СОЗАҚ КӨТЕРІЛІСІ
«...Мемлекеттiң тiзеге салған зорлықшыл саясаты халықтың ашу-ызаға толы қарсылығын туғызбай қоймады. Жұртшылықтың арасында режимге қарсы бой көрсетуден тайынбайтындар көбейе түстi.
1929-1931 жылдарда шаруалардың 380 рет бұрқ ете қалған бүлiгi мен көтерлiсiне 80 мыңға жуық адам қатысты.Солардың ең iрiлерi:
СОЗАҚ, ЫРҒЫЗ, АҚСУ, АБРАЛЫ, АДАЙ, ҚАРАҚҰМ және басқалар едi.
Бәрi де қызыл армияның қарулы әскерiнiң күшiмен аяусыз басып жаншылды...»
(Нұрсұлтан Назарбаев, 1996 жылы, 17 желтоқсанда Тәуелсiздiктiң 5 жылдығына арналған салтанатты жиында жасаған баяндамасынан.)
1930 жылдың наурыз айында Қазақстанды сол кездері басқарып тұрған Ф. И. Голощекин И. В. Сталинге жазған жабық хатында былай деді:
«...Мемлекеттiң тiзеге салған зорлықшыл саясаты халықтың ашу-ызаға толы қарсылығын туғызбай қоймады. Жұртшылықтың арасында режимге қарсы бой көрсетуден тайынбайтындар көбейе түстi.
1929-1931 жылдарда шаруалардың 380 рет бұрқ ете қалған бүлiгi мен көтерлiсiне 80 мыңға жуық адам қатысты.Солардың ең iрiлерi:
СОЗАҚ, ЫРҒЫЗ, АҚСУ, АБРАЛЫ, АДАЙ, ҚАРАҚҰМ және басқалар едi.
Бәрi де қызыл армияның қарулы әскерiнiң күшiмен аяусыз басып жаншылды...»
(Нұрсұлтан Назарбаев, 1996 жылы, 17 желтоқсанда Тәуелсiздiктiң 5 жылдығына арналған салтанатты жиында жасаған баяндамасынан.)
1930 жылдың наурыз айында Қазақстанды сол кездері басқарып тұрған Ф. И. Голощекин И. В. Сталинге жазған жабық хатында былай деді:
«... Ақпанда біз үш ірі бұқаралық қарулы көтеріліске кездестік. Біріншіден-Сырдария округінің Созақ ауданында. Аудан малды, рулық қатынастар өте көп сақталған. Дінбасылардың ықпалы күшті және Ташкенттегі ұлтшыл басшылықпен тығыз байланыста. Партия-совет жұмысының әлсіздігі және бұрмалаулар белең алып кетті. Бұл көтеріліске мынадай жағдайлар тән: құбылыс басшылары бір ауғандық қатысқан байлар және ишандар: мұқият дайындық екі айдан астам уақыт жүргізілген. Көтеріліске халықтың көпшілігі тартылды, оларға аудан коммунистерінің едәуір бөлігі де қосылды. Ұйымдастыру ұраны діни: «Алланың атынан!», «Байларға қарсы совет заңдарын қолдануға тиым салу» болды. Армияны рулық принциппен, әрбір қатысушылар рубасы байлардың қолдауымен ұйымдастыру, әскери шайқастағы жанқиярлық.
Біздің жағымыздан 50-ге тарта адам өлді және азапталды. Олар жағынан 400-ден астам шығын болды.
Олардың жағынан басқа аудандардың халқын тартуға байланысты жүргізілген көп жұмысты біз дер кезінде бөгедік. Бұл бандиттік бас көтерулерді біздер жойып жібердік. Бұл аудандарға ұйымдастырушылық және бұқаралық жұмыстар жүргізу үшін көптеген қызметкерлер жөнелтілді» (Алматы саясаттану және басқару институты жанындағы партия архиві. 141-қ, 1-м, 2948-іс. 44-п. Ескерту, алда осы архив қорларынан деректер ұсынылады)
Ф. И. Голощекин « күн көсемге» осындай мәтіндегі ақпарат аттандырғанымен, әлденеден мазасызданғандай ендігі жерде Мәскеуде отырған басқа да сенімді «қолшоқпарларына» екінші бір мәлімет жіберткізді. Оның мәтіні мынадай:
«БК(б) П ОК ж. ж. Сталинге, Молотовқа, Кагановичке, Смирновқа 1930 ж. 21 сәуір
Өлкедегі барлық кедергілердің ішіндегі ең қиыны - қазақ ауылдарындағы кедергілер болып отыр. Бірсыпыра жерлерде көтерілістер бой көтерді.
... в/ Қозғалыстардың өткен жылдың қыркүйек айынан төмендегідей ретпен басталғаны мәлім; Қарақалпақстандағы Тақтакөпірде - 27 қыркүйекте, Сырдария округіндегі Бостандықта - 29 қыркүйекте, Қостанай округіндегі Батпаққарада - 1 қарашада, Сырдария округіндегі Созақ ауданында - 7 ақпанда, Ақтөбе округіндегі Ырғызда - 25 ақпанда, Алматы округіндегі Сарқандта - 26 наурызда басталды. Қазір бандалар Қызылорда округінің Қарақұмында шоғырлануда. Сонымен уақыт тұрғысынан қарар болсақ, қозғалыстың бұлайша етек алуын тек қана коллективтендірудегі қателіктермен байланыстыруға болмайтынын көрсетеді...»
(141 қ. , 1-т. , 2948-іс, 108-ІІІ -п)
Ал енді Созақтан шыққан көтеріліс шынында да «жай бұрқ ете қалған» «бірдеме» емес еді.
Міне, «Мы из ЧК» кітабындағы анықтама:
«После отьезда ишана и знахарь Асадулла направились в аул Баба-Ата к мулле Сапар ходже. Вскоре сюда же приехали Утамыш, Мурзахмет, Сағындық, Устрак, Иманбек, Ибрай - бывшие богатей сузакских аулов. На своем нелагальном собрании, председателем которого был Султанбек, они приняли решение: начать выступление против Советской власти в дни уразы. Затем разъехались по домам, чтобы довести до верных людей принятые решения. В двенадцатом заговорчики собрались у бая Али Шагирова, в тринадцатому бая Уткенбаева, в четырнадцатом их встречал бай Кенжеғары Турсумбаев.
Обращение к верующим мусульманам было размножено и разослано авторитетным ишанам и муллам Сузака, Карнака, Сары-Су, в другие районы. Из Сары-Су уже пришло ответное письмо, в котором выражается готовность присоединиться к выступлению сузакских баев...» (124-бет)
Бұл аса құнды деректен көтеріліске Созақ ауданы тұтас қатысқаны анық байқалады. Міне, анықтап талдап көрелік.
1. Емші Асадулла Созақ селосынан 110 шақырымдай жердегі Бабата ауылындағы Сапар қожаға барады.
2. Көп ұзамай көтеріліс басшылары Өтеміс, Мырзахмет, Сағындық, Устрах (Ұлтарақ), Иманбек, Ыбырай сол жерге жиналады.
3. Бұл құнды құжатта Сұлтанбек төраға (председатель) ретінде көрінеді.
4. Олар осы жиында көтерілісті «ораза айында» бастауға пәтуа жасайды.
5. Болса да мұсылман қауымына хат-жолдау жібереді.
6. Сарысу ауданынан «көтеріліске шығуға әзірміз» деген жауап келеді.
Енді мынаған назар салыңыз: «Хан штабы (кеңсесі) қолға түскенде мынадай құжаттар тәркіленген:
1. Үндеулер.
2. Жақсы мергендердің аты көрсетілген, сарбаздардың мінездемелері.
3. Қару-жарақ саны.
4. Күш-көлік.
5. Жем-шөп есебі.
6. Хан кеңесшілері (сардарлардың тізімі)
7. Ру басылардың, билердің сарбаздарға берілген кепілдік қағаздары т. б. Штаб 8-інен 16 ақпанға дейін тұрақты жұмыс істеді» (Бұдан артық қалай ұйымдасуы керек?!)
Көптеген зерттеуші ғалымдар көтерілісшілер қару-жарақсыз, құр қол болды деп төрелік береді. Ал енді ресми құжаттарды оқиық:
«... Бандалардың жетіспеген қарулары қаза болған және тұтқынға түскен біздің жауынгерлердің есебінен толықтырылды. Олардан бандиттер 22 үшлиниялы винтовка, 2160 патрон, 5 револьвер қолға түсірді»
Мұнан бөлек - « 7 винтовка және 4 револьвер, бір жәшік патрон Исаев отряды шегінген кезде көтерілісшілердің қолына түсті» (Ескерту: жәшікте 1150 дана оқ болған).
Бұдан басқа тағы бір құжатта: «Созақ операциясы кезінде 290 ат, 20 түйе, 150-дей оқ-дәрімен атылатын қару, 100 шамада суық қару қолға түсті» делінген.
Ал енді Сарбаздардың жалпы саны (хатқа түскені) - 2384 екенін ұмытпайық. Оның үстіне тек Созақ селосында 7 мыңдай адам тұрады.
Көптеген тарихшылар кейінге дейін Созақ көтерілісін басқарған азаматтың аты-жөнін, жас мөлшерін, әлеуметтік тегін таба алмай келді.
Созақтың тумасы, аса ірі меценант бауырымыз Мейірбеков Бердібек дейтін азамат 2003 жылы Астана қаласынан, «Созақ елі» деп аталатын, көбіне архив материалынан тұратын 360 беттік тарихи-танымдық жинақ шығарды. Оның құрастырушысы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тортай Садуақасов болды. Осы жолдардың авторы «Ақылдастар алқасына» кірді.
Сол кітапта (286-бетте) «Шымкент уезі Құршу болысы әкімшілігінің тізімі» берілген. Бұл тізімнің жасалынған уақты 5 сәуір 1911 жыл. Сонда көптеген есімдердің қатарында №7 ауылдың старшыны Сұлтанбек Шалақов деп анық көрсетілген.
Созақ көтерілісінің басшысы осы Сұлтанбек еді. Оның жас шамасы ағайын-туыстарының айтуынша - көтеріліс болатын 1930 жылы 49-да екен. Яки Сұлтанбек 1880 жылдары дүниеге келген. 1911 жылдары 30-дың үстінде старшина қызметін атқарған ғой.
Сұлтанбек ханның екі ұл, екі қызы болған. Үлкен ұлы Нұрман-көтерліс болған 1930 жылы 18-дерге келіп қалған азамат екен.
Тағы бір құнды деректе оның Самарқандағы сауда техникумын бітіргені айтылады.
Ел азаматтары көтеріліс алдында неге Сұлтанбекті хан сайлады екен, енді соны таратайық.
Сұлтанбек ханның арға аталары, Теріскей елінде аса зор құрметке ие жандар болыпты.
Көтеріліс болған соң, оның басшысы-хан ақ киізге салынып көтерілуі тиіс. Бұл көтеріліске дейін бір жыл бұрын 1929 жылдың қарашасында 12-ауыл дейтін жерде жүзеге асқан. Қазір ол жерді «Ынтымақ» болмаса «Ыбырай ауылы» дейді. Дәл осы ауылда шертпе күйдің шебері атанған Сүгір Әліұлы дүниеге келген.
Көтерліс болған соң, оның басшысына бата беріледі. Оны бабаталық бақшайыш (кейде бақсайыс дейді) қожа Сапархожа берген. көтерілістен соң сол бата бергені, елді үгіттегені үшін атылған.
Қазақ даласында қандай бір дүбірлі оқиға болмасын ол ауыз әдебиетінде ізі қалуы тиіс. Мысалы Оңтүстік елінде Ордабасы тауында үш би бас қосқан екен дейтін аңыз бар. Бірақ бұл қалай екенін қайдам, жыр тіліне түспей қалған. Ал Созақ көтерілісі туралы халық былай толғапты:
Хан сайладық қарадан,
Азғантай ауыл Тамадан.
Шалақтың ұлы Сұлтанбек,
Хан болып шықты арадан.
Жұма күні қонаға,
Қыстақты барып басқанда,
Төрт жүз отыз бір адам.
Он төрт солдат өлтіріп,
Қалғанын Қоғашық қамаған.
Одан да өлмей қалған жоқ,
Орыс та қазақ шамасы,
Екі түйе оқ-дәрі,
Түсіріп алып талаған.
Жәрдемшісі болды Алла,
Азғана жүрді қадамы.
Кешікпей Созаққа қайтып кеп,
Шейтлер кетті адамы.
Сәрсенбі, сәске болғанда,
Созақта әскер қамаған.
Ұраншы келіп жетпесе,
Кім шығар еді қорадан?!
Шырылдап, шошып жылаған,
Киіз үйдегі балалар.
Зіркілдеп үйді атқанда,
Оқшашар септі қорғасын,
Етегіне сүрінген,
Шырылдаған аналар.
Дәу мылтықтан дөп түсіп,
Жай отындай от түсіп,
Айырылды жұрт панадан.
Шыдамады ұраншы,
Қоршауды бұзып талқандап.
Ортаға түсті «Аллалап!»
Айбатын айтсам сол ердің,
Айдаһарды баққандай,
Әділдігін сұрасаң,
Ажалды жолдан қаққандай.
Ажал септі оқшашар,
Атпады әскер, тоқтады-ай!
Жалғыздық Құдайға жарасқан,
Жартыға, уа, қанағат,
-О, Ел үшін туған ақмаңдай!
Себелеген қорғасынға селт етпей,
Туралап әскерге шапқанда-ай!
Тектілердің аруағы,
Шапанымен жапқандай.
Көшеде жатты шашылып,
Қан-жынымен сан адам.
Арманда кетті-ай жайсаңдар,
Айырылып бала-шағадан.
Іс қылды келмес шамадан
Шейіттіктен дәме етіп,
Өліп кетті сан адам.
Осы бір қайғы кетпейді,
Күйік болып санадан...
Мұнан бөлек, көтерілісшілердің арнайы киімі болған. Әлемдік көтеріліс тарихында бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. «Шейіттікті нәм еткен» соң, ақ киінген. Ақ ту көтерген. Онда «Алла! Алла!» деген жазу болыпты. Көтеріліс кезінде, сот, прокурор, тергеу бөлімдерін ұйымдастырған. Ең соңғы үкімді хан және оның уәзірлері айтқан.
Қазір Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда тұрып жатқан, зейнеткер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Сағынтай Байділдаевтың әкесі көтерілісшілердің қолына түсіп, осы тергеу, соттың барлық процесін бастан кешкен, ханның уәзірі, Шілмембет бидің баласы, Сағындықтың араласуымен аттың құйрығына байланып кете бармай, әрең аман қалған.
Иә, осы соттың шешімімен елге зәбір көрсеткен, тізесі батқан 1-хатшы, исполкомның төрағасы, аудандық сот, аудандық сот тергеушісі халықтың көз алдында жазаланған. Тағы бір есте болатын нәрсе, коммунистер, комсомолдар, белсенді болғандар Қарабура әулиенің сағанасын құшақтай жығылғанда, түгелдей кешірім берілген. «Е, әулие керек болды ма?!» - деп аттың басын кері бұрған.
Созақ көтерілісіне қалам тартушылар, олардың өте нашар қаруланғанын тілге тиек ете береді. Олардың ауданның жағрапиялық жағдайын білмейтіндігі бірден байқалады. Бетпақ далада жосыған киік болса, қарт Қаратаудың қойнауы толы арқар болса, Созақта өмір сүргендер қалай қарусыз қалсын... Олар тіпті мылтықты қолдан жасайтын, дәріні сордан қырып алатын. Қорғасынды Ащысайдан, Мырғалымсайдан, Байжансайдан қап-қап қып жинайтын. Оларды балалық шағымызда қамысқа құйып өзіміз де талай жасағанбыз. Кесіп-кесіп, табаға салып аунатқанда, бытыраның неше үлгісі домалап кете баратын.
Көтерілістің діни жұмыстарын басқарған Асадулла деген тәуіп болды. Ауғанстаннан келген соң «Ауғандық» деп аталған. Дәрежесі - «әскери дәрігер». Осы Асадулла тәуіп туралы әңгіме өте көп. Ол - ағылшын барлаушысы болған. Созаққа мұндағы ағылшындардан қалған Қарағұр еліндегі «Алтынтау», «Күмісті», «Мыңшұқыр» сияқты қазба байлықтар үшін келген. Бұл туралы «Мы из ЧК» кітабында толық айтылады.
Созақ көтерілісінің таңдаулы, әрі тұғырлы тұлғаларының бірі - Салықпай мерген. Ол «көзмерген» әрі «қолмерген» болған. Яғни көздеп те, көздемей де тартып жібере берген. Бетпақта бір ауылда түстеніп отырып, «Ауылда аяғы ауыр келіншек бар ма?!» деп сұрапты. «Жоқ» деген кезде, жалма-жан жалғыз оқпен мылтығын көкке кезеп, басып салғанда екі құс қабат құлап түсіпті. Сөйтсе Салықпай мерген әлгі екі құстың бір-бірімен асты-үстілі қабаттасқан сәтін күтіп отырған екен.
Созақ ауданының 70 жылдығында 1998 жылы аудандық «Молшылық үшін» газетінің бас редакторы боп тұрғанымда «Жеткіншек» деген атауды «Салықпай мерген ауылы» деп атауға ұсыныс жасағанымызда әркім өз көкесін, жәкесін ұсынып біздің сөзіміз жайына қалды... Сыртқары мал шығаратын бір көшеге «Сұлтанбек хан» атын берсек деп талпынғанымызда, елдің сөз ұстар қариялары «Осы Созақ көтерілісі болды дегенді кім шығарып жүр?» деп шүйілгені бар болатын. Иә, олардың көбісі «Созақ көтерілісін» басуға қатысқан қаһармандар еді. Сенерсіз, сенбессіз солардың қатарында бір кезгі Шымкент обком комсомолының хатшысы, ҚазССР Ғылым Академиясының вице-президенті Сақтаған Бәйішев те бірге болыпты.
Қазір зейнеткер, сол кезгі селоның әкімі Әлиев Нәжімеддиннің қайсарлығы арқасында ханның атын қиыр шеттегі көшеге әзер бергіздіріп едік. Ол ол ма «Созақ көтерілісінің» 70 жылдығы қарсаңында ескерткіш тұрғызуға арнайы іс-шара өткізіп, эскиз жасатып, Созақ селосынан жер алып, ұстын құйып даудырап жүргенде, әлдекім үй салып алғанын не дерсіз?! Тәуелсіздіктің 10 жылдығы қарсаңында Созаққа Астана қаласынан Президенттің телерадио кешенінен Сламбек Тәуекел дейтін белгілі кинорежиссер келді. Оны алып жүріп, кеңесшілік қызмет атқарғанымда ол менен: «Осы Созақта «Созақ көтерілісіне» қатысты ешнәрсе таппадым. Оның мәнісі не?!» - деп сұрады. Мен оған: «Созақ елі жалпы «көтеріліс» деген сөзден зәрезап болған дедім. Себебі атыс кезінде оққа ұшқаннан бөлек, қолға түскен 500-ден астам адам сотсыз, дәнеңесіз атылған.
Кезінде Екатерина-ІІ патшайым Пугачев көтерілісіне қатысқан аймақты, суларды соттағандай, Кеңес үкіметі Созақты да жазалап, аудан орталығын Шолаққорғанға 1934 жылы біржолата көшіріп жіберді. Бұл елден басшылыққа ешкім қойылмасын деген жасырын қаулы шығарылды. 1930 жылдан 2000 жылдарға дейін бұл үкім күшін жоймады. Бұл шешімнің күштілігі сондай 1941-1945 жылғы болып өткен Ұлы Отан соғысына 30-ыншы жылдары зеңбірекке қамшымен қарсы ұмтылған ұрпақтың 4860 адамы қатысса да олардың бір де біріне «батыр» атағы бұйырмады. Созақтық, Сызған ауылынан батыр ұшқыш Құрал Рүстемов Чехословакия аспанында жау ұшағын қақ бөліп түсіріп, өзі де ерлікпен қаза тапқанымен, оған ештеме берілмеді.
Жартытөбе жерінен шыққан, Салықпай мергеннің жолын қуған, құралайды көзге атқан мерген Құрманбек Әлібаев 176 дұшпанның көзін жойса да, елеусіз қалды. Жақсыберген Өткелбаев дейтін азамат Сталинград түбінен жауға ойран сала отырып, Альпі тауына дейін шеру тартып, Будапешт түбінде бір өзі тікелей оқ жаудырып, жаудың 8 «Пантерасын» жалынға орады. Созақтан шығып, аса қауіпті қару «Катюшаны» меңгерген Беркімбай Өтешов Берлинге оқ жаудырса да жарытымды жақсы сөз естімеді.
Сондай-ақ, рухани әдеби-мәдени салада аса үлкен зардап шекті. Қазақ көркем сөзінің классигі Тәкен Әлімқұловты әуелі елге арнайы шақыртып, соңынан уәдеден тайып, «Шолохов сияқты ауылда тұрғым келеді» дегенде, тұтас аудан, қалаберді «Жартытөбе» совхозы екі бөлмелі үй тұрғызып бере алмаған. Асқар Сүлейменов өмірбойына райкомді «үрейкөм» деумен өтті. Оның атындағы мектепті жапқызып тастағанда, әзер арашалап қалғанымыз есте тұр. Сүгірге, болмаса Төлегенге аудандық Мәдениет үйінің атын қимай, «Мыңжылқы» дей салғаны да бар.
Ал Сүгірдің күмбезі тұрған ауылдағы мектеп «Созақ орта мектебі» деп аталады. Қайбір жылдары қазақтан шыққан тұңғыш дипломант-елші Нәзір Төреқұлов атындағы орта мектепті жауып тастап, одан 100 қадам жерде жаңадан ашылған мектепті «Шолаққорған орта мектебі» атандырған. Әрине, бұлар біреулерге майда тірлік боп көрінер, әйтсе де, осындай ойлы-қырлы тірліктердің арқасында Ақсүмбе ауылының қырқасында қалқайып қарап тұрған Дешті-Қыпшақ мемлекетінен қалған жалғыз жәдігер - Ақбикеш мұнарасын жылма-жыл жауған жауын морып барады. Абай ауылының тұсындағы Арпаөзен аумағындағы біздің жыл санауымызға дейінгі тасжазбалар да зерттеусіз жатыр. Онда 3500 сурет бар. Онан тіпті ертедегі Римдік гладиаторлар мінген екі аяқты жауынгерлік арбалардың суретін көруге болады. Созақ селосындағы алып төбедегі «Хан мазары» дейтін жер өз құпиясын халыққа ашар емес. Осындай тарихтың алтын тамыры қалған Созақта өлкетану мұражайының жоқтығын немен түсіндірерсіз?! Мысалы Созақ ауданынан әлеуметтік және экономикалық жағдайы көп төмен саналатын қатарлас жатқан Отырар ауданында 4 мұражай жұмыс істейді және Созақ ауданына қатысты біраз құнды мүліктер (ұлы Сүгірдің домбырасы) сонда тұрғалы қашан...
Созақ көтерілісі туралы там-тұмдап жеткен архив материалдары былай дейді:
«Көтеріліс кезінде «Созақ ауданында жүргізілген операция нәтижесінде біз жақтан (Кеңес өкіметі деп түсініңіз - Ж.Б.) 24 партия-кеңес қызметкерлері набыт болды. Оның ішінде семья мүшелері де бар. Көпшілігі европалықтыр. Қарнақта бір адам, Ащысай маңында бір адам, соғыста 15 адам қаза болды, 5 адам ауыр жараланды"
Мынадай жантүршігерлік мәліметтер де тізбектеледі: «12-16 ақпан аралығындағы болған соғыста 126 бандит өлтірілді. 16 ақпандағы Созақ үшін болған шайқаста 200 бандит жойылды. Мұнан бөлек қолында қаруы бар 200 белсенді табанда атылды. Қолға түскен оперативті іс-шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде, бандиттері, дем берушілері, үгітшілері, сондай-ақ барлаушылары 389 адам тұтқындалды...»
Бұлардың ішінде 14 адам көтеріліс басылған соң бастығы Шілмембет бидің баласы, Сұлтанбек ханның оң қолы Сағындық бар, Түркістанға алып шығып, Ащысайдың жолында сотсыз-дәнемесіз атып тасталынады. 1928 жылдан әуелі «жекеотыр» жасап, соңы концлагерьге айналған мекен-жай, 3 метр тереңдікпен қазылған ор - «Үспі», «Дуана» деп аталады. Оның орны Созақ селосынан көп қашық емес, «Қайнар» елді мекенінің дөңінде тұр. Сүйретіп тастай салғандардың сүйегі Созақ селосының теріскей жағындағы «Тастақсайда» бертінге дейін көмусіз шашылып жатты.
Мүлік тонау, қыз-келіншекті зорлау, бір қосуыс бидайға бола итжеккенге айдату әдеттегі іс болыпты. Көтерілістен кейін жазалап үлгірмегендерін 1937 жылдың зұлматына іліктірді.
Болса да Созақ көтерілісін басуға қыруар күш шоғырландырылды. Алматыдан, Шымкенттен, Әулиеатадан, Ташкенттен, Қызылордадан, Түркістаннан арнайы жасақтар аттандырылды. Ат сүйреткен зеңбіректер, пулеметтер молынан қолданылды. Тіпті Түркістанға темір жолмен мұздай қаруланған броновик келтірілді.
Көптеген адамдар жазықсыз жазаға тап болды. Қазіргі Созақ ауданының әкімі боп қызмет істеп тұрған Мейірбеков Берік Қуанұлы мырзаның туған атасы туралы мынадай аса құнды құжат бар:
«(Ол) контрреволюциялық паниисламдық көтерілісшілер ұйымының мүшесі болған. Совет өкіметінің қирауы туралы қолдаушылық үгіт таратқан. Мешітті қалпына келтіріп, халықты діни жұмысқа тартқан. Оларға паниисламдық рухында ықпал еткен»... Сөйтіп 1937 жылдың 14 қарашасында атуға үкім шығарылған және дәл сол күні орындалған. Мейірбек Сатханов тұтқындалғанда оның қарауында үш адам болған: әйелі - Күлтай Сатханова-50 жаста, қызы - Мейірбекова Саракүл 15 жаста, ұлы Мейірбеков Қуан 23 жаста. Ұлы оқиға болып өткен қазіргі Созақ ауданының әкімі - осы Қуанның баласы.
Осындай айтулы азаматтың ендігі жерде Созақ көтерілісінде шейіт кеткен - мыңдаған боздақтарға бір ескерткіш белгі тұрғызуға ел-жұртты, қазба-байлықтың рахатын көріп жатқан өндіріс орындарын ұйымдастыруға, бас-көз болуға шамасы келер дейміз. Қалай болғанда да 82 жыл деген аз уақыт емес қой...
Сөз соңында, осы мақала авторының мемлекеттік тапсырыспен, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында белгілі қаламгер Дидахмет Әшімханұлының мұрындық болуымен Ұлт-азаттық қозғалысы» атты көптомдықтың 21-томын жазып, «Созақ көтерілісі» деген атпен жеке кітап етіп бастырғанын ескерте кеткім келеді...
Жарылқасын БОРАНБАЙ
http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=51&id=7248