Сенбі, 23 Қараша 2024
Әңгіме 4566 4 пікір 16 Қараша, 2020 сағат 12:13

Көңіл кетігі...

Кеше көп қабатты үйдің ауласына қар мол түсті. Ал оның алдында түнімен жаңбыр жауып, мұз қатып, асфальт көк тайғанақ болып жатқан. Түнімен жапалақтап жауған қар көк мұзды жауып, үйдің кіреберістеріне де үйіліп қалды. Бұл біраз адамға қолайсыздық тудырды. Кіреберістен алаңсыз шыққан кейбір тұрғындар мұзға   әлі қатып үлгірмеген ұлпа қарды жайбарақат басып қалғанда аяқтары тайып, оңбай жығылып та жатты.

Сонан, әлбетте, тұрғындар шу шығарды: ПИК төрағасы қайда қарап отыр, неге кеше мұзға тұз сеуіп, құм шашпады деп. Қар болса күрелмей жатыр. Артынша зәулім үйдің ауласындағы қарды үш-төрт жұмысшы ақырын күреп, кіреберістер алдына құм шашып жүргендей түр көрсетті. Олардың салғырт жұмысына бір отағасы қарап тұрған. Ана ортаңғы кіреберістің алдындағы алаңқайдың қары сəл күрелгенде мұзы көрінді. Ондай тұстарға қар күреушілердің бірі құм сепкендей болады. Алайда осының бəрін бақылап тұрған əлгі орта бойлы отағасына бұл іс барысы жақпады. Ол құм сепкендей болып жүрген жұмысшыға жақын келіп, дүрсе қоя берді.

- Неге қарды дұрыстап күремейсіңдер? Ана жерге мол етіп құм сеп! Адам аяғы тайып, жығылып жатыр ғой. Əйтпесе жоғарыға шағымданам! - деді ашу шақырып. Жұмысшы оған алайып бір қарады да, күрегі мен құм салынған шелегін көтеріп кетіп қалды. Отағасының қаһарлы жүзі де, айбарлы сөзі де оған түк əсер етпеді. Көкірегін ыза кернеген отағасы көк мұздың үстіне шашылған он шақты құм түйіріне бір қарап, жайбарақат кетіп бара жатқан жұмысшыға бір қарап  күбірлеп қала берді. Сол кезде оның жанына келген көршісі Ыбырай:

- Ай құрдас, жасың келсе де, істің қайырын табуды білмейді екенсің, - деді. Ашуын əлі де баса алмай тұрған отағасы енді Ыбырайға бұрыла:

- Е ол не, соншама мен білмейтіндей? - деп сүзіле қарады. 

- Оны қазір білесің. Мен əуелі ана жұмысшылармен сөйлесіп келейін, сосын көресің, - деп, шаруаларын түгел реттеп болғандай жиылып тұрған аула сыпырушыларға кетті. Оның олармен не туралы сөйлескенін отағасы, əрине, естіген жоқ. Бірақ жымын қаққан екі жұмысшы бірі – құм толы шелегін, бірі – күрегі мен сыпырғышын көтеріп, лезде дедектеп жетіп келді. Отағасына жылы қарап: "Қалайсыз, аға!" деп алып, кіреберіс алдына молынан құм шашып, оны сыпырғышпен жайып, тротуардың қарын күреп, оның үстіне де құм сеуіп, əп-сəтте шаруаны ретке келтірді. Сосын Ыбырайға: "Жақсы, аға!" деп, өзге кіреберістер алдына назар салмай кетіп қалды. Көңіл ашуы саябырсыған отағасы сəл үнсіздіктен кейін көршісіне: 

- Ал Ыбырай, əлгілерге не дедің?! - деп танырқай сұрады. Отағасына күлімсірей қараған Ыбырай: 

- Не дейін, түк дегенім жоқ. Тек көңіл кетігін таптым, - деді. Бұл жауап отағасына ұнамады.  Өзін мазақтап тұрғандай көрінді.

- Əй Ыбырай, жұмбақтамай ашық айтшы! Не дедің?

- Ештеңе дегенім жоқ, тек ақша бердім. Бұл жаңағы кеміс кетіктің орнын толтырған «тетігім» болды.

Мұны естіген отағасының көз шарасы үлкейіп сала берді. Ыбырайдың айтқанын толық түсінбесе де «ақша бердім» деген сөзі ерсі көрінді.

- Сен не, пара бердің бе?! Мына жұмысты істету үшін ақша бердің бе?! Мұның қалай?

- Түк қалайы жоқ. Əне қара, басқа кіреберістердің алды қардан дұрыс аршылған да жоқ, құм да жөнді себілген жоқ. Ал сенің, яғни біздің кіреберіс тұрғындарының бұл мәселесі шешімін тапты. Бəрі адам қамын ойлағандық.

- Ойбай-ау, оларға осы жұмыс үшін арнайы ақы төленеді ғой! Сен пара беріп, жаман үйреттің. Мұның нағыз масқара іс емес пе?!

- Жоқ, а! Бұл – қайырымды істің амалы. Оған да жақсы, бізге де жақсы. Жəне мұны пара демейді. Адамның көңілін табу, ықыласын ояту, ең бастысы пейілі мен ниетін оңдаудың кемістігі орнын толтыру дейді. Біз адамбыз ғой, ал адам бір-біріне болсын деген  пейілмен қарау керек. Ол алған ақысына сай іс тындырады, ал бізге істің қалауымызша шешімін тапқаны керек. Ол үшін мен оған кедергі болатын кетіктің сұранысын бердім. Жұмыс та жүріп қоя берді. Міне, біздің жүйе осылай құралған, тек оның кетігін біз өз амалымызбен толтырып жүрміз.  Ал келесі жолы сен айтпай-ақ олар бұл жерді келістіре тазалайды. Аңдарды да үйретсең, сол ісінен жаңылмайды ғой. Жемі болса болды. Бұл  қоғамның кішкене ғана шынайы көрінісі. Ал қалған салалардағы жағдай мұнан да зор.  Сондықтан қоғамның ағысынан қалмай, жүйенің жолынан шықпай кеміс кетіктің тетігін де таба біл, құрдас! - деген Ыбырай бір жымиып алды да жүріп кетті. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?

Александр Тасболатов

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458