Қызылжарда Абай мектебі ашылды
Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданы Петерфельд ауылының орта мектебі Қызылжар Абай мектебіне қалай айналғаны туралы бұған дейін жазғанмын.
Сол мектебіміз тап бүгін лицензиясын алып, ресми іске қосылды.
Осы жобаға тер төккен барлық әріптестерім мен мектеп ұжымын құттықтаймын!
Біз бұл мектепті биылғы жылдың басында ғана басқаруға алдық. Мектепті басқаратын «Абай мектептері» қоғамдық қоры. Бір жылға жетпес аралықта мектепті жаңарту жобасы жасалып, ол жоба іске асты. Мектептің cу, жылу, электр желілері, шатыры, едені, есік-терезесі, ішкі-сыртқы қалпы толықтай жаңарды. Оны өз қаражатымызға жасадық.
Бұл – біздің ойымыздағы қазақстандық ауыл мектебінің жаңа үлгісі. Мектепті жөндеу жұмыстары алдағы үлкен шаруаның басы ғана. Ең бастысы, әрі күрделісі ауыл мектебінің жаңа мазмұнын жасау. Мақсатымыз – мектепті тек ауыл балалары ғана емес, барлық тұрғындары үшін жұмыс істейтін білім мен мәдениеттің, жаңалық пен жасампаздықтың ошағына айналдыру.
Мектептің ауласы, спорт залы, кітапханасы, сахнасы мен акт залы, психолог бөлмесі барлық ауыл тұрғындарына жүйелі, жоспарлы түрде қызмет етуі қажет.
Кезең-кезеңмен мектеп аясында жұмыс істейтін жаңа спорт кешенін, жылыжай, технолгиялар мен шығармашылық орталығын, кәсіпкерлік мектебін іске қосамыз.
Сондықтан алда жұмыс әлі көп.
Жобаға қолдау көрсетіп, мазмұнын қалыптастыруға зор үлес қосып жатқан Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұжымы мен оның басшысы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидиноваға алғыс білдіреміз!
Бұл ауыл мектебі негізінде жасалған тұңғыш мемлекеттік жеке меншік әріптестік жобасы. Осындай тыңға түрен салған бастаманы қолдаған аймақ әкімшіліне ризашылық білдіреміз!
Бүгінгі рәсімге вице-премьер Ералы Тоғжанов, облыс әкімі Құмар Ақсақалов, НЗМ басшысы Күләш Шәмшидинова қатысып, оң баға, ақ тілектерін білдірді. Рахмет Сіздерге!
Бір жыл бұрын ешкім сенбеген елес осылайша шындыққа айналды.
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі ТОЛЫҚ АДАМ тәрбиелеуді мақсат еткен жаңа мектепке Абай аруағы жар болсын!
Рауан Кенжеханұлының жазбасы
Abai.kz