Nur Otan сайлауалды штабы Шымкентке барды
«Nur Otan»-ның аймақтарға сапары жалғасуда. Бүгін билеуші партияның Республикалық сайлауалды штабы Шымкентке келді. Шаһардағы медициналық және әлеуметтік қызметтер сапасын көтеру, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу, оның ішінде жаңадан қосылған аудандарда құрылыс жүргізу мәселелерін талқылау үшін қала тұрғындарымен бірнеше кездесу өткізді.
«Nur Otan» партиясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдағы 5 жылда Шымкент қаласында сайлауалды бағдарлама аясында 42 мектеп пен 22 медициналық мекеменің құрылысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қала шетіндегі 620 мыңнан астам тұрғын таза ауыз сумен, табиғи газбен және электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Әсіресе, әлеуметтік мұқтаж азаматтарға арналған 3 млн. шаршы метр тұрғын үй салуға баса мән беріледі. Ол үшін 3,5 мың пәтер салынады.
Сапар барысында сайлауалды штаб мүшелері қаладағы бірқатар кәсіпорындарды аралады. Олардың қатарында «AZALA Textile» мақта-мата комбинатына да барды.
Жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбек қауіпсіздігі жағдайын жақсарту, өндірістік жарақат алуды азайту және жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейту және тағы басқа мәселелер қарастырылды. Жалпы, «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасы аясында Шымкентте 80 мың жұмыс орнын құра отырып, 23 жаңа кәсіпорын ашу жоспалануда.
Шымкент сапары барысында нұротандықтар «Jas Otan»-ның белсенді жастарымен де жүздесіп, оларға үгіт-насихат науқанына аянбай атсалысып жатқандары үшін алғыс білдірді.
Сол күні «Nur Otan» өкілдері Қаратау аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында қала тұрғындарымен ашық әңгімелесті.
Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбектің айтуынша, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі іс-қимыл жасау үшін 5 жыл ішінде көрсетілетін мемлекеттік қызметті 100% цифрлық форматқа көшіру жоспарланып отыр. Сонымен бірге халыққа қолайлы болу үшін мемлекеттік органдардың барлық ақпараты бірыңғай жүйеге интеграцияланады.
Abai.kz