Мораторий біткен соң жер тағдыры не болмақ?
2021 жыл соңында Жер кодексіне қатысты мораторий күшін жояды. Қазақ үшін «жер дауы мен жесір дауы» – ежелден ең маңызды екені белгілі. Тәуелсіздіктен бергі халықтың ең қатты толқуы да осы жер мәселесі төңірегінде болып, дау мораторий жариялаумен басылған болатын. Ендеше, мораторийдің күшін жоюы жер дауын қайта тұтандырмай ма? Әрі қарай не болмақ? Не істеу керек?
Президент Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында Жер кодексіне салынған мороторийдің мерзімі бітетінін айтып, «агро секторға ақша тарту керек», деп сөйлеген.
«Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды.
Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет», - деген.
Осы ретте айта кетейік, «Abai.kz» ақпараттық порталы жер дауы ушықпай тұрғанда-ақ, алғашқылардың бірі болып мәселе көтерді. «Үкімет қазақ жерін аукцион арқылы сатып жатыр» деп мақала жазды. Сөзіміз сұйық шақпасын, бірлі-жарым дерек, міне тағы:
«100 МЛН.ГА ЖЕР АУКЦИОН АРҚЫЛЫ САТЫЛАДЫ»
«ҚАЗАҚ ЖЕРІ ЛАТИФУНДИСТЕРДІҢ МЕНШІГІНЕ БЕРІЛЕДІ»
«ВИЦЕ-МИНИСТР ӨСКЕНБАЕВ: ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕРІН ЕШКІМ ТАРТЫП АЛМАЙДЫ!»
Ол кезде жер мәселесі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бақылауында болатын. Ал Ерболат Досаев аталған министрлікті тізгіндеп тұрған. Сол кездегі вице-министр Қайырбек Өскенбаев «Abai.kz» ақпараттық порталына арнайы сұхбат беріп, жер дауына қатысты өткір сұрақтарға жауап берген. Бұл материалдар қат-қат болып архивте жатыр.
2016 жылғы жер дауы неден басталды?
2015 жылы (2 қарашада) Жер кодексіне өзгеріс енгізілген. Ондағы 24-бапқа сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылды. Жаңа өзгерістерге сәйкес, шаруашылықпен айналысқысы келетін қазақстандықтар жерді тек аукцион арқылы жекеменшікке сатып алуға міндеттелді.
Заң күшіне енген соң, 2016 жылы наурызда министр Ерболат Досаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,7 млн гектар жер аукцион арқылы сатылымға шығатынын мәлімдеді.
Бұл мәлімдеме халық наразылығын туғызды. 2016 жылы Қазақстанның бірнеше қаласында жаппай қарсылық шаралары өтті. Ондаған адам қамауға алынды. Сол жолғы жер митингісінде ұсталып, түрмеге қамалған Макс Боқаев әлі күнге жазасын өтеп жатыр. Халық наразылығынан соң, Жер комиссиясы құрылды. Оның құрамында үкіметтік және үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғам белсенділері мен шаруашылық иелерінен ұзын-ырғасы 75 адам мүше болды. Аталған комиссия барлығы 9 отырыс өткізіп, 14 шешім қабылдапты.
Жер реформасы жөніндегі комиссия қабылданған шешімдердің ең негізгілері:
- Жер заңнамасының өзгерістеріне мораторийді 5 жылға (31.12.2021) дейін ұзарту туралы шешім. Осы ұсынысқа сәйкес, президент 2016 жылдың 19 тамызында шетелдіктерге жерді жалға беру туралы заңға мораторий мерзімін ұзартты.
- Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға берудің шекті көлемі бекітілді. Соған сәйкес, бір қолға берілетін жердің көлемі шектелді.
Ал мораторий енгізу туралы заңға экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылдың 23 желтоқсанында қол қойды.
Мораторий неге тыйым салды?
- «ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы ҚР Заңының нормаларын қолдануға;
- Шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ, жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығын беруге;
- Жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiне жеке меншік құқығын беруге мораторий жарияланды.
Қысқаша осы. 2016 жылғы оқиғалар хронологиясын қайталап жатпайық. Жер дауы қалай басталып, қалай тыншығанын сіздер жақсы білесіздер.
Ендігі гәп: Президент жариялаған мараторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсаны аяқталады. Әрі қарай ше? Әрі қарай жер тағдыры не болмақ? Осы бес жылдың ішінде Қазақстан Үкіметі жер дауына нүкте қоятын жаңа Заң әзірлеп үлгерді ме? «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін» деген халық талабы ескеріле ме?
«Abai.kz» ақпараттық порталы тұрақты түрде жүргізіп келе жатқан интернет-конференцияның 2021 жылдағы алғашқы қонағы – 2016 жылғы Жер комиссиясының мүшесі болған саясаткер, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім.
Интернет-конференцияның осы жолғы тақырыбы – Жер кодексіне енгізілген мораторий мен өткен жылы қазақ қоғамы қызу талқылаған елдік мәселерге арналмақ.
Спикердің ашық сұхбаты мен сіздер қойған сауалдың жауабы «Abai.kz» ақпараттық порталында жарияланатын болады!
Сауалдарыңызды жолдай беріңіздер, мархабат, мәртебелі оқырман!
Abai.kz