«Таза сайлау» бақылаушылар ұйымы құрылды
2021 жылы өтетін Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауының әділ өтуіне үлес қосу үшін қоғам белсенділері мен журналистер «Таза сайлау» азаматтық бақылау ұйымын құрды. Бұл туралы Azattyq-ruhy мәлімдеді.
Аталған ұйым белсенділері 13 қараша күні Алматыдағы Қазақстан баспасөз орталығында БАҚ өкілдерімен кездесіп, қозғалыстың мақсаты туралы айтты.
Бақылаушылар қатарында жазушы, қоғам белсендісі – Бигелді Ғабдуллин, журналист Махат Садық, тележурналист Ерқанат Көпжасарұлы, қоғам белсендісі Жанна Ахметова, саясаттанушы Эдуард Полетаев бар.
«Таза сайлау» топ бастамашылары тәуелсіз сайлаушы толқынын тәрбиелеуді көздеп отырмыз. Қазақстанда саяси мәдениет мектебін қалыптастырамыз. Біз ешқандай партияға мүше емеспіз. Біздің қозғалыстың мақсаты – әлемге таза, әрі, әділ сайлау жасай алатынымызды көрсету. Қозғалыс белсенділері сайлау күні жұмыс істейді. Біздің бақылаушылар арнайы дайындықтан өтіп, визуалды түрде бәрін бақылайтын болады. Біздің билік те елде таза сайлау өтуіне мүдделі», - деді журналист Бигелді Ғабдуллин.
Тәуелсіз бақылаушылар қозғалыс артында ешқандай «адам тұрмағанын» және ұйымды ешкім қаржыландырмайтынын жеткізді.
«Біз тек сайлау кезінде ғана жұмыс істейміз. Артымызда ешкім тұрған жоқ және бізді ешкім қаржыландырмайды. Аймақтардағы өкілдеріміздің көпшілігі - кәсіпкерлер. Аймақтардағы бақылаушыларды ZOOM арқылы оқытамыз. Бақылаушылар үшін ешқандай артық шығын жоқ. Аудио, видеолардың өзі үлкен күш. Әділ сайлау өтпесе, әділ сайлау болмаса, демократия деген сөзді айтудың еш қисыны жоқ. Халық болашағына немқұрайлы қарамауы керек. Белсенділер бар, басқаларымыз болып әділ сайлаудың өтуіне мұрындық болуымыз керек. Басты күшімізді сайлауға көп адамның келуіне жұмсаймыз», - деді тележурналист Ерқанат Көпжасарұлы.
Айта кетейік, 2021 жылдың 10 қаңтары күні Мәжіліс сайлауы өтеді. Сайлауға 6 партия қатысады.
Abai.kz