Сенбі, 23 Қараша 2024
Желтоқсан естеліктері 5935 2 пікір 11 Желтоқсан, 2020 сағат 15:08

«Тергеуге түсіп, оқудан шығып қалдым»

Тергеуге түсіп, оқудан шығып қалдым - дейді Желтоқсан оқиғасына қатысушы Саламат Шарықбаева.

Алматыдағы әйелдерге арналған педагогикалық институтта оқып жүрген кезім болатын. Жатақханада тұрамын. Мақаншы ауылындағы орта мектепті бітірген соң, жоғарғы оқу орнына 1983 жылы түскен едім. Студенттік қызықты күндер қалыпты жағдайда өтіп жатқан. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы басталғанда мен үшінші курс студенті болатынмын. Сол кездегі Қазақстан Орталық Комитетіндегі өзгерістерді институт қабырғасында оқып жүрген мен және менің құрбыларым алғашында білгеміз жоқ.

Сабақтан келіп, асханадан түстік асымызды ішіп, бірнеше қыз бөлмемізде ертеңгі сабағымызды пысықтап отырғанбыз. Бір уақытта тереземіздің түбінен бір топ жігіттердің «қыздар, орталық алаңға келіңдер, митинг болып жатыр, соны қолдаңдар»,-  деп айғайлады. Олар біраз тұрып, қайта-қайта айғайлаған соң, кетіп қалды. Біз жапатармағай орнымыздан тұрып, «ол болып жатқан қандай митинг», - деп ойладық. Бөлмедегі қыздармен ойласа келе, орталық алаңға барып келуді ұйғардық. Сөйтіп, үш-төрт қыз барымызды киініп, алаңға тарттық. Келгенімізде, Орталық Комитеттің алдындағы алаңда  жиналған қалың жастарды көрдік. Ду-ду еткен нөпір адам қарасы, ел ауызындағы «Менің Қазақстаным» әнін айтып тұр екен. Алаңның айналасын қоршаған милиция мен әскер жасақтарын көрдік. Біраздан кейін қайсыбір жастар қарды жентектеп, әлгілерге қарай лақтыра бастады. Солақ екен, жігіттердің  бірқатары айналадан іздеп- тауып, қолдарына іліккен түрлі заттарды, кірпіш, мрамордың сынықтарын және басқада нәрселерді лақтыруға кірісті. Бұл әрекет ұзақ  уақытқа созылды. 

Тағы бір айтарым, алаңның шет жағасында өрт сөндіруге арналған машиналардың қатар-қатар тұрғанын байқаған едім. Жеңілдеу киініп шыққан біз, қалай десекте тоңа бастадық. Қараңғылықтың түскенін айғай-шудың ортасында жүріп байқамаппын, бір кезде алаңды қоршап тұрған милиция мен әскер жасақтары жастарды қуып, ұрып-соғып тарата бастады. Солақ екен, жастар мен жасақтардың арасында нағыз төбелес басталды да кетті. Мен өзіммен бірге келген құрбыларымның қайда кеткенін білмей қалдым. Қолдарында күрекшелері бар солдаттар жиналғандарды аямай ұрып, жабылып ұстап, дайын тұрған арнайы көліктерге тией бастады. Құрбыларымды іздеп, айғайлап жүрген кезде, қарсы алдымнан келген солдат,  қолындағы затымен  басымнан ұрып жібергені. 

Тәлтіректеп кеткен мен құлай жаздап, әрең түзелдім.  Сонан кейін, бірнешеуі қолымды қайырып ұстап, жабық машинаға әкеліп, ішіне қарай лақтырып жіберді. Сонан соң, беті мен еріндері ісіп кеткен, үстеріне қан қатқан, жарадар болған  қыздар мен жігіттер толы көлік орынынан қозғалып, біраз уақыт жүрген соң, айналасы қоршалған ғимаратқа әкеліп түсірді де, бізді қамап тастады. Кейіннен ұққаным, бұл Алматы қаласындағы Мәскеу ауданының тергеу изоляторы екен.  Аздан кейін, бір-бірлеп бізді кеңсеге алып келіп, тексеріп, тергеу басталды. Мені де бір уақытта тергеушінің алдына алып келді. Әлі есімде, қайда оқитынымды, қайдан келгенімді және алаңға не себепті барғанымды жаналқымға алып сұрағаны.

Сонымен қатар, қасымда кімдердің болғанын және олардың аты-жөндерін анықтауға кірісті. Мен, шамам келгенше ештеңені айтпауға тырысып, қалада ағамның үйінде тұратынымды айтып, мізбақпай тұрып алдым. Ішімнен қатты қорқып, «оқудан шығып қалатын болдым-ау, тіпті соттап жіберсе қайттым», - деп қиналдым. Тағы бір айтарым, осы Желтоқсан оқиғасы басталмай тұрып, біраз ай бұрын тұрмысқа шыққан едім. Жолдасым  ауылда тұратын. Ішімде үш айлық балам бар. Осылардың барлығын ойлап, әрі – сәрі болдым. Тергеуші бір кездерде менен тұратын үйімнің телефоны барма деп сұрады. Мен болсам қолма-қол ағамның үйінің телефонын бердім. Тергеуші  бірден үйге телефон соғып, ағам Айтғазыны осында шақырды. Көп ұзамай алып- ұшып, сол кездерде КазМу-де сабақ беретін ағам жетіп келді. Тергеуші  көзімше менің сол үйде  тұратын-тұрмайтынымды анықтады. Көп нәрселерді менен және ағамнан сұрағаннан кейін, ағам  өзі кепілдік болып, мені уақытша тергеушіден сұрап алды. Ешқайда кетпеймін деп ұсынған қағазына қол қойып бердім. Дегенмен, әлі де тергелетінімді қатаң ескертіп, әрең босатты.

Сол күні ағамның үйінде болып, ертеңінде жатақханаға келдім. Келсем, тұратын жеріміздің есігі тарс жабылған, ешкімді көшеге шығармайды. Әрең деп күзетте тұрғандардан сұранып жүріп, жатақханаға кірдім. Бөлмеде өзіммен бірге тұратын қыздардың бірі де жоқ. Кеше олар менімен бірге кеткеннен әлі қайтып оралмаған екен. Ішімнен олардыңда ұсталып, қамауға алынғанын  ұқтым. Енді бізді институтта тергеу басталды. Деканатта кеше қайда болғанымызды, немен айналысқанымызды анықтауға кірісті. Көзім қарауытып, басым айналып жүрген мен, мандытып дұрыс жауап бере алмадым. Ақыры мені оқудан шығарып жіберді. Ағам Айтқазының үйіне қалай келгенімді білмеймін, мені туыстарым  қаладағы №4-ші  орталық ауруханаға әкеліп, емделуге жатқызып тастады. Содан ол арада он күндей жатып емделдім. Осы күндердің ішінде, сол тергеу бөліміндегілер ауруханаға қайта-қайта телефон шалып,  үнемі тексеріп тұрды.  Тегі мені қашып кетпесін деп ойлады-ау.

Ауруханадан шыққан соң, ағамның үйіне келіп, біраз күндер сонда болдым. Ара-арасында оқу орынымдағы деканатқа барып жүрдім. Олар мүлде жолатпады, тіпті сөйлеспеді де. Бірде жатақханаға барғанымда, өзіммен бірге тұратын қыздарды кездестірдім. Киімдерін жинап, елдеріне қайтқалы жатыр екен. Түрлерінен жылағандары көрініп тұр. Оларда алаңда ұсталып, біраз күндер қамауда болыпты. Тергеген көрінеді. Сол тергеу изоляторы институтқа хабарласып, бұларды оқудан шығартып  жіберіпті. Бөлмелес екі құрбымның біреуі өзім секілді Мақаншыдан болса, екіншісі Шығыс Қазақстан облысының (ол кезде Семей облысы бөлек еді) Зайсан ауданынан болатын. Сөйтіп, бәріміз ойда жоқта оқудан шығып қалдық. Қатты қиналдық. 

Дегенмен, олар елдеріне кеткенімен, бірнеше жылдан кейін қайтадан  келіп сырттай оқуды бітіріп алды. Мен болсам ағамның үйінде тұрып жаттым. Алматыда сол бір күндері  қазақтар үшін ауыр болды ғой. Көшеде жүрудің өзі біздің қазақтарға қауіпті болатын. Оқудан шығып қалғаныма қаншалықты өкінгеніммен, үмітімді үзбей институттың әкімшілігіне, өз факультетімнің деканатына үнемі барып, жолығып тұрдым. Сөйтіп жүргенімде, төрт айдан кейін мені ақыры қайтадан оқуға қабылдады ғой. Сондағы қуанғанымды айтсаңшы. Қиналып, қорқып жүрсемде, барлық мүмкіндігімді салып, оқуды жақсы оқыдым. Әйтеуір, әупірімдеп жүріп, институтты бітіріп, дипломымды  қолға алдым. Дегенмен, сол бір қиын-қыстау күндердің белгісіндей, кейде әлі күнге дейін кезінде соққы тиген басымның айналатыны және қан қысымым көтеріліп, ауыратыны бар. Бірақ, еліміздің осы күнгі тәуелсіздігіне қуанып, өз уақытында ел-жұртымыз  үшін намыс қуып, алаңда болғаныма, таяқ жеп, тергеуде болсамда, денсаулығым үшін қиналсамда, ешкімге ренжімеймін. Ішімнен «тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай»,- деп, үнемі ойлап жүремін. Жастарында отанын, жұртын  сүйе білмейтін, патриотизімі болмаған елде, ол мемлекет көп ұзамай құлап қалады. Бұл әлем тарихында талай рет дәлелденген нәрсе ғой. Сондықтан, мемлекеттік идиологияның басым бағыты жастарды тәрбиелеуге, елін, атамекенін сүйуге және құрметтеуге бағытталуы керек. Мен, солай ойлаймын,-  дейді Саламат Орынбайқызы Шарықбаева.

Қазіргі күндері Саламат Орынбайқызы Мақаншыдағы жастарға арналған орталық кітапханада қырық екі жыл бойы кітапханашы болып істеп келеді екен. Біз қадірменді апайымызға мықты денсаулық және отбасылық бақыт тілейміз!

Бейсенғазы Ұлықбек

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458