Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Абай мұрасы 5546 1 пікір 22 Желтоқсан, 2020 сағат 11:17

Абай мұрасындағы демократияның көрінісі...

Мемлекеттің даму дәрежесі тән құмары мен жан құмарының үйлесу деңгейіне байланысты. Бірақ бұларды үйлестіру оңай емес. Бұл туралы Абай «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңінде былай деп суреттейді:

Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ,
Иілтіп екі басын ұстаған Хақ.
Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ.

Осылай Абай бабамыз өмірдің өзі Хақ жасаған заңдылық екенін, өте күрделі екенін, оны дұрыс түсініп, қолдана білудің маңызын білдіргендей болады. Заттық әлемнің бұлжымас заңдылығы бар. Бұл – екіұдайылық заңдылығы. Сондықтан, пенде баласы бұл өмірде жақсы-жаман, ақ-қара, қуаныш-қайғы тәрізді екіұдайылық ықпалынан шыға алмайды. Абай бұл екіұдайылық Хақтың жаратқан заңдылығы және оның екі басын иілтіп ұстаған Оның Өзі екенін ескертеді. Ал өмір жолы дегеніміз – иілген жақтың (садақтың) ортасы, тиянақ, тегістік жоқ. Мұндай тар соқпақпен жүрудің өзі қауыпты. Ұлы Абай «Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ» деп өмір жолының, міне осындай қауіпті екенін, сондықтан өте сақ болу керек екенін түсіндіреді.

Еркіндік пен қатаң тәртіпті жақтың екі басымен салыстыратын болсақ, қоғамның демократиялық жолы осы екі бастың ортасы деуге болады. Демократия осы екі бастың, яғни еркіндік пен қатаң тәртіптің арасындағы нүкте дейтін болсақ, осы нүктенің қай жаққа ауытқуына байланысты қоғам өмірі өзгеріп отырады. Егер нүкте тең ортада жатса, ондай демократия өзінің шыңына жетіп, қоғам өркениеттің сара жолында. Бұл қоғам өмірінің ең тиімді шағы. Бірақ уақыт ықпалымен бұл тиянақсыз жолда нүктенің орны бір орында тұрмай, бірде олай, бірде бұлай болып, құбылып отырады. Нүкте еркіндік жағына ауытқығанда, қоғамда тәртіп әлсіреп, анархия күш алып кетеді. Осылай еркіндік басым болып, демократия анархияға айналады. Ал нүкте қатаң тәртіп жағына ауытқығанда, тәртіп ерікті тұншықтырып, қоғам тоталитарлық бағыт алып, демократия тоталитаризмге айналады. Осылай қоғам өмірінің қандай көрінісі болса да осы нүктенің орнына байланысты, яғни демократия деңгейімен бағалауға болады. Еркіндік пен қатаң тәртіптің тең ортасы ауытқыса – демократия жоқ. Қоғам құлдырау жолына түседі. Хақтың Өзі екі басын иілтіп ұстаған имек жолды дінде айтылатын қыл көпірмен салыстыруға болады. Имек жол осы өмірді білдірсе, қыл көпір келесі өмірді білдіреді. Осы өмірдің имек жолынан аман өткен адам келесі өмірдің қыл көпірінен де аман өте алады. Демократия деңгейі – қоғам айнасы.

Сонымен, қоғам өмірін басқаруда тиімді негізгі жол – демократиялық жол. Демократия – еркіндік. Бірақ қатаң тәртіп аясындағы еркіндік. Демократиялық елде еркіндік пен қатаң тәртіп үйлесімді. Үйлесімділік жойылғанда елдің берекесі кетеді.

Сонымен, Абай ілімінен рухани жаңғыру жүйесін көреміз. Ол жүйе – демократия. Өркениеттің теориялық негізі – тәртіп пен еркіндіктің үйлесімділігі. Демократия дегеніміз, міне, осы. Тек қана демократиялық елде ғана әркім өзін еркін сезінеді, өмірі бақытты болады.

Демократияның қуаты оның екі қанатының – еркіндік пен қатаң тәртіптің – қуатына байланысты. Садақтың бір басы қалай қатты тартылса, оның екінші басы да соған сәйкес тартылады. Садақ оғының ұшу жылдамдығы мен қуаты да осы тартылу күшіне байланысты екені белгілі. Сол сияқты, еркіндік жоғары дәрежеге жетсе – демократияның екінші қанаты тәртіп те соған сәйкес жоғары көтеріледі. Демократиялық қоғамда олар бір-бірімен өзара байланысты. Осылай демократия қуаттанады. Яғни демократия қуаты еркіндік пен тәртіптің қуатына байланысты күшті, не болмаса әлсіз болуы мүмкін.

Демократия қоғамның қозғаушы күші болғандықтан, өркениеттің дамуы оның қуатына байланысты әлсіз, не болмаса жылдам болуы мүмкін. Демократиясы әлсіз Кеңес дәуірінен кейінгі елдердің дамуы қандай төмен екенін білеміз. Ал демократиясы мықты АҚШ, Батыс Еуропа елдерінде, керісінше, өркениеттің жоғары қарқынын көріп отырмыз. Жан құмарынан шыққан еркіндік адамға шабыт беріп, оның талап-жігерін өсіреді. Ар-намыс оянып, жүректің көзі ашылады. Ал Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі құрылған жан құмары төмен біздің ел тәрізді республикаларда өркениеттің өрлеуі емес, құлдырауы байқалып отыр. Халықтың саяси көзі ашылмаған, ұйымшылдық жоқ, енжарлық басым.

Демократияны күшейту үшін ар-намысты оятып, талапты өсіру керек. Талап жаннан шығатын қасиет, сондықтан оны рухани жаңғыру арқылы өсіруге болады. Талапсыз адам қайратсыз, малмен тең болады. Олар туралы Абай «Бойда қайрат, ойда көз, болмаған соң айтпа сөз» дейді. Өйткені мұндай адамдарда  «Ынсап, ұят, терең ой» жоқ, сондықтан «Ойлаған жан жоқ, жауып қой» дейді. Рухани жаңғыру кепілін Абай «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез» деп береді. Талап арқылы ғана білімді бойға сіңіріп, ой-өрісті өзгертуге болады. Абайдың әкесі Құнанбай қажы «Адамның ең жаманы – талабы жоқтығы» деген екен. Бұл сөздің терең мағынасы бар. «Талапты ерге нұр жауар» деп халық тегін айтпаған. Осылай талап арқылы адамдар рухани жаңғырып, қоғамда демократия күшейеді. Талап ерікті өсіріп, қоғамда тәртіп нығаяды.

Адамның талабын өсіру үшін бүкіл халық қолдайтын өте жоғары идея (Кеңес Одағындағы коммунизм идеясы тәрізді) керек. Бұл ұлттық идеяның маңызын көрсетеді. Сонымен бірге, ұлттық идеяға шабыттандырып елді біріктіретін адамдар керек. Жоғары идеямен шабыттанған халық қиыншылықтарға төзіп, өз еркімен талаптанып, ерліктің үлгісін көрсетіп, қоғам тез арада өркениеттің алғы шебіне шыға алады. Қатаң тәртіп еш қиыншылықсыз орнайды. Кеңес Үкіметінің алғашқы жылдарындағы өркендеу қарқыны бұған жақсы дәлел бола алады.

Ел басқарушы адамның рөлі демократиялық қоғамда өте үлкен. «Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел?» дейді Абай. «Кемел» арабтың «әл инсан әл камил» деген сөзіндегі «кемел адам» деген ұғымды білдіретінін ескерсек, бұл сөздің қандай жоғары мәні барын көреміз. Кемел адам – кемшілігі жоқ толық адам. Ондай адамдар сирек кездеседі. Көп шуылдақты, яғни көпшілікті осындай адамдар басқарғанда қоғамда еркіндік пен тәртіп үйлесімге келеді. Түркияны Кемал Ататүрік, АҚШ-ты Дж.Вашингтон тәрізді осындай адамдар демократия орнатып, өркениет жолына салған. Қазіргі заманда Түркия түрік елдерінің, ал АҚШ бүкіл дүниежүзі елдерінің алдыңғы сабында.  Мұндай қоғамды Абай «Жағасы жайлау ол бір көл» деп бағалайды. Кемел басшы халықтың алдында жүреді.

Данышпан Абай кемел басшының қоғам өміріндегі рөлін былай деп жоғары бағалайды.

Единица – жақсысы,
Ерген елі бейне нөл.
Единица нөлсіз-ақ,
Өз басындық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?

Көпшілік қауым кемел басшыға ереді, оны үлгі тұтып, теңелуге ұмтылады. Басшы қатаң, әрі әділ, ең бастысы – жаны таза абзал адам болуы керек. Мақсаты – алға ұмтылып, елді соңына ерту. Егер артына қарайлап, тобырдың көңілін аулап, оның сойылын соқса, қоғамдағы озбырлар күш алып, ел іші іріп-шіріп, құлдырау жолына түседі. Ал басшының өзі адамгершілік қағидаларын бұзып, қылмыс істерге барса, ондай қоғамның рухани жетілуі қиынның қиыны, тіпті мүмкін емес. Көпшілік қауымның сана-сезімі тән деңгейінде. Сондықтан ондай көпшілікті «...көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» деп түсіндіреді Абай.

Адамзат тарихында кемел адамның қоғамға әсері туралы көптеген мысалдар бар. Олардың ең алдында пайғамбарлар мен әулиелер тұр. Мұндай адамдарды Абай отыз сегізінші сөзінде адамзаттың ұстаздары деп бағалайды. Олардың өмірі ерекше. Олар өздерінің жан тазалығы арқасында қарапайым адамды өзіне сендіріп, соңына ерте білді. Көпшілік қауым үлгі алатын нысана, ұмтылатын деңгей, жол көрсететін шамшырақ болды. Осылай діннің негізі қаланып, бүкіл адамзат жаңа рухани деңгейге көтеріліп отырды. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ислам дінін таратып адамзатты рухани жаңа деңгейге көтерсе, ал әулие Мүсірәлі Тәуке хан тұсында  өзінің рухани қуатымен қазақ халқын еркіндік жолына біріктіріп, жоңғар шапқыншылығына тойтарыс берді.

Өкінішке орай, бүгінгі күндері жоғары идея мен соған сәйкес басшы адамның табылуы өте қиын. Өмір осыны көрсетіп отыр. Біріншіден, рухани жағдайы жұтау, өркениеті жетілмеген мемлекетте халық ешбір жоғары идеяны қабылдай алмайды. Екіншіден, қазіргі қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдайға байланысты халыққа үлгі болатын, адамгершілігі жоғары, елге кіршіксіз қызмет ететін таза адамның табылуы өте қиын. Қандай адал басшы болса да уақыт ықпалымен оны кезінде жеке басының қамы жеңіп, тура жолдан ауытқып кететінін өмір өзі көрсетіп отыр. Мұндай басшылар халық қолдауынан айырылады. Халықтың наразылығы туып, қоғам одан да төмен құлдырайды.

Ислам діні – демократияның бір көрінісі десек те болады. Ислам дінінде адамға толық еркіндік беріледі, бірақ дін жолын бұзғандар қатаң жазаға тартылады. Ислам дінінде адамның өмірі бір жүйеге келтірілген және қатаң тәртіп бар. Бұл рухани жаңғыру шарты. Бүгінгі күндері ислам дінінің бүкіл дүние жүзіне кеңінен жайыла бастағаны осының бір дәлелі болса керек. Тіпті кейінгі кездері «Еуропаның түсі өзгеріп бара жатыр» деген пікір де пайда болды. Себебі Африка, Таяу Шығыс елдерінен шыққан мұсылмандар Еуропа елдеріне қоныстанып, олардың саны жыл сайын артып келеді.

Демократия дегеніміз – еркіндік пен тәртіптің үйлесімділігі.

Досым Омаров, абайтанушы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1547
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3343
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6158