Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 2875 7 пікір 23 Қараша, 2020 сағат 11:34

Абай ілімі һәм Кеңес одағы...

Тарихымызға көз жіберетін болсақ, еліміз коммунистік қоғам орнату жолында бірнеше кезеңдерден өткен екен. Бұл кезеңдерді Абай ілімі аясында қарастыратын болсақ, оның мән-мәнісі, Кеңес Одағының ыдырау себептері кеңінен ашылып, түсінікті болады. Өткен тарихымызды саралай отырып, бүгінгі өмірімізді түсіне аламыз.

Абай ілімі бойынша қоғам өмірі жан құмары мен тән құмарының күресі. Жан құмары мен тән құмары ерік пен тәртіпті тудырады. Қоғамдағы барлық көрініс осы ерік пен тәртіптің үйлесімділігіне байланысты. Бүгінгі өтпелі заманда келешегімізді дұрыс анықтап және бұрынғы қателіктерімізден аулақ болу үшін өткен өмірімізді жаңа тұрғыдан түсінудің маңызы зор болып отыр.

Қандай өркениет болса да толқын тәрізді жетілу кезеңінен өтіп, құлдырап барып, жоғалады. Мұны синусоида құбылысы деуге болады. Синусоиданың жоғары өрлеу мен төмен құлдырау бөлігі, және оларды жалғастыратын өтпелі кезеңдері болады. Кеңес Одағы да осындай заңдылық ықпалында болды. Осылай Кеңес дәуірі төрт кезеңнен өтті. Олар: Бірінші өтпелі кезең – 1917-1932 жылдар; Тұрақты өркендеу кезеңі – 1932-1953 жылдар; Екінші өтпелі кезең – 1953-1985 жылдар; Тұрақты құлдырау кезеңі – 1985-1991 жылдар.

Бірінші өтпелі кезең – 1917-1932 жылдар. 1917 жылы әуелі Буржуазиялық, сонан соң пролетарлық революция болды, монархия толық жойылды. Кеңес дәуірі басталды. Бұл кезең қағаз жүзінде халық билігі болғанымен, іс жүзінде коммунистік партияның диктатын орнатқан пролетариат диктатурасынан басталды. Пролетариялық диктатура адамның еркін ескермей, коммунизм идеясын тек қана қатаң тәртіп арқылы жүзеге асыру үшін керек болды. Басқа жол да жоқ еді. Осылай тоталитарлық жүйенің негізі құрылды.

Революциядан кейін ел бейберекет болды. Қоғам өзгеріп, экономика құлдырап кетті. Қоғамдағы тәртіп пен адам еркіндігінің бұрынғы үйлесімділігі бұзылды. Эсерлер мен анархистар тәрізді түрлі саяси топтар көбейіп, қоғам бөлшектеніп, тыныштық кетіп, хаос пайда болды. Халықтың тіршілігі тозаққа айналды. Ел «қызылдар» мен «ақтарға» бөлініп, Азамат соғысы (1918-1924 жж.) басталды. Осылай қоғам өмірі түзелудің орнына, құлдырап, ел күйзеліске түсті. Мұндай жағдай барлық төңкеріс, революцияларға тән еді.

Коммунистік партия үшін бұл капитализмнен социализмге қарайғы өтпелі кезең болды. Бұл дәуір революциядан кейінгі азамат соғысы мен елдің жағдайын бір қалыпқа келтіруге арналған «соғыс коммунизмінен»  (военный коммунизм) басталды. Коммунизм идеясы бойынша қоғамды халық басқарып, адамдардың барлығы бірдей болуы керек. Адам толық еркінді. Революциядан кейін ешкім өз еркімен утопиялық қоғамды, коммунизмді құрғысы келмеді. Сондықтан бұған халықты күшпен көндіру керек еді. Жер помещиктерден тартып алынып, шаруаларға, ал өнеркәсіп орындары жұмысшы өкілдеріне берілді. Жеке меншік қоғамдық меншікке ауысты. Ауылда артық өнімнің барлығы тартып алынды, бүкіл өнеркәсіп пен банк қоғамдық меншік болды. Сонымен бірге, коммунистік идеяны насихаттауға зор көңіл бөлінді. Коммунизм идеясы сақталды, бірақ ол күшпен енгізілді. Адам баласы үмітпен өмір сүреді. Коммунистер халықты жарқын болашаққа  күшпен сендіруге кірісті. Осылай күштің көмегімен адамды коммунизм идеясына сендіріп, өз еркімен қатаң тәртіпті сақтауға мәжбүр етті. «Соғыс коммунизмі» деп аталған бұл жағдай коммунистерге Азамат соғысын тыныштандыру және елде қатаң тәртіп орнату үшін керек болды.

Осыдан кейінгі кеңес дәуірін түгелдей адамың еркі мен қатаң тәртіптің арасындағы күрес тарихы деуге болады.  Бірде ерік, бірде қатаң тәртіп күш алып, бұл жүйенің жағдайы әуелі дәуірлеу кезінен өтіп барып, құлдырады да, ақыры жойылып кетті. Кеңес дәуірінің тарихы – ерік пен тәртіптің өзара байланысының көрінісі болды. Бұл өмір адамзатқа тағдырдың берген үлкен ғибраты еді. Коммунистер жарқын болашақ жолында түрлі тәжірибелер жасауға мәжбүр болды. Мұндай утопиялық идеяны күшпен іске асыру мақсаты бұрын тарихта болмаған.

Елді қатаң тәртіп құрсауында ұстау үшін билік бір орталықта болуы керек.  Сондықтан, бүкіл экономикалық жүйе бір орталықтан басқарылды; халық шаруашылығын жоспарлап, орындауға нұсқаулар жасалды; сауда-саттық қысқарды, нәтижесінде ақша құнсызданып, ел ақшаны қабымен тасығанымен, ол ақшаға керегін сатып ала алмай, ақша айналымы тоқырауға түсті. Аштық, зорлық-қысымға шыдамаған халық көтеріліп, көп жерлерде қарсылық көрсетті. Сондықтан соғыс коммунизмі идеясынан бас тартуға тура келді. Коммунистік идея қалай күшті дәріптеліп, насихатталса да, ол шешуші рөл атқара алмады.

Осылай коммунизмнің алғашқы тәжірибесі сәтсіз аяқталды.

Бұл сәтсіздік коммунизм идеясының утопия екенін көрсететін бірінші жағдай еді. Адам сеніміне күш жүрмейді. Күшпен зорлап ешкімді сендіруге болмайды. Енді коммунистердің алдында бір-біріне қарама-қарсы екі жол жатты. Біріншісі – коммунизм идеясынан бас тартып, табиғи заңдылық аясында жетілетін ерікті капиталистік жолға көшу. Екіншісі –қатаң тәртіп арқылы адамды жарқын болашаққа жеткізетін коммунизм идеясын әрі қарай жалғастыру.

Коммунистер екінші жолды таңдады. Себебі, тарихты тоқтату мүмкін емес. Көп шығын шығып, іс-әрекет басталып кетті. Алғашқы идеядан утопия болса да бас тартуға мүмкіндік жоқ болды. Жаңа жоспар жасалды. Бұл жоспарда коммунизм идеясы толық қамтылмады. Себебі әлі толық күшіне енбеген коммунистер партиясы капиталистік қатынастардан толық бас тартып,   коммунистік идеяға берілуге әлі дайын емес еді. Сондықтан өтпелі дәуір ретінде аралас қатынас қабылданды. Бұл жоспар Жаңа экономикалық саясат (Новая эконическая политика), тарихта НЭП деп аталып, маңызды тәжірибе берды.

НЭП 1920-1929 жылдар арасында болды. «Соғыс коммунизмі» идеясы тек қана қатаң тәртіп өмірдің барлық мәселесін шеше алмайтынын көрсетті. Бұл ақиқатты түсінген билік енді ерікке жол ашты. Осылай капиталистік қатынасқа, аз да болса, жол берілді. Саясат үшін бұл қадам кейін қарай бағытталған қадам еді. Экономика бағыты өзгеріп, бір бөлігі жалға берілді, жеке меншікке жол ашылды; сауда-саттық жанданды; шаруалардың алған өнімін толық тартып алмай (продразверстка), бір бөлігін өздеріне қалдырды (продналог). Салық 2-3 есе азайып, шаруалардың кеудесі ашылып, өндіріске деген ынтасы пайда болды. Өз еріктерімен олар ынталана жұмысқа кірісті.  Осылай мемлекет пен жеке меншік араласқан, яғни социалистік және капиталистік бейнесі бар аралас экономика өзінің жақсы нәтижесін беріп, құлдыраған экономика жандана бастады.

Бірақ экониканың тез қарқынмен өрлеуіне коммунистер жол бермеді. Олар жеке меншікті өз қарамағына алып, үнемі жаншып, бақылауда ұстады. Жеке меншікке үлкен салық салып, оның капиталын өсірмеуге тырысты. Салықтың үлкендігі соншалықты, қазынаға өнімнің тіпті жартысынан көбі кетіп отырды. Шаруалардың жағдайы да қиын болды. Өздерінің шаруашылығын жетілдіру үшін жабдық, құрал-сайман керек еді, бірақ бағасы өте жоғары болғандықтан, оларды сатып алуға мүмкіндіктері болмады. Қалай дегенмен де, осындай қиыншылықтарға қарамастан, елде жағдай жақсарып, қоғам жандана бастады. Молшылыққа жол ашылды. Адамдар еркіндік сезініп, еңсесі көтерілді. Еркіндіктің маңызы осындай еді.

Бірақ бұл бақытты өмір ұзаққа созылмады. 1927 жылдың аяғында нан тапшылығы болып, экономикалық тағдарыс басталды. Халық ашығып, экономика тағы құлдырап кетті. Әуелде жанданып, жақсы нәтижесін берген экономика осылай тоқырауға түсті.

Мұның себебі не еді?

Жаңа экономикалық саясаттың сәтсіз аяқталу себебі – елде қарама-қарсы екі (қоғамдық және жеке) меншік пайда болды. Олар үнемі бір-біріне бөгет болып отырды. Капиталистік қатынастан қауіптенген үкімет жеке меншікті үнемі тежеп, тұншықтыруға ұмтылды. Мұндай зорлықтан ақыры адамдардың ынтасы сарқылып, жеке меншік капиталы жеңілді. Ал қоғамдық капиталды алатын болсақ, ол әлі жетілмеген, әлсіз еді. Сондықтан қоғамдық капитал халық мұқтажын толық қанағаттандыра алмады. Нәтижесінде халық шаруашылығы тығырыққа тіреліп, елді аштық жайлады.

Экономиканы жетілдірудің өз заңдылығы болады. Оны бұзуға болмайды. Экономиканың екі жолы бар: бірі – толық ерік, екіншісі – толық қатаң тәртіп. Екеуі араласып кетсе, нәтижесінде екеуі де жетілмей қалады. Бірішісі – демократия жолы, ал екіншісі – тоталитарлық жол. Бұл екі әдіс өзара қарама-қарсы. НЭП бұл қағиданы толық дәлелдеді. Экономиканың эволюциялық заңдылығын ескермей, оны дөрекі бұзу, міне,  осындай кері нәтижесін береді. Кейіннен Н.С.Хрущев дәуірінде тәртіп пен еркіндік жарысқа түскені белгілі. Тәртіп Кеңес Одағында, ал еркіндік демократия орнаған АҚШ-та болды. Бұл жарыста АҚШ экономикасы жеңіп шықты, еркіндіктен шығатын жан құмары өзгергіш тән құмарынан жоғары тұр. Абай ілімі аясында қарастыратын болсақ, Кеңес Одағының ыдырауының негізгі себебі – жан құмарын ескермей, жалаң тән құмарына берілуден екенін түсінуге болады.

Сонымен, күшпен ендірмек болған коммунистердің Жаңа экономикалық саясаты да сәтсіз аяқталды.

Шаруашылықты жандандыру үшін олардың алдында бір-біріне қарама-қарсы тағы екі жолы жатты. Бірі – толық ерік, демократиялық жол  болса, екіншісі – қатаң тәртіп, тоталитарлық жол болды. Коммунистер, әрине, қоғамдағы жағдайды жақсы түсінді. Қоммунизм идеясы бойынша –адамдардың барлығы тең және толық ерікті, толық демократия болу керек. Іс жүзінде коммунизм орнату утопиялық идея болғандықтан, оны халық толық қолдамайды, сондықтан оған демократиялық ерікті жолмен жету мүмкін емес. Бұл қағиданы олар жақсы түсініп, екінші жолды, қатаң тәртіпті қабылдауға мәжбүр болды. Қоғамда қағаз жүзінде коммунизм идеясы, бірақ іс жүзінде бәрі керісінше, қатаң тәртіпке бағытталды. Осылай пролетариат диктатурасы барлық билікті өз қолына шоғырландырып, тоталитарлық қоғам орнатуға кірісті.

1922 жылы желтоқсанның 29 жұлдызында КСРО құру туралы келісім шарт жасалды. Қағаз жүзінде Кеңес Одағына кірген мемлекеттер барлығы тең праволы, ерікті болды, бірақ іс жүзінде орталық жасаған қатаң тәртіпке бағынып, басқарылды. Ең жоғарғы билік Коммунистік партияның Политбюросында болды. Оның шешімдері ешбір талқыға түспей, мүлтіксіз орындалуы керек болды. Политбюро мүшелері де өзара тең құқықты деп есептелгенімен, бірақ іс жүзінде билік әуелі Ленин, сонан соң Сталиннің қолына көшті. Әуелі Политбюро бір-біріне қарсы екі топқа бөлінді. Бірін – Сталин, екіншісін – Троцкий басқарды. 1923 жылдың аяғында Троцкий партиядағы теңдікті талап ете бастаған еді. Троцкий Сталинді, және оның жақтастарын ашық сынға алды. Бірақ бұл күресте Троцкий мен оның жақтастары жеңіліп,  «халық жауы» аталып, 1927 жылы олар толығымен жойылды. Бұл кезде Сталиннің беделі күннен күнге өсті, ал 1929 жылы билік Сталиннің қолына толық көшті. Осылай Сталин өзінің барлық қарсыластарын жеңіп, билікті толық өз қолына алды. Бұл заңды құбылыс еді. Себебі Троцкий ұсынғандай Политбюроның мүшелері тең болып, бір адам басқармайтын болса, онда билік тобырға айналып кетер еді. «Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел?» деп Абай айтқандай, әркім өз жағына тартып, елді бір жұдырыққа біріктіру мүмкін болмас еді. Бұл – демократиялық жол деуге болады. Бірақ адамдардың саяси санасы жетілмеген, сондықтан демократиялық принциптер әлсіз. Мұндай жағдайда елдегі күйзелісті демократия жолымен шешу мүмкін емес. Анталаған жау қоршаған шешуші кезеңде тоталитарлық жолмен халықты біріктіруге лайықты бір адамның болуы тарихи қажеттілік еді. Бұл адам Сталин болды. Партия мүшелері де бұл өзекті мәселені жақсы түсінді, сондықтан көпшілігі Сталин жағына шығып, оған толық қолдау көрсетті.

Осылай Кеңес Одағының тағдыры шешілді. Тоталитардық әдіспен қатаң тәртіп орнатып, көпшілікті бір арнаға салуға, елде күшпен социалистік қоғам орнатуға мүмкіндік туды. Халықтың тағдыр берген жасампаздық қуатын бір бағытқа шоғырландырып, жылдам қарқынмен өркендеуге жол ашылды. Кім білсін, елде Сталиндей адам және оның жасаған саяси-әлеуметтік жүйесі  болмаса, Кеңес Одағы мүмкін жетпіс төрт жыл да өмір сүре алмас еді. Бұл тағдырдың адамзатқа берген үлкен тәжірибесі болды.

Қатаң тәртіп қорқыныш сезімімен байланысты. Қоғамда террор басталды. Коммунистер ревоюция жауларын ауыздықтап, қоғамды бір қалыпқа келтіру мақсатымен осындай қатаң шараларға барған еді. Қызыл террор Азамат соғысымен қабаттасып, 1924 жылға дейін созылды. Осы жылы Азамат соғысы «қызылдар» жеңісімен аяқталды. Азамат соғысынан кейін коммунистер билікті толық өз қолдарына алу үшін өздерінің идеясын дәріптеп, бөгет жасай бастаған эсерлер мен меншевиктерді толығымен құртуға кірісті. НЭП кезінде байыған помещиктер мен байларды жер аударып, не болмаса түрмеге қамады. Осылай ГУЛАГ, КарЛАГ, АЛЖИР тәрізді лагерлер көбейіп, мыңдаған адам азап шекті. Тұтқындардың көпшілігі Беломорканал тәрізді өндіріс орындарында, не болмаса Сібірде алтын рудасын өңдеу, ағаш кесу тәрізді ең ауыр жұмыстарда өмірін кешті.

Қоғамның синусоидалық дамуында төмендеуі мен өрлеу бағыттарын жалғастыратын доға он бес жыл уақытқа созылды. Бұл өтпелі кезең 1917 жылдан басталып, 1932 жылмен аяқталды деуге болады. Оның ең төменгі нүктесі 1924 жылға сай келіп, осы жылдан бастап әрі қарай еліміздің өркендеу қарқыны жылдан-жылға өсе бастады. Бұл жыл мемлекеттің құлдырауының ең төменгі нүктесі деуге болады. Себебі, осы жылы Ленин қайтыс болып, биліктің басында Сталиннен артық адам қалмады. Сонымен бірге Азамат соғысы аяқталып, енді коммунистер мемлекетті толық өз қолдарына алып, оның құлдыраған жағдайын қалпына келтіруге мүмкіндік алды. Осылай ел өркениеті өтпелі кезеңнің ең төменгі нүктесінен өтіп, жетілу сызығының синусоидасы біртіндеп жоғары қарай бағыт алды.

Террордың көмегімен елде толық тәртіп орнаған соң 1928 жылы бірінші бесжылдық жоспары қабылданды. Бұл жоспар мезгілінен бұрын 1932 жылы орындалды. Елде жеке меншіктен қоғамдық меншікке толық ауыстыруға бет алынды. Ол үшін ауылда шаруаларды колхозға толық біріктіріп, ал қаланы индустриялау керек болды. Индустриясыз елді өркендету де, қоршаған жаулардан қорғану да мүмкін емес екені анық еді. Сондықтан индустриялауға бар күш жұмсалды, бірақ көп қаражат керек болды. Оны шаруалар есебінен шешті. Бұл шаралар үлкен аштық тудырып, елде көп адам тағы қырылып қалды. Қазақстанда малынан айрылған халық ашығып, жартысына жуығы аштан өліп, не болмаса басқа жаққа жер ауып, бас сауғалап кетті. Украина, Волга бойында көп адам аштыққа шалдықты. Ауылшаруашылық өнімі құлдырап, көп жерлерде қарсылық, көтерілістер болды. Халық бұл ауыртпашылыққа да шыдады.

Тұрақты өркендеу кезеңі – 1932-1953 жылдар.  1932 жылы өтпелі кезең бітіп, елдің тұрақты өркендеу кезеңі басталды деуге болады. Себебі Коммунистік партия бұл жылды «капитализмнен социализмге өтпелі дәур бітіп, социалистік қатынастың толық жеңісімен   аяқталды» деп жариялады. Қатаң тәртіп орнағандықтан осы жылдан бастап еліміз бірқалыпты үлкен қарқынмен дамый бастады. Саясат бір бағыт алып, еліміздің өркендеу дәуірі басталды.

Нәтижесінде мемлекет бір кездегі аграрлы елден жетілген индустриялы елге айналды. Бұл жетістіктің екі себебі болды. Біріншіден – қатаң тәртіп орнады, екіншіден – марксизм-ленинизм ілімінің негізі болған коммунизм идеясы жүйелі түрде насихатталып, халықтың санасына енгізіле бастады. Осылай жоғары идея мен қатаң тәртіп бір-бірімен үйлесіп, мемлекеттің үздіксіз дамуының іргетасы қаланды, яғни еркіндік пен қатаң тәртіп үйлесімге келді. Бұл жетістіктің негізгі себебі – коммунизм идеясынан шабыт алған жан құмары өзіне қарсы болған тән құмарын жеңе білуі еді. Абай ілімі арқылы жан құмары мен тән құмарының өзара байланыысы бойынша бұл құбылысты жақсы түсінуге болады. Осылай коммунистік идеяға сенген халықтың жан құмары тән құмарын шектеп, қатаң тәртіп орнады, мемлекеттің тез қарқынмен  өрлеуіне жағдай жасалды. Коммунистер бұрынғы күйреген халық шаруашылығын тез арада қайта қалпына келтіріп, үлкен қарқынмен әрі қарай жетілдіре бастады.

Осылай еліміз бұрын болып көрмеген экономикалық өрлеу жолына түсті. Мұндай өрлеу сол кездегі алдыңғы қатарлы елдердің өздерін таң қалдырды. Еліміз басқа елдерден экономикалық тәуелсіз деңгейге жетті. Анталаған жаулардан қорғануға мүмкіндік алды. Кеңес Одағы өзінің өмірін сақтап қана қоймай, тіпті бірқалып үлкен қарқынмен әрі қарай өркендей бастады. Бесжылдықтар мезгілінен бұрын орындалды. Бұл қарқын халықаралық деңгейде көрініп, Кеңес Үкіметінің беделі өсті. Бір кездегі Еуропа елдерінің соңындағы Ресей империясы енді Кеңес Одағына айналып, әлемнің шешуші күшіне айналуға бет алды. Отан соғысында жеңіске жетті. Жеңістен кейін соғыс кезінде күйреген шаруашылықты үш-ақ жылда қалпына келтіріп, елдің дамуын әрі қарай жалғастырды. Ұлы идея мен қатаң тәртіптің нәтижесі осындай болды.

Қатаң тәртіпті террор арқылы ғана бірқалыпта сақтауға болатындықтан, халықты үнемі қорқынышта ұстады. Ең үлкен террор 1937-1938 жылдары болды. Осы жылдары ұлттық саясатты көздегендер, не болмаса коммунизм идеясына күмән келтіргендер қатаң жазаға ұшырап, аяусыз қуғын-сүргін көрді. Қазақстанда Алаш Орда мүшелері толығымен атылып, не болмаса жер аударылды.

Сыртқы саясатта Сталин басқа елдермен бейбіт қарым-қатынас орнатуға ұмтылды. 1939 жылы Кеңес Одағы Батыс Украина, Батыс Белоруссия, Прибалтика елдерін өзіне қосып алды. Германия мен Кеңес Одағының арасында бейбітшілік келісімі жасалып (Молотов-Риббентроп пактісі), коммунистердің басқыншылық саясатына Гитлер қарысылық көрсетпеді. Бірақ бейбіт келісімді бұзып, Германия 1941 жылы Кеңес Одағына басып кірді.

Отан Соғысынан кейін Еуропаның көп елдерінде коммунистік жүйе орнап, енді социализм бір ел емес, әлемдік сипат алды.

Абай көрсеткен жан құмары мен тән құмарының айырмашылықтарын өмірден осылай жақсы көруге болады. Экономика рельсі халық шаруашылығын үздіксіз өрістетіп, бірқалыпты ұстады. Сондықтан бұл дәуір еліміздің ең тиімді кезеңі болады. Бірақ бұл қарқынды дәуір 1953 жылға, яғни Сталинның қайтыс болған кезіне дейін созылды.

Екінші өтпелі кезең – 1953-1985 жылдар.  1953 жылы Сталин қайтыс болды. Кэт Чиж и Ко сөзімен айтқанда «Сталиннан екі пар көйлек-көншек, екі етік, бірнеше китель, төрт теңге қырық тиын ақша және зор империя қалды». Осылай бұл зор империяның тағдыры өзгеріп, осы жылдан бастап өркендеу қарқыны өзінің шегіне жетіп, енді саябырлады. Өркениет жетілуінің қарқыны саябырлап, синусоида өзінің үздіксіз көтерілуінен, енді екінші өтпелі кезеңге бет бұрды.  Бұл екінші өтпелі кезең – еліміздің өрлеу мен құлдырау дәуірін жалғастыратын кезең еді.

Үкімет басына Н.С.Хрущев келді. Ол түрлі саяси-әлеуметтік реформалар жасап, бұрынғы қалыптасқан жүйеге жаңалықтар енгізіп, елдің жағдайын өзгертіп жіберді. КПСС-тің 20-шы съезінде Никита Хрущев Сталинның жеке басына табынуды сынға алып, түрлі құжаттар көмегімен өткен кездегі репрессия азаптарын Сталинге жауып, оған кінә тақты. Осылай Сталинге, сонымен бірге коммунизмге деген сенімге дақ түсіріп, халықтың ынтасын жоғалтты. Жарқын болашаққа, коммунизмге деген сенімге үлкен соққы болды. Репрессияға түскен тұтқындар босатылды, бұл елдегі тәртіпті әлсіретті. Елді демократиялауға әрекеттер жасалды. Осылай қатаң тәртіптен ерікке жол ашылды. Олар біріне-бірі сәйкес келмей, экономика заңдылығын бұзып, жетілу қарқынын одан сайын төмендетті. Бұл реформалар мен өзгерістер Сталин жасаған жүйеге соққы болып, жетілу қарқынының одан сайын саябырлауына әкеліп соқты. Себебі бұрынғы қатаң тәртіп әлсіреді. Сондықтан бұл кезең «саябырлау» (орысша – оттепель)  деп аталды. Бұл саябырлау кезеңі 1964 жылғы Л.И.Брежнев заманына дейін созылды. Сонымен бірге, соғыс, өнеркәсіп пен космосты игеру бағытын қамтитын суық соғыс (холодная война) деп аталған АҚШ пен КСРО арасында текетірес басталды. Бірақ И.В.Сталин жасап кеткен жүйенің инерциясы әлі де күшті еді. Сол инерциямен шабыттанған  Н.С.Хрущев «Американы қуып жетіп, басып озу» идеясын көтеріп, 1980 жылы (яғни 20 жылдың ішінде) коммунизмнің материалдық базасын құрмақ болғаны белгілі. Тіпті 1961 жылы Ю.Гагаринді космосқа ұшқан бірінші адам етіп, елдің даңқын көтерді. Осының өзі және атом қаруын игеруі бұл жылдары Кеңес Одағы басқа алдыңғы қатарлы елдермен әлі де тең дәрежеде болғанын көрсетеді.

Бірақ қатаң тәртіптің әлсіреуі күшпен сендірген утопиялық коммунизм идеясына сенімді әлсірете бастады. Осылай сенім мен тәртіп бірдей әлсіреп, елдің даму қарқыны одан әрі төмендей берді. Бұл төмендеу 1964 пен 1982 жылдардағы Л.И.Брежнев дәуірімен жалғасты. Бұл дәуірде өркениет қарқыны саябырлаудан өтіп, тоқырауға жеткен еді. Сондықтан Брежнев дәуірі «тоқырау» деп аталғаны белгілі. Бұған дейін елдің жағдайы инерциямен әлі де жоғары көтеріліп келе жатыр еді, бірақ тоқыраудың әсерінен бұл инерция бітті деуге болады. Осылай еліміздің екінші өтпелі дәуірінің жетілуі аяқталып, енді құлдырау жолына түсті. Синусоида сызығы бұл нүктені өрлеудің ең жоғарғы нүктесі ретінде 1970 жылмен көрсетеді. Осылай Сталин қанша шығынмен қатаң тәртіп орнатып, қуатты империя құрса да, жан құмарын ескермей, жалаң тән құмарына қызмет еткен бұл жүйе ұзаққа бармай құлдырау жолына түсті.

Болмыс заңдылығына қайшы қандай әрекет болса да, өз кезінде ашылып, күшін жояды. Сондықтан утопиялық идеяға халықтың сенімі де жылдан жылға әлсірей бастады. Ақыры сенім жойылып, қатаң тәртіп қана қалды. Еркінен айырылған адам қандай қатаң тәртіп болса да өзінің ынтасын жоғалтып, азып кетеді. Кеңес Одағының тез ыдырап кету себебі де осы еді деуге болады.

Тұрақты құлдырау кезеңі – 1985-1991 жылдар. 1985 жылы үкімет басына Михаил Горбачев келді. Ол «қайта құру» (перестройка) саясатын ұсынды. Адамдарға көп ерік берілді. Бірақ нәтижесінде КСРО ыдырап кетті. М.Горбачев көптеген реформалар жасады, бірақ олардың көпшілігі іске аспады, елге зиянды болып шықты. Ерік пен тәртіп әлсіреп, ғылым, медицина, білім беру салалары құлдырап, елдің экономикасы одан әрі төмендей берді. Ауыл шаруашылығы бір қарқынмен құлдырауын тоқтатпады. 1989 жылы Горбачев елде кризис келгенін мойындады, ал түрлі қалалар мен елдерде ұлтаралық қақтығыстар басталды. Соның бірі 1986 жылғы Қазақстандағы Желтоқсан қозғалысы болды.  Борис Елцин қарсылық көрсетіп, Горбачевті сынға алды. Ол Ресейді КСРО-дан бөлуге ұмтылып, көптеген жақтаушылар тапты. Бұл КСРО-ның ыдырауының басы болды.

1991 жылы желтоқсанның 8 жұлдызында Белоруссияда Беловеж келісіміне қол қойылды. Бұл құжатқа Ресей, Украина және Белоруссия, яғни үш республиканың басшылары қол қойды. Құжатта КСРО өзінің өмірін тоқтатады, оның орнына (ТМД) Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы (Союз Независимых Государств, СНГ) құрылады деп көрсетілді.

Осылай бір кездегі қуатты империя синусоидалық жолмен өзінің өмірін аяқтады. Егемендік алған республикаларда құлдырау барысы тоқтамай, әрі қарай жалғасып, көпшілігінде көптеген төңкерістер болды. Түрлі түсті революциялар осының көрінісі еді. Бірақ ешқайсысы да бірден түзеліп кете алмады. Себебі, күш алған тән құмарын бірден жан құмарына жеңгізу мүмкін емес. Уақыт керек.

Біздің елде болып жатқан өзгерістер осы құбылыстардың жалғасы болып табылады. Сондықтан бұл өзгерістер көп ерекшелігі жоқ, басқа елдерге де тән жалпы табиғи құбылыстар.

Еліміздің тарихын Абай ілімі аясында жуырда жарық көрген «Абай мұрасын қолдану жолдары» атта кітапта толығырақ бергенбіз.

Досым Омаров,

Абайтанушы, философ

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366