Сенбі, 23 Қараша 2024
Ой түрткі 7730 11 пікір 6 Қараша, 2020 сағат 12:40

Қытай қалай кері кетті?

Соңғы 30-40 жылда Қытайдың қарқынды даму мен өркендеудің синониміне айналғаны бар. Короновирус алқымдап, әлемдік экономика тұтастай кері шегінген осы жылдың 2-маусымында Қытай экономикасының 2.8%, 3-маусымында 4.9% өсім бергені мәлім болып отыр.

The wall street басылымының жазуынша, халықаралық валюта қоры келер жылы жер шары экономикасының 4%-ға қысқаратындығын, ал Қытай экономикасының керісінше 1.9%-ға өсетінін межелеп отырған көрінеді. The Financial Times басылымы халықаралық валюта қорының деректерін талдай келе, осы жылдың 2-маусымында Қытайға жөнелтілген экспорттың жер шары экспортының осы көрсеткіш енгізілгеннен бергі ең жоғарғы меже 11%-ға жеткендігіне көз жеткізіпті. Басқа да белгілер Қытай экономикасының қалпына тез келіп, өсу қарқынын қайтадан үдете бастағанын көрсетіп отыр

Бұл жерде әңгіме Қытай идеологиясы мен даму бағытындағы кері кетушілік жайында болмақ. Қытайдың жоғары билігіне Ши жинпиң келгелі, елдегі бірден-бір билік партиясы есебінде ҚКП-ның солшыл бағытқа ауытқи бастағаны белгілі. Бұл Шидің өз жеке құзіретін орнықтыру мен күшейтуге меңзеген тәсіл-шараларымен қатар, жалпы ҚКП идеологиясының Дэн (Сяопин) дәуіріндегі прагматикалық бағыттан айнып, классикалық утопиялық бағытқа көбірек мойын бұруымен ерекшеленеді.

Шидің өмір кешірмелері мен азамат болып қалыптасу жолдары оның маркистік идеолгияға сену мен Мао (Цзэдон)-дың тұлғалық қасиетіне табыну ыңғайын қалыптастырды. Сондықтан да билікке келісімен партияны тазарту ниетімен әуелі жемқорлық пен парақорлыққа қарсы науқан бастады. Ол нәтижесіз де болған жоқ. Халықтың алқауына да ие болды. Осы барыста ол жеке беделін көтеріп алумен бірге партия іші, билік төңірегіндегі қарсыластары мен ықтимал бәсекелестерін де аластауға қол жеткізді. Сонымен өзінің екінші кезекті сайланымынан кейін (2018-2022жж.) жеке үстемдігін түбегейлі орнықтырудың қадамдарына көшті.

Қытай конституциясында белгіленген мемлекет төрағасының билікте екі кезектен ары сайлануына жол бермейтін тарауына өзгеріс енгізіп, 2018 жылы ондағы мерзім шектемесін алып тастады. Сонымен бір уақытта «Ши жинпиңнің жаңа дәуірдегі қытайдың социалистік идеясы» теориясын (қысқаша «Ши идеясы» делінеді) жасақтап, оны ҚКП жарғысы(10.2017ж.) мен ҚХР конституциясына(03.2018ж) енгіздірді. Бұл Маодан кейінгі қытай басшыларында бомаған жосын-ды. Бұл «идеяның» өзекті ұстанымы елде компартияның обсолютты басшылығын қамтамасыз ету, социялистік қоғамдық жүйені бекемдей түсу болып табылады. Қазір қытайдың бүкіл мемлекеттік аппараты, әлеуметтік институттары, бизнес қауымдастық, барлық медиа, жоғары-төменгі білім ошақтары, тұтас жұрт осы бағдарға жұмылдырылған. «Ши идеясы» марксизм-ленинизм, Мао идеясымен қатар дәріптеліп, елдің дамуы мен алға жылжуының қыбыланамасы есбінде үгіттеледі. 2017 жылы «Ши идеясы» «үйренуде қуатты ел» әлеуметтік қосымшасына байланып, барлық мемқызметкерлер мен бюджетпен қамтылатын жұрттың міндетті күнделікті үйренетін және есеп беретін нормасына айналдырылған еді.

2019 жылы қыркүйекте ҚКП орталық апараты мен үкімет апараты «жаңа дәуірдегі оқу орындарының идеялық- саяси теория сабақтарын реформалау мен жаңартуға қатысты ұсыныстар» деген құжат әзірлеп, бүкіл мемлекет көлеміндегі маңызды марксизм институттарынлда “Ши идеясы” сабағын кіргізуді ортаға қойған болатын. Айтқанындай 2020 жылы әйгілі Чин хуа, Бей жің, Халық университеттері сынды қарамағында марксизм институттары бар 37 ЖОО жаңа оқу маусымын «Ши идеясын» үйренумен бастап отыр. 2019 жылы желтоқсанда қытай білім минстрлігі «Ши идеясын» «оқулыққа, дәрісханаға,  студенттердің батстapынa»  кіргізуді мұрат тұтқан «он мың үлгілі дәрісхана» жабдықтауды қолға алды. «Қытай жастары газеті» жуықта «Ши идеясы» сабағының 2020-2021жж. оқу жылдарындағы бакалавирлардың міндетті сабағына айналатынын жазыпты.

Қазірдің өзінде 10 ЖОО қабырғасында «Ши идеясын зерттеу орталығы» жұмыс істеп тұр. Осының барлығы да «ҚКП басшылығы мен социалистік жүйені қолдап-қорғайтын, қытайлық өзгешелікке ие социализм істері үшін өмір бойы күресуді мұрат еткен пайдалы персоналдардың  буын- буынын үзіліссіз баулып шығарудың» (Ши Жинпиңнің 18.03.2019ж. мектептердің саяси теория сабақтары мұғалымдарының жиналысында сөйлеген сөзі) қамы. Ши тура осы жиналыста тағы да «бұл үшін біз келесі ұрпақты жақсылап тәрбиелеуіміз, баулуымыз, мұны және мектептен, сәби кезден бастауымыз керек» деп көрсетеді. Бұл коммунистік «қызыл генді» баладан бастап егуді меңзейді.

Қытайдың меншік жүйесінде «жалпылық меншіктің негізгі меншік субъекті» екендігі, «мемлекет иелігіндегі экономиканың ұлттық экономиканың жетекші күші» екендігі конституциямен бекітілген. Жуық жылдары мемлекет меншігіндегі бизнес  қатты қолдау тауып, ілгеріде үдере өркендеп келе жатқан жеке бизнес пен халықтық бизнестің тынысы тарылуда. Сондықтан да сарапшылар қытай экономикасын «мемлекеттік капитализм» деп сипаттап отыр. Елдегі салықтың 50%-тен, ЖІӨ-нің 60%-тен көбін, технологиялық инновацияның 70%-тен астамын беріп, 80%-тен көп адамды жұмыстандырып отырған халықтық экономика барған сайын теңсіздікке ұшырап, нарыққа кіру нормасы, салық, несие, субсидия сынды ынталандыру механизмдерінен қақпай көріп, көпе-көрінеу мемлекеттік меншікке орын босатуда. Мемлекет үкіметтің қадағалау, реттеу шараларын енгізу желеуімен ішінара бизнестерге «мемлекеттік қадағалауды», шын мәнінде, тартып алуды іске асырып жатыр. Кәсіпкерлер «қайталай мемлекеттендіруге» ілігіп кетулерінен алаңдаулы. Мұнда да солшыл идеологияның иісі қоңырсиды. Мысалы, жеке және халықтық кәсіпорындар ҚКП бастауыш ұйымдарын құрумен бірге, оның «біртұтас басшылығын» қабылдауға міндеттелгелі біраз жыл болды. Оны дейсіз, партияның бастауыш ұйымдары қытайдағы шетел кәсіпорындарына да кіргізіле бастады, ол кезегінде шетел капиталының елден қашуының  бір себебіне айналуда. Бұл ҚКП өзі ауыз жаппай дәріптеп келе жатқан «реформаны онан сайын тереңдету, есікті барған сайын айқара ашу» ұстанымы мен дәріптемесіне мүлде кереғар тірлік болып тұр.

Қытайда солшылдық нысайдың етек алып бара жатқандығыының тағы бір белгісі - 70-жылдарда ауылды жерлердің сұранысын өтеуде дәнекер болған қамдау-сату кооперативтерін қайта жандандыру болса керек. Сұраныс пен ұсыныс тікелей нарықтық тетіктермен реттеліп, жүйеленіп кеткен бүгіндері, бұл кооперативтердің неге керек бола қалғаны ресіми түрде оның «осызаманғы ауылшаруашылығын жебеу, шаруалардың табысын көбейту, қала мен ауылдың кіpіге дамуына түрткі болу» (24.10.2020 бүкілқытайлық қамдау-сату кооперативтерінің 7-жиналысы) жағындағы игі әсерімен түсіндірілгенімен, мұны ҚКП-ның нарықтан көрі көбінеки әкімшілік тетіктерге басымдық беруге ден қоюының нышаны демеске уәж жоқ. Жиналыстың мәліметінше, меже бойынша осындай кооперативтер қытайдың барлық ауылдарын қамтуы керек екен.

Қытайда солшылдықтың туын желбіреткен саланың бірі - дипломотия саласы. Қытай реформасының «бас архитекторы», аса прагматик саясаткер Дэн өз тұсындағы халықаралық жағдай мен халықаралық күштердің арасалмағын, геосаяси жағдаятты, қытайдың әл-ауқатын бағамдай келе, «жусаннан биік, бетегеден аласа қалыппен әліне қарай әсер ету» стратегиясын бекітіп еді, сондай-ақ осы ұстанымнан 50 жыл айнымауды аманаттаған-ды. Осы стратегияның орасан пайдасына кенеліп келген елдің берекесін Ши билігі әбден кетірді десе болатындай. Елдің қуатын тым артық межелеп алған Ши төраға қытайдың сыртпен байланысын «айбындана ұмтылып, ырықтылықпен ықпал ету» принцибімен құруға көшті. Социалистік жүйенің «тума артықшылығына» болған шексіз сенім мен бұқаралық популизмге иек артқан аталған стратегия, «адамзаттың тағдырластығы қауымдастығын құру» бастамасын көтеруге, халықаралық қатынастың «жаңа тұрпатын» жасақтауға ұмтылуға, дамудың «қытайлық үлгісін» тықпалауға ентелейді. Нәтижесінде қазіргі СІМ Уан И министр жасақтаған, әлжуаз елдерді қаржымен ырқына көндіріп, қарымды елдермен текетіресе кететін, шел көзденген «арлан дипломатиясы» (2015-жылы түсірілген ұлтшылдық райдағы киноның аты, қытай СІМ өздерін кинодағы жауынгер командаға ұқсатуды әдетке айналдырған) қалыптасты. Соның кесірінен төңірегінің дені жау. Осы тұста «Ши Жинпиңнің дипломатиялық идеясын зерттеу институтының» қызметі мен беделіне күдіктенбеуге негіз қалмайды.

Солшылдық үдерісі Шидің билікке келуімен ілесе асқынған болса, оның Ши биліктен кетпей байыздамасы әбден анық. Қытай халқы болсын, қытайдың әр қимылын бағып отырған саяси сарапшылар болсын, 26-29 қазанда жабық есік жағдайында өткен ҚКП 19 съездінің 5-жалпы жиналысынан әлдеқандай жаңалық күткен. Өйткені қалыптасқан дағды бойынша, осы жиналыста партияның басшылық орнына келетін келесі тұлғаның кім болатыны айқындалатын. Алайда осы жолы ешкімнің аты аталған жоқ. Бірсыпыра сарапшылар жиналыста талқыланып бекітілген «Ұлттық экономика мен қоғамды дамытудың келесі 5 жылдық жобасы және 2035 жылға дейінгі алыс мерзімдік межесі» атты құжаттағы 2035-жылды Шидің келесі бес жылға ғана емес, 2035-жылға дейін билікте қалғысы келетіндігінің ишарасы деп тұспалдауда. Шынымен де «бір ауыздан мақұлданған» жиналыстың қорытынды құжатында «әмәлият Ши жинпиң жолдас партия орталығының және  тұтас партияның ұйтқысы ретінде тізгін ұстап жол бастайды екен, ілгерілеу жолындағы неше түрлі қиыншылықтар мен кедергілерді жеңіп шығарымызды... дәлелдеп отыр» делінген. Ал Ши билікте қала берген сайын, қытайда әсіре солшылдық идеология ірге кеңейтіп, тамыр жая түсері сөзсіз. Тиісінше тұтас мемлекет те 30-40 жылдан бергі әлемдік қауымдастыққа етене кірігіп келе жатқан жүрісінен жаңылып, кері кетуі кәдік.

Ал қытайдың мәселесінің елімізге қатыстылығы турасында, ресми тұрғыда елімізбен «ұзақ мерзімдік стратегиялық ынтымақтас әріптес» саналатын, былай да ірге көрші елдің саяси бағдары мен ондағы билік құрылымының ұшар басындағы өзгерістер қашан да назарымызда болғаны абзал-ақ.

Мұқаметхан Қонарбай

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394