Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3165 0 пікір 9 Ақпан, 2012 сағат 04:50

Бейбіт Қойшыбаев. Т.Рысқұловтың Сталинге хаттары (жалғасы)

Үшінші суретте - Сұлтанбек Қожанов

Үшінші суретте - Сұлтанбек Қожанов

№ 5 құжат
Жөнелтпе  жазба

Біздің осы жөнелтпемен жолдап отырған құпия баяндамалық жазбамызда Қожанов пен оның адамдарының (түгелге жуық «Бірлік туынан») бұрынғы буржуазиялық-ұлтшыл ұйым «Алаш-Орданың» аса көрнекті басшыларымен идеялық байланысы және бірлесіп атқарған жұмысы дәл анықталған. Осы «бірлік-туылық» ұйымның «солшыл» коммунизмді жамылғы етіп, партия мен совет өкіметін ірітетін жүйелі контрреволюциялық жұмысын біз құжатты-деректі түрде айқындап отырмыз.
Осыған байланысты баяндамалар мен материалдарды біз бір мезгілде Түркістанның тиісті жоғарғы партия органдарына беріп отырмыз.  Бірақ мынаны ескертеміз: Түркістанда «саясатшылдық» ойынын ойнаудың соншалықты мықты тамырланғаны сондай, біз осы уақытқа дейін «топшылдықтың» шексіз ойыны ахуалында жүруге мәжбүрміз, бұл өз кезегінде дұшпандар мен достардың айырмашылығын бүркемелеп,  тіпті  соңғыларды өзара араластырып жібереді.
Қызметкерлердің қазақ бөлігінің басынан Компартияға жат адамдарды көргенде, оларды іс жүзінде компартияға ымыраласпас-жау адамдардың, (формалды түрде) партияда жоқ адамдардың басқарып отырғанын  көргенде, олардың жастарды анық антикоммунистік рухта тәрбиелеп жүргенін, Партия мен Совет өкіметінің негізін туземдік халықтың өзінің қалың ортасында анық қажап-шайқалтып отырғанын, партияның үлкен материалдық шығындармен жасағандарының бәрін біртіндеп қаусатып жатқанын, топшылдық ырың-жырың салдарынан партияның атын асыра пайдаланып жүргендерін көргенде - мұндай жағдайда кез-келген одан арғы  жұмыс әрбір адал партия мүшесі үшін мәнсіз және тіпті қауіпті болып кеткенін сезесің.
Біздің партиямыздың көсемдері революцияның алғашқы кезеңінде шет аймақтарда пайда болған бұрынғы «ұлттық-буржуазиялық үкіметтердің» контр-революциялық сипатын әлденеше мәрте әшкереледі. Олар бізді қазір де контр-революциямен, НЭП (жаңа экономикалық саясат) ықпалымен және т.с.с. күресуге қазір де үйретіп келеді. Ал тура осы кезде артта қалған Түркстанда (қазақ бөлігінде) барлық саясатқа бұрынғы «Алаш-Ордашылар» басшылық жасауда. өте қалыпты емес және шатасқан ахуал орнап тұр.
Сондықтан біз: шетсіз-шексіз топшылдық-ұлттық қатығыстар ахуалындағы жергілікті ұйымдар дегенмен біздің арызымызға сәйкес тиісті сауықтырғыш шаралар қабылдай алмайды ғой деп ойлаймыз, сондай-ақ тіпті біздің көтеріп отырған мәселемізді бүркемелеп тастай ма деп қауіптенеміз (оның үстіне қазір РКП ОК Оразбюросының (Средазбюро, Орталық Азия Бюросының - Б.Қ.) басшылары жаңа адамдар болып табылады).  Сондықтан бұл іске ОБК мен РКП ОК-нің тікелей араласуын күтеміз. Бірақ мынаны мәлімдейміз: қазақ қызметкерлерінің шын мәніндегі коммунистік бөлігі мен жастар арасында  мұндай бас көтеру пісіп-жетілді және оны басып тастау қиын.
Бұл мәселе жөнінен біз өз тарапымыздан ең алдымен ГПУ желісі бойынша Қожанов пен оның адамдарының, сондай-ақ Түркістанда және оның сыртында тұрып жатқан Алаш-Орда қайраткерлерінің  пәтерлеріне тінту жүргізуді талап етеміз. Бұл шара Алаш-Орда ұйымдарының  осы бағыттағы қызметін сөзсіз көзбе-көз анықтап береді. Шындап келгенде онсыз да фактілер жетіп артылады. Партияның саналы мүшелерінің тұтас бір қатары қандай да бір антикоммунистік ұйым туралы айтып тұрса, тиісті мемлекеттік органдар шара қолдануға тиіс, бұл шара адамдардың алып отырған лауазымына қарамастан жүргізідуі керек деп ойлаймыз.
Қалай болғанда да ОБК мен РКП ОК тарапынан не олай, не былай бағытталған шұғыл шешім мен іс-шарасы жасалуын күтеміз.
Коммунистік сәлеммен
(Ешқандай қол қойылмаған, машинкаға басылған мәтін, Тұрардың жоғарыда ескерткеніндей, өзінің растауымен ұсынылған)

Істің 204-ші парағынан бастап 229-шы парағына дейін «Негізгі баяндама» орналастырылған. Машинкаға басылған үлкен мәтін. Тақырыбы Тұрардың қолымен жазылған, бұл да, жоғарыда ескерткеніндей себеппен, қол қоюға тиіс адамдардың қолынсыз, Тұрардың өзінің растауымен ұсынылған. Оны істегі ретімен 6-шы құжат деп қарастырайық.

№ 6 құжат
Негізгі баяндама

«Негізгі баяндама» Түркістанда совет өкіметінің орнауы өзіндік жағдайда басталып, дамып келе жатқанын, бұл өзіндік сипаттың оның өткен тарихымен байланысты екенін атап, мұндағы революцияның  негізгі күштері және жекелеген контрреволюциялық топтардың, әсіресе жергілікті халық ішіндегілердің әлі күнгі маркстік тұрғыда талдауға алынбағанын айтудан басталады. Жазбаға қол қойып отырғандар (мәтінде осылай делінгенмен, іс жүзінде олар қол қоймаған, жазбаны растап, тиісті орындарға  Тұрар ұсынған) қазақ кедейлерінен шыққанын, жас болса да, коммунистік принциптерді бойларына бекем сіңіргендерін, істеліп жатқан жұмыстардың коммунистік бастауларды нығайтуға қызмет етпейтінін, бұған «соңғы 12-ші Бүкілтүркістандық Советтер съезінен  кейін» қазақтар арасындағы коммунистікке адалдықты іріту ісінің мүлдем айқын көрініп бара жатқанын айтады. «Болып жатқан жағдай үшін ТКП ОК мен РКП ОК Орт.Аз.Бюросын кінәлауға болмайды, өйткені олардың көбі Түркістан үшін жаңа қызметкерлдер, оның үстіне, жиі ауысқандықтан, Түркістанның күрделі жағдайы мен жергілікті құбылыстарды бірден ажыратып біле алмайды».
Хатқа қол қоюға тиіс топтың жазуынша, «ірітуші зиянды анти-коммунистік жұмыстың басында қазір Орталық биліктің қазақ бөлігін басқарып отырған жолдас Қожанов өзінің адамдарымен тұр». Олардың ойынша, «қазақ қызметкерлері арасындағы неғұрлым әдепті  және коммунистік ұғымдағыларды таратып жіберу («раскассирование») басталды және қазақ коммунистік жастарына да қауіп төнуде». Одан әрі, жазбаның алғашқы бөлімін: «Өздерінікі еместерді» алып тастап, олардың орындарына «өз адамдарын» қойғаннан басқа, бұл топтан біз ешқандай дұрыс жұмыс көріп отырған жоқпыз. ...біздің айыптауымыздың нысаны Қожанов пен оның тобы. Біз бұл антисоветтік топтың басшылық жасауына бұдан әрі төзе алмаймыз, оны партияның басшы органынан аластауды талап етеміз», - деп тамамдай келе оларды неге аластау керектігін , 2-бөлімде дәйектеуге көшеді.
9,5 бетке созылған 2-ші бөлімде «толығымен бұрынғы және іс жүзінде қазір де алашордашылар болып табылатын Қожанов тобы» әшкереленеді. «Бірлік туы» ұйымы мен осы аттас газет «Алаш-Орданың» Түркістан бөлімшесі болғанын, сондағы адамдарды жақсы білмей жатып, Түрккомиссияны басқарған большевик Сафаровтың партияны басқаруға тартқаны айтылады. Шоқаев, Қожанов, Болғанбаев кезектесіп редакторы болған газеттің Совет өкіметіне қас-жау болғаны,  Қожановтың «жарылқаушысы Сафаровтың» көмегімен басшылыққа келгеннен кейін алаш-ордашыларға қандай жұмыстар тапсырғаны мысалдармен сөз болады.
3-ші бөлімнің 10,5 беті бойы әшкерелеулер кеңейтіліп, жалғастырыла түседі. «Ресми және «солшыл коммунист» (сөзсіз қу, түрлі «комбинациялар» жасауға қабілетті және компартияның басшыларының кейбір бөлігінің сеніміне ептілікпен кіріп алған) Қожановтың қалқасында» «коммунистік партияны іштен шірітіп жүрген «Алаш-Орданың» көрнекті қайраткерлері»   (Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Хайретдин Болғанбаев, Халел Досмұхамедов және т.б.) атқарған істер сөз болады. «Ақ жолда» жарияланған Мағжанның «антисоветтік» өлеңдері, Міржақыптың, Әлиханның мақала, өлең, әңгімелері  талданады. Қожановтың «мансапқорлығын», «олардың ұйымынан тысқары тұрған Рысқұлов жолдасты құлату» үшін қандай әрекеттерге барғанын баяндайды.
Сол баяндағандарының негізінде «Қожанов пен оның бұрынғы Алаш-ордашылардан құралған тобын біз мыналары үшін айыптаймыз» деп, олардың «антикоммунистік» істерін 9 тармаққа топтап қайта тізеді. Сол айыптауларына сәйкес, 10 тармаққа түйілген ұсыныстарын жазады. Оларын компартиядағы «біздің көсемдеріміз лайықты түрде бағалап, қазақ халқы арасындағы дертті шындықты, ақырында, сауықтырар» деген үміт артып, баяндаманы «коммунистік сәлеммен», бірақ қол қоймай аяқтайды.
Осы баяндамаға Тұрардың өзі берген қосымша көңіл аударарлық. Біз оны материалдардың тігілду ретіне қарай 7-құжат ретінде белгілеп, толық келтірмекпіз.

№ 7 құжат
Жолд. Сталинге

ҚОСЫМША
(«Алаш-Орда» туралы баяндамаға)

Бұрынғы «Алаш-Орда» мен «Бірлік туының» ең басты қайраткерлерінің бірқатарының тізімі және мінездемесі.
І. Партияда жоқтар:
1). Әлихан Бөкейханов. «Алаш-Орданың» бұрынғы төрағасы. Қазір Мәскеудегі шығыс баспасында жолд. Төреқұловта істейді. Өзінің барлық бұрынғы шәкірттерімен, соның ішінде Қожановпен де толық байланысы бар, олармен хат жазысып тұрады, «Ақ жол» редакциясынан материалдық көмек алып тұрады. «Қыр баласы» деген бүркеншек атпен оның мақалалары мен әңгімелері «Ақ жол» мен оның қосымшаларының беттерінде жиі жарияланып тұрады. Буржуазиялық идеализмге негізделген өзінің бұрынғы идеясын табанды түрде жүргізіп жүр. Ол қазақ халқының және партияда жоқ интеллигенцияның артта қалған топтары арасында әлі де үлкен ықпалға және беделге ие. Сондықтан оның мақалалары соңғыларға коммунистік баспасөз сөздерінен әлдеқайда күшті әсер етеді. Жақында Қожанов маған оның хатын көрсеткен болатын, онда ол өзінің ұлдарын стипендияға қосуды өтінген екен, өйткені ол «бұл мәселе жөнінен Сталинге барып, оның алдында жалынып қор болуды қаламайын» дейтін көрінеді.
2) Міржақып (мәтінде: Мир-Якуб Дулатов) Дулатов. Ол да «Алаш-Орданың» бұрынғы көрнекті идеялық жетекшілерінің бірі, революцияға дейін шығып тұрған бұрынғы «Қазақ» газетінің редакторы, бұрынғы көрнекті ақын, қазір өзінің көзқарастары бойынша осы дарынын революциялық ахуалға қолдануға қабілетсіз.
Ол сірә, Қожановтың  ең тығыз араласатын досы, бұрын онымен бірге қызмет істеген, қазір де олар іс жүзінде идеялық тұрғыдан бпйланыста. 1921 ж. осы Дулатов Ташкентке шақырылды да, «Ақ жол» газетінің басшысы болып тағайындалды. Сол жыл бойғы «Ақ жолдың» басмақалалары мен негізгі мақалаларының түгелге дерлігін Дулатов жазған. «Алаш-Орданың» идеясы ашықтан-ашық жүргізілуде.  Дулатов өзінің мақалаларында 1920-21 жж. жер реформасы кезінде орыс шаруаларын «аямауға» кеңес беріп, сонымен бірге партияны тек қана бұрынғы идеялы қазақ ұлтшылдарымен (яғни тек солармен) қызметтес болуға, ал бұрын идеялы ұлтшыл болмаған, енді коммунст болып шыға келген қалған қазақтардан авантюристер ретінде тазартуға шақырады (оның 1921 ж. № 55 «Ақ жолдағы» «Қазақ интеллигенциясы» деген мақаласын қараңыз). Дулатов орыс большевиктерінен қазақтар үшін жер реформасын жасау қажеттігін [дәлелдеп, рұқсатқа] қол жеткізгендерін, сондықтан жерді басқа біреу емес, олар беріп отырғанын жасырмай айтып жүр және т.с.с. Осы бір Дулатовтың буржуазиялық ұлтшылдықтан өзге артық ештеңе кездестіре алмайтын көптеген мақаласы «Ақ жолдың» беттерінде соңғы 1922-23-24 жж. да басылды. «Ақ жолды» жасаушы ретінде Дулатовтың портреті екі рет Қожановтың портретінің қатарында «Ақ жолдың» юбилейлік №№ (нөмірлерінің) (1922-23 жж.) беттерінде басылды. Дулатовтың портреті Алматы (Верный) қаласындағы қазақ ағарту институтында ілулі тұр. Барынша көпшілікке әйгіленуе. Қожановпен толық байланыста, сол арқылы партияның құпияларын біліп тұрады.
3) Ахмет Байтұрсынов. Ол да «Алаш-Орданың» көрнекті қайраткері. Бір кезде партияда болған, бірақ кейін тазартылған (партиядан шығарылған - Б.Қ.). Көрнекті қазақ әдебиетшілерінің және ақындарының бірі, бірақ идея жағынан өзінің бұрынғы қызметкерлерінің бәрімен байланысты.   Байтұрсынов бірде Ташкентке келді, Киринпроста оған үлкен банкет берілді, сонда бәрі оның ізбасарлары екенін айтып сендіруге тырысты, қолдарына көтерді, қилы құрмет көрсетті және с.с. 1923 жылы оның юбидейі атап өтілді, сонда «Ақ жолдың» тұтас нөмірі  оған арналды, оның өмірбаянын жазды, сіңірген еңбектерін тізбеледі. Қожанов қазір де Байтұрсыновты көпшілікке танымал етудің кез-келген ретін пайдаланып қалуда. Мәселен, мүлдем жақында, 24 ж. 3 сәуірдегі № 421«Ақ жолда» Орынбор коммунистерімен мәдениет туралы полемикасында Алаш-Орда жазушыларын қорғау үшін, өзінің қойылған мәселелерінің тармақтарының бірінде (5-тармақ) Қожанов былай деп жазады: «Істің басшысы кім болуға керек: осыны істеген адам ба, әлде тек сол істі толықтырған адам ба?» Егер қызметі сіңген деп тек соны атқарған адамды айтар болсақ, онда неге қазақ ұлттық мәдениетінің алғашқы қайраткері болып табылатын, тілдің тазалығы жолында жұмыс істеп жүрген, қазақ грамматикасын жазған, қазақ ұлттық мәдениетінің бұлжымас негізін салған Ахмет Байтұрсынов - неге  муфти Омар Қарашпен («Омар-Карач-Муфти») салыстырылуға тиіс?» Ахмет Байтұрсынов мадақталатын басқа жағдайлар да көп. Қожановтың ойынша, қазақтар алдымен ұлттық мәдениеттің құлпыруын бастан кеші керек, содан соң ғана жаңа мәдениетпен жақындасып-қатысуға болады. Каутскийде «Ұлттық проблемаларда» былай делінген: «Халықта тауарлы өндірістің одан әрі дамуымен бірге өзінің ана тілінде сөйлейтін интеллигенцияға, ұлттық  интеллигенцияға мұқтаждық пайда болады. Сөйтіп бұл қажеттілік тіл мәдениетінен - түр жағынан ұлттық мәдениетке ауысады, оның мазмұны интернационалдық болса да, егер ұлтта интеллигенцияның ұлттық табына мұқтаждық пайда болса, онда бұл тапта, өз кезегінде, ұлы білімді ұлтты көксейтін  мұқтаждық өсіп шығады» (Сафаров. «Отарлық революция». 110-бет).
4). Халел Досмұхамедов. «Алаш-Орданың» аса көрнекті қайраткері, доктор және публицист. Ол қазір Ташкентте Қазақиядан келгендердің бәрін басқаруда. «Шолпан» ұлттық-мәдени ұйымның төрағасы (осындай ұйым осы атпен ескі құрылыс кезінде де болған). Ташкенттегі қазақ оқу орындары оның ықпалында тұр. Онымен Қожанов жиі ақылдасады. Қысқасы, аса көрнекті рөлі бар.
5) Жаһанша (Джаганча) Досмұхамедов. «Алаш-Орданың» көрнекті қайраткері, юрист, Ташкентте Наркомюст желісі бойынша істейді. Екі Досмұхамедов те өз кезінде 1921 ж. Түркаткомдағы қызметкерлерді бөлу және тағайындаумен шұғылданған «Киротдел» (Қазақ бөлімі) деп аталатынды басқарды. Бұл Киротделдің нағыз Учраспред (Мәскеудегі Орталық Комитеттің кадр бөлімі - Б.Қ.) секілді көрініп, қаншалықты үлкен рөл атқарғаны оның 1921 ж. «Ақ жолда» басылған мақаласынан көрінеді. Бұл Досмұхамедов қазақ газетіне ат беру тарихы туралы маған өзі айтып берген болатын. Біх қазақтардың коммунизмді түсінбейтінін айттық, деді ол, дұрысы, қызыл да, ақ та ат бермей, «Ақ жол» деп атау (яғни, тақуа жол, немесе, ақ, жарқын жол, - «Ақ» қазақта «құдаймен» сәйкестендіріледі, мысалы, дуаналардың - қазақ дәруіштерінің уағыздарында). Сол Досмұхамедов маған 1921-22 жж. «Ақ жол» іс жүзінде олардың (яғни Алаш-Орданың) газеті болғанын маған тіке өзі айтып еді. Ол мұны, әрине, жеке әңгімелер кезінде айтқан-тұғын, бірақ бұл шынында да солай болатын.
6) Есболов (мәтінде, жалпы орысша дереккөздерде: Испулов). Ол да «Алаш-Орданың» көрнекті қайраткері. Алаш-Ордалық-колчактық полк командирі блған. Большевиктерге қарсы өзін талай рет көрсеткен. 1921 ж. Ташкентке шақырылып, Наркомзем Коллегиясына мүше болып тағайындалған. Соысн 1921 және 22 жж. Қожановтың кепілдігімен Түратком мүшелігіне өткізілді. «Қосшының» басшыларының бірі деп есептеледі. Жетісуде жер реформасын жүргізуде басты уәкілдердің бірі болды, жерді бұқараға алашордашылар беріп жатыр деп түсіндірді. Жеке қатынаста маскүнем және жанжалқор. Бірақ онсыз Қожанов бір де бір мәселесін шешпейді.
7) Көпжасаров.  Орал облысындаығ бұрынғы «Алаш-Орда» милициясының бастығы. Мұстафа Шоқаевтың жеке хатшысы болған. Ол 1920 жылы менишевиктік Грузиядан Парижге қашқанда, Көпжасаров Тифлистен Ташкентке келен ізінде Әлеуметтік қамсыздандыру халкомының орынбасарыдалған. Қожанов оның кім екенін жақсы біледі, сонда да оны жауапты жұмысқа тарқан. Парижге Шоқаевқа мәліметтер жеткізушілердің бірі осы Көпжасаров емес пе екен.
8) Қоңырқожа Қожықов. Қазақтардың «қожа» атты ақсүйектерінен. Бұрынғы Қоқан автономиялық үкіметінің мүшесі. Көрнекті алаш-ордашы, Шоқаевтың көмекшісі. 1913 ж. Романовтар үйінің тойы кезінде қазақ тілінде патшалардың портреттері басылған кітапша жазды. Ферғананың аудандарының бірінде  Керенскийдің уақытша үкіметінің комиссары болды. 1921 ж. наркомземде мүше және сосын орынбасар болды, Жетісу облысында жер реформасын басқарды, баршаға орыстарды «табысты түрде соғыудамыз» деп жүрді. 1922 ж. жерге орналастыруды басқарды, қазір Жерге орналастыру басқармасында істейді. Қожықов Қожановпен бір пәтерде тұрады. Бұл Қожықов, Қожанов, Асфендиаров, Тохтабаев - белгілі Лапиннің қыздарына үйленген, сөйтіп олар ең алдымен осы туысқандық нышан бойынша, қазақ халқын бірлесіп басқаруда. Қожықов Түркатком мүшелігіне талай рет сайланды - содан Қосшы ОК-нің басшыларының бірі блып табылады. 1921 ж. Қожанов пен Асфендиаровтың кепілдігімен тіпті партияға да кірді, бірақ кейін оны тазарту кезінде шығарды. Қазір Қожановты тура осы Қожықов басқарады. (Ол өте тәдірибелі адам). Қожановқа қызметкерлер келгенде, мәселелерді келісу үшін, ол ең алдымен оларды Қожықовқа жібереді, оған пікір айтуы үшін әртүрліүкіметтік және тіпті партиялық хаттамалар беріледі.
9) Садық Өтегенов. Жасы ұлғайған, бірақ әккі, монархиялық бағыттағы шал. Алаш-Орда мен Қоқан автономиялық үкіметінің қайраткері. 1913 ж. Петербургке Романовтан үйі мерекесіне барды. Қожановтың барлық құпиясын біледі. Соңғы осы Өтегеновтің тәрбиеленушісі. Ол әртүрлі тағайындаулар жөніндегі Қожановтың даладағы жаршысы. Болыс басқарушысы болғысы келетіндердің тілегінің орындалуы Өтегеновке байланысты. Көптеген коммунистер лауазымды тек сол арқылы алады. Өтегенов ренжісіп қалған коммунистерді татуластырушы патриарх қызметін атқарады. Жақында осы Өтегенов маған кіріп, мені Қожановпен татуласуға көндіруге тырысты. Мені тым ымыраға келмейтін «большевиктік» тактика ұстанасың деп жазғырды. Оларды 1918 ж. контрреволюционерлер деп атағанымды еске түсірді. Бірақ ендігі жол тек ымыраласу бола алады деп айтты. Ол менен, мәселен,  қандай лауазым алғым келетінін, соны айтуымды сұрады, өзінің мұны Қожанов арқылы жүзеге асыра алатынын айтты. Өйткені, құдды соңғы адам толығымен оның ықпалында және одан қорқады - слдай деді. Менің оған қандай жауап бергенім түсінікті ғой. Бірақ Қожанов шынында да одан «қорқады», себебі Өтегенов Қожановтың барлық (контр-реводюциялық) құпиясын біледі. Өтегеновтың өзі үлкен парақор және таза емес адам. Егер маған осылай сөйлеп тұрса,онда оның үйездердегі қатардағы қазақтарға не айтатынын шамалай беруге болар.
10) Жапар және Әбдірахман Лапиндер. Бұрынғы контр-революционерлер. Олардың бірі охранкада да тілмәш болып істеген.  Өлте лас адамдар, бірақ солар арқылы көптеген коммунистер лауазымға ие бола алады.
11) «Ақ жол» редакциясы, «Кир-инпрос». Өкіметтің көптеген аппараттары осындай партияда жоқ, бірақ мәні жөнінен контр-революциялық элементтермен толтырылған. Мысалы,  «Ақ жолдың» хатшысы болып -Дулатовтың бұрынғы тұрақты жеке хатшысы болған татар отыр. Көрнекті контрреволюционерлер қатарына Мағжан Жұмабаев та жатады, оның реакциялық-контр-революциялық сипаттағы өлеңдерінің жинағын жақында Қожановтың алғысөзімен Туркгосиздат (Түркістан мемлекеттік баспасы - Б.Қ.) басып шығарған. Жинақтың шығуына орай «Ақ жол» газетінде мақала пайда болды, онда: Жұмабаев қазақтардағы екінші тарихи жазушы, оның міндеттерінің бірі - өткір тілмен сынау және «құдайды мойындамайтындарға, тек билікке ұмтылатындарға және авантюристерге» қарсы күресу болып табылады деп көрсетілген. Әрине, Госиздат қазақ тілін түсінбеді де басып шығарды. Мәселен, Хайретдин Болғанбаев, осы бітіспес контр-революционер, 1921 ж. да, қазір де Түркатком мүшесі болып сайланды. Қазына ақшасына Қазақияға жіберілді, «Ақ жол» тарапынан материалдық тұрғыдан жабдықталып тұрады. Бірақ коммунизмнің ымыраға келмес жауы. Алайда Қожанов пен ол - достар, хат алысып тұрады. Осылардай басқалар да көп.

ІІ. Партиядағылар:
1). С.Қожанов. Оны негізгі баяндамада біршама сипаттадық. Партияға 1920 ж. кірді. Партияға жазылғаннан кейін іле-шала, екі аптадан кейін сырттай ТКП ОК мүшесі етіп сайлады (Түркістандағы 1920 ж. болған төңкерістен кейін). Партияға жазылған кезінде ол иланым жетегімен емес, өзін қудалаған «қазақ большевиктерінен» өш алу үшін жазылып жатқанын баршаға айтып жүрген. Бұған оны әсіресе итермелеген  жәйт - оның 1919 ж. Түркістан үйезінде контр-революциялық жұмыстары үшін тұтқынға алынуы болды. Бұл туралы бәрі біледі (Түркістан үйезінің қызметкерлерінен сұрай керек, сонда олар айтып береді). Қожанов мақсатына жетті, ол сол кездегі қазақ большевиктерін жеткілікті дәрежеде жәбірледі. Ол өмірбаянында бақташы және шебердің жәрдемшісі болдым, сондай-ақ семинария қабырғасында құпия кеңес құрдым деп жалған жазып жүрсе де, 1917 ж., газет басында тұрғанында улемамен күресі жайында айта келіп,  ол осы газет бетінде большевиктермен және большевиктік идеямен жаныға күрескенін жасырады. 1918 ж. Түркістанда «Қоқан автономиясының» бастапқы есігі болып табылатын «Түркістанның өлкелік мұсылман кеңесі» деген болды. Оны басқарғандар: М.Шоқаев, Ахмед-Зәки Валидов, Сейфуль-Муликов, Нарбутабеков және басқалар (бұлардың көпшілігі кейін Қоқан автономиясының басына келді). Осы кеңеске мүше болып сондай-ақ мыналар кірді: С.Қожанов, З.Сейдалин (кейін ақтарға өтіп кетті), Көтібаров, Бөриев, К.Нарбеков (бәрі қазақтар), олар алғашқылармен қызметте өте жақын болып, оларды қолдап тұрды (1918 ж. 2 тамыздағы № 6 «Кенгаш» газетін қараңыз). Қожанов компартияға кіргеннен кейін күні бүгінге дейін өзінің контр-революциялық өткен жолын, «Алаш-Орданы» және «Қоқан автономиясын» не баспасөзде, не сөйлеген сөздерінде бір ауыз сөзбен де айыптаған емес.
2) Санжар Асфендиаров. Түркістан генерал-губернаторлығында істеген генералдың баласы. Мұның өзі әскери-медициналық академияны бітірген және көрнекті патша чиновнигі болған. Алаш-Ордада болды. Өзінің өмірбаянында ол бәлкім Ташкентте мұсылман жұмысшыларының (майдандағы тыл жұмысшыларының) төрағасы болдым деп жазатын шығар, бірақ Қоқандағы «Мұсылман жұмысшылары мен жауынгерлері» (туземдік буржуазияның жүзін жасырған өкілдері) съезінде, Төралқасында  Асфендиаров болған осы съезд Қоқан автономиясын қолдау және большевиктерді айыптау жайында қаулы шығарды (1918 ж. 4 қаңтардағы № 48 «Ұлы Түркістан» газетін қараңыз). Асфендиаров сонымен бір мезгілде «Шура-и-Исламияның» (дін қызметкерлерінен қоспасы бар буржуазиялық-ұлттық интеллигенция органының) мүшесі болды, онда Валидов және басқалар болған» (1917 ж. 4 тамыздағы № 20 «Ұлы Түркістанды қараңыз).
1919 ж. соңында оны менің бастамаммен жұмысқа тартылды, партияда жоқ болса да Денсаулық сақтау халкоматына тағайындалды, сосын, біздің сұрауымызбен, туземдіктерден шыққан пайдалы дәрігер ретінде,  тіпті партияға қабылданды. Бірақ Асфендиаров менен «солшылырақ» және шынайы «интернационалист» бола алмады. Қазір ол жалпы лайыцқ болмаса да, ТКП ОК хатшыларының бірі болып табылады. Егер ол қазір контр-революцияшыл Алаш-Орданың компаниясы ішінде жүрмеген болмаса, мұның бәрі ештеңе етпеген болар еді.
3) Бегайдар Аралбаев, учаскелік приставтың бұрынғы тілмәші - қылмыстық тұрғыда таза адам емес. Дәулетті кісі болған. Сосын үйезден бастап, облыста және Ішкі істер халкомы лауазымына дейін жауапты қызметтерді істеген. Жақында үйленді және әйелі үшін «қалыңмал» төледі (яғни коммунист бола тұрып, әйелді сатып алды). ХІІ Бүкілтүркістан Советтер съезінде съездің көпшілігі оған қарсы сөйледі, өйткені оны кері қағудың негізі болған-ды. Бірақ бәрібір оны жауапты лауазымда қалдырды.
4) Шерихан Нұрмұхамедов. Бұрынғы саудагер, қазір ле сол ісімен шұғылданады. Байлығы бар. Барып тұрған алдамшы («жулик»). Бірақ партия мүшесі болып табылады. Қожанов пен ауыл арасындағы байланыстырушы буын қызметін атқарады. Советтердің ХІІ съезінде өзін анкетаға, неге екенін, өзбекпін деп толтырды.
5) Нарзулла Рүстемов. Бұрынғы тілмәш. Дәулетті адам. 1921 ж. бөліп салым жинау («разверстка») кезінде байлар қатарында салынған еттің белгілі мөлшерін төледі. Бірақ коммунист блып табылады, жауапты лдауазымдарда істейді, соңғы кездерде Түркатком Хатшысы болып жүрді. Дәлірек айтқанда, әрине, компартиямен ортақ ештеңенсі жоқ.
6) Батырбеков революцияға дейінгі уақытта үлкен сауда ісімен шұғылданды, Мәскеуге, Нижнийге және Ригаға барып жүрді. Өзі одан бас тартпайды. Бірақ партия мүшесі. Басбұзарлық қылмыстарға қатысы әшкереленген, бірақ Қожанов оны қорғауға тырысуда.
7) Жарменов, Баймұратов, Күзембаев, Күлетов және басқалар ұсақ сипаттағы қызметкерлер. Кәдімгі қатардағы, бірақ партияғы тырмысып кіріп алған бөтен элементтер болып табылады, олардың әрқайсысының соңында  бір емес, бірнеше қылмыстық іс бар. қазір әйгілі Шымкент ісі қаралуда, онда бірнеше ондаған коммунист партия қатарынан шығарылған, солардың қатарында парақорлықпен, салық сомаларын ұрлаумен және т.б. істерімен ішкереленген аталған адамдар да бар.
8) Қазақ коммунистерінің ішіндегі біршама сау элементтер осы публиканың барлығына шешімді түрде қарсы көңіл-күйде. Қожановтың айналасында адал адамдар өте аз ғана. Біршама көрнектілерден: Бәрібаев пен Есқараев, екеуі де ХІІ съезде құбылып тұрды, тіпті Қожановтың тілмәштарына қарсы сөйледі. Бірақ қазір Орта Азия Бюросының Қожановқа айрықша қолдау көрсетуіне байланысты, олар шамасы қайта табысқан болар. Осы топтың саяси бет-бейнесі іс жүзінде оларды басқаратын Алаш-Орда қайраткерлерінен  ештеңесімен ерекшеленбейді. Олардың бәрі дерлік «Алаш-Орда», «Қоқан автономиясы» немесе «Бірлік туы» ұйымы құрамында болды.
9) Түркістандағы қазақ халқына саяси және рухани  ықпал  қазір алаш-ордашыл қайраткерлердің қолында. Олар шетелмен (Шоқаевпен) тығыз байланыс жасап отыр және т.б. Қазақ тілінде марксистік әдебиеттің мүлдем дерлік болмауы, ондай әдебиетті құрастыруға ниеттің болмауы, компартияның орнына алаш-орда мен ұлттық идеяларды мейлінше танымал ету - әлде осылар залалы терең жұмысты және Түркістандағы компартияның  қызметін жалған жолға қоюды көрсетпей ме. Қазақ бұқарасы әзірге консервативті тұрғыда пайымдайды. Большевиктік партияға осы уақытқа дейін шалғай түкпірлерде «реквизиторларды» көргендей қарайды. Бұл бұқараның арасында марксизм ешқашан уағыздалмаған. Танымал және көбірек әсер ететін - тура сол алаш-орда насихаты. Түркістандағы қазіргі ахуалдың күллі қалыптан тыстығы міне осында. Осы мәселе жайында ойлану керек.
29/IV-24 ж. Мәскеу қаласы. («Т.Рысқұлов» деп қол қойылған)
(жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5439