Ресейлік БАҚ арандатуын қашан қояды?
Сайлау жақындаған сайын Ресейдің кейбір басылымдары этникалық славяндар мен орыс тілді өзге ұлттардың қолтығына су бүркетін «орыс тілділер мен орыс тілі Қазақстанда қудаланып жатыр» деген тақырыпты өзекті ете түсті. Жақында ресейлік бір сайт «Қазақстан билігі мұқыморыстыққа қарсы, бірақ РФ бұған бейжай қарамайды//Власти Казахстана против всего русского, но РФ это безразлично» атты үздім-жұлдым мақаласымақты жария етті.
Авторы белгісіз ұжымдық мақаласымақта Тәуелсіз Украинаны алатайдай бүлдірген бүгін «Украинцы России» ұйымының басқарма мүшесі болып табылатын Петр Коломец саяси сарапшы ретінде өз пікірін білдіріпті.
Ұлты бөлек Петр Коломецтің аузына сөз салып, Украинға кеткен есесін моноұлтқа айнала бастаған Қазақстаннан қайтарудың арам пиғылы бұғып жатқандағы бірден сезіледі.
Басылымының ойынша еліміздегі орыс әлемі үшін күресетін жалғыз жан өзі мұсылман, өзі этникалық қазақ ресейшіл блогер Ермек Тайчибеков қана екен, қалғандары орыс әлемін сатқан санатына жатады. Бұл турасында пиғылы пасық басылым былай деп ашына жазады:
«Сарапшының айтуынша, дәл қазір Қазақстанда орыс және кәріс диаспораларының өкілдері заң бойынша өздерін қазақ деп атау құқығын беру үшін шыр-пыр болуда. Осы идеяның бастау көзінде Қазақстандағы кәріс диаспораларының өкілдері тұр. Әрі олар бұнысымен қоймай, орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі құқығынан айыруды талап етуде деген сарапшы: «Бірақ олардың бұл ісіне қазақ ұлтшылдары қарсы. Оларда «күмәнді қазақ» деген термін бар, - дегенді қадап айтады».
Бар мәселе Ермек Тайчибековтердің санын көбейтіп, қазақ елін қаққа жару екендігін ашық білдірген мына доқ көрсетуден анық аңғарамыз:
«Ресми Қазақстан мұқыморыстыққа қаны қарсы, амал не, міне осы Қазақ билігі өртеп жіберген алаңдағы жалғыз жауынгер Тайчибеков қана. Ол қазір қатты қысым көріп, қайда екені мүлдем белгісіз. Қазақтың тамырын басқызбайтын ақпараттық блокада Ресей тарапынан тас-талқан болуға тиіс. БАҚ беттерінде Ресей жағындағы осындай тұлғалар туралы ақпараттар жария етілсе жақсы болар еді... Олар біз үшін өте құнды. Ресей Ермекке қолын созып, заңгер жалдап, түйткілді істі бір жақты етуге тиіс...
Ең дұрысы тап осындай тұлғалар үшін халықаралық құқық қорғау ұйымдарын құрғанымыз. Егер біз осыны істемесек, посткеңестік кеңістіктегі біздің мүддемізді қорғаушыларға қолымызды қусырып бей-жай қарайтындығымызды танытады», - деп, Петр Коломец әсіреорыстық пиғылын танытады.
Біздегі орын алып жатқан моноұлттану процесі Ресейге ұнамайды. Үнемі ішкі ісімізге араласуын тоқтатпақ түгіл, ашық араласуға кірісетін пиғылы барын әр қазақ сезіне түсті.
Бұндай арандатуларға сайлауға түсіп жатқан партиялар өз ноталары мен шағымдарын Ресей елшілігі алдында ашық таныта ала ма???
Әбіл-Серік Әлиакбар
Abai.kz