Көшім хан
(Қазақ даласын отарлауды бір ғасырға кідірткен айбынды хан туралы)
Міне, 400 жылдай уақыт өтсе де, әлі осы күнге дейін Көшім хан туралы анық-қанығына жетіп, нақты пікір айтып, басынан-бақайшығына дейін талдап берген ешкім жоқ. Көшім ханды бағалау біржақты ғана қалыптасқан. Революцияға дейінгі де, одан кейінгі әдебиетте де Көшім туралы көбіне-көп кері пікірлер мен ойлар айтылып, жазылып келді. Ол жөнінде «залым», «қанышер», «Сібірді тонаушы» деп қана айтылып, насихатталып келген болатын, сөйтіп, бізге оның мінез-құлқын, азаматтық пішінін қалыптастырды. Ал, жаулаушы, зұлым Ермакты өз уақытында кереметтей қылып суреттеген еді. Оны, тіпті, «Ұлттық батыр» ретінде танып, бағалап, кезінде қала, көше, мектеп аттарын беріп, ол туралы әспеттеп, қиюын келтіріп кітаптар дастандар жазылды. Бірақ, негізінде солай ма?!
Ермактың тыныш жатқан елді, қаншама жылдық тарихы бар хандықты шауып, қиратып, жұртын қырып, бұған дейін қазақтың талай руының жаз жайлауы, қыс қыстауы болып келген Ыбыр-Сыбырды (ілгері-кейін толқып, жапырақтары шуылдап, сыбырлап тұратын ну қалың орман), байлығы орасан кең өлкені тартып алғаны рас. Алтайдан Сахалинге дейінгі құс қанаты талатын зор аймақтың жартысы осылай бөлініп қалды.
Кезіндегі Алтын Орда хандығы секілді, бұл да өткен тарих болып қала берді. Сондықтан, енді оған жалтақтамай, нақты, тура қарай білуіміз керек.
Көшім ханның Сібір мен Қазақстан тарихындағы рөлін нақты бағалап, шындықты айтатын кез келді. Біз Көшімге қазіргі заман талабына сай басқа жағынан, оның Сібірді иегерудегі еңбегін, хандық құрып (оның өзі оңайға түспеген), сондағы ел-жұртты біріктіріп, бір тудың астына жинап, мұсылман дініне кіргізіп, сауда-саттықты дамытып, аса ірі мемлекет құра білгендігін естен шығармауымыз керек.
Көшімді де, Ермакты да тарихи тұрғыдан дұрыс талдап, нақты бағаларын беретін кез баяғыда келді.
Егер таратып айтсақ, Көшім кім болған еді? Революцияға дейінгі орыстың зерттеуші-тарихшылары – Н.Карамзин, А.Левшин, П.Небольсин және басқалары Көшімді «қазақ тайпасынан шыққан адам» деп есептеген, әрі солай жазған болатын.
Шоқан Уәлихановтың өзі «Кучум был султан киргизский» (бұдан былай «қазақ» деп оқылады) деп көрсеткен.
Көптеген деректерге зер салып қарап отырсаң, Көшім әбден қартайып, сексеннен аса жасап, дүниеден өткен. Ол 1510 – 1520 жылдар аралығында Арал жағалауының солтүстік бөлігінде Алты ауыл ұлысында туған. Нақты қай рудан екені белгісіз. Бірақ, түркі елінің, соның ішінде қыпшақ баласы екені нақты. Оның жастығы қалай өткені, қандай жағдайда өскені бізге белгісіздеу. Осы өлкеде өсіп, жетіліп, кейіннен 1555 жылдары өзінің жақындары мен төлеңгіттерін ертіп, Сібір жаққа бет бұрады.
Мәселе мұнда жатыр, кезінде қыпшақ даласының бай-мырзалары Сібірдің бағалы аңдар мен құстарға толы екенін ертеден білген. Ерте көктемде бұлғын және терісі қымбат басқа да аңдарды аулауға Сібірге ат шалдырып отырған. Жаздай аулағандарын керуенге тиеп, мықты күзетпен алып келіп, Бұхар, Самарқанд, Хиуа және Қырым мен Парсы еліне шығарып, үлкен пайдаға кенеліп отырған екен.
Күш –қайраты мол, бір орнында отырмайтын елгезек, еңбекқор Көшім бір көктемде өзінің ертіп келгендерімен және Сарыарқаның жолында өзіне қосылғандармен Сібірге келіп ордасын тігеді. Бір айта кетерлігі, бұл өлкеде ол тек аң-құс аулап қана қоймай, айналадағы қазақтың руларымен және азғантай жергілікті бөгде жұртпен соғыса жүріп, оларды өздеріне қаратып, хандығын құрады. Әскерін жасақтайды. Сөйтіп, зор қиындықпен 1563 жылдары хан тағына отырады. Хандықтың жиырма жылдық өмірінде Сібір өлкесі кереметтей дамиды.
Көшім өз айналасындағы Орыс мемлекетімен, сондай-ақ, Бұхара, Қырым, Түрік, Қытай елдерімен мықты қарым-қатынас орнатып, сауда-саттығын өрістетеді. Бүкіл Сібірді орталықтандырып, сол заманның өркениетін әкеледі. Ордасы Іскер қаласынан басқа тағы біраз қалалар мен сауда жүргізетін бірнеше бекіністер (крепость) салдырады. Хандықтың аумағы Еуропаның көлеміне жете-жуық болды. Сібір хандығы мен орыс елінің аралығын Орал таулары бөліп тұрды. Өзінің күшін, хандығының мықтылығын білетін Көшім хан Мәскеуге грамота да жолдаған болаты.
Онда былай басталатын: «Крестьянскому Белому царю и великому князю всей Руси Кучум – Богатырь, царь – слово наше». Орыс жағы Көшім ханға «көрші, достас ел болайық, екі арада үнемі бейбітшілік болсын», - деп хаттар жолдап отырды. Көшім, дегенмен, өзінің күштілігін көрсетіп, «И ныне похож миру и мы помиримся, а похож воеваться и мы воюемся». Иван Грозный болса, оған шамасының келерін не келмесін білмей, «Сибирской земли начальнику Кучуму – царю милостивое слово», - деп жазатын болған. Бірақ, екі арадағы тыныштықты орыстардың өзі бұзған болатын.
Көшім ханның нақты еңбектерін айтатын болсақ, ең бірінші Сібірдегі рулар мен тайпаларды (көп бөлігі қазақтар), сонымен қатар жергілікті аборигендерді мұсылман дініне кіргізу болды. Ол үшін Бұхара мен Саураннан, Үргеніштен, басқа да орталық азиялық қалалардан шейхтар мен сейдтерді шақырып, өзінің қоластындағы жұртты мұсылман дініне кіргізе білді. Бұл жағынан, хан үлкен жұмыс істеді. Әрине, басқа да атқарған жұмыстары қаншама?! Оның бәрін санамалап жатпайық. Дегенмен, ауқымды аймақты алып жатқан әрі өте мықты, сондай-ақ, орыстардың келуіне Орал таулары мен ағысы жылдам өзендер қорғап тұрған күшті хандық неге жылдам құлап қалды. Себебі неде?!
Мәселенің мәнісі былай: 1582 жылдың көктемінде Көшім ханның үлкен ұлы Әли басқарған таңдамалы қалың атты әскер Оралдың арғы жағындағы көпес Строгановтардың билігіндегі аумаққа басып кіреді. Бұл кезде Строгановтардың қызметінде жүрген Ермак Көшім ханның ордасы болып саналатын Іскердің ешқандай қорғаусыз, қорғаныссыз қалғанын естиді. Әли мына жағынан бұларға алым-салық үшін тап бергенде, Ермак тоғыз жүзге жуық әскерін жинап жіберіп, тездетіп Іскердің түбінен бірақ шығады. Қарауылда қалған азғана сарбаздардың зеңбірегі мен мылтығын арқалай келген орыс казактарына шынымен де шамасы келмей қалды. Әли мол әскерімен қайтып келгенше (Орал тауларынан асып түсу де оңай емес) аса жылдамдықпен хандыққа тап берген Ермак өз заманындағы мықты хандықты күйретіп түсірді. Өшпес өкініштей болған қателіктің кеткен жері осы болады.
Ермак әскері кезінде Астрахань, Қазан, Қырым хандықтары мен Кавказды да осылай ойламаған жерден тап беріп, қырғанын қырып (олар көбіне жартысынан көбін қырып жіберіп отырған, екінші бас көтеріп, қарсы соғыспасын деген саясат қой), қалғанын құлдыққа түсірген болатын. Жауыздықтың шегі бола ма? Ордасы Іскер құлағанымен, Көшім хан казактар және орыс отрядтарымен 17 жыл жан аямай соғысты. 1585 жылғы тамыз айында Ермак суға батып мерт болғанда, жеңуге деген үміт ханда пайда болған еді. Дегенмен, бірінің артынан бірі келіп жатқан орыс отрядтары Көшім ханға тыныштық та, жеңістік те бермеді. Олар Түмен (Тюмень) Тар, Тобольск бекіністерін салып, Сібірге мүлде орнығып алды. Патша билігі Көшімді өз жағына шығуға қанша шақырғанымен, тәкәппар, намысшыл Көшім көнбеді. Сібір үшін соғысын жүргізе берді. Бұдан 250 жылдан кейін қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымов та осылай көнбей, бойбермей, ақырына дейін соғысқан болатын.
1598 жылы Көшім ханның қалған сарбаздары патша әскерімен Сібір даласында кездесіп, ақырғы рет кескілескен соғыс болған еді. Бұл кезде Сібірге дендеп кірген орыс әскері өте мол еді. Көшім жеңіліп, екі баласымен майданнан әрең сытылып шыққан болатын. Қанқасап соғыс қазіргі Новосібір қаласының маңында өтті. Көшім қашып келіп Қорғалжын түбіндегі ағайындарын паналайды. Бірақ, орыс жасақтарынан сескенген туыстары Көшімді өздері опат қылған еді. Қайран, ұлы хан әрі ержүрек сардар осылай дүниеден өткен болатын. Денесі сол Қорғалжын даласында мәңгіге қалды.
Жалпы, қортындылай айтсақ, Көшімнің еш уақытта ұмытуға болмайтын ұлы еңбегі – орыс отаршыларының қазақ еліне кіруін бір ғасыр тежеді. Орыс әскері әлі Ұлы далаға шамасының келмейтінің біліп, әрі қарай Таймыр, Сахалин, Уссури өлкелері жаққа бет бұрған еді.
Бейсенғазы Ұлықбек
Abai.kz