Құқық қорғаушылардың айтуынша, Боқаев жағдайы жақсы екенін, демократия үшін күрестен бас тартпайтынын айтқан.
- Макс өзін Атырауға - туған қаласындағы колонияға ауыстырғанына қуанып отыр. Ақтөбемен салыстырғанда өзін жақсырақ сезінеді. Күресін жалғастыруға дайын, саяси жаңалықтардың бәрін қадағалап отыр. Мемлекеттік емес сектордағы жағдайдан да хабардар. Орталық сайлау комиссиясындағы өзгерістерді де біледі. Сөзінен оптимизм сезіледі, тіпті ешкім ештеңе істемесе, қайта алаңға барамын деп отыр, - дейді Бақытжан Төреғожина Азаттық тілшісіне.
Құқық қорғаушылар саяси тұтқындар қатарына қосқан Макс Боқаевқа Төреғожинаның айтуынша, осыған дейін бірнеше рет "билік адамдары келіп, келісім жасауға тырысқан", бірақ белсенді келіспеген. Қыркүйек айында Ақтөбеден Атыраудағы колонияға ауыстырғаннан кейін де өздерін "президент әкімшілігіненбіз" деп таныстырған екі адам (фамилияларын да атаған) келген.
- Олар "біз сені дереу босатамыз, ол үшін тіпті арыз жазудың да қажеті жоқ, тек экология мәселелерімен айналысасың және ісіңе мониторинг жасайтын куратор бекітеміз" деп айтқан. Ал Макс Боқаев бұл талаптармен келіспеген, - дейді Төреғожина.
Боқаев Ақтөбедегі колонияда отырған кезде де "келісімге келу үшін" бірнеше адам келгенін айтқан. Ол кезде де белсенді келісімге келуден бас тартқан.
Төреғожинаның айтуынша, БҰҰ бірнеше жыл бұрын Қазақстан билігін Макс Боқаевты босатуға шақырғанмен Нұр-Сұлтан ұсынысты орындамай келеді.
46 жастағы Макс Боқаев 2016 жылғы Жер митингілерінен кейін (жұрт ол кезде биліктің жерді шетелдіктерге жалға беру туралы заңына қарсы шығып, ізінше билік бұл заңға мораторий жариялауға мәжбүр болған) "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен бес жылға сотталған еді.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Макс Боқаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Нұр-Сұлтан елде саяси тұтқындардың жоқ екенін алға тартады.
Осыған дейін халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды "пікір айту және жиналу еркіндігі құқығын пайдаланғаны үшін" қамалған белсенділер мен құқық қорғаушыларды босатуға шақырғанмен Қазақстан билігі реакция білдірмеген.
Қазақстанның өз ішінде оқтын-оқтын болатын бейбіт митингілерде белсенділер биліктен Макс Боқаевты ақтап, түрмеден босатуды талап етіп келеді.
Abai.kz