Раушан Нұғманбекова. Семей: +28
Биыл Семейде жылу беру дұрыс жолға қойылып, бүгінде халықтың разылығында шек жоқ. Шаһарды жылыту кезеңіне дайындау мақсатына бөлінген қыруар қаржы тиімді пайдаланылды. ЖЭО-1, бірқатар қазандықтар күрделі жөндеуден өтіп, жылу магистральдары ауыстырылды. Нәтижесінде семейліктер биылғы қыста қыз-қыз қайнап отыр.
Биыл жылыту кезеңі басталмастан бұрын қалада біршама тыңғылықты жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, қарызға белшесінен батқан тұрғындармен жиі-жиі кездесулер ұйымдастырылып, өткен жылдары апатты жағдай орын алған жылу қазандықтары жөнделді. Сондай-ақ, үйлерін қыс маусымына дайындай алмаған жекеменшік пәтер иелері кооперативтері де сынға ұшырап, терможаңғырту бағдарламасы арқылы жылу энергиясын үнемдеу қажеттігі де күн тәртібіне қойылды. Атқарылған істер нәтижелі болып шықты.
Биыл Семейде жылу беру дұрыс жолға қойылып, бүгінде халықтың разылығында шек жоқ. Шаһарды жылыту кезеңіне дайындау мақсатына бөлінген қыруар қаржы тиімді пайдаланылды. ЖЭО-1, бірқатар қазандықтар күрделі жөндеуден өтіп, жылу магистральдары ауыстырылды. Нәтижесінде семейліктер биылғы қыста қыз-қыз қайнап отыр.
Биыл жылыту кезеңі басталмастан бұрын қалада біршама тыңғылықты жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, қарызға белшесінен батқан тұрғындармен жиі-жиі кездесулер ұйымдастырылып, өткен жылдары апатты жағдай орын алған жылу қазандықтары жөнделді. Сондай-ақ, үйлерін қыс маусымына дайындай алмаған жекеменшік пәтер иелері кооперативтері де сынға ұшырап, терможаңғырту бағдарламасы арқылы жылу энергиясын үнемдеу қажеттігі де күн тәртібіне қойылды. Атқарылған істер нәтижелі болып шықты.
Облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Семей қаласындағы жылу мәселесін әрдайым бақылауда ұстап келеді. Ол Семейге келген бір сапарында арнайы бақылайтын бейне қондырғының жұмысымен де танысқан болатын. Қысты жылы өткізудің бір амалы осы бейнеқондырғы болып тұрғандығы жасырын емес. Себебі қарызға белшесінен батқан «Жылукоммунэнерго» мекемесі жыл сайын көмір алатын ақшасы болмай дағдарып қалады. Ал жылу қазандықтарында бей-берекет қадағалаусыз жүрген жұмысшылар не жалақы ала алмай, не жөндеп от жақпай, соның нәтижесінде кейбіреулер көмірді жасырын ұрлап, қаппен сатып жіберген де жағдайлар кездесіп қалып отырды. Ал енді электронды шұғыл басқару орталығы арқылы қаладағы барлық жылу қазандықтарындағы жағдайлар көзден таса қалмай, бақыланып тұратын болды.
Тиеліп жеткен көмірді енді тұрғын үй коммуналды шаруашылық саласының мамандары, жұмысшылары ғана ала алатын болады. Сондай-ақ, жылу қазандықтарына көмір жеткізетін жүк көліктеріне «Навигатор» жүйесі орнатылды. Осының нәтижесінде көмір тиелген көліктердің бағытын қадағалауға мүмкіндік бар. Ал бейне жазбалар үш айға дейін сақталады.
«Жол картасы» бағдарламасы бойынша Семейдің жылу қазандықтарын жөндеуге қыруар қаражат бөлінгендігі белгілі. Бүгінде бөлінген қаражатқа қаладағы ең ірі деген төрт жылу беру орталықтарында жөндеу жұмыстары жүргізілген. ЖЭО-де төрт, АҚ-1-де үш жылу агрегаты, сондай-ақ «Орталық» және Шүлбі кентіндегі АҚ-2 жылу қазандықтары да күрделі жөндеуден өтті. Жылу желілері мен құбырлардың ауыстырылуы, реттелуі де көппәтерлі үйлердің жылы болуына септігін тигізіп отыр. «Орталық» және «103-103 а» жылу қазандықтарына қосымша қаражат бөлу арқылы жөндеу жұмыстары тиянақты жүргізілді. Бұл жұмыстар қанша дегенмен халық тығыз орналасқан аудандардағы жылу беру мәселесін оңалтудың бірден-бір маңызды қадамы еді. Семейде жылу кезеңі басталғаннан бері қарай тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Алдыңғы жылдарға қарағанда биыл пәтерлері жылы, көңілдері де жайлы.
Хафиз Матаев, қоғам қайраткері, ардагер:
- Өткен жазда, жылыту кезеңі басталмас бұрын Семейде өмірі істелмеген қыруар жұмыс жүзеге асты. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ осы мәселе бойынша Семейге бірнеше рет келіп, бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын, жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылуын ерекше бақылауға алды. Қала әкіміне де қатаң талап қойды. Ортақ іске қала халқы жұмылдырылды. Енді, міне, соның нәтижесін көріп отырмыз. Былтыр суыққа ұрынған Сол жағалау халқы биыл қыз-қыз қайнап отыр. Үйлеріндегі температура - +28. Әрине, бұдан температурасы төмен бірен-саран үйлер бар. Меніңше, зарлайтындай ештеңе жоқ. Запаста тұрған жылу қазандықтары да көңілімізге медеу. Қыстан қысылмай шығамыз.
Оралғайша Тоққалиева, зейнеткер, «Алтын алқа» иегері:
- Мен балаларыммен бірнеше жылдан бері Цементшілер кентінде тұрып келемін. Бұрын қыс болса болды, осы ауданның жылу мәселесіндегі түйткілдер басталатын. Пәтерлер жылынбай, кішкентай балалар жиі ауырып, мазамыз кететін.
Ал, биыл облыс, қала басшылығы тарапынан қолға алынған нақты шаралардың нәтижесінде баспанамыз сапалы жылумен қамтамасыз етіліп, көңіліміз жайланды. Тіпті, соңғы күндері қатты аяз болып, далада температура -40 градусқа дейін төмендеген кезде де пәтеріміз жылы болды. Менімен бір үйде тұратын көршілер де биылғы қыста жылдағыдай тоңбағандарына дән риза. Баспананың жылы болуы отбасындағы жайлылық пен игіліктің бастауы ғой.
Ринат Мұсанов, Семейдегі Шәкерім даңғылының тұрғыны:
- Біздің үйде де мұндай жылу бұрын-соңды беріліп көрген емес еді. Қала әкімдігі тұрғындар Жаңа жылды жақсы қарсы алу үшін барлық жағдайды жасады. Жылу басындағылардың тиянақты жұмыс істеуіне мүмкіндік жасаған облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВҚА алғысымыз шексіз.
Асқар Асылбеков, қала тұрғыны:
- Қала басшысы тіпті таң атпай жылу қазандықтарын өзі аралап көріп, жылудың халыққа толыққанды жетуін қамтамасыз етті. Көп рахмет. Үйіміз орналасқан Жаңасемей ауданы аты айтып тұрғандай халық тығыз орналасқан аудан. Семейдің сол жағалауы. Сондықтан да халық көп орналасқан жердегі ауданның жылуға қол жеткізуі аса маңызды.
Қаладағы Юность ықшам ауданы жылу мен қарыз мәселесі қордаланған аудан болатын. Биыл бұл ауданның тұрғындары да ризашылықтарын білдіріп жатыр. Жылда жылу кешігіп жететін. Әбден тоңып, ауырып қалған кезде ғана жылу берілетін. Ал келген жылу мардымсыз болушы еді. Сол қиындықтар артта қалды, биыл жылы үйде отырып жылынып қалдық дейді тұрғындар. Ал Жаңасемей ауданы тұрғындарының айтуынша, былтырлары жылумен бірге ыстық су да мұң болып қалған екен. «Жылукомммунэнерго» мекемесі де биыл ұйымшылдықпен жұмыс істеуде. Олар халықпен тығыз байланыс орнатып, арнайы күндері телевидение арқылы халықпен тікелей эфирде жүздеседі, әрі газет-журналдар арқылы тұрғындарға жылу ақысын уақтылы төлеуді өтінуде. Аталмыш мекеме қызметкері Мәди Өмірзақовтың айтуынша, тұрғындардың қарыздарын өтеуге ұмтылып жатқандары қуантады. Ал түскен ақша жылу магистралі жүйелерін, қазандықтарды жаңартуға жұмсалмақ.
Сондай-ақ, бұрындары жылудан таршылық көріп келген Энергетик поселкесіндегі тұрғын үйлер «Зооветинститут» қазандығы есебінен мардымды жылуға қол жеткізіп отыр. Қаланың оң жағалауындағы «35 квартал» қазандығының қуаттылығы да артты. Ол үшін қосымша шаралар атқарылып, жаңа трансформаторлар орнату арқылы мәселе шешімін тапты. Көмір тасымалы, қоры әрдайым басты назарда. Отынның бұл түрінің «Жылукоммунэнерго» мекемесіне тұрақты түрде жеткізіледі. Ағымдағы жылдың 7-ақпаны күнгі мәлімет бойынша, мұнда 279,6 мың тонна көмір жеткізілген. Оның үстіне қазіргі көмір қоры 15 күн мерзімге еркін жетеді екен. Нәтижелі жұмыстың арқасында биыл жылу беру қызметінде ешқандай кемшіліктер орын алған жоқ. Тек тұрғын үй жекеменшік пәтер иелерінің қыс маусымына дұрыс дайындамаған тұрғын үйлерінде ғана бөлме температурасы мардымсыздау болды. Қала әкімінің ескертпесіне орай подъездері мен пәтерлерінің есік-терезелерін жылылап алғандар пәтерлерінде алаңсыз отыр.
- Өткен жылғы суықты есіме де алғым келмейді, шүкір ол проблемалар биыл жоқ, - дейді қала тұрғыны Тамара Алиева. - Бөлмеміз жылы, үй термометрінің көрсеткіші +22-24 градус, ыстық су да тұрақты беріліп жатыр. Облыс Әкіміне, қала басшылығына ризамыз.
№1 жылу учаскесінің бастығы Тынысбек Жағынбетовтің айтуынша, өткен жазда 2,5 шақырымды құрайтын жылу желілері ауыстырылыпты. Және жекеменшік пәтер иелері кооперативтерінің дұрыс жұмыс істеуінің арқасында әр үйдің жылу жүйелері ауыстырылып, подъездер әзірленіп, құбырлар шайылған.
- Айта кету керек, биыл қазандық та жаңарды, - деді №1 жылу учаскесінің бастығы Тынысбек Жағынбетов. - Аязды күндерде семейліктердің үйі жылы болды. Осындай қыруар шаруалар атқарылғандығы біз үшін жетістік.
Тұрғындарды терможаңғырту мәселесі қызықтырып отыр екен. Пәтер иелерінің біразы келер жылы қысты жақсы өткізу үшін үйді терможаңғырту арқылы күрделі жөндеуден өткізу қажет деген шешімге келіпті.
Цементшілер кентіндегілер де жылуға қатысты өкпе айтпайды. Жыл сайын үйде сырт киіммен жүретін Цементшілер кентінің тұрғындары биыл ризашылықтарын білдіріп жатыр.
Семей
«Абай-ақпарат»