Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4963 0 пікір 14 Қаңтар, 2021 сағат 15:11

«Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады»

2020 жыл халқымыз үшін сындарлы кезең болды. Алайда біз бұл сынақтан көп сабақ алдық. Ауыр жыл болғанмен, ауқымды істер атқарылды. Ел басына күн туғанда халқымыз қайырымдылық ісінде бір үйдің баласындай бірігіп, елдігіміз бен ерлігімізді көрсеттік. Жақсы істерде жұдырықтай жұмылып, айналамызға мейірім-шапағатымызды төктік.

Біз өткен күнге өкпе жоқ, келер күннен үміт көп деген тәлімді сөзді өмірлік ұстаным еткен ұлтпыз. Расында, адам баласы үмітпен тыныстайды. Үмітпен алға жылжиды. Алла Тағалаға шынайы түрде иман келтіріп, келешекке сеніммен қарау – үміт етудің негізгі шарттарының бірі.

Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті Құранның «Зүмар» сүресінің 53-аятында: «Уа, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер. Алла күнәлардың барлығын кешіреді. Өйткені, Ол күмәнсіз жарылқаушы және өте мейірімді» деп баяндаған. Біз бұл аяттан Алла Тағаланың аса Рақымды, аса Мейірімді екенін ұғамыз.

Біз ең әуелі Алла туралы жақсы ойда болуымыз керек. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла туралы жақсы ойламастан араларыңнан ешкім о дүниеге аттанбасын» деген хадисінде көп мағына жатыр.

Өзінің шынайы тақуалығымен, діндарлығымен аты шыққан ғалым Әбу Сәһілдің ерекше нығметке бөленгенін көрген адамдар мұның мәнісін сұраған екен. Сонда ғалым: «Раббым жайлы жақсы пікірде болғанның жемісі» деп жауап берген екен.

Ғалым ибн әл-Уазир: «Алланың мейірімділігін тілеу – пенде үшін үміт есігін ашады. Оған тағаттана құлшылық етуге күш береді. Нәпіл амалдарды орындауға қуат беріп, ізгі амалдарды жарыса жасауға жігер сыйлайды» деген.

Мұсылман адам күнделікті тіршілігінде, құлшылығында, қоғам мен отбасы алдында жақсылықтың жаршысы бола білуі тиіс. Жақсы ісінен жақсылықты үміт етуі керек. Пенде күнделікті ісінен «түк шықпайды, жалықтым» деп болымсыз пиғылда болса, өмірден де жалығып кетеді екен. Алла одан сақтасын! Ал келешегінен жақсылық күтсе, шынында да жақсылыққа қол жеткізеді.

Әйгілі Имам Шафиғи: «Жүрегім қатайып, жолдарымның астаң-кестеңі шыққан кезде үмітімді Сенің кешіріміңе баспалдақ етіп төседім. Күнәларым көз алдымда қанша ұлғайғанмен, Сенің кешіріміңнің қасында түкке тұрмайтынын білдім, Сенің кешіріміңнің көз жетпес кең екенін көрдім» деп Алла Тағаланың ерекше рақымына үміт артқанын айтқан.

Үміт – берекенің, тыныштықтың кілті. Алла Тағала адам баласына өмірден күдер үзбей ғұмыр кешуі үшін көптеген нығметтер берген. Оның бізге берген нығметтерінің шегі жоқ. Бауыржан Момышұлының: «Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады» деген сөзі ойға қанат бітіреді.

Бүгінгі таңда түрлі сынаққа душар болып, өмірдің түрлі тауқыметін кешіп отырған жандарға үміт сыйлау, өмірге деген құлшынысын арттыру, олардың жаны мен тәніне ем болар амал жасау – сауабы мол іс.

Имам Шафиғи: «Қоғамға екі түрлі санаттағы адамдар қажет: біріншісі – дінді сақтайтын ғалымдар, екіншісі – денсаулықты сақтайтын дәрігерлер» деген екен. Осы ретте сынақ сәтінде адам жаны мен тәніне шипа іздеген дін қызметкерлері мен дәрігерлерге айрықша алғыс айтамыз.

Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық берсін. Келер жылға жоспарлаған мақсат-мұраттарымыз орындалсын. Жаратушы Жаббар Иеміз жер бетінен жұқпалы індетті жойып, жақсы күндерде жолығуды нәсіп еткей. Әмин!

Наурызбай қажы Тағанұлы,

Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5524