Жұма, 22 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 4511 2 пікір 1 Ақпан, 2021 сағат 12:52

Даудың басы – кино орталығының питчингі…

Дау неден басталды?

Бейімбетше айтсақ, осылай… «Ұлттық ки­ноны қолдау мемлекеттік орталығының» басшылығына 2019 жылы Гүлнар Болатқызы Сәрсенова келді. Келген бетте ол өзіне дейін өткізілген киножобаларды іріктеу питчингінің қорытындысын өз ыңғайына икемдеп, апыл-тапыл өткізіп жіберді. «Өз ыңғайына икем­деп» дегенді бекер жазып отырған жоқпыз, мемлекеттің қаржыландыруына ие болған 18 киножобаның ішіне өзінің «Нартай» атты фильмін де сыналап кіргізіп жіберген еді. Ол фильмнің жасалуынан хабардар кино айна­ласындағы көпшілік аңтарылып қалды. Себебі, аталған фильм екі жыл бұрын басталып, түсірілімі аяқталып та қойған еді… Көпшіліктің сыбыр-сыбыр әңгімесі күбір-күбір қалпында қала берген.

2020 жылы екінші питчинг жылжып жет­кен. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дей­ді… «Қазаншының өз еркі қай­дан құлақ шығарса» дейді… Кино ор­та­лы­ғында орнаған өлермендік – өзім­білем­дікке ұласты. «Ұлттық киноны қолдау ор­талығы» шын мәніндегі ұлттық түр мен сипаттан сырт айналды. Пит­чин­г­ке үмітті кинокомпанияларды жинаған кезек­ті дөңгелек үстелде продюсер Қанат Төре­бай: «Менің білуімше, киножобаларды іріктейтін сарапшылардың ішінде үш-төртеуі ғана қазақша оқып-түсіне алады екен, сіздер қазақ тілінде жазылған сценарийді қалай іріктеп, танымақсыздар?» – деді. Гүлнар Болатқызы мардымды жауап қайтара алмады. Бір-екі сценарийді орысшаға аударып жатқа­нын айтты…

Сол кезде Сарапшылар кеңесінің мү­шесі Ермек Тұрсынов: «Шынымен де бұл үлкен мәселе, ағылшыншаға ұмтылмас бұрын өз тілімізді меңгеріп алғанымыз дұрыс», – деді. Оның алдында ғана Гүлнар Болатқызы «ағыл­шын тілін игеруіміздің керектігін», «елімізге болашақта шетелдік киногерлерді тартпақ екенін» айтып, арыға сілтеп отырған еді.

Осы кезден-ақ біз Сатыбалды Нарым­бе­тов, Ермек Тұрсынов секілді мэтрлердің Сараптама кеңесінде жүрсе де, Орталықтың жұмысына риза емес екенін аңғарып қалған едік. Ойлағанымыздай-ақ, екі күннен кейін Сараптама кеңесінің Төрағасы Сатыбалды Нарымбетов пен Ермек Тұрсынов Сараптама кеңесінен шығатынын мәлімдеді. Бұл кісілер өз шешімдерін кеңестегі келеңсіздіктерге көз жұмып қарай алмағандықтарымен түсіндірді. Орталық Төрайымының кеңес ісіне тікелей араласатынын, ашық бұрмалаушылықтардың бол­ғанын айтты. Ұлттық киноны қолдау ор­та­­лығына ұлтқа қатысы шамалы, ұлт­тық бет-бейнеден ада киножобаларды алды­ға жібергенін айтты. Сарапшылар кеңе­сі­нің мүшелері тіл білмегендіктен қазақ тіл­ді жо­ба­лардың ( авторлар тырысып ау­да­рып берген күнде де) тереңіне бойлай алм­ай­тынын жеткізді. Сонымен қатар, ең бастысы, ұлттық кино өнерінің брендіне айналған «Қа­зақфильм» киностудиясынан келген киножобаларды тұқырту басталғанын, сол арқылы «Қазақфильмді» шарасыз хәлге тү­сіріп жатқандықтарын тілге тиек етті. Әри­не, Орталық кінәсін мойындаған жоқ, мойын­­дағаны былай тұрсын, әлгі уәжді айт­қан тұлғаларды кертартпа әрекетке бар­ды деп айыптауға көшті. «Қоянның тү­рін кө­ріп, қалжасынан түңіл» деген, мұн­­­дай келеңсіздіктен кейін, іріктеуден шық­қан кино­жо­балардың «онлайн» «ашық» пит­чин­гінің де ахуалы белгілі болып қалып еді… Ары қарай өз басымнан өткенін баян­да­йын.

Питчинг қалай өтті?

Сан кедергілер болып жатса да, Ұлттық киноның жыртысын жыртып жобамызды қазақша ұсындық. Сценарийімізді өзімізге алдын ала орысшаға аудартып алған. Питчинг алаңына көтерілгеннен көңіл құлазып сала берді. Самсап отырған сарапшылар кеңесі мүшелерінен тіл түсінетін адам екеу-үшеуден аспайтыны көрініп тұр. Ұлттық киноның жалауын көтеріп жүрген, қазақ киносының «жілігін шағып, майын ішкен» мастерлер: Сатыбалды Нарымбетов, Ермек Тұрсыновтар іріктеу кезіндегі әділетсіздіктерге төзбей өз еркітерімен кеңес мүшеліктерінен бас тарт­қанын жоғарыда айттық. Сөйледік сонда да. Сөйлеу қиын болды, «анау түсінбеді-ау», «мынау түсінбеді-ау», «мен кімге айтып жа­тыр­мын» деген ойлар жүйкені қажап, дегбір­ді алды. Бір-екі сұрақ қойылған болды. Бар ынтаммен жауап бергендей болдым. «Жартасқа барып, айғайды салғандай» сахнадан түстік.
Мен Биағаңның – Бейімбет Майлиннің «Талақ» және «Әже» атты екі әңгімесінің басын қосып жазған «Талақ» атты киносценарийімді ұсынған едім.

Менің Сарапшылар кеңесіне күдігім басым болғанымен, Биағаңа, оның шығармасына деген сенімім бекем еді. «Осы уақытқа дейін Бейімбеттің шығармалары негізінде Мә­дениет министрлігі шырай беріп, бірде-бір толықметражды фильм түсірілмепті. Енді түсір­мегенде қай кезде түсіреміз? Бар ел өзі­нің таңдаулы классик жазушыларының шығармаларын екі-үш қайтара түсіріп, киноға айналдырып, шығармаға жаңа түр беріп, әлемге насихаттап жатады. Біз неге барымызды бүгіп, бейшара қалып танытамыз?» – дедік шамырқана. Шынымен де Б.Майлиннің бұл екі әңгімесі сойқан кинематографияға сай еді. Заманның райы, дәуірдің демі, ұлттың қасіреті, мұңы, түрлі мінездер, ұлтқа ғана тән типтік образдар, сол типтік образдарға тән қызықты да қасіретті, шынайы әрекеттер мен оқиғалар – бәрі-бәрі тұнып тұр ғой! Ұлттық кино дегеніміз осы емес пе? Сұранып тұр! Қалай түсірмейсің? Ұят емес пе?

«2005 жылы өткен аса ірі үш (Канн, Бер­лин, Венеция) кинофестивальдің бірі – Берлин кинофестивалінде «Туйдың үйлену тойы» деген фильм (реж. Ван Чуанан) бас жүлдені – «Алтын аюды» жеңіп алды. Сол фильмнің сюжеті Бейімбеттің «Күл­паш» әңгімесіне ғажап ұқсас еді. Тіпті, көшіріп алғандай… Сонда өкінген едім, біз төбеміздегіні көрмей, «ұйықтап» жүргенде Биағамның әңгімесінің сю­жеті әлдебіреуге телініп, басқа жұрт­тың бағын жандырып, қолдан су­сып кетті-ау деп… Қуанышым да бол­­ды, өйткені, әлемді дүркіретіп, әлемнің рухани игілігіне асып жатқан дүниенің нобайын Биағам баяғыда жазып тастаған деп…» – дедік питчинг алаңында шамырқанып…
Сосын… Сосын, болды.

Белгісіздік. Қалай қорғағаныңды да білмейсің, олардың ойында не бар екенін де білмейсің, жетістігіңді де білмейсің, кемшілігіңді де білмейсің… Питчингтен соңғы іріктелген киножо­балар­ды ВАК құзырына аттандырады деген, оған жіберілген-жіберілмегеніңді де білмейсің… Белгісіздік тұнған «ашық» «онлайн» питчингіміз осы екен сөйтсек.

Биағаңның әруағынан медет сұ­рап мен қалдым. Бірақ мыналардың алдында Биағаңның әруағы шарасыз болып шықты…

ВАК түлкібұлаң алаңы ма?

Өткен жылдың мамыр айында ит ырғылжыңмен өткен тірліктің соңы – жеңімпаз фильмдердің тізімі жарияланды. Арасында «Талақ» жоқ болып шықты. Неге? Киносценарийдің несі ұнамады? Қандай кемшіліктері бар? Жауап беретін адам жоқ. «Ашынғанда шығады ащы даусым» демекші, осы берекесіз питчингтегі әділетсіздік жөнінде жазған бір жазбамнан соң Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахме­тол­лақызымен телефон арқылы байланыс­тық. Министрдің айтуынша мені, мені емес-ау, Ұлы Бейімбет Майлиннің шығармасының ізімен жазылған тун­дыны ВАК қолдамаған. Дұрысы, құлатқан! Не үшін? Не себепті? Оны өздерінен сұра дейді. Мәссаған!

Ал енді ВАК дегеніміз не?
ВАК дегеніміз – ведомствоаралық комиссия. Яғни, іріктеуден өткен, пит­чингте сараланған киножобалардың – соңғы инстанциясы. Бұл комиссияға түрлі құрылымдық ведомстволардан адамдар кіреді. Мүшелері Әді­лет ми­нистр­лігінен, Ақпарат министрлі­гі­нен, басқа мемлекеттік мекемелерден жиналған мамандардан құралады. Арасында парламент депутаттары да бар болса керек. Енді бұл комиссияның міндетіне келейік. Әлбетте, олар кино мамандары емес. Сондықтан, көркемдік жағын талқылай алмайтыны, оған құқы жоқ екені белгілі.

Бұл комиссияға екі жауапты дүние жүктеледі:
1. Шығарманың идеологиялық ағаттықтарын қадағалау;
2. Қаржылық ысырапты болдыр­мау­ды қадағалау.
Енді біз ұсынған «Талақ» киножо­ба­сына келейік. Өре түрегеліп қар­сы болатындай (журналист Күлте­гін Аспанұлының журналистік сауа­лы­на берген жауабында министр А.Райымқұлова «Талақ» киножобасына ВАК-тың жеті мүшесі қарсы болғанын айтады) «Талақ» ВАК-тың қай талабына жауап бермейді? Идеологиялық қателік бар ма? Болуы мүмкін емес. Болса, айтсын! Биағаңның мен киносценарийге арқау еткен «Әже», «Талақ» атты әңгімелері неше қайтара баспа көріп, руханият өлкесін сусындатып келе жатқан классикалық дүниелері емес пе? Ал қаржы, бюджеттің асыра көрсетілуі жөнінде әңгіме болуы тіпті, мүмкін емес. Себебі, біздің фильмге (тарихи фильмге!) сұраған ақшамыз бар жоғы 250 миллионның ар жақ бер жағы. Қандай қаржылық асыра сілтеу болуы мүмкін? Ендеше, неге құлатты? Кім түсіндіріп бер алады? Үн жоқ.

Ең масқарасы – ВАК-тың сол өзінің ағат істері үшін жауап бермейтіні. Мысалға, «Ұлттық киноны қолдау орталығының» фильмдерін іріктейтін Сарапшылар кеңесі де, оны соңғы сатыдан өткізетін Ведомствоаралық комиссия да шешім шығаратын құқыққа ие емес. Бұлар тек ұсына ала­ды, шешім шығарып, міндеттей алмайды! Жарғы бойынша солай. Сонда соңғы шешім кімнің қолында? Әрине, Орталық басшысы мен Ведомствоаралық комиссия Төрайымы, министр – Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлованың қолында! Міне, соңы жоқ, шым-шытырық жымдасқан, шатасқан жіптің ұшығы қайдан көрінеді! Яғни, қай фильмді өткізеді, қай киножабаны өндіріске жібереді – «қазыналы қазан иелерінің» еркінде!

Қайтпек керек?

Тоңмойындықты қойып, кино саласы әділетсіздіктен тазаруы керек! Сол екінші питчингте өріс алған дау бүгінге дейін жалғасып келеді. Дауға – дау, қылмысқа – әшкере жалғасты. Әділдік іздеген, кино саласындағы сан қылмысты айтқан Қазақстан кинематогафистер одағының Төра­ғасы – Ермек Тұрсыновты қуат­тап А.Әшімов, С.Нарымбетов, Н.Ық­тым­баев секілді және т.б. кино май­тал­мандары ашық хат та жазды. Сұхбат та берді. Ерекең бастаған киногерлердің қолында сабаудай дәлелдері болса да, қарсы жақ тыным табар емес…

Өмір өтіп жатыр. Даулы екінші пит­чинг­тен соң да бір жыл орталаныпты.

Міне, үшінші питчинг жақындап келеді. «Талағымды» қолтығыма қысып, түсем тағы додаға. Қазір Орталық басшылығы өзгерген. Бұрынғы басшы Гүлнар Сәрсенованың «Нартайдан» басқа да тіз­бекті қылмыстары дәлелденіп, «әзер дегенде» орынынан алынған… Біз мұнда кино саласын құрсап тұрған, «Ұлттық киноны қолдау орталығынан» бастау алған жемқорлықты тізбектеп айтуды мақсат етпедік. Ол туралы айтылды, баспасөзде жазылды… Көзі қарақты жұрт біледі. Тек өнер атты ізгілік әлемінің саф ауасы былғанбауын қалаймыз, талап етеміз.

Қазір «Ұлттық киноны қолдау мем­ле­кеттік орталығының» Төрағасы – тәжиірбелі маман, мәдениет са­ла­сында, кино саласында талай бас­шы­лық сатыдан өткен – Есетжан Мұ­рат­ұлы Қосыбаев. Орталықта елеулі өзгеріс бар. Жоспарлары да көп екені аңғарылады. Жақсылықтан үміт етеміз енді… Үміттенеміз!

Қанша әділетсіздік көрсек те, кино­ға «талақ» айта алмаймыз…
…Қайран, Биағам!

Данияр Саламат,

режиссер

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322