Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Ғылым-білім 5203 5 пікір 29 Қаңтар, 2021 сағат 18:00

Жекеше диплом жемқорлыққа жол ашпай ма?

Бүгінгі таңғы жаңалықтарда білім саласына қатысты аса маңызды өзгерістің бірі айтылды. Ол - Қазақстандағы Жоғары оқу орындарының (ЖОО) биылдан бастап мемлекеттік үлгідегі дипломның берілмейтіндігі яғни әр ЖОО өз бітірушілеріне дипломды өздерінің дайындап беретіндігі. Бұрынғыдай тұтас министрлік тарапынан берілетін диплом тек, медицина, ішкі істер мен қорғаныс салаларына қатысты оқу орындарына ғана беріледі екен. Ал қалған ЖОО барлығы ендігі кезекте қандай форматта, қандай түстегі диполмды дайындайтындығын өздері шешетін секілді. 

Бұл да жағымды жаңалық. Себебі, ЖОО арасындағы шынайы бәсекелестік енді қызғалы тұр. Қайсы ЖОО-ның білім сапасы жақсы, рейтингісі жоғары болса, сол универден бітіргендердің жұмыс табу мүмкіндігі де жоғары болады. Жұмыс берушілерде кімді алғысы келсе соны алуға құқылы болғандығы. Десе де, тек дипломға қарап, бітіруші студенттің білімділігі мен біліктілігін дәп басып айту да қиын. Өйткені, рейтингісі ЖОО бітіргендердің бәрі бірдей білікті, рейтингісі төмен оқу орнын бітіргендердің бәрінің бірдей сапасыз болуы да қисынға келмейтін түсінік. Алайда, бұл өзгеріс оқу орындарының  оқытудың техникалық және материалдық базасын дамытуға, оқытушылардың жағдайын жақсартуға, студенттердің жатақханасы мен тамақтану және т.б. жағдайларын дұрыстауға түрткі болары анық. 

Болашақ студенттер де құжат өткізерден бұрын, талдау жасап, рейтингісі жоғары оқу орнына баруға тырысатын болады. Бұл өз кезегінде ақылы бөлімде оқитын студенттердің қаржысына жарым-жартылай сүйеніп отырған оқу орындарының бюрократиялықтан арылып, шынайы жұмыс істеуіне негіз болуы да мүмкін. 

Бұл реформаның астарында, мемлекеттік гранттарды бұрынғыдай үлестіріп, әр аймаққа бөлу емес, кімде сұраныс бар, соған беру жоспары және талаптарға сай емес оқу орындарын жалғасты жабудың мүмкіндігі жатыр. Қазақстан әлемде халық санына шаққанда ЖОО ең көп елдердің бірі. Алайда, саны көп болғанымен, сапалы оқу орындары аз. Сол үшін талаптарға сай келмейтін оқу орындарының жабылғаны ұлт үшін де, мемлекет үшін де қажет. Деседе, аймақтардағы облыс деңгейіндегі мемлекеттік және жеке меншік оқу орындарына салмақ түсері анық. Алайда, олар сапасын көтеріп бәсекелестікке қатысуға мүмкіндік те алады. Тіпті, облыстардағы кейбір ЖОО Алматы, Нұр-Сұлтан секілді ірі  қалалардағы кейбір оқу орындарынан жапдықталуы да, білім деңгейі де жоғары немесе шамалас келеді. Бұл оқу орындарын басқарудың ұтымды менеджментінің нәтижесі. 

Бұл реформадан соң, жалған және сатылатын дипломдардың көбеюі мүмкін бе, деген сұрақ болуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлықпен шырмалған ел болғандықтан, ондай күдік пен күмәннің болуы да табиғи. Алайда, барлық құқықты ЖОО өзіне беріп қойып, министрлік қарап отырмайды. Ол да басқару, бақылау қызметін жүргізеді. Сондықтан жалған дипломды сырттан біреудің жасап кетуі қиын, мүмкіндігі өте төмен. Бірақ, сол ЖОО-ның өздері мүдделі болып қалуы мүмкін. Егер, "оқу орнының қаржылық жағдайын жақсартамын", деген оймен, мектеп бітіруші түлектерді көп қабылдап, сапаға емес, санға баса мән беріп, диплом алушылардың қарасын көбейтсе, онда бұл дипломды сатудың бір "заңды" жолы болып, оқу орындары басшыларының ақылсыз шешемінің бірі ретінде залалын әкеледі. Өйткені, сапасыз мамандардың жұмысқа араласуы, уақыттың өтуімен сол оқу орнының мәртебесі мен сенімін төмендетіп тынары анық. 

Қалай болмасын, нендей реформа болса да, азаматтардың, әсіресе, жауапты адамдардың бойында мемлекетшілдік қасиет болмаса, ол реформаның құны ойлағанай нәтиже бермесі шындық.  

Қастер Сарқытқан

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963