдай ақшаға құныққан жандар әлгіндей қыруар шығынға бара қоюы неғайбыл. 

Тіпті, айналып келгенде мәселе сол ақшада ғана емес. Короновирустан өлген адамды ешбір арнайы киімсіз жерлеген жандар күні ертең бұл індетті басқаларға да жұқтыратындығы әбден мүмкін ғой. Демек, облысымызда бұл короновирустың бой бермей кетіп отырғандығы осындай берекесіздіктің салдарынан да шығар. Бұл енді облыс орталығындағы дабыл қағарлық жағдай десек, ал анау алыс аудандарда не болып жатқандығын бір құдайдың өзі біледі.

Ал мұндай елде жоқ «жаңа бизнестің»  күнен-күнге бой алып бара жатқандығы біздің облыстық денсаулы басқармасының бастығы Дудникті де, облыстық бас сантарлық дәрігерді Нечитайлоны да алаңдатар емес. 

Жайберген Болатов

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369