Наурыз тойында Земфира ән шырқайды
Жанды дауыс пен сапалы музыкадан тұратын өнер қашанда адал. Қанша қымбатқа түссе де, көпшілік шынайы өнерді таңдайды. «Тенгри FM» радиостансысының жарыққа шыққанына екі жыл толуына орай наурыздың 21-і күні Алматыда ресейлік рок музыканың аңызы - Земфира жеке концерт бермек. Бұл мерейтойлық шара Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесіне әдейі орайластырылған.
Жанды дауыс пен сапалы музыкадан тұратын өнер қашанда адал. Қанша қымбатқа түссе де, көпшілік шынайы өнерді таңдайды. «Тенгри FM» радиостансысының жарыққа шыққанына екі жыл толуына орай наурыздың 21-і күні Алматыда ресейлік рок музыканың аңызы - Земфира жеке концерт бермек. Бұл мерейтойлық шара Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесіне әдейі орайластырылған.
«Наурыз біз үшін қос мерекеге айналды. Бұл мейрамда туған күнімізді атап өтеміз. Осы қарсаңдағы біз ұйымдастыратын музыкалық шаралардың бәрі туған күнге арналады», - дейді радионың музыкалық редакторы Константин Головин. Былтыр «Тенгри FM»-нің бір жылдығына «Чайф» тобы келіп, концерт берген еді. Бұл шараның аясында тұңғыш рет рок фестивалі де өткізілді. «Тенгри биігінде» бағдарламасы өзінің бір жылдық жұмысын қорытындылап, еліміздің барлық өңіріндегі рок ұжымдарының кеңінен танылуына мүмкіндік жасаған еді. Отандық рок музыкаға қолдау көрсететін бағдарлама бұдан кейін бір жыл ішінде өз тыңдармандары үшін бірнеше фестиваль ұйымдастырды. Екінші рок фестиваліне әйгілі музыкант Вячеслав Бутусов пен оның «Ю-Питер» тобы арнайы бағдарламамен хэдлайнер болды. Келесі фестивальдің құрметті қонақтары ретінде бірден үш топ шақырылды: «Танцы Минус», «КІТ-І» және «СерьГа». Өткен қараша айында «Би-2» тобының әлемдік турне шеңберінде Алматыға келіп, концерт беруіне де «Тенгри FM» ұйытқы болған еді. Енді оңтүстік астанаға «Zемфира» тобы немесе Земфира деген сахналық есіммен өнер көрсететін белгілі әнші, талантты музыкант, композитор Земфира келмек. Дүниежүзінде оның фанаттарының көп екені белгілі. Осыдан төрт жыл бұрын әншінің аяқастынан ауырып қалуына байланысты оның Алматыдағы концерті өтпей қалған болатын. Ал бұл жолы Наурыз мерекесінде қазақтың оңтүстік астанасында болатынын Земфираның өзі ресми сайтында жария етті. «Земфира Алматыда өте сирек болады. Соңғы рет 2005 жылы Алматы маңында өткен «Нашествие» фестиваліне келген еді. Оны мұнда табынушылары асыға күтіп жүр. Наурыздың 21-іне жоспарланып отырған концерт жайлы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Земфира - шығыстың қызы. Наурыздың қандай маңызды мереке екенін жақсы біледі», - дейді концертті ұйымдастырушылардың бірі К.Головин. Есімі көзі тірісінде-ақ аңызға айналып үлгерген башқұрттың әнші қызы қазір әлемдік турнеде жүр. Наурыздың 15-інде Лондонда, 18-інде Парижде өнер көрсететін ол Алматыдан соң Әзірбайжан астанасына, одан әрі Тбилисиге гастрольмен барады. Сәуірдің соңында Балтық жағалауындағы ірі қалаларға сапар шекпек. Земфира - талғампаз әнші. Сол себепті ұйымдастырушылар музыканттың концерті абыройлы өтуі үшін қолайлы жағдай жасап бағады. Концертке келушілер үшін де бар мүмкіндік қарастырылған. Фанаттардың ғаламтордағы ақпаратына қарағанда, бұл концертке Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен де көрермендер келе жатыр. Ал жергілікті табынушылардың бір тобы Земфираға Алматының басты нышаны - жандана бастаған апорттың бір себетін сыйға тартпақ. Концертте басқа да тосын сыйлар болады. Олар әзірше құпия.
Константин ГОЛОВИН, «Тенгри FM» радиостансысының музыкалық редакторы:
- Біз ұйымдастырған шараларға келген белгілі музыканттардың қай-қайсысы да Алматыдағы тыңдармандардың ықыласына риза болып кетеді. Бутусов та, Галанин де, «Чайф» тобы да біздің радионың техникалық жабдықталуына риза екенін айтты. Енді Земфираның да көңілінен шығамыз деп ойлаймын. Мүмкіндікті пайдаланып, радиостансы атынан тыңдармандарды, алматылықтар мен қала қонақтарын осы концертке шақырамыз. Наурыз мейрамының алғашқы күні мен радиомыздың туған күнін бірге тойлайық!
«Тенгри FM» ұсынады
Земфираның жеке концерті Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында наурыздың 21-і күні сағат 20.00-де басталады. Билеттерді Спорт сарайының кассасынан, «Меломан» дүкендер желісінен сатып алуға және zakazbiletov.kz сайтынан тапсырыс беруге болады. Құны: фан зона - 7000, трибуналар - 12 000, VIP-орындар - 20 000 теңге.
Алаш-анықтама
Земфира Талғатқызы Рамазанова 1976 жылы 26 тамызда Башқұртстан астанасында дүниеге келген. Еңбек жолын радиостансының дыбыс операторы болып бастаған ол сол кездері рок музыкамен әуестеніп, 90-жылдардың соңында өзі құрған топтың шығармашылығын дамытуға кіріседі. «Снег», «Почему» деген әндер Земфираның тұңғыш туындылары болғанымен, оның «Ариведерчи» әніне өзгелерден бұрын клип түсірілді де, эфирге шықты. Осыдан кейін Земфираның талантына көпшілік тәнті болды. Ол 13 жыл ішінде бес студиялық альбом шығарды. Әншінің дауысы - меццо-сопрано мен контральтоның аралығы. Оның «Ариведерчи» және «Почему» әндері «ХХ ғасырдағы орыс рогының 100 үздік әні» тізіміне енген. Музыкант бұқаралық ақпарат құралдары үшін тұйық. «Земфира» есімінің түбірі араб тілінен аударғанда «бас имейтін, өр» деген мағынаны білдіреді.
"Алаш айнасы" газеті