Полицей жасөспірімді өлімнен құтқарып қалды
Полицей Қаскелеңдегі көпірден секірмек болған баланы құтқарды. Полицейдің кеудесінде тұрған жетонға оның балаға не дегені жазылып қалған.
Қарасай ауданының 15 жастағы тұрғыны өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Полицей жас баламен сөйлесіп, райынан қайтарған. Артынша жасөспірім мас болғаны анықталған.
"Інім, сен мұздап қалдың. (...) Менің есімім Баха. Бүгін менің туған күнім. Жасым 35-ке келді, інім. Егер мен саған қандай да бір көмек бере алсам айт", - дейді полицей жасөспірімге.
Нәтижесінде полицей суицидтің алдын алды.
"Полиция қызметкерлерінің сауатты әрі жедел іс-әрекетінің арқасында жасөспірімге ешқандай зиян келмеді және ол ата-анасына жеткізілді. Баламен ювеналды полиция қызметкерлері мен психологтар профилактикалық әңгіме жүргізеді. Ал ата-анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127 және 442-баптары бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылды", - дейді Қарасай ауданы ПБ басшысы Болат Тотыбаев.
Полиция құрамындағы 191-борттың экипажы Бақыт Жарқынбеков пен Ернат Мақсат өз әрекетін ерлік деп санамайтынын айтады. Олар тұрғындарды кез келген қауіптен қорғау тікелей міндеті екенін атап өтті.
Полиция өкілдері сол күні расында полиция майоры Бақыт Жарқынбековтің туған күні болғанын және оның жасы 35-ке келгенін айтты.
Дереккөз: alashainasy.kz
Abai.kz