Еркебұлан Әлімханұлы. «Кім шайтан»: Иран, АҚШ, Израиль
Халықаралық саясатта соңғы бес жылда ең көп пікірталасқа арқау болған мәселе Иран шығар. Құмалақшы сарапшылардың АҚШ-тың Иранға әне, соғыс ашады, міне, соғыс ашады дегеніне де құлағымыздың еті үйренуге айналған еді. Алайда, соңғы айларда орын алған жағдайдар мен өрбіп жатқан оқиғалар Парсы шығанағында тағы бір соғыстың болу ықтималдылығын еселеп арттыра түскендей. Мұндай болжам жасауға Батыс елдерінің Иранға санкция салуы, ал Иран билігінің санкциялар мен түрлі ескетулерді құлақтарына қыстырмай уран байытуды жалғастыруы себеп болып отыр. Дегенмен, соғыс туралы пікірталастарда сарапшылардың арасында көзқарас қайшылығының бар екенін анық көреміз. Кейбірі болып жатқан оқиғаларға қарап соғыс басталуға жақын, ықтимал шабуылға әлем жұртшылығының бойларын үйрету жұмыстары жүргізіліп жатыр десе, басқалары керісінше, мұндай ашық қадамдар арқылы соғыс ашылмайды, тек қорқыту жұмыстары жүргізілуде деген пікірде. Егер Иранның уранды байыту саясаты мен оған қарсылардың мәселесіне сырт көзбен қарасақ, екі жақтың да келтіріп отырған аргументтерінің дұрыс екендігіне көз жеткіземіз.
Халықаралық саясатта соңғы бес жылда ең көп пікірталасқа арқау болған мәселе Иран шығар. Құмалақшы сарапшылардың АҚШ-тың Иранға әне, соғыс ашады, міне, соғыс ашады дегеніне де құлағымыздың еті үйренуге айналған еді. Алайда, соңғы айларда орын алған жағдайдар мен өрбіп жатқан оқиғалар Парсы шығанағында тағы бір соғыстың болу ықтималдылығын еселеп арттыра түскендей. Мұндай болжам жасауға Батыс елдерінің Иранға санкция салуы, ал Иран билігінің санкциялар мен түрлі ескетулерді құлақтарына қыстырмай уран байытуды жалғастыруы себеп болып отыр. Дегенмен, соғыс туралы пікірталастарда сарапшылардың арасында көзқарас қайшылығының бар екенін анық көреміз. Кейбірі болып жатқан оқиғаларға қарап соғыс басталуға жақын, ықтимал шабуылға әлем жұртшылығының бойларын үйрету жұмыстары жүргізіліп жатыр десе, басқалары керісінше, мұндай ашық қадамдар арқылы соғыс ашылмайды, тек қорқыту жұмыстары жүргізілуде деген пікірде. Егер Иранның уранды байыту саясаты мен оған қарсылардың мәселесіне сырт көзбен қарасақ, екі жақтың да келтіріп отырған аргументтерінің дұрыс екендігіне көз жеткіземіз.
Иран билігі өздерінің уранды тек қана бейбіт мақсат үшін (әрине ешқандай ел уранды әскери мақсаттта пайдалану үшін байытып жатырмыз демейтіні анық), өздерінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында байытып отырғандығын алға тартады. Олардың «кейбір елдер ядролық қару ұстап отыр, көптеген мемлекеттер бейбіт мақсатта атомды пайдаланып жүр, ендеше, бізге немесе біз сияқты елдер неге пайдаланбасқа» деп айтылатын уәждері де орынды. Оған ғылымды дамыту, жаңа технологияларды меңгеру, заман ағымынан қалмау деп созыла беретін дәйектерді қоссаңыз, Иранның бұл саланы игеруін тежеуге тырысу әділетсіздік болып көрінетіні анық.
Дегенмен, Иранның уран байыту нысандарын бомбалауға АҚШ-тан бетер құмбыл болып отырған Израильді де түсінуге болады. Израильдің қазіргі жағдайы жан-жағынан төбеттер қоршап алған, аласұрған қасқырды елестеді. Бүгінгі таңда көрші мұсылман елдерінде Израильдің одақтасы қалмады. Осыған дейін қоян-қолтық араласып кетпесе де сәлемі түзу, байланысы бірқалыпты дамып келген Мысыр мен Түркия да теріс айналды. Тіпті еврейлердің көрші араб елдерімен арадағы салқындығының тереңдей бастағанына қарап, екінші бір Араб-Израиль соғысының төбесі көрінуде деген болжамдар да желдей есіп жүр. Ендеше, Иран уран байытуды меңгеріп, ядролық қару шығара алатын болса, онда Израиль мен оның айналасындағы мұсылман елдерінің қай-қайсысымен болсын кикілжің шыға қалса, Иранның қарсылас елге ядролық қару беруі ықтимал екендігін жоққа шығаруға болмайды. Қазірдің өзінде Иранның Хизболла сияқты ұйымды қаржыландырып, астыртын қару-жарақпен қамтамасыз етіп, ал ол ұйым болса әрдайым ракеталарымен Израильді қорқытып отырғаны белгілі. Сондықтан ядролық қаруы бар Иран Израильдің қауіпсіздігі үшін өте қауіпті.
Бас-көз болып жүрген інісіне қауіп төнгенде жанынан табылар қамқор аға сияқты АҚШ-тың Израильге шабуылдатып қойып, қарап отырамайтыны тағы белгілі. Оның үстіне супердержаваның үрейленуіне басқа негіз бар. Қазірдің өзінде ирандықтар соңғы Шаһап зымыранының ұшу ұзақтығын 1500-2000 шақырымға дейін жеткізе алды және оны сынақтан өткізу арқылы дәлелдеді. Тіпті Израильдің ресми органдары «бұл қашықтықты әлдеқайда ұзарта алды » деген жорамал таратып жүр. Олай болса, бүгін болмаса ертең Иранның АҚШ-қа жете алатын қашықтықтағы континентаралық зымыран жасай алу мүмкіндігінің бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Ондай жағдайда қазіргі ракетадан қорғаныс жүйесінің тиімділігі қаншалықты болатыны да ашық емес. Ендеше, діншіл Ирандықтардың «нөмірі бірінші шайтанының» мазаланатын жөні бар, яғни, ертеңгі күні опық жеп қалмас үшін алдын-алу әрекетін жасап жатқан түрі.
Егер Ирандағы шииттік діни режимнің уранды байытуынан тек қана Израиль ат-тонын ала қаша үркіп отыр, ал, басқа мұсылман елдері «шоқ-шоқ оған сол керек» деп қарап отыр десек қателесеміз. Иранның ядролық қаруға ие болуынан Израильден кем емес дәрежеде қауіптенетін тағы бір ел бар. Ол - Сауд Арабиясы. Өйткені, Сауд режимі өндіретін мұнайдың басым бөлігі мұсылман шииттер қоныстанған өңірде жатыр. Егер әлгі шиитттерде сепаратистік пиғыл пайда болып, ол бас көтерсе, «мұнайымыздың ақшасы тек қана орталықта отырған король әулетінің ғана қалтасына түсіп жатыр» деген ой бойларын дендесе, (мұндай ойдың қазірде бар екенін жоққа шығармаймыз) арабиялық шииттердің Иранға арқа сүйейтіні белгілі немесе ядролық қаруға еге Иран Сауд Арабиясын әлсірету үшін әлігіндей идеяға дем беруі де мүмкін. Ал бұл елдің астыртын дем бере алатынын осы жылы Бахрейнде орын алған оқиғалар көрсетіп берді. Ондай жағдайда Сауд әулетінің қолынан келер шара жоқ, қазір әскери тепе-теңдік сақталып тұр, алайда ядролық қару бұл тепе-теңдіктің ауытқуына алып келері анық. Егер Иран ядролық қару шығаратын болса, біз де осы бағытта жұмыс жүргізетін боламыз деп отырған Сауд әулеті Иранның уран байытуды тоқтатуы үшін жасалған әрекеттердің барлығын қос қолын көтеріп қолдайды.
Тек қана Сауд әулеті емес, аймақтағы баланстың бұзылуынан қорқатын кішкентай болса да амбициясы зор Катар, мұнайға бай, кеше ғана Ирак экспансиясынан зардап щеккен Кувейт және осындай түрлі ішкі-сыртқы факторларға байланысты басқа араб елдері де негізінен Иранның уран байыту бағдарламасына қарсы. Оның үстіне осыған дейін Парсы шығанағында балансты сақтауға септігін тигізіп келген, осы өңірдегі ірі үш елдің бірі Ирактың билік басына Иранмен жақындасуы ықтимал шииттік топ келді. Қазірдің өзінде бұл екі елдің арасында байланыстың жандануынан сескенетінін сарапшылар айтып жатыр.
Осындай себептерге байланысты Иранның уран байыту технологиясына қол жеткізуіне кедергілер жасалып, одан бас тарттыру үшін санкция қойылды. Алайда, енгізілген санкцияның Иран билігін райынан қайтартатын түрі көрінбейді. Олар уран байытудан бас тартпайтынын айтып отыр. Ондай жағдайда өз мүддесі үшін жоғарыдағы елдер әскери күшпен тоқтатуға тырысатыны анық. Бұл - Иранды бомбалау. Бірақ Иранды бомбалау осыған дейін Ирак, Ауғанстан мен Ливия сияқты оңайлау болмайтын түрі бар. Таратып айтар болсақ, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Ресей мен Қытай қарсы, территориялық қиындықтар, мұнай тапшылығының орын алу ықтималдылығы және салыстырмалы түрде алғанда аталған мемлекеттерге қарағанда, Иранның озығырақ технологиясының болуы.
Ресей мен Қытай Иранды бомбалауға қарсы екендігі және бұл мәселе БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде талқыланса, оған вето қоятыны анық (оларды астыртын үгіттеп көндірмесе). Ондай жағдайда Иранға қарсы соғыс ашу халықаралық құқыққа сай болмағандықтан «ЗАҢСЫЗ» болып табылады. Иракққа қарсы заңсыз соғыс ашқан АҚШ-тың бұл жолы мұндай соғыс ашуға жүрегі даулар ма екен? Ирак соғысын саясаттанушылар әлем монополярлы жүйеде екенін көрсетті деп бағаласа, бұл жолы ондай шабуыл жасалса, жаһан көпполярлы жүйеге өтті деп жүрген сарапшылар қателесті деп бағалайтыны анық.
Сондай-ақ, Иранның технологиясы да, әл-ауқаты да басқа араб елдеріне қарағанда жоғарырақ дамыған мемлекет саналады. 2000 шақырымға дейін ұшу мүмкіндігі бар ШаҺап зымырандары аталған қашықтықтағы Америка әскери базаларын мен Израильге толыққанды соққы бере алады. Сондай-ақ Иракқа қарсы әскери операциялар үшін территориясын қолдануға рұқсат берген Парсы шығанағындағы араб елдері мен Түркия және басқа мемлекеттер бұл жолы Иранның зымырандарынан сескеніп бомбалаушы ұшақтардың өз аумақтарынан ұшуына рұқсат бермеуі мүмкін. Бұл, әрине, территориялық қиындықтардың туындауына алып келеді. Сонымен бірге, Иран өздеріне қарсы соғыс ашылатын болса, Парсы шығанағындағы Хормуз бұғазын бекітіп тастайтындықтарын айтып ескерту жасап отыр. Ал су жолымен тасымалданатын әлемдік мұнайдың шамамен үштен бірі осы бұғаздан өтетіндігін ескерсек, мұның зардабының экономикаға қаншалықты зор болатынын шамалай беруге болады. Алайда, бұл аймақтан тасымалданатын мұнайдың негізгі тұтынушылары (85%) Жапония, Үндістан, Оңтүстік Корея, Түркия және Қытай сияқты Азия елдері болғандықтан (бұл елдердің жапа-тармағай Иранға альтернатив мұнай экспорттаушы іздей бастағанына қарап-ақ, бір тықырдың таянғанын болжауға болатын шығар. Ал, Батыстың экономикасына әсері үлкен бола қоймас. Дегенмен, Иран Хормузды ұзақ уақыт бекітіп ұстап тұра алмас, өйткені Үнді мұхитында жүрген Америка әскери кемелері бұл стратегиялық бұғазды тез арада ашуға барын салады. Алайда Парсы шығанағынан келетін мұнайдың бірнеше күнге үзілуі жаһанда мұнай тапшылығын тудырары анық, оған Иран мұнайына санкция салған ЕО-қа мүше емес мемлекеттердің соғыс ашылғаннан кейін мұнай сатып алу мүмкіндігі болмайтынын қоссақ, мұнай бағасының шарықтайтынын есептеуге болады (бұл тұрғыдан қарағанда Иран соғысы Қазақстанға «пайдалы» шығар... Мұнайдан келетін табыс артады, әрине, ол қаржының қайда құйылатыны басқа мәселе...). Сондықтан Иранға шабуылдаудың алдында әлем мұнай мәселесін шешіп алуы керек. Әйтсе де, Сауд Арабиясы бастаған араб елдері әлем қанша мұнай қажет етсе, сонша мұнай өндіретін боламыз деп белсеніп отыр.
Жоғарыдағы себептерге байланысты АҚШ пен Израиль егер Иранға қарсы соғыс ашатын болса, бірінші кезекте зымырандар орнатылған нысандардың барлығын бір мезетте өз зымырандарымен атқылап, зақымдап істен шығаруы қажет. Сонда ғана еш алаңсыз бомбалауға мүмкіндік туады. Бірақ мұнда басқа бір түйткіл бар. Израиль территориясынан және АҚШ-тың Жерорта теңізі мен Үнді мұхитындағы әскери кемелерінен атылған ол зымырандар Иранға жеткенше біраз уақыт алады. Сәйкесінше, Ирандықтар өздеріне қарсы зымырандардың атылғанын білетін болса, қарсы соққы ретінде зымырандарын атып үлгереді. Мұндағы гәп Иранның ондай шабуылды көре алатын технологиясының болмауында жатыр. Өйткені жер шарының кез-келген түкпірінен атылған зымырандарды көре алатын технология санаулы мемлекетте ғана бар. Иранға зымырандардың атылғанын ескертуі мүмкін, жоғарыдағы технологияға ие мемлекеттердің бірі - біздің солтүстік көршіміз болып табылады. Ендеше, Ресей Иран билігін шабуылдаушы зымырандардың атылғандығы туралы ескерте алады.
Оның үстіне, Иранның уранды байыту нысандары жер астына терең бойлай орналасқан, салынған кезде осындай бір кикілжіңдердің орын алу ықтималдылығы жоспарланып, қорғаныш қабілеті нығайтылып, жан-жақты қауіпсіздіктер ескерілген. Сондықтан да жәй бомбалармен ол нысандарды зақымдап істен шығару өте қиын. Израильдіктер болса, ол нысандардың кірер жолын бомбалап, қайта қалпына келтірілгенше ұзақ уақыт алуын ойластыруда. Мүмкін ғалымдардың да көзін жоюды жоспарлап отырған болар. Өздеріне мәлім алты уран зерттеу орталықтарының барлығын зақымдап, Иранның уран бағдарламасын уақытша тоқтату ғана мүмкін екені айтылуда.
Көріп отырғанымыздай, Иранға қарсы соғыс ашу оңайға соқпайды, алайда, жоғарыда келтірген себептерге байланысты ашпаса тағы болмайды... Өйткені әлемдегі ең тиімді жұмыс жасайтын құпия агенттіктердің қатарына кіретін Моссад Иранның уранды игеруіне аз ғана уақыт қалғанын айтып байбалам салуда (мүмкін бұл әлем жұртшылығы мен саясаткерлерін соғыс аштыруға итермелеу қадамы болар). Ал Иран болса, алған бетінен қайтпай, уран байыту ісін жалғастыру үстінде. Ендеше, үдеріс осы қалпында жылжитын болса, Парсы шығанағында тағы бір бомба даусы естілетінін болжау қиын емес. Бұл тек уақыттың еншісі. Қашан ашылады деген сұраққа келгенде сарапшылардың пікірінің бір арнадан шықпайтынын көреміз. Бірі осы жылдың сәуір айында басталатынын айтса, екіншісі жаз айларында ашылып, Обама мұны сайлау кампаниясында тиімді пайдаланатын болады дегенді айтады, басқалары сайлаудан кейін (Америкадағы сайлау екені айтпасақ та түсінікті) ғана болуы ықтимал дегенге тоқтайды.
Иранға қарсы соғыс ашу үшін жоғарыдағы кедергілердің барлығын жою қажет. Көптеген мемлекеттердің келісімі керек екені тағы көрініп тұр. Яғни, уақыт алатын саяси-бюрократиялық жұмыстар шаш етектен. Олардың барлығын шешпей тұрып, соғыс ашу мүмкін емес, ендеше, АҚШ-тың Ирактан әскер шығаруды бастауының астарында Иранның зымыраны жететін аймақтан сарбаздарын ұзаққа алып кету саясаты жатқан жоқ па екен деген ой келеді. Ауғанстандағы да негізгі күштерін әкету арқылы ықтимал соққылардың алдын-алуға тырысып жатқандай. Ал санкция енгізу арқылы Иранның экономикасын әлсірете беруді де америкалық стратегтер күні бұрын дайындап қойған шығар. Мұндағы мақсат «Иранның ішінде әлеуметтік араздықты қоздыру» екені көрініп тұр. Мүмкін жағдайы ауырлап, белдіктерін қысуға наразы халық билікке қысым көрсету арқылы уран саясатынан бас тарттыратын шығар деген есек дәме де жатқан болар... Қалай десек те, Иранның ішінде бүлік шығарып, билікті ауыстыру арқылы уран мәселесін шешу ойының бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Әрине, режим ауыстыру қазір қиын емес, тек ол режим күткен үмітті ақтай ма деген сұрақ көкейге келеді. Бұлай деп айтуымызға кезінде билікке діни фундаменталистер келсе, дәл бүйірден «атеист» КСРО-ға қарсы бір мемлекет пайда болады деген оймен, АҚШ-тың Иранның осы күнгі режимінің орнауына өзіндік үлес қосқаны, оны алғашқылардың бірі болып танығаны негіз болып отыр. Алайда, ол режим үмітті ақтамады, керісінше, Аятолла «ең басты шайтан» деп АҚШ-ты атады. «Аузы күйген үріп ішеді» демекші, бұл жолы режим таңдағанда қапы қалмауға, мүлт кетпеуге тырысуы заңды.
«Абай-ақпарат»
http://www.bbc.co.uk/news/world-middle-east-11927720
http://www.dailymail.co.uk/news/article-2095799/West-scrambles-avoid-Israeli-attack-Iran-come-months.html